Пародонттың идиопатиялық аурулары
Пародонттың идиопатиялық аурулары пародонт тіндерінің үдемелі ыдырауымен сипатталатын аурулары қатарына жатады және клиникалық белгілері ертеде келтірілген пародонт ауруларының клиникалық көріністері аясына симайды. Бұл аурулар сирек кездеседі, сондықтан жете зерттелмеген.
Идиопатиялық аурулар тобына балалар мен жастар арасында кездесетін жалпы аурулардың симптомдары мен синдромдарын жатқызады. Олар: қан аурулары, қант диабеті, эозинофильді гранулема (Таратынов ауруы), Хенд-Шюллер-Крисчен синдромы, Папийон-Лефевр синдромы, Леттерер-Зиве ауруы, «Х» гистиоцитозы, Иценко-Кушинг және Ослер аурулары.
«Х» гистиоцитозы пародонтальдық синдромы көптеген гистиоцитоздар көріністерін (эозинфильді гранулеманы, Хенд-Крисчен-Шюллер, Леттерер-Зиве синдромдарын) біріктіреді.
Эозинофильді гранулема (Таратынов ауруы) – шектелген ретикулогистиоцитоз, көбінесе балаларда ошақты немесе жайылған түрде кездеседі және қаңқа сүйектің біреуінің бұзылуымен сипатталады.
Патологиялық үрдіс созылмалы түрде дамиды, аурудың барысы қатерсіз.
Ауыз ішінде, көбінесе кіші және үлкен азу тістер аймағында қызылиек бүртіктері домбығып, көкшіл түстенеді, біртіндеп көлемдері ұлғаяды, тістер орнынан ауытқып, қозғалмалы бола бастайды. Жиі-жиі қызылиек абсцестері дамиды, қызылиектің жаралана қабынуы орын алады. Көп кешікпей терең пародонтальдық және сүйек қалталары пайда болып, ауыздан жағымсыз иіс шығады. Альвеола өсіндісінің рентгенсуретінде сүйек тіні тік сорылып шекарасы анық, сопақ немесе домалақ пішінде қара көлеңкелі кистаға ұқсас ошақтар анықталады.
Қозғалмалы тістерді жұлғанмен патологиялық үрдіс тежелмейді. Бас сүйегі жарақатқа ұшыраған жағдайда басы қатты ауырып, мазалайды.
Жарақат ошағындағы патоморфологиялық өзгерістер ретикулярлық клеткалардың, эозинофильдердің шоғырлануымен, лимфоидты-макрофагты инфильтраттардың пайда болуымен сипатталады.
Шеткейлік перифериялық қан айналымында эозинофильдер саны көбейіп, ЭШЖ-жоғарылағаны анықталады.
Хенд-Крисчен-Шюллер ауруы ретикулоксантоматоздар қатарына жатады және липидті зат алмасуы бұзылуы нәтижесінде дамиды. Аурудың негізгі белгілері: жақ сүйектерінің және адам қанқасының басқа сүйектерінің бұзылысқа ұшырауы, өсіп-дамудың тежелуі, қантсыз диабет, экзофтальм. Ауру кезінде көкбауыр мен бауыр үлкейеді, жүйке, жүрек-қантамыр жүйелерінің қызметі бұзылады және ауық-ауық өршу үрдісі орын алып отырады.
|
Рентгенсуретте альвеола өсіндісі сүйек тінінің әртүрлі дәрежеде бұзылғаны анықталады.
Леттерер-Зиве ауруы жедел дамитын ксантоматоздар қатарына жатады, сүйектерде, теріде, кілегейлі қабықта және ішкі ағзаларда ретикулярлық жасушалардың көптеп көбеюімен сипатталады. Көбінесе 2-жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Дамыған сатысында дененің тоңып, қалтырауы (озноб и лихорадка), тері түсі бозарып, қозғалу қиындап, асқа тәбет шаппай, арықтау сияқты белгілер білінеді, көкбауыр мен бауырдың үлкеюі байқалады. Ауыз ішінде пародонттың жайыла қабынуы, альвеола өсіндісінің үдей ыдырауға ұшырау белгілері көрініс береді. Рентгенсуретте альвеола өсіндісінде, жақ сүйек денесінде кеуектену және жайыла сорылу үрдістеріі анықталады
Сурет - пародонттың жайыла қабынуы, Папийон-Лефевр синдромы |
–сурет. Қол терісінің шамадан тыс мүйізгектенуі. Папийон-Лефевр синдромы. |
Геморрагиялық ангиоматоз (Ослер ауруы) кезіндегі пародонтальдық синдром.
Бұл ауру тұқым қуалайтын жанұялық аурулар қатарына жатады және ұсақ қантамырларының (қылтамырлар және венулалар) оңай қанағыштығымен және ошақты кеңеюімен сипатталады. Себебі әлі анықтала қойған жоқ. Клиникалық көріністері – жиі-жиі және себепсіз мұрынның қанауы, ауыз кілегейлі қабығынан және ішкі ағзалардан қан ағуы. Ауру кез-келген жаста, көбінесе 40-50 жас арасында жиірек кездеседі. Ауыз ішіндегі аурудың белгілері: қызылиектің катаральды (талаурап) қабынуы, кілегейлі қабықтың домбығуы, бетінде домалақ пішінді қара қошқыл-қызыл түсті, тиіп кеткенде оңай қанайтын телеангиэктазиялық құрылымдардың немесе пурпуралардың көптеп пайда болуы. Мұндай құрылымдар ауыздың кілегейлі қабығынының кез-келген аймағында, көбінесе механикалық ықпалдар әсеріне ұшырайтын аймақтарда да (тілдің үсті, ұатты және жұмсақ таңдай, ауыз табаны) орын алуы мүмкін. Альвеола өсіндісінің сүйек тінінде пародонт қабынуының ауыр дәрежесіне тән өзгерістер, үдемелі бұзылу үрдістері байқалады.
Иценко-Кушинг ауру кезіндегі пародонтальдық синдром гипофизарлық аппараттың біріншілік жарақаттануымен, көптеген ішкі бездер (жыныс, бүйректер үсті және ұйқы бездер) қызметінің бұзылуымен сипатталады.
Мұндай ауру кезінде адам қатты семіреді, терісіне қан құйылып, тыныс ағзалары қызметінің бұзылуы мен қантсыз диабет белгілері, психикалық ауытқулар байқалады. Ауыз ішінде қызылиектің қатты қызарып домбығуы және қан құйылуы, терең пародонтальдық қалталар пайда болып, олардан іріңді жалқық бөлінуі, тістераралық бүртіктердің өсе-ұлғаюы, тістердің орындарынан ауытқуы және қозғалмалылығы байқалады.
Жақ сүйектерінің рентгенсуретінде кемік сүйектің кеуектенуі, альвеола өсіндісінің сорылуы, сонымен қатар басқа сүйектерде де бұзылу үрдісі анықталады.
Пародонтомалар
Пародонтомалар – пародонттағы қатерсіз ісіктер және ісікке ұқсас жаңа құрылымдар. Олардың қатарына фиброма, қызылиек фиброматозы, эпулис және пародонтальдық киста жатады.
Фиброма – жақсы жетілген дәнекертін құрылымдарынан, қан және лимфа тамырларынан тұратын жеке-дара дамыған ісік. Дамуы – баяу. Фиброманы ұсақ (шектелген) және ірі (көлемді) деп екі топқа бөлуге болады. Қызылиекте тығыздау, домалақ пішінді бозғылт-қыэыл түсті немесе қызыл-қошқылдау түсті дәнекертінді құрылым- фибромалар орын алады және қозғалмалы болады, астындағы тіндермен байланысы жоқ, шекарасы анық, сипап байқағанда ауырмайды.
Жарақаттаушы ықпалдар әсерінен жаралану және қабыну белгілері орын алуы мүмкін. Емі – хирургиялық әдіспен кесіп алып тастау және міндетті түрде материалды гистологиялық зерттеуге жіберу керек.
Қызылиек фиброматозы қызылиек бүртіктерінің, жиегінің және альвеолалық бөлігінің шектеле немесе жайыла ұлғаюымен сипатталады. Көбіне жас өспірімдер және жастар арасында жыныстық жетілу кезінде орын алады, ал Даун ауруымен ауырған балаларда емдеу мақсатында қолданылған дәрілердің әсерінен дамиды.
Қызылиек фиброматозы жоғарғы және төменгі жақтар қызылиегінде қатар орын алып, қызылиек әртүрлі дәрежеде ұлғаюы мүмкін.
Фиброматозды өсіктер бөлшектенген, папилломатозды, бұдырмақты, кейде біртұтас қалың бозғылт немесе күлгін түсті өсікті құрылым түрінде кездесуі мүмкін. Аумағына қарай қызылиек фиброматозы шектеле, жайыла және тұтаса (тотальный) дамуы мүмкін. Тұтасқан фиброматоз кезінде альвеола өсіндісі толығымен бұзылып, орнында фиброзды өсіктер пайда болады. Бұл жағдай көбінесе алмалы-салмалы протездер астында орын алады. Патоморфологиялық өзгерістер фиброматоз ошағында қантамырлары аз, тығыз коллагенді дәнекертінді құрылымдар және ұсақклеткалы инфильтраттар пайда болуымен сипатталады. Рентгендік тексеру кезінде альвеола өсіндісінде кеуектену белгілері анықталады, кейде тістераралық қалқандар бұзылуы да мүмкін.Қызылиек фиброматозының емі – хирургиялық емдеу әдісі.
Эпулис – қатерсіз ісік, қызылиектің созылмалы ықпалдар әсеріне ұшыраған аймағында дамиды және қызылиектің шектеле өсуімен сипатталады.
– сурет. Фиброзды эпулис.сайт-http://medarticle.moslek.ru/ |
Фиброзды эпулис кезінде жетілген талшықты дәнекертінді құрылымның көбеюі орын алады, сүйек затынан тұратын ошақтар және остеобласттар кездеседі.
· Ангиоматозды эпулис араларында кавернозды ангиомаға ұқсас қуыстарға бай қантамырларының көбеюімен, әкті ошақтардың (известковые очаги) құрылуымен сипатталады.
Алыпжасушалы эпулис көп мөлшерде алып жасушалардан тұрады және оларға атипиялық жолмен көбею тән емес.
Эпулистің бастапқы даму сатысында альвеола өсіндісінің сүйек тінінде ешқандай өзгеріс байқалмайды, ісіктің көлемі үлкейген сайын тістераралық қалқандар сүйегінде бұзылу және сорылу ошақтары пайда болып, тістер қозғалмалы бола бастайды.
–сурет. Ангиомотозды эпулис. |
Пародонтальдық киста (пародонтальная киста) сирек дамитын құрылым және пародонт қабынуының орта және ауыр түрінде қызылиек сайы эпителийінің пародонтальдық немесе сүйек қалталарының барлық қабырғаларын төсей өсуі нгәтижесінде пайда болады. Алғашқы кезде киста ешқандай белгісіз дамиды, кейінірек ол орналасқан аймақта тіс орнынан ауытқи бастайды және қызылиекті сипап байқағанда домалақ пішінді тығыздау және ауырмайтын құрылым анықталады. Рентгенсуретте киста домалақ пішінді, шекарасы айқын, тіс түбірінің алдыңғы немесе артқы бетіне жанаса орналасқан, сорылған сүйек тіні аймағында пайда болған қара көлеңкелі ошақ түрінде көрініс береді (-сурет). Бұл кезде түбірұшы аймағындағы пародонт тіндері өзгеріске ұшырамаған, тіс ұлпасының өміршеңдігі сақталған.