Лтын орда» трилогиясының көркем безендірілген жаңа басылымы — 1999 ж. 15 страница
— Ол мүмкін емес. Кеше ғана хабар алдым. Бесінші сентябрь күні Кенесары сұлтан өзінің Торғай өзенінің жағасындағы ордасында болатын.
— Орынбордан Арал теңізінің жағасына дейін екі ай жүретін тек орыс генералдары ғана, — деген Николай патша кекете, сәл қабағын шытып. Бұнысы Перовскийдің Хиуа хандығына қарсы отыз тоғызыншы жылы шығарған экспедициясының Арал теңізінің жағасына екі айда әзер барғанын бетіне салық ету, — ал қырғыз сұлтандары Торғайдан төрт мың әскермен жеті-ақ күнде Созаққа жетеді екен.
— Ғафу етіңіз, патша ағзам, мен сіздің қалжыңыңызға түсініп тұрғам жоқ. — Перовский басын ие түскен.
— Қарамағындағы қырғыздардың не істеп жатқанын, патша генералдарынан емес, генералдары патшасынан білетін болған екен бұл бақытсыз Россияда. — Николай патша қабағын түйе түскен. — Білмесеңіз айтайын. Сіз қорған боп жүрген Кенесары сұлтан осы жылы жетінші сентябрь күні өзін хан деп жария-
лап, соның құрметіне бір жетіден кейін Қоқан хандығына қарсы Ташкент түбінде соғыс ашқан.
— Бекер болар... — деген Перовский сенерін де, сенбесін де білмей. Өйткені жақында ғана өзінің орнында қалған генерал-майор Генстен хат алған. Хатында ол адъютанты Герннің Кенесары ордасынан бірінші сентябрьде қайтқанын жазып «Ол жақта бәрі тыныш, Кенесары бітімнің ең соңғы шешімін күтіп жүр» деген.
— Бекер! Ғафу етіңіз, қадірлі Василий Алексеевич, бүгін ғана Қоқан ханы Шерәліден шабарман келді. — Николай патша соңғы кезге дейін өзінің сүйеп жүрген губернаторын біржолата жермен-жексен еткісі келмеді. Енді ол жүзіне сәл шырай берді, — осы уақытқа дейін князь Горчаковтан гөрі граф Перовскийді жақын санасақ онымыз Кенесарыны сіз хан етсін дегеніміз екен деп түсінбеңіз. «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалық болуға мүмкін емес». Және Индия, Ауғанстан, Орта Азияда ағылшындар мен біздің тілегіміз қарама-қарсы келіп отырғанда, Бұқар, Қоқан, Хиуа хандықтарымен сауда-саттықты, қарым-қатынасты бұзу Россия империясының саясатына жатпайды. Мұны да ұғыңыз. Демек, Кенесары әңгімесін бітіретін уақыт жетті. Әр губернатор өз бетінше саясат жүргізуден ештеңе өнетін емес. Сондықтан мен бүгін Чернышев мырзаға Сібір мен Орынбор губернаторлары тізе қоса отырып, биыл жазда Кенесары қозғалысын біржолата құртатын болсын деген бұйрық бердім. Егер бұл міндетті орындай алмаймын десеңіз...
— Бәрін де түсіндім, — деп Перовский басын ие түскен.
— Түсінсеңіз, көп кешікпей Орынборға жүріп кетерсіз деп ойлаймын. — Патша ағзам басын изеп қоштасты да, енді кідірмей, қасындағы сұлу келіншекті қолтықтап кете барған.
Нина Макеевская Соғыс министрі Чернышевтың Николай патшаға жақындастырған әйелі екенін граф білетін. Ал сол Чернышевтың көптен бері Перовскийдің орнына артиллерия генерал-майоры Обручевті қойғысы келіп жүргенін де сезетін. Тек патша ағзамның өзі Перовскийді сүйейтін болғандықтан «ауыстырайық» деуге бата алмайтын. «Чернышев ойлаған мақсатына жақындап қалған секілді-ау» деді граф ішінен, патша ағзамның сөзінен өзіне көз қарастың өзгере бастағанын сезіп, «бір қатынға көйлекке деген торқаның мезгілінде келмегені үшін бір елдің тағдыры өзгеше шешілуі керек».
Перовский сол түні таң ата-ақ Орынборға аттанған да суыт жүріп кеше жеткен. Келген бетінде-ақ Генстен болған уақиғаның анығын білген. Бүгін қолданар шараны шешпек.
Кенесары қозғалысын басуды ақылдаспақ болған Перовский қарамағындағы аға сұлтандарға «тез жетсін» деп ат шаптырған. Ал барлық жағдайды толық баяндауды генерал Генске тапсырған. Әскери губернатор бұл баяндамаға бір тәулік қана уақыт берген. Қазір сол генерал Генсті күтіп отырған жайы бар.
— әскери губернатор мырза, — деді есікті ашып хатшы-адъютанты аққұба келген бала жігіт, — генерал майор мырза келді.
— Кірсін.
Ұзын бойлы, қошқар тұмсықты, ойлы, үлкен көзінде алтын пенснесі бар, әскери адамнан гөрі оқымыстыларға көбірек ұқсас Генс үйге кірді.
Графтың кабинеті Горчактың кісі қабылдайтын бөлмесіндей далиып жатқан сұсты болмаса да, төрт бұрышты әжептәуір кең зал. Стол тұсындағы патша ағзамның суретінен бөтен әскери губернатор құрмет тұтатын Суворов, Кутузов секілді атақты орыс қолбасшыларының ғана бір-екі тас мүсіндері бар. Жұмсақ орындықтар, дивандар бәрі алтын түстес сары барқытпен тысталған. Қабырғада Орынбор өлкесінің үлкен картасы. Бөлме іші толған кітап. Бұрыштағы шкаф ішінде де, стол үстінде де кілең былғары тысты жуан шығармалар...
— Жақсы жатып, жәйлі тұрдыңыз ба, Василий Алексеевич, — деді Генс қол беріп амандасып, бұл екеуі көптен келе жатқан әріптес, серіктес адам бол-
ғандықтан араларында бәлендей ресми тәртіп сақтала қоймайтын, — жол соғып тастаған жақ па екен?..
— Жол соққанмен төсекте рахаттанып жататын кез болып тұр ма? — Перовский езу тартып күлді де, тез орнынан түрегеліп, қабырғадағы картаның алдына барды. — Уақытты босқа өткізбейік, генерал мырза, сіз маған алдымен Кенесары сұлтанның қарамағындағы елдің қайсысы қай жерде, соны көрсетіңізші.
Генс бұрышта тұрған көрсеткіш таяқты алып сөйлей бастады.
— Бұл жаққа Кенесарының соңынан көшіп келген Ақмола және Қарқаралы округтерінің әлке — Байдалы, Тыналы — Қарпық, Алшын — Жағалбайлы, Қаракесек, Айтқожа — Қарпық, Төбе — Темеш болыстары Қарақұм мен Аққұмның төңірегіндегі мына жайылымдар мен Жыланшық өзенінің Торғайға құятын сағасына орналасты. Ал Баянауыл округінен келген Қозған, Қойлыбай — Шағыр, Қаржас, Малай — Қалқаман болыстары мен Ақмола округінің Тыналы — Қарпық, Торайғыр — Қыпшақ болыстарының қалған ауылдары Бағаналы руымен қосыла, мына Қара Торғай өзені бойына жайласты. Осы Қара Торғайдың жоғарғы тұсында, жұрт «Орда тіккен» деп атай бастаған жерде Кенесарының өзінің аулы тұр. Отыз сегізінші жылы Кенесарымен бірге көтерілген Орта жүздің Атбасар дуанына жататын мына Арғынаты Ұлытау, Терісаққан, Қайрақты, Шойынды көл, Ақ көл маңын жайлаған қалың Алтай — әлке, Алтай — Байдәлі, Төбет — Темеш, Тыналы — Қарпық, Айтқожа — Қарпық, Қойлыбай — Алтай, Алшын — Жағалбайлы рулары біздің жеріміздегі Алшынмен бірігіп кетіп отыр. Міне көрдіңіз бе, қанша жер екенін? Генс картаның дәл ортасын қомақты етіп бір ойып өтті, — бұған мына Жайықтың күншығыс жағындағы Жем, Елек, Ырғыз өзендері мен Жыланды, Мұғажар тауларының бауырын қоныс еткен Кіші жүздің Табын, Тама, Шықылық, Шөмекей, Шекті, Төртқара руларын қоссаңыз ереуілшіл сұлтан қарамағында Франция мен Италияға пара-пар бір хандық ел болады.
Перовский картаға ойлана көз тастады.
— Таң қалам, — деді ол сәл кідіре, — жайшылықта аулы бір қонып өтетін жерге таласатын қазақ рулары, Сібірден қаптай көшкен осыншама елге қалай қоныс берді?
— Расында, бұл таң қалатын жағдай, — Генс ойлана жауап қайырды. — Кенесарының күші де осында емес пе? Ол Россия империясының отаршылық саясатын өмір бойы бытырап жүрген қазақ руларының басын қосуға пайдалана біліп отыр.
— Сондықтан да оны қазақтар хан сайлады демексің бе?
— «Кенесарыны жетінші сентябрь күні хан көтеріпті» деген хабарды үш күннен кейін мен де естідім. Сіздің атыңыздан арнаулы кісі жіберіп, «бұл рас хабар ма?» деп сұрақ салғанымда Кенесары: «бекер» деп жауап қайырды. Бұл сөзге мен сендім. Өйткені «Үш жүздің адамдары Кенесарыны ақ кигізге көтеріп хан сайлапты. Торғай бойында ұлан-асыр той болып жатыр», — деп Қоқан бейқам отырғанда ол төрт мың әскермен бір жеті өтпей Созақтан бір-ақ шықты. Сонысына қарағанда «Кенесары хан болыпты» деген сөз қулығы ма деймін. Не болса да анығын Герн мырза біліп келеді, ол алдыңғы күні жүріп кетті.
— Бар қазақтың басын қосатын ханың болдым демесе Созаққа неге барды?
— Торғай правителі Ахмет Жантөрин: «Кенесары Созаққа өз бетімен барған жоқ. Ташкент құшбегіне қарсы бас көтерген Сыр бойын жайлаған Шөмекей, Төртқара, Тама рулары оны Қоқан хандығынан құтқаруды сұрап шақырып отыр» дейді. Ал Сібір Таможный округінің бастығы: «Кенесары Қоқан жеріне соңғы аласапыран кезде көшіп кеткен Россияға бағынатын қырғыз ауылдарын қайтарып әкелуге өтті» дейді. Егер бұл хабарларға туған әкесі Қасым төрені Қоқан ханы мен Ташкент құшбегісінің өлтіргенін еске алсақ, Азия елінің дәстүрі бойынша Кенесарының жау жұртын шабам деуі таң қаларлық іс емес.
— Кенесарының туыстарын өлтірген Мәделіхан мен Ташкент құшбегі Бегдербек, Ләшкәрлар қазір жоқ. Онда Мәделіханның інісі момын Шерәліхан. Ол бізге дос.
Мәделіхан баяғы Ташкенде тоқал шешесімен кездескеннен кейін, бір жыл өтпей үйленген болатын. Бұнысын кәпір ісі деп «Қасапшы Нұрасулла» атанған Бұқар әмірі, биылғы жылы көп әскерімен кеп Мәделіханды бауыздап, ал сұлу Ханпадшайымның күнтимесіне қорғасын құйып өлтірген-ді. Граф соны айтып тұр.
— Бұқар мен Қоқан хандығының арасындағы қастықты пайдаланып, Кенесары елін босатып аламын десе осы кез ең ыңғайлы кез. Кенесарының қимылы осыны көрсетеді... Ал ол Бұқар, Қоқан, Хиуа хандарының бірінің де қол астына кіргісі келмейді. Олардың қазақ халқына жандары ашымайтынын, өзін «бізге кел» деп шақырса, хандықтарын Россиядан қорғайтын алдыңғы шеп етіп пайдалануды ғана көздейтінін Кенесары жақсы біледі. Сондықтан да алдыңғы жылы октябрь айында Мәделіхан көп сыйлықпен әдейі кісі жіберіп, Қоқан хандығына көш дегенінде, Кенесарының көнбей қалғаны өзіңізге аян. Ол Хиуа ханы Аллақұлға да көнбеген. Бұл жағдайлар туралы біз октябрь айында граф Нессельродеге арнаулы хат жазғанбыз...
— Бәрі дұрыс. Кенесарының Қоқан, Бұқар, Хиуа хандарының қарамағы түгіл, Россия империясының да қол астына кіргісі келмейтінін білемін. Оның ойы Россия берген тыныштықты пайдаланып, Қоқан қарамағындағы қазақтарды өзіне қосып алу. Сөйтіп барып қазақ хандығын құру... Шамасы келсе Хиуа ханына қарсы шығып жүрген Көтібардың Есетін де өзіне ерту. Бірақ Есет те, Сыр бойының батыры Жанғожа да Кенесарының қол астында болғысы келмейді. Олар «Ортақ өгізден, оңаша бұзауды» жақсы көреді. Кенесарыға Кіші жүздің бәрі бірдей қосылмай отыруына да осы себеп...
— Жанғожа бұл жолы Кенесарымен тіл тауыпты. Әйтпесе бес мың әскері бар Созақ секілді күшті бекіністі, Кенесары екі мың әскерімен қалай алсын...
Перовский Генстің сөзін бөліп жіберді.
— Патша ағзам төрт мың әскермен аттаныпты дейді ғой Кенесарыны?
— Онысы рас. Бірақ мынау Шұңқыр құдық түбіне ат шалдырған әскерінің арасында дизентерия ауруы пайда болып екі мыңдай жауынгері ұрысқа қатынаса алмапты. Оның орнына Жанғожа батыр екі мың әскерімен келіп қосылыпты.
— Сөйтіп олар Созақты алып па?
— Алуға таяу дейді. Бүгін ұрыс басталғанына он күн.
— Ғажап, — деді Перовский, — зеңбіректі, бес мың әскері бар мықты бекіністі Кенесары төрт мың атты әскерімен қалай алмақ?
— Қиянат көріп қорланған жұрт қашан да болса тәуекелшіл келеді. Бірі онға татиды. Оның үстіне Кенесары секілді тәжірибелі қолбасшысы болса... — Генс ойға шомғандай сәл кідірді, — Кенесарының Созақты алатыны сөзсіз. Бекініс қабырғасына шығатын жүздеген баспалдақ істетіпті. Ол баспалдақпен өрмелейтін батырлар қазақ жігіттерінің арасында қашан да болса мыңдап табылады.
— Сөз жоқ, батыр халық! — деді Перовский, — тек бастары бірікпейді. Ру-ру боп үнемі таласады да жатады. Көрінгенге бағынуларының бас себебінің өзі де осында... — Василий Алексеевич кенет картаға бұрылды. Есіне патша ағзамның Кенесары Созаққа бір жетінің ішінде жетіпті, деген сөзі түсті. Ол картадан көзін алмай, — орта жолда Бетпақдала, атпенен осынау жерді олар қалай бір жетіде алды? — деді.
Генс күлді.
— Бір жеті емес, бес күннің ішінде, Кенесарының жетінші сентябрь күні Ұлытау маңында болғаны хақ. Оны хан сайлады ма, сайламады ма білмеймін, сол күні Алашаханның қабірінің жанында сұлтанды қолдайтын рудың бар ақсақал, билерінің жиналуы рас. Ал он екінші сентябрь күні ол аурудан сау қалған әскерімен Созақтан бір-ақ шықты. Кенесарының күшінің өзі осы шапшаңдығында, құлан, киік секілді туған даласының ой-шұқырын жақсы білетіндігінде...
— әйтсе де бес күнде... Перовский кенет картаға қайта бұрылды. — Сонда ол қай жолмен жүрген? Бетпақдаладан құс болып ұшып өтті ме? Қазақтың Сырға баратын ескі жолы мынау Балқаш көлі жағасы арқылы өтеді... Не болмаса Қарақұмды басып отырады. Бірақ оған ат емес, түйе керек.
— Кенесары бұ жолы Алашаханның бұдан төрт жүз жыл бұрын салған ескі сүрлеуімен жүріпті. Оны маған кеше бізге хат әкелген бір сарбазы айтты. Егер білгіңіз келсе...
Перовскийдің есіне ақ патшаның өзінің Арал теңізіне екі айда жеткені жайындағы кекесіні тағы түсті. Ол қабағын сәл шытты да, «көрсет» деп басын изеді.
— Біріншіден, ол бұл жорыққа басшы етіп Арқаның батырларын емес, құм кешіп үйренген Шөмекей, Табын, Төртқара руларының таңдаулы жігіттерін алған... — Генс картаның жанына келіп, оны ұзын көрсеткішпен шұқылай, сол жорыққа дәл өзі қатынасқандай тәптештеп сөйлеп кетті. — Олар мына Қара Кеңгірдегі Алашахан мазарынан шығып, Ұлытаудан жүз отыз шақырымдай жердегі Қара Жарға келіп түнепті. Одан Сарысудың құмайтты оң жағын жағалап отырып, жиырма екі шақырымдай жердегі Таймас батырдың моласын басып, қырық бес шақырым тұратын мына Қыз моласы деп аталатын тұсқа келіп азырақ ат шалдырыпты.
— Бұл ара шөпке кедей, суға жарымаған жер секілді ғой?
— Дұрыс айтасыз, — деді Генс, — қазақ жылқысы мұндай жерде де оттай алады... Сосын жиырма жеті шақырымдай жердегі мына Сарт моласынан сәл төменірек, Сарысудың Тасөткел деп аталатын тұсынан әскер арғы бетке өтіп бір түнепті... Таң ата қалың қол қайта көтеріліп Сарысудың сол жақ жағасымен жүріп отырып, отыз шақырымдай жерде тұратын Қара Қыпшақ бейітіне келіп тағы да ат шалдырыпты. Бұдан әрі көп кешікпей Көкжиде дейтін өркеш-өркеш құмды өңір басталады. Бұл арада тақыр сордағыдай емес, өркеш-өркеш шағылдардың арасындағы сай, ойпаттарда жүзген, жыңғыл, шеңгел, баялыш, сексеуіл өседі. Кей жерлерінде биіктігі бес сажындай жиде ағаштары да шоғырлана кездеседі. Анда-санда сұрғылт түстес кішкентай қояндар мен ирелеңдеген шағын сұр жыландар көзге түседі. Оқта-текте үйірімен айдаланы басына көтеріп сатырлай шапқан қара құйрықты да көруге болады. Осы шағылдардың арасындағы жерді құлаш бойы қазсаң, тұщы су шығады. Осы арамен Көкжиде қойнауынан отыз шақырымдай жердегі Жаман қорғанға жетесің.
— Бұл Қоқан хандарының қазақ жеріне салған алғашқы қорғаны ғой? — деді Перовский ойлана.
— Иә, — Генс әлденені есіне түсіргендей сәл кідірді де, қайта сөйлеп кетті. — Бұл биіктігі төрт, қалыңдығы бір жарым кездей, төрт бұрышты шым дуал. Көлденеңі жиырма бес сажындай, ұзындығы да сондай. Дуалды қоршай тереңдігі үш жарым, көлденеңі екі кездей ор қазылған. Бір кезде Қоқан хандары бұл қорғанды қазақтардан керуен жолын қорғау үшін салса, соңғы кезде қазақ ауылдарын шабу алдында тоқтайтын бекінісі еткен. Осы Жаман қорғанда бір түнеп Кенесары қолы әрі қарай жүріпті. Бархандар бұдан әрі кішірейе түседі, бірақ мал оты жоқтың қасы. Қазсаң әлі де тұщы су шығады. Жаман қорғаннан Сарысудың сол жағын жағалай Қызыл жыңғыл арқылы отыз бес шақырымдай жер өткеннен кейін Сандыбайға өштесіп Қара Кеңгірден көшіп кеткен Бәтеш батырдың Телікөлдегі қыстауының үстінен шығасың. Осы қыстаудан кейін, жаз-ғы-тұрымғы қар суынан ғана пайда болатын, Сарысуға құятын, Боқтықарын деген жылға кездеседі. Егер соның құмайтты жағасымен жүріп отырсаң, қырық шақырымдай жердегі Айнамкөл деп аталатын көгал шөпті, қамысты Қарасуға кездесесің. Одан әрі қарай Бетпақдала басталады.
Генс сәл тоқтап, картаға қарады да:
— Ұмытып бара жатыр екенмін ғой. Жаман қорған мен Бәтеш қыстауының арасында мынау Шұңқыр құдық деп аталатын үш құдық жатыр. Бұл құдықтардың суы тұщы, мөлдір, бірақ ішінде шылау шөп көп. Оларда түрлі микробтар, инфузориялар бар. Байтабын батыр бастап келе жатқан қол ыстыққа шыдай алмай осы құдықтарға тоқтап су ішкен екен, шетінен ауырыпты... — Ауырған әскерінің көбін Қызыл жыңғыл бойына қыстауға келген Найманның Бағаналы еліне Кенесары қалдырып кетіпті.
Генстің жас кезінде жағрафиялық экспедициямен осы араны сан кезгенін білетін Перовский оның сөзін бөлген жоқ. Тек тыңдауда болды.
— Бетпақдала алыстан қараған адамға, жан-жағынан он бес сажындай биіктене көтеріліп бір тұтасқан қызыл күрең жар секілденіп көрінеді. Алғашқы көрген кісіге ол бір түрлі суық, сұсты... — Тек ішіне кіргенде ғана аздап көңілің орныққандай болады. Сөйтсе де ұшы-қиыры жоқ тақыр адамның зәресін алмай қоймайды, — деді Генс сөзін қайта бастап, — осындай ешбір өсімдігі жоқ құм мен тақырды басып жүріп отырсаң жетпіс шақырымдай өткенде Терісаққан деген суы құмға сіңіп кеткен сайға кездесесің. Одан жиырма шақырымдай жерде алдыңда Айдарлы құм сайы жатады. Бұл арада ошаған, түйе жапырақ секілді аздаған өсімдік кездеседі. Дәл осы жерде Шыңырау деп аталатын терең құдық бар. Суы мол. Бірақ Кенесары әскері бұл араға кідірмей, болдыра бастаған аттарына түркмендерше қойдың құйрығын жегізіп...
— Қу далада құйрықты қайдан алып жүр? — деді Перовский, — әлде бұл арада ел бар ма?
— Жоқ. Олар жүз атқа жүз қой таңып алып жүріпті... Содан Бетпақдаланы көктей жүз жиырма шақырымдай жер өткенде көлденеңдей кездесетін Шу өзенінің Бесқұлан деп аталатын өткеліне келіп тоқтапты. Ар жағында Сырдария жері. Бірақ әлі де құм, әлі де тақыр. Суы ащы, шөбі аз. Бесқұланнан он алты шақырымдай жерде Ақжайықтан көлі бар. Бұ да ащы көл. Одан Иней мен Құлан қабақ адырларын басып отырып он жеті — он сегіз шақырымдай жердегі мына Қосқұдыққа келесің. Бұның да суы ащы, шөбі мардымсыз. Қосқұдықтан отыз шақырым барханды құмды басып отырып, мына сусыз Шұбар деген сайдың бойындағы Жаманқұдыққа жетесің. Бұның суы сәл тұщылау, бірақ түйе болмаса жылқы ішуге келмейді. Бұдан жиырма бес шақырымдай жерде Берді би моласы бар. Бұл арада тұщы сулы кішкентай сай бар. Жағасында азын-аулақ өсімдік те жоқ емес. Кенесары қолы Бесқұлан өткелінен кейін кідірмей жүріп отырып, тоқсан шақырым құмды, шөлді жерді күннің ыстығына қарамай бір-ақ күнде алған. Осы кейде Берді би моласы, кейде Құл деп аталатын сайда ат шалдырып, өздері түні бойы тынығып, таң ата ар жағында жиырма бес шақырым жердегі Созақтың түбінен бір-ақ шыққан. Күн шықпай бекіністі қоршап алыпты. Созақ датқасы Бабажан тіпті қаннен-қаперсіз жатса керек, бір нөкері келіп «жау келіп қалды, тұрыңыз!» десе, «Созаққа Кенесарыдан бөтен жан бата алмайды. Кенесары қайда, Созақ қайда!» деп жауап беріпті. Нөкері: «Келген сол Кенесарының өзі!» — десе, «Шырағым, жылағысы келген бала әкесінің сақалымен ойнайды. Ұлытауда хандығын тойлап жатқан Кенесары құс болып ұшып келмесе, қайдан келеді, ойыныңды қой!» — деп ақырыпты.
Перовский езу тартып күлді.
— Ұлытаудан Созаққа дейін алты жүз шақырымдай құмды, шөлді жерді бес күнде өтіпті деген сөзге Бабажан түгіл, мен де сенбес едім. Тек мұндай жүріске күніне жүз жиырма шақырым жер алатын қазақ аты ғана жарайды.
— Қазақ жігіттері ше? — Генс те күлді. — Алғашқы саяхатымда салт атқа мінемін деп менің де артым ойылып қалған. — Генерал-майор қазір қазақ өлкесін отарлауға келген жан секілді емес, қазақ жерін зерттеуге келген қарапайым ғалым тәрізді. — Бірақ сол жолы мен бұл халықтың көп этнографиялық материалдарын, ертегі, дастандарын өте көп жазып алдым... — Кенет ол Перовскийге күлімсірей қарады, — сіз Шу өзенінің мына өткелін Бесқұлан, ал мына төбелерді Иней, Қабан деп неге атайтынын естігеніңіз бар ма?
Орынбор шекара басқармасының бастығы генерал-майор Генстің соғыстан көрі, тарихи, этнографиялық жағдайды сүйе әңгіме ететінін білетін Перовский, іс жайында сөйлесуге асығып тұрса да, оның көңілін қалдырғысы келмей:
— Білмеймін, — деді, — бірақ білетін адамның сөзін тыңдауға бармын...
Қазір аңызын тыңдауға ықылас қойып тұрған осы жұмсақ мінезді көрінген граф Перовскийдің, осыдан он екі жыл өткеннен кейін, қалың қолмен келіп, қазақ даласын қанға батырып Ақмешітті алатынын кім білген! Генс жолдасының ықыласына риза болып Бесқұлан туралы бұдан отыз жыл бұрын жазып алған аңызын айтып берді.
— Алашаханның жақсы көретін баласын тағы құлан үйірі басып өлтіріпті, — деді Генс аңызды есіне түсіре, — қатты қапаланған әрі мейлінше ашуланған хан, құлан біткенді қыруды бұйырады. Кімде-кім оларды қырып бітірсе соған ғажайып көп сыйлық пен ең сұлу кіші қызын бермекші болады. Домбылақ деген батыр ханның тілегін орындаймын деп уәде береді. Өзінің Иней, Қабан деген жүйрік аттарын мініп құландарды қуады, қайда қашса да қоймай бейшараларды қырады. Ақырында бес-ақ құлан қалады. Олар Шу өзенінен өтіп құмға қашады. Осы құландардың Шудан өткен жерін Бесқұлан дейді. Құмға қуып шыққан батырдың аттарының жете алмай зорығып өлген жерлерін Иней, Қабан деп атапты. Ханның қызын алам деп құм арасында қаңғып өлген Домбылақ батырдың моласы деп қазақтар Шудың теріскей жағындағы моланы көрсетеді... Расында да бұл мола тым көне... Оған сенуге де болады.