Гингивотомиялау әдісі

Бұл әдіс біржақты және тар пародонтальдық қалталар және пародонтальдық абсцестер кезінде қолданылады. Ол үшін қызылиек жиегінен 2-3 мм шегіне отырып, қалтаны тік немесе көлденең тілік жасай отырып ашады және осы тілік арқылы өтіп, қызылиек асты шөгінділерді, грануляциялық тінді, өскен эпителийді қырып тазалайды. Жарақат ошағын антисептиктермен жуып тілікті тігіспен жабады. Кейде тілікті қызылиек жиегінен бастап қалта түбіне дейін жасауға болады. Бір қабылдауда 1-3 тістер аймағындағы ғана қалталарды тазалауға болады.

Гингивэктомиялау әдісі пародонтальдық және «жалған» пародонтальдық қалталарды жойып, ауыз гигиенасын жақсарту үшін қызылиектің бөлігін кесіп алып тастауды қарастырады. Бұл әдіс қызылиектің өсе қабынуы, қызылиек фиброматозы, қызылиектің ұлғаюымен қатар пайда болған пародонтальдық қалталар кезінде қолданылады.

Гингивэктомиялау (қызылиекті кесіп алып тастау) әдісі екі түрге бөлінеді: жартылай гингивэктомиялау (частичная гингивэктомия) және толық гингивэктомиялау (тотальная гингивэктомия).

Жартылай немесе қарапайым гингивэктомиялау әдісі көбінесе қызылиектің өсе қабынуы кезінде және пародонтальдық қалталарды толық жою мүмкіндігі болмаған кезде, тек олардың тереңдігін азайту үшін қолданылады.

Операцияны орындау тәсілі. Пародонт тіндерін уақытша жансыздандырып алғаннан кейін, қызылиектің жиек бөлігінен қалтаның 3 мм тереңдігіне дейін кесіп алады да оның қалған бөлігінде кюретаждау әдісін жүргізіп, жара бетін антисептиктер ертіндісімен өңдеп, бетіне емдік таңба қояды. Бұл әдіс көбінесе кіші және үлкен азу тістер аймағында қолданылады, ал алдыңғы тістер аймағында сирек қолданылады (тістердің түбірі ашылып, косметикалық ыңғайсыздық туындататын болғандықтан). Толық (тотальды) немесе радикальды гингивэктомиялау әдісі соңғы кезде қолданыс таба қойған жоқ.

Жабық кюретаждау әдісі тереңдігі 3,5-4,0 мм пародонтальдық қалталарда жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты – пародонтальдық қалтаны жою. Ол үшін қызылиек асты тіс тасын, грануляциялық тінді және қалтаның қызылиек жақ қабырғасының бетін қуалай өскен эпителийді алып тастап, сорылуға ұшыраған цемент бетін тазалау керек. Осының нәтижесінде аққан қан ұйып, ірі талшықты тыртықты тінге айналады, қалтаны жиырып, тазаланған қызылиектің беткей қабатының жаңадан құрылған түбір цементіне жақсы бекуін қамтамасыз етеді.

Кюретаждау әдісін жүргізген кезде төмендегі шарттарды сақтау қажет: операция жүргізілетін аймақты (бір қабылдауда 3-4 біртүбірлі тістер немесе 2 көптүбірлі тістер пародонтында) тиімділікпен уақытша жансыздандыру, өңделетін тіндерге аса көп зиян келтірмеу, асептика қағидаларын және ұйыған қанды сақтау, операциядан кейін ауызды дұрыс күтуді қамтамасыз ету.

Кюретаждау үшін зарарсыздандырылған және өткір аспаптар: иілген әртүрлі ілмек аспаптар, скалерлер, аршығыштар (эксковаторлар) кюреталар, рашпильдер пайдаланылады.

Кюретаждау тәсілі. Уақытша жансыздандырудан кейін қызылиек асты тіс тасын және түбір бетіндегі өзгеріске ұшыраған цементті алып тастайды және бұл шараны ультрадыбыстық скалердің көмегімен аяқтайды. Тіс түбірлерінің беттерін белгілі реттілікпен (ерін-ұрт, жанасу және тіл-таңдай беттері) тазалайды. Қалтаға түскен қатты тіндер қалдықтарын антисептиктер ертіндісімен шприцпен жуып кетіреді. Осыдан кейін кюреталардың немесе аршығыштың көмегімен грануляциялық тінді қырып алады. Ең соңғы және жауапты кезең – қалтаның қызылиек жақ қабырғасын бойлай өскен эпителийден тазалау (деэпителизация кармана). Ол үшін сол қолдың басбармағымен қызылиекті тіске жабыстырып және қатты қыса отырып, аршығышпен немесе кюретамен оның тіске қараған бетін эпителий қабатынан қырып тазартады. Ол үшін аспаптың (кюретаның, аршығыштың) ойық бетін қызылиекке қаратып қалта түбіне дйін енгізеді де, өткір жиегін қалтаның қызылиек жақ қабырғасына тығыз жанастырып, онда өскен эпителий қабатын қырып шығарып отырады. Қырушы аспаптың қозғалысы сол қол басбармағының астында үнемі бақылауда болады. Қалта толық тазартылғаннан кейін қызылиек тіске қайта жабыстырылып, бетіне қатаятын емдік таңба қойылады. Емдік таңба 5-7 күнге дейін күнара ауыстырылып тұруы қажет. Осы уақыт ішінде науқас жұмсақ және сұйық тағамдарды ғана қабылдап, тістерді мәсуекпен тазаламай, ауызды антисептиктер, ас тұзы немесе ас содасының 1-2% ертінділерімен шайып тұруы (ас қабылдағаннан кейін) керек. Қатаятын таңбалар қояр алдында қызылиек қалталарын сүңгілемейді және жуып-шаймайды. Себебі, мұндай әрекет қалта қабырғасында тыртық тінінің құрылуына кедергі келтіреді.

Жабық кюретаждау әдісінің бірден-бір кемшілігі – операция жүргізіліп жатқан аймақты анық көре алмау, осыған байланысты жыртылған жаралы беттердің пайда болуы. Бұл кемшіліктерді жою үшін Т.И.Лемецкая және б. (1982) ашық кюретаждау әдісін ұсынған .

Бұл әдіс тереңдігі 5мм-ден аспайтын пародонталдық қалталарда жүргізіледі.

Наши рекомендации