Кіреуке эрозиясының емі
Жарақаттың бастапқы сатысында қайта минералдандырып емдеген тиімді. Құрамында фтор, кальций бар арнаулы ертінділермені бастырма қою (аппликация) немесе электрофорездеу әдісімен жарақат ошағына сіңіреді. Қайта минералдандыру үшін қоскомпонентті кальций нитратының 10% ертіндісінен және аммоний қышқыл фосфатының ерітіндісінен тұратын қоспаны пайдалануға болады.
Максимовский Ю.М. (1981) эрозиялық ақауларды композиттік материалдармен пломбылап, тісті реставрациялаудың алдында жарақат ошағында қайта минералдандырып емдеу шараларын жүргізіп, тістің қатты тіндерін тығыздандырып алған тиімді деген қағиданы ұстанады. Мұның өзі пломбының жиектік жабысуын жақсартып, пломба төңірегінде саңылаулар пайда болмауын қамтамасыз етеді.
Тістің қатты тіндерінің өліеттенуі (некроз твердых тканей зубов)
Тістердің қатты тіндерінің өліеттенуінің себептері анықталмаған. Көпшілік ұйғарымдарға жүгінсек, мұндай жарақаттар ішкі бездер (қалқанша без, жыныс бездері) қызметінің ауытқуы нәтижесінде дамиды.
Клиникалық көрінісі.Тістің қатты тіндерінің некроздануы белгілі бір аймақтарда кіреукенің жылтырлығы жойылып, алғашқыда бор түстенуімен д кейінірек қою-қоңыр түстенуімен сипатталады. Жарақат ошағының шекарасы өте анық және бірыңғай тегіс емес, иір-қиыр болып келеді. Ошақ ортасында тіндер жұмсарып, ақау пайда болады. Бұл кезде кіреуке өте нәзік және сынғыш келеді, аршығыштың көмегімен-ақ сындырып алуға болады және көптеген тістер жарақаттанады. Жарақаттанған тістер әртүрлі тітіркендіргіштерге өте сезімтал болғандықтан, науқас тістерінің ыстықтан, суықтан, механикалық және химиялық әсерлерден қақсап ауыратынына және тез басылатынына шағымданады.
Қатты тіндердің некроздану ошақтары көбінесе күрек, сүйір және кіші азу тістердің мойын аймақтарының ұрт жақ беттерінде пайда болады, үлкен азу тістер сирек жарақаттанады.
Патологиялық анатомиясы. Қатты тіндердің некроздануына беткейлік деминералдану ошақтарының пайда болуы тән. Поляризациялаушы микроскоппен шлифтерді тексерген кезде ақ дақ ошағында кіреукенің сыртқы қабаты сақталған, астыңғы қабатында өзгерістер байқалады. Ретциус жолақтары ашық көрінеді, орталық қараңғы белдеу жиектерінде байқалған жарық аймақтар бастапқы тісжегі кезіндегі өзгерістерге ұқсас болады. Сондықтан кіреукенің некроздануын өте қарқынды дамитын тісжегіге тән үрдіс деп те ұйғаруға болады.
Салыстырмалы диагностикасы. Тіс тіндерінің мойын аймағында некроздануының жақсы дамыған сатысын сынаға ұқсас ақаудан және кіреуке эрозиясынан ажырата білу керек. Бұл жарақаттар өздерінің сыртқы көріністерімен бір-бірінен ерекшелінеді. Некроздану ошағының беті тегіс емес кедір-бұдыр болып келеді.
Емдеу шаралары.
Негізгі емдеу шаралары қатты тіндердің жоғары сезімталдығын жоюға, тығыздығын жоғарылаутуға және қышқылда ерігіштігін төмендетуге арналған.
Ол үшін тіс тіндерін қайта минералдандырып емдеу тәсілдерінің бірін қолданады. Егер жарақат ошақтарында ақаулар пайда болса, тереңдігіне қарай арнаулы ламинаттармен жауып, немесе пломбылап, тістің анатомиялық пішінін қайта қалпына келтіреді.
Тістердің қышқылдар әсерінен некроздануы (химический некроз зубов)
Тістердің қышқыл әсерінен некроздануы немесе химиялық некрозы жергілікті әсерлерден дамиды. Бұл үрдіс бейорганикалық қышқылдар (тұз, азот және күкірт, фосфор, фторлы сутек қышқылдары), сирек жағдайда органикалық қышқылдар өндірісінде ұзақ жылдар жұмыс істеген адамдарда кездеседі. Қышқылдан некрозданудың ең алғашқы белгілері – тістердің қармалып қалу сезімі (чувство оскомины), аса сезімталдығы (температуралық, химиялық тітіркендіргіштерге), тістердің жұмсарып тістескенде бір-біріне жабысып қалатыны сияқты ыңғайсыздықтар. Аталмыш патологиялық үрдіс өндіріс цехтарының ауасында жоғарыда аталған қышқылдар бу немесе газ түрінде бөлініп, ауыз сұйығында еріп, сілекейдің қышқылдану салдарынан тістің қатты тіндерінде кальций жойыла бастауы нәтижесінде дамиды. Химиялық некроздану тереңдеген сайын көбінесе алдыңғы тістер кіреукесі күңгірттеніп, беті кедір-бүдір бола бастайды. Кейде кіреуке кір-сұр немесе оданда қоңырлау түске боялады және қатты тіндері біртіндеп мүжіле бастайды. Кіреуке алдымен тістеу қырларында жойылады, тістеу қырлары жұқарып, опырылғыш бола бастайды. Тіс тіндерінің деструкцияға ұщырап, мүжіле бастауы алдыңғы тістердің ауыз жақ беттеріне де ауыса бастайды. Осының нәтижесінде олардың көлемі кішірейіп, араларында саңылаулар (диастема және трема) пайда болады. Кейде олардың сауыттары қызылиек жиегіне дейін біртіндеп жойылуы әсерінен, азу тістер тобы механикалық қажалуға ұщырауы мүмкін (шамадан тыс шайнау күші түсуі әсерінен).
Тістердің қышқылдан некроздануының жеңіл түрлері асқазанның қышқыл бөлінуі төмендеп қабынуы кезінде (ахилический, анацидный гастрит) тұз қышқылының 10% ерітіндісін қабылдау мәжбүрлігінен де дамуы мүмкін. Бұл кезде көптеген тістер (күрек және үлкен азу тістер) зардап шегеді. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін қышқылды шыны немесе пластмасса түтік арқылы қабылдау керек.
Емі. Тістердің қышқыл әсерінен некроздануын емдеу үшін кіреуке некрозы кезінде қолданылатын шараларды пайдалануға болады. Ал одан сақтандыру үшін өндірісте істейтін жұмысшылар техника қауіпсіздігі ережесін сақтау керек және ауыздарын әрбір 2-3 сағатта сілтілердің әлсіз ерітінділерімен (ас содасының 1-2% ерітіндісі) шайып тұрулары қажет. Қазіргі кезде олардың тістерін қышқылдар әсерінен қорғайтын арнаулы пластмасса жабындылар – капалар шығарылуда. Тістер некроздануы бар жұмысшылар диспансерлік есепке алынып, олардың тістеріне жүйелі түрде қайта минералдандырып емдеу шаралары жүргізілуге тиіс.
Тістердің жарақаттаушы әсерлерден зақымдануы (травматические повреждения зубов)
Тістер көбінесе механикалық әсерлерден зақымданады және олар екі топқа бөлінеді: а) жедел зақым; б) созылмалы зақым.