Лпа қабынуын ұлпаны өліеттендіріп жартылай алу әдісі (метод девитальной ампутации пульпы)

Бұл әдісті сирек және көбінесе әртүрлі жүйелер ауруларының декомпенсациялану сатыларында, обыр, инсульт, миокард инфарктымен ауырған, ауыр операциялар жасалған адамдарға және әртүрлі себептерден ауыздың ашылуы шектеліп қалған жағдайларда (микростома, шайнау бұлшық еттерінің жиырылып қалуы - тризм) қолдаған тиімді болады. Сонымен қатар түбір өзектері тарылып немесе бітеліп, өтпей қалған қарт адамдардың тістерінде көбінесе үлкен азу тістерде жүргізіледі.

Бірінші қабылдауда тісжегі қуысын тазалап, сауыт қуысын тесіп, өліеттендіруші қойыртпақ қояды. Екінші қабылдауда тісжегі қуысын егеп-тазалап, сауыт қуысын толық ашып, сауыт ұлпасын алады (пульпотомиялау- ампутациялау әдісін жүргізеді),өзек сағаларын кеңейте отырып, сағалық ұлпаны алып, импрегнациялау болмаса электрофорездеу немесе депофорездеу әдістерін жүргізеді.

Түбір өзектерін импрегнациялау әдістерінің ішінде кеңірек қолданылатын 1913 жылы Альбрехт ұсынған – резорцин-формалиндеу әдісі. Ол үшін резорциннің формальдегидтің 40% ертіндісіндегі қанықтырылған ерітіндісі пайдаланылады. Бұл ерітінді таза шыны бетінде резорцин кристаллдарын формальдегид ертіндісіне біртіндеп қосып еріту арқылы дайындалады (резорцин кристаллдарының сұйықта еруі баяулай бастағанға дейін қосып, араластырып отырады) және резорцин-формалин сұйықтығы немесе шайыры деп аталады. Өтпейтін өзек сағасына (аузына) 1-2 тамшы сұйықтықты апарып тамызып, жіңішке түбір инесімен 2-3 минөттей уақытта өзекке итеріп сіңіреді және 2-3 рет қайталайды, сұйықтың сіңбей қалған бөлігін сорғызып алып, өзек ауызында осы сұйықпен ылғалданған мақта анжы немесе асбест кесегін қалдырып, уақытша пломбымен жабады. Қалдырылған және енгізілген сұйық алынбаған түбір ұлпасына сіңіп, феноформальдегидті шайырға айналып, біртіндеп қатаяды (полимеризацияланады). Ол қатаю кезінде көлемі кішірейді, сондықтан келесі қабылдауда өзекті импрегнациялауды қайталаған жөн.

Келесі қабылдауда (үшінші қабылдауда) уақытша пломбыны алып, қатайған шайыр мен өзек қабырғалары арасында пайда болған саңылауды (қатайған шайыр көлемі кішірейіп, қабырғадан ажырау барысында) толтыру үшін импрегнациялау әдісін қайталайды. Шайырдың тез қатаюы үшін оған бір тамшы катализатор қосады (антиформин, сілтілер KОH, NaОH 10% ерітінділері).

Сұйықтың артығын мақта анжыға сіңіріп алған соң, өзектің өтетін бөлігін резорцин-формалин қойыртпағымен пломбылайды (қойыртпақты сұйыққа мырыш тотығын қосу арқылы дайындайды) және аралық төсем төсеп, тұрақты пломбы қояды. Соңғы кезде Ресейдің ВладМИВА фирмасы бұл сұйықтықты «езодент» деген атпен шығара бастады.

Нашар өтетін түбір өзектерін мумификациялау үшін параформальдегидті қойыртпақты немесе прополистің 10% спиртті ертіндісін мырыш тотығымен қолдануға болады (Митина В.И., Марченко А.И., 1970). Өтпейтін түбір өзектерін жақсы зарарсыздандыру үшін (көбінесе ұлпаның созылмалы шіри қабынуы кезінде) 1913 жылы Гоу ұсынған күмістеу әдісін қолдануға болады. Бұл әдістің Я.С.Пеккер жетілдірген және оңайландырған түрі үшін азот қышқылды күмістің (күміс нитратының) 30% судағы ерітіндісі және 4% гидрохинон ерітіндісі пайдаланылады. Кеңейтілген және өңделіп құрғатылған өзек сағасына 1-2 тамшы күміс нитратының ерітіндісін тамызып, 1-2 минөт түбір инесінің көмегімен итеріп, өзекке сіңіреді және 2-3 рет қайталайды. Сұйықтың сіңбей қалған бөлігін мақта анжымен сорып алып, гидрохинон ерітіндісін тамызып (1-2 тамшы), оны да инемен итеріп сіңіреді және 2-3 рет қайталайды.Гидрохинон ертіндісінің тотықсыздандырушы әсерінің нәтижесінде ерітіндіден таза металл күміс бөлініп шығып, дентиннің құрамындағы белокпен қосылып, күміс альбуминатын түзеді және өзек қабырғалары мен ұлпа бетінде берік, жұқа жарғақ құрай шөгеді. Бұл әдіс түбір өзегін жақсы зарарсыздандырғанымен, өліеттенген ұлпаны болашақта ыдыраудан сақтай алмайды. Сондықтан, бұл әдіспен қатар резоцин-формалиндеу әдісін жүргізген өте тиімді болады.

Осы мақсатта өтпейтін түбір өзектерінде Рубин Л.Р (1967) ұсынған иод-электрофорездеу және депофорездеу әдістерін қолдануға болады.

Наши рекомендации