Логикалық ойлау және тіл

Ойлаудың бір ерекшелігі – оның тілмен тығыз байланыстылығында. Адамның миында қандай ой пайда болмасын, ол тілдік материалдың негізінде ғана туындап, іске асады. Адам өз ойын ауызша білдірсе де, жазбаша білдірсе де, ойласа да, бәрібір, өз ойын сөз немесе сөйлем түрінде құрады. Адамдар тілдің көмегімен өзінің ойлау қызметінің нәтижелерін тұжырымдап, бір-бірімен пікір алысып, өзара түсініседі.

Тіл – ойды білдіретін белгілер жүйесі. Сөйлеу тіліне қатысты кез келген ауызша дыбыстардың қосындысы немесе жазбаша таңбалардың жиынтығы ретінде өз бетінше ешбір мәнсіз; тек материалдық нәрселерге қолданғанда ғана олар мәнге ие болады. Тілдік белгі кез келген заттың, нәрсенің мазмұнын білдіретін болғандықтан ғана қатынас құралы рөлін атқарады.

Тіл қоғамдық еңбек процесінің негізінде ойлаумен бірге бір мезгілде туды. Адам тілінің қалыптасуы ойлаудың қалыптасуымен бірге аса ұзақ уақытқа созылды. Адамзаттың жүздеген ұрпақтарының тарихи даму барысында сөздер белгілі бір психикалық және логикалық мазмұнмен бірлікте айтылып, тиісті іс-әрекеттермен пысықталып, адамдардың қарым-қатынасын және мінез-құлқын реттеп отырды. Нәтижесінде тілдік белгілердің белгілі бір логикалық мазмұнымен біте қайнасып кеткені сонша, оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмай қалды. Тілдік белгі әр тілде түрлі болғанымен, олардың логикалық мән-мазмұны бірдей болатыны да соны көрсетеді.

Тілді кешенді түрде семиотика ғылымы зерттейді.

Тілдік белгінің заттық мәні оның мазмұнымен, яғни қандай ойды білдіретінімен тығыз байланысты. белгінің мәні жайында сөз болғанда, біз ол белгінің объектіге қатысын ғана ескермейміз, сондай-ақ ол объектінің белгілі бір қасиеттері жайында хабар беретінін де ескеруіміз керек. Ой нәрсені бейнелендіргенде, оның қайсыбір жақтарын іріктеп алып көрсетеді. Белгіде бейнеленген белгілі бір мән оның семантикалық мазмұнын құрады.

Белгілер, жоғарыда аталғандай, сондай-ақ адам мен адамның арасындағы қатынасқа да байланысты, яғни ол сөзді естіген адам белгілі бір мінез білдіріп, іс-әрекет көрсетуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, тілдік белгілер адамдар арасында қарым-қатынас құрудың, өзара түсінісудің құралы ретінде көрінеді. Тілдік белгілердің бұл жағын, әдетте, оның прагматикалық жағы деп атайды.

Ақыр соңында, белгілер біртұтас жалпы жүйеге енеді, сол тілдің табиғатына тән ережелер негізінде өзара белгілі бір қатынастарда болады. Осының арқасындасол тілдің бір белгілерінен басқа белгілеріне ретпен өту мүмкіндіктері туады. Бұл тілдің синтаксистік жағы деп аталады, ал сол тілдің ішкі құрылысына сәйкес белгілер арасында болатын қатынастар жүйесі оның синтаксисін құрады.

Логика үшін айрықша маңызды – тілге семантикалық талдау жасау. Кез келген сөз, сөйлем шындыққа қатысы бар белгілі бір ойды білдіреді. бұл жағдайда тілдік белгі ретінде сөйлемді онда бейнеленген ойдан (логикалық пікірден) айыра білу, ал бұл екеуін оларда бейнеленген шындықтан ажырата білу керек.

Тіл табиғи және жасанды болып бөлінеді. Табиғи тіл адамның рухани іс-әрекетінің нәтижесі, таңбалы-ақпаратты жүйе болып табылады. Жасанды тіл – ғылыми және басқа да ақпаратты дәл және үнемді түрде беру үшін арнайы құрастырылған қосымша таңба жүйелері. Олар табиғи тіл негізінде жасалады. Жасанды тіл ойдың құрылымын зерттеу үшін логика ғылымында да қолданылады: ол – предикаттар логикасының тілі.

Ойдың логикалық формасын анықтау үшін семантикалық категорияларды пайдаланады. Олар – есім, предикаторлар (сөйлеу), функтор. Есім – нәрселерді бейнелейтін жеке сөздер немесе сөз құрылыстары. Есіммен бейнеленген нәрсенің табиғаты әртүрлі: олар зат немесе олардың қасиеттері немесе олардың басқа затқа қатынасы т.б. Предикаторлар деп нәрселердің қасиеттері мен қатынастарының тілде бейнелеуін айтады. Олар сөйлемде, әдетте, баяндауыштың орнына пайдаланылады; бір орынды және көп орынды болады. Бір орындылар заттың қасиетін, ал көп орындылар қатынасын көрсетеді. Функторлар – заттардың негізгі қызметтерін бейнелейді.

Наши рекомендации