Микроклиматтық жағдайлардың қолайсыз әсерін алдын алу бойынша шараларды негіздеңіз
Тұрғын үйдің бөлмелеріндегі микроклимат жағдайлары адам ағзасының жылу алмасуы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуі және суық кезде де, жаздыгүні де жақсы жылу сезінуін беруі керек (ΙΙΙ –тарау). Жасалған жайлы жылылық адамның бөлмеде белгілі бір уақытта болуымен шектелмеуі керек және қосымша бейімделу механизмдерінің іске қосылуын талап етпеуі тиіс. Жеңіл үй киімін киген адам салыстырмалы түрде аз қозғалу жағдайында да, өзін жайлы сезінуі қажет.
Тұрғын үйдің микроклимат көрсеткіштерін нормалағанда, адамдардың жасы, жыл мезгілі, климат жағдайлары, бөлменің қандай мақсатта пайдаланатыны ескерілуі керек, яғни нормативтер дифференциалды түрде бекітіледі. Бөлмедегі ауа температурасының орташа деңгейі және ауа температурасының тәуліктік ауытқулары, температураның тігінен және көлденінең алғандағы ауытқулары, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы мен қозғалу жылдамдығы нормаланады (7.2- кесте).
Қыс мезгілінде орта және жылы климаттық аймақтарда бөлмелердегі ауаның ең қолайлы температурасы - 18-20ºС, суық аймақтар үшін - 20-22ºС, ыстық аймақтар үшін - 17-18ºС болып табылады. Жылдың суық мезгілінде жылылық жағдайды қалыпқа келтіру үшін үйдің ішіндегі температура біршама жоғарғы болуы керек, себебі энергия ағзаның салқындауның алдын алуға бағытталған зат алмасуын ынталандыруға, қан тамырлары реакцияларын іске қосуға жұмсалады. Қазіргі үйлердегі үлкен әйнектелген беттер қыста өздері салқындап, сәулелену арқылы жылу берілуі нәтижесінде, адам ағзасынан жылудың көп мөлшерде жоғалуына әкеп соғады. Микроклиматты қалыптыстыруға, сонымен бірге, құрылыс материалдарының ауа өткізгіштігі мен гигроскопиялылығы, қабырғалардың қалыңдығы да әсер етеді. Ауа өткізгіштігі және гигроскопиялылығы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым бөлмеде температура тез төмендейді. Осыған байланысты, көп адамдар үшін бөлмедегі қолайлы ауа температурасы 20-23ºС болып табылады.
Ұйықтайтын бөлмелердегі ауаның температурасы төмендеу (16-18ºС) болуы керек, себебі, бұл ми қыртысы қызметінің таралған тежелуіне ықпал етіп, терең және жақсы ұйқыны қамтамасыз етеді.
Температураның тігінен және көлденеңінен ауытқуы 2-3ºС-тан аспау керек, себебі, температураның едәуір ауытқуы, адамның аяқ-қолдарының салқындауына және әр түрлі аурулардың дамуына әкеп соғады. Еден деңгейіндегі төмен температура адамның аяғының мұздауына, көңіл-күйінің төмендеуіне және суық тигеннен болатын аурулардың, әсіресе балаларда, көбеюіне әкеп соғады. Орталықтан жылытылатын бөлмелердегі ауа температурасының тәуліктік ауытқуы 2-3ºС, ал, пешпен жылытылатын бөлмелерде 4-6ºС болуы тиіс.
Бөлмелердегі қолайлы салыстырмалы ылғалдылық 30-60% деп есептеледі. Ауаның қозғалу жылдамдығы 0,1-0,15 м/сек дейін жылдың суық мезгілінде қолайлы деп саналады. Ауаның 0,3 м/сек дейін қозғалу жылдамдығы үй температурасы жағдайында қолайсыз, денені салқындататын сезім (азынақ сезімін) бермейді.
Жылыту жүйесі тұрақты ыңғайлы микроклимат қалыптастыруы қажет. Микроклиматты автоматты, орталықтандырылған немесе жеке түрде реттейтін мүмкіншілігі болғаны да дұрыс. Жылыту бөлмелердегі ауаны отынның жануы кезінде түзілетін иіс газымен және әр түрлі өнімдермен ластайтын көзі болмауы керек. Бөлмелердің ауасы жылытатын құралдарға отырған органикалық шаңдарының күюі және құрғақ айдау кезінде түзілетін газдармен ластанбауы керек. Бұл газдар ауаға жағымсыз иіс беріп, адамның тыныс алу жолдарының шырышты қабығын тітіркендіреді, тамақ кеберсуі сезімін және басының ауыруын тудырады. Егер жылытатын құралдардың бетінің температурасы 70-85°С аспаса, олардың бетіне отырған шаң күймейді. Жылытатын құралдар бөлмеде көп орын алмауы қажет және бөлмені отын, күлмен ластамау керек. Жылыту пайдалануға ыңғайлы, өрт пен күйік қаупін туғызбауы керек.
Жылыту жүйесінің екі түрі болады: орталықтан және жергілікті (пешпен) жылыту. Орталықтан жылыту кезінде отын жағатын орынды (қазандықты) жылытылатын бөлмелерде тұрған жылытатын құралдардан бөлек орналастырады. Қазандық жеке пәтерге, ғимаратқа, ғимарат тобына, бүкіл ауданға (аудандық жылу жүйесі, жылуэлектрорталығы) біреу болуы мүмкін. Пеште отын жанған кезде түзілген жылу, жылу жеткізгіш ортаны - суды, буды немесе ауаны жылытып, олармен бірге жылытатын қондырғыларға беріледі.
Жылыту жүйесі, жылуды жеткізетін ортаға байланысты, сумен, бумен немесе ауамен жылыту деп аталады. Орталықтан жылытудың, жергілікті жылытуға қарағанда, көп артықшылықтары бар, ол тұрғындарды от жағу жұмысынан босатады, біркелкі (уақыт пен кеңістік бойынша) микроклиматты қамтамасыз етеді, адам тұратын бөлмелерді ластамайды, өрт шығу тұрғысынан қауіпсіз болып табылады. Қыздыратын құралдар - радиаторлардың көлемі үлкен емес және әдетте, терезелердің астында орналасады. Терезеден бөлмеге кірген суық ауа өз жолында қызған радиатордан шыққан ауамен кездесіп, онымен араласады да, еден деңгейінде пешпен жылыту кезінде байқалатын суық ауа ағынын туғызбайды. Жергілікті жылытуды орталықтан жылыту ығыстырып шығаруда, сондықтан, жергілікті жылыту қазіргі кезде көбінесе бір қабатты үйлерде қолданылады.