Лпа қабынуының жүйесі
Ұлпа қабынуының әртүрлі клиникалық белгілерін белгілі бір жүйеге келтіру көптеген ғалымдарды ынталандырған және көбіне клиникалық, морфологиялық (патологоанатомиялық) белгілеріне негізделген, немесе оларды бірге негізге ала отырып жасалған жүйелер ұсынылған.
2-сурет. Ұлпа қабынуы.сайт-http://www.newdental.ru/ |
Абрикосов А.И. (1914) ұсынған жүйе де ұлпа қабынуының патологоанатомиялық өзгерістеріне негізделген.
Могильницкий Б.Н. және Евдокимов А.И. (1925) ұлпадағы өзгерістерді 4 топқа бөлді:
· Қантамырлық өзгерістер (қан құйылу, гиперемиялану);
· Қабыну: а) жалқықты (ұлпаның беткей қабынуы, жартылай сарысулы қабынуы, толық іріңді қабынуы); б) пролиферативті (ұлпаның фиброзды қабынуы, ұлпаның гранулемалы қабынуы);
· Регрессивті үрдістер (ұлпаның атрофиялануы, некроздануы, шіруі, зат алмасуының өзгеруі, конкрементоз);
· Прогрессивті үрдістер (дентиклдер).
Бұл жүйе де өзінің күрделілігі нәтижесінде аса көп қолданыс тапқан жоқ. Мысалы, тек клиникалық белгілеріне сүйене отырып ұлпаның қызаруы, сарысулы қабынуы, атрофиялануы деген диагноз қою қиын. Бұл өзгерістер тек патологоанатомиялық зерттеулер арқылы ғана анықталады.
Аурудың клиникалық белгілеріне, жайылу ерекшеліктеріне сүйене отырып жасалған клинико-анатомиялық жүйені Гофунг Е.М. (1927) ұсынған. Бұл жүйе төмендегідей:
Ұлпаның жедел қабынуы:
· жартылай жедел қабынуы;
· толық жедел қабынуы;
· толық іріңді қабынуы;
Ұлпаның созылмалы қабынуы:
· ұлпаның жай немесе қарапайым қабынуы;
· өсе немесе гипертрофиялы қабынуы;
· шіри немесе гангренозды қабынуы.
Гофунг ұсынған жүйенің бір кемшілігі – ұлпаның іріңді қабынуы өте жиі кездеседі және қабыну үрдісінің алғашқы сатысында ақ орын алады, өйткені сарысулы жалқық көп кешікпей іріңді жалқыққа айналады.
Ұлпаның жоғары дәрежелі реактивтілігін және қабынудың ұзақтығының емдеу әдістерін таңдауға зор маңызын ескере отырып Школяр Т.Т., (1967) өз жүйесін ұсынды:
· ұлпаның бастапқы жедел қабынуы;
· ұлпаның жедел (іріңді) кешірек анықталған қабынуы;
· ұлпаның созылмалы фиброзды қабынуы;
· ұлпаның созылмалы жаралы қабынуы;
· ұлпаның созылмалы гранулемаланып қабынуы;
· түбір ұлпасының созылмалы қабынуы (басқа авторлар бойынша ұлпаның шіри қабынуы);
· ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі. Сонымен қатар ұлпа қабынуының басқа түрлерін де ажыратады: гематогендік, ретроградтық, конкрементті, жарақаттан және т.б. қабынулары.
Сонымен қатар Ресейдің Орталық ғылыми зерттеу стоматология институты (ЦНИИС) төменгі жүйені ұсынды:
· ұлпаның жедел ошақты сарысулы қабынуы (острый серозный очаговый пульпит);
· ұлпаның жедел ошақты сарысулы-іріңді қабынуы (острый серозно-гнойный очаговый пульпит);
· ұлпаның жайыла жедел іріңді қабынуы (острый гнойный диффузный пульпит);
· ұлпаның созылмалы жай немесе қарапайым қабынуы (хронический простой пульпит);
· ұлпаның созылмалы гранулемаланып қабынуы (хронический гранулематозный пульпит);
· ұлпаның созылмалы шіри қабынуы (хронический гангренозный пульпит);
· ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі (обострение хронического пульпита).
Ұлпа қабынуының Платонов Е.Е., (1968) ұсынған жүйесі:
· ұлпаның жедел қабынуы: а) ошақты (очаговый); б) жайыла (диффузный);
· ұлпаның созылмалы қабынуы: а) фиброзды; б) гангренозды (шіри); в) гипертрофияланып (өсе қабынуы); г) ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі.
Қазіргі кезде А.И.Евдокимов атындағы Мәскеудің мемлекеттік медициналық стоматология университететінде (МГМСУ) осы жүйені ұстанады және оған тағы бір нозологиялық атау енгізілген: ұлпаны жартылай және толық алғаннан кейінгі жағдай (cостояние после частичного и полного удаления пульпы) .
Бұл жүйелердің қатарына ДДҰ (ВОЗ, 1998) ұсынған жүйені де келтірген дұрыс болар:
· ұлпалық абсцесс және полип
· ұлпаның қабынуы: жедел, созылмалы (гипертрофиялы, жаралы, іріңді);
· ұлпаның некроздануы – ұлпаның шіруі (гангрена пульпы).
· ұлпаның қайта жаңаруы (перерождение пульпы) – дентиклдер, ұлпаның кальцификациялануы; кальциноздану, тастар
· ұлпадағы қатты тіннің ауытқыған құрылымдары.
Екіншілік немесе иррегулярлы дентин.
. Е.С.Яворская және Л.И.Урбанович (1964) ұсынған жүйемен де таныстырған дұрыс деп таптық. Олар ұлпа қабынуының төмендегі түрлерін ажыратады:
1.Ұлпаның жедел қабынуы:
· ұлпаның қызаруы (гиперемия пульпы),
· ұлпаның жарақаттан қабынуы (ұлпаның кездейсоқ ашылуы, тістің ұлпасы ашыла сынуы),
· шектеле қабынуы,
· cарысулы жайыла қабынуы,
· іріңді жайыла қабынуы.
II.Ұлпаның созылмалы қабынуы:
· Ұлпаның созылмалы фиброзды қабынуы
· Ұлпаның созылмалы өсе қабынуы
· Ұлпаның созылмалы шіри қабынуы
· Ұлпаның созылмалы конкрементті қабынуы
III. Ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі
IY. Периодонт қабынуымен асқынған ұлпа қабынуы
Қазақтың Ұлттық медицина университетінің стоматология институтының терапиялық стоматология кафедрасында Е.Е.Гофунг және Т.Т.Школяр жүйелері негізінде құрылған жаңа жүйе қолдау тапты. Ол төмендегідей:
Ұлпаның жедел қабынуы (острый пульпит):
§ ұлпаның жартылай жедел қабынуы (острый частичный пульпит),
§ ұлпаның толық жедел қабынуы (острый общий пульпит);
§ ұлпаның жедел іріңді қабынуы (острый гнойный пульпит);
Ұлпаның созылмалы қабынуы (хронический пульпит):
§ ұлпаның созылмалы жай-қарапайым қабынуы(хронический простой пульпит);
§ ұлпаның созылмалы өсе қабынуы (хронический гипертрофический пульпит);
§ ұлпаның созылмалы шіри қабынуы (хронический гангренозный пульпит);
· Ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі (обострение хронического пульпита);
· Ұлпаның гематогендік қабынуы(гематогенный пульпит);
· Ұлпаның ретроградтық қабынуы (ретроградный пульпит);
· Ұлпаның конкрементті қабынуы (конкрементозный пульпит);
· Ұлпаның жарақаттан қабынуы (травматический пульпит);
Келтірілген ұлпа қабынуларының әр түріне өзіндік клиникалық белгілер (субъективтік және объективтік) тән. Аурудың диагнозын осы белгілерге және қосалқы тексеру әдістерінің (арнаулы тексеру әдістерінің) нәтижесіне сүйене отырып анықтайды.