Жұқпалы ауруларды арнайы алдын алуын ұйымдастырудың негізгі қағидалары, егу көрсеткіштері
Жұқпалы аурулардың иммунопрофилактикасы
Жұқпалы ауруларды алдын алуда иммунды әдіс түбегейлі тәсіл болып табылады. Бұл тәсіл арқылы шешек ауруы әлемде бір жола жойылды, полиомиелит, қызылша аурулары біржола жойылуға жақын. Алайда, қазіргі кезде иммунды әдіспен алдын алатын жұқпалы аурулардың саны көп емес. Мәселен, жылына 6 млн. бала әлі вакциналары жоқ жұқпалы аурулардан қайтыс болады. Біздің елімізде есепке алынатын 65 жұқпалы аурулардың 50 түрі (75%) иммунды алдын алу тәсілімен «басқарылмайтын» инфекциялар қатарына жатады.
Әлемде жылына 500 млн адам жұқпалы аурулармен тіркелсе, олардың 400 миллионы вакцина егілмегендер, өйткені осы жұқпаларға қарсы вакцина әлі табылмаған.
Иммунды әдіспен алдын алудың тарихы
Медицина дамуының бастапқы кезеңінде шешектің өте ауыр түрін болдырмау үшін сол аурудың жеңіл түрімен ауырғандардың іріңін дені сау адамдарға жасанды әдіспен егу талпыныстары болған. Мысалы, Қытайда біздің дәуірімізге дейін ХІ ғасырда дені сау адамдардың танауына шешекпен ауырған адамдардың іріңді қабыршағын салатын болған, ал Үндістанда – теріні сызаттап, сол жерге шешектің қабыршағын ысқылаған, Грузияда-шешектің іріңі жұқтырылған инемен теріні шаншып егетін болған. Еуропада осындай вариоляциялық әдіс ХҮІІІ ғасырдың аяғына дейін қолданылып келген.
1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер өзі ашқан жаңалықты жариялады. Егер де адамдарға сиыр шешегін жасанды түрде ексе, вакцина енген жер шамалы ісініп, іріңдейді де, шешек індетімен ауырмайды. Қазіргі кезде Эдвард Дженнерді індетке қарсы егудің негізін қалаушы деп санайды.
Бірақ, шешекке қарсы бұл вакцинаны Эдвард Дженнерден 350 жыл бұрын, өз кезінде хан сарайында дәрігер болған, өмірін емшілікке жұмсаған, біздің бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы тапқан екен. Өзінің «Шипагерлік баян» атты қолжазбасында «Шешек тарап болғасын, шешектің іріңі табылмайды, оны сақтайын десек ұзақ сақталмайды, ексең өнбей қалуы шарт, қатып қалмақ, шірімек»- деп жазды. Ары қарай шешекке қарсы екпені (вакцинаны) қалай алғаны, екпені сақтау, балаларды егу әдістері, егілген балалардың реакциялары туралы деректер жазылғанына қарағанда, оны өз қолымен жасамаған адам жаза алмайтыны анық. Мұздатқыштар туралы хабары жоқ заманда екпені жаңа сойылған малдың бүйрек қабына салып, күн түсірмей, салқын жерде сақтау таптырмайтын, таңқаларлық әдіс. Оның үстіне бүйрек қабы микробтардан таза, қазіргі тілмен айтқанда асептикалық жағдайда болатыны ойға келмейтін жаңалық. Өтейбойдақ бабамыз қызылша мен шешектен айыққан адамдарда «көндірмелі қуаттық төтемелік пайда болады» деп, бүгінгі тілмен айтқанда, табиғи иммунитеттің дамуын айтады. Сонымен қатар, жасанды түрде пайда болатын иммунитет туралы анық түсінігі болған, шешекке қарсы егуді ойлап тапқан. Тананы шешекпен ауырған баладан алынған іріңмен егуден, шешек қоздырғышының ауру туындыратын қабілеті азайып, оның иммунитет тудыратын антигендік қасиеті сақталып қалуы мүмкіндігін білген. («Шипагерлік баян», Жалын, Алматы, 1996 жыл, 19-20 бет)
1880 жылы Л. Пастер сұйық қоректік ортада (етті-пептонды сорпада) ұзақ уақыт сақтау арқылы тауық тырысқағы қоздырғышының әлсіздетілген штамын алған. Микробтың осындай штамын тауыққа енгізгенде ол ауырмайды және оны вирулентті штамды жұқтырудан сақтайды. Қояндарға бірнеше рет қайта егу арқылы құтыруға қарсы вакцинаны ашқан, бұл вакцина әлі күнге дейін қолданады.
Жұқпалы ауруларды арнайы алдын алуын ұйымдастырудың негізгі қағидалары, егу көрсеткіштері
Қазіргі кезде эпидемиологияда кейбір аурулар тобына және эпидемиялық процестің нақты даму жағдайына бағытталған басты шараларды таңдап алу қажет. Осыған байланысты басқарылатын және басқарылмайтын инфекциялар туралы түсініктер бар.
Басқарылмайтын инфекцияларға қарсы тиімді иммунды алдын алу шаралары толық жетілдірілмеген жұқпалы аурулар тобы жатады.
Басқарылатын инфекциялар деп ғылыми дәлелденген шаралары жетілген және олардың тиімділігі анықталған жұқпалы аурулар тобын айтады.
Иммунды алдын алу тәсілдерімен басқарылатын ауруларға антропонозды жұқпалы аурулар жатады. Мысалы, полиомиелит ауруын басқару оған қарсы өте тиімді вакцина жасалғаннан кейін іске асты. ДДҰ полиомиелитті әлем деңгейінде бір жола жоюды көздеп отыр.
Күл, көкжөтел, сіреспе, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, вирусты В гепатит, туберкулез және полиомиелит сияқты жұқпалы аурулармен күресуде жоспарлы иммунизациялау шешуші және тиімді шаралардың негізгісі болады. Жоспарлы түрде егу жүргізудің нәтижесінде 1958-1972 жылдар арасында полиомиелитпен сырқаттанушылық 125,3; күлмен – 369; қызылшамен – 5,6; көкжөтелмен - 23,1 есе азайды. Аталған инфекциялардан өлім-жітім де әжептеуір төмендеді (күл -23,3; көкжөтел-25, сіреспе -2,6 есе).
Егер тұрғындардың 95% көрсетілген мерзімде егумен толық қамтылмаса, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Жұқпалы аурулардан иммунды әдіспен алдын ала сақтану негізгі тәсілдердің бірі, ал кейбір жағдайларда ол жұқпалы аурулардан сақтануда, індетті азайтуда және жоюда тиімді шаралардың ең бастысы болып табылады.
Иммунизациялау бағдарламасына қойылған мақсаттар:
- иммунизацияның ұлттық бағдарламасын қабылдау;
- ұлттық мамандарды дайындау;
- ұлттық бағдарламаларды жабдықтармен, вакцинамен, көлікпен
қамтамасыз ету;
- вакциналарды сақтау және тасымалдау жүйесін жасау;
- бағдарламаның іске асырылуын бақылау;
- қажетті қаржы бөлу;
- ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Иммунды алдын алу шараларының стратегиялық мақсаты тегін, жеткілікті, қауіпсіз және тиімді вакцина егу болып табылады. Республикалық бюджеттен 14 инфекцияға қарсы, жергілікті бюджеттен 4 инфекцияға - тұмау, вирусты гепатит А, сібір жарасы, туляремияға қарсы вакцина егіледі.
Алынатын вакциналардың сапасы жоғары, Қазақстан Республикасында тіркелген, балаларға арналған вакциналар міндетті түрде ДДҰ сертификатталған болуы қажет.
Алдын ала егулерін ұйымдастырудың және вакцинамен қамтамасыз етудің негізгі кешенді қағидалары сақталуы шарт: вакцина мен қатар өзінен-өзі ыдырайтын шприцтерді сатып алу, қолданған шприцтерді қатты қораптарға қауіпсіз түрде жинау және жою.
Қазақстан Республикасының Үкіметі еліміздің тұрғындарының санитарлық-эпидемиологиялық ахуалына зор көңіл бөлді, «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 18.09.2009 жылғы №193 Кодексі қабылданды. Бұл Заңда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылығын қамтамасыз етудің құқықтық экономикалық және әлеуметтік жақтары анықталған. Үкіметтің Қаулысымен «Иммунды алдын алу» кешенді бағдарламасы бекітілген.
Егу жұмыстарын жоспарлау және жүргізу учаскелік дәрігер-педиатрға жүктеледі. Ол өзінің учаскесінде әрбір балаға уақтылы егу жүргізуге толық жауап беруі қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі жалпы егу жұмыстарының атқарылу барысына бақылау жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 23 мамыр 2003 жылғы №488 «Тұрғындарға жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егу жұмыстарын жақсарту шаралары» Қаулысы бойынша еліміздің барлық аймағында егу күнтізбесі енгізілді. Жоспарлы егулермен 99,6% халықты қамтудың нәтижесінде 2006 жылы облыс бойынша қызылшамен сырқаттану 25 есе төмендеген, 2007 жылы мүлдем тіркелмеген. Қызамық 2006 жылы 3,5 есе, 2007 жылы - 16,1 есе төмендеген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 22 қаңтар 2008 жылғы №40 қаулысы бойынша , Қазақстан Республикасы Үкіметінің 23 мамыр 2003 жылғы №488 «Тұрғындарға жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егу жұмыстарын жақсарту шаралары» қаулысына өзгертулер мен қосымшалар енгізілді. Осыған сәйкес егу күнтізбесіне гемофильді инфекцияға қарсы вакцина егу қосылды, өйткені b типті гемофильді таяқша 6 жасқа дейінгі балалардың 30-50% іріңді менингиттің, 10-20% пневмония, 53% - эпиглотитке себепшісі болады. Өлім-жітім- 15-20%, 35% орталық нерв жүйесінде ақаулар тудырады.
Қазақстан Республикасында егу профилактикалық ұлттық күнтізбесіне өзгертулер мен қосымшалар енгізіліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 30 желтоқсан 2009жылғы №2295 «Профилактикалық егу жүргізілетін жұқпалы аурулар тізімін бекіту, оны жүргізу ережесін және жоспарлы егуге жататын тұрғындар топтары» туралы қаулысы бойынша ( 29.06.2010ж. өзгертулер мен қосымшалар енгізілді) бекітілді. ( №1 кестені қара)