Стоматологиялық науқастың медициналық картасы
Стоматологиялық науқастың медициналық картасы - № 43У тіркеу үлгісі (учетная форма) медициналық және заңды құжат. Мұнда науқастың төлқұжатының мәліметтері, аурудың нақтылы диагнозы, жүргізілген емдеу шаралары, оның нәтижесі тіркеледі және бірнеше бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлім – төлқұжаттың бөлімі. Бұл бөлім науқас ең алғаш стоматологиялық емдеу мекемесіне (емханаға немесе клиникаға) келген кезде тіркеу бөлмесінде (бөлімінде) толтырылады.
«Диагноз» графасын науқасты толық сұрап, қарап, тексеріп және қосалқы тексеру әдістерінің нәтижелеріне сүйене отырып дәрігер-стоматолог толтырады.
«Анықталған аурудың дамуы (развитие настоящего заболевания)» графасын аурудың даму тарихын немесе ауру анемнезін жинау негізінде толтырады және қосалқы тексеру әдістерінің қорытындыларын толық тіркейді.
Арнаулы бөлім ауруды емдеу жоспарына арналған және жүргізілуге тиіс кешенді емдеу әдістерінің барлығы (хирургиялық, ортопедиялық әдістерді қоса) көрсетіледі.
Картаның «Күнделік – дневник» бөлімінде жүргізілген емдеу шаралары, олардың нәтижесі қысқаша және анық сипатталады.
Медициналық карта заңды құжат болғандықтан тіркеу бөлімінде 5 жыл сақталады да белгіленген уақыт озған соң мұрағатқа тапсырылады.
Тістерді қарап тексеру нәтижесін тіркеудің оңтайлы және қысқа болуы үшін арнаулы тістерді белгілеу үлгісін (зубная формула) толтырады. Тістерді белгілеу үлгісінің бірнеше жүйесі бар. Ертеректе қолданылып келгені – Зигмонди ұсынған австралиялық үлгі. Бұл үлгі бойынша екі жақ сүйектерін түзулер арқылы төрт шаршыға бөледі. Көлденең түзу тістердің жоғарғы және төменгі жақ сүйектеріне тік түзу олардың оң және сол жақ бөліктеріне жататындығын көрсетеді.
Тістерді белгілеудің Зигмонди ұсынған жүйесі
8 7 6 5 4 3 2 1 | 1 2 3 4 5 6 7 8 |
8 7 6 5 4 3 2 1 | 1 2 3 4 5 6 7 8 |
тұрақты тістер
V IV ІІІ ІІ І | І ІІ ІІІ IV V |
V IV ІІІ ІІ І | І ІІ ІІІ IV V |
уақытша тістер (сүт тістер)
Әрбір шаршыға тістердің жақ сүйектің оң және сол жақ жартысында орналасу реттілігін көрсететін сандар тіркеледі және тұрақты тістер араб сандарымен, ал уақытша тістер рим сандарымен белгіленеді. Мысалы, үлгісі немесе шаршысы жоғарғы сол жақтағы бірінші күрек тісті көрсетсе, үлгісі төменгі сол жақтағы екінші уақытша азу тісті көрсетеді.
Тістер үлгісінің Хадруп ұсынған даниялық жүйесі. Бұл жүйеде тістер реттілігі Зигмонди жүйесіндегі сандармен белгіленеді. Ал жоғарғы жақ тістерін сандық көрсеткіштің қасына «+» белгісін, ал төменгі жақ тістерін «-» белгісін қою арқылы көрсетеді. Егер белгі санның алдына қойылса, оң жақ тіс екендігін, ал саннан кейін қойылса, сол жақ тіс екендігін көрсетеді. Мысалы, «+4» үлгісі жоғарғы оң жақтағы бірінші кіші азу тісті, «6-» үлгісі төменгі сол жақ бірінші үлкен азу тісті көрсетеді.
Тістер үлгісінің (формуласының) американдық жүйесі
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 |
332 31 30 29 28 27 26 25 24 23 22 21 20 19 18 17 |
Бұл жүйе бойынша жоғарғы тістер үлгісін құруды тістер қатарын көріп тексеру басталатын жоғарғы оң жақ үшінші үлкен азу тісті «1» санымен белгілеуден бастап, келесі тістерді өсіп отыратын сандар реттілігімен көрсетіп 16 санымен аяқтайды да, төменгі жаққа ауысады. Төменгі сол жақ үшінші үлкен азу тісті 17 санымен көрсетуден бастап, тістер реттілігін сақтап, тіс қатарын төменгі оң жақ үшінші үлкен азу тісті «32» санымен көрсетумен аяқтайды.
Тістер үлгісінің (формуласының) ДДҰ (ВОЗ) ұсынған жүйесі
18 17 16 15 14 13 12 11 | 21 22 23 24 25 26 27 28 |
48 47 46 45 44 43 42 41 | 31 32 33 34 35 36 37 38 |
Зигмонди жүйесіне негізделген бұл жүйе екі жақ сүйекті 4 шаршыға бөледі де, тістердің реттілік санының алдына шаршының нөмірін қояды.
1 шаршы | 2 шаршы |
4 шаршы | 3 шаршы |
Мысалы, 21 саны жоғарғы сол жақ бірінші күрек тісті білдіреді, 48 саны төменгі оң жақ үшінші үлкен азу тісті көрсетеді. Уақытша тістер үшін шаршылардың нөмірін 5, 6, 7, 8 сандарымен белгілейді және тістер реттілігін араб сандарымен көрсетеді.
Тістердің жағдайын анықтау үшін әріптік белгілер қолданылады: тісжегі – С, ұлпа қабынуы – Р, периодонттың қабынуы – Pt, пломбы (бітек) – П, сауытпен жабылған тіс – К, алынбайтын протездің жасанды тісі – И әріптерімен белгіленеді.
Тіс тасы, тістер гипоплазиясы, флюорозы туралы мәліметтер тістер үлгісінің (формуласының) астындағы графаларда көрсетіледі.