Мыс жӘне оныҢ туындылары
Мыс (Cuprum), Cu – атомдық массасы 63,54 болатын ауыр металл. Бұл металл бізге ежелден белгілі. Табиғатта құрамында 1-10 пайыз таза мыс бар қосынды түрінде кездесіп, мыс сол қосындылардан алынады. Мыс өсімдіктер мен жануарлар ағзасына күнделікті өте қажетті элемент. Ветеринария саласында мыстың күкіртті қышқылы кеңінен қолданылса, ауыл шаруашылығында зиянкестермен күресу үшін тыңайтқыш түрінде әртүрлі бейорганикалық және органикалық қосылыстары қолданылады. Мыстың микрозлемент ретіндегі маңызы өте зор. Мыс ағзадағы ферментативтік тотығуға, ал омыртқалыларда қан түзу процесіне қатысып, қалыпты деңгейде сүйек кемігінде қан түзу функциясын қуаттандырады,тотығу процесін жеделдетеді. Сөйтіп, зат алмасу процесіне әсерін тигізеді. Мыс – шаян тәрізділер, маллюскалардың тыныс алу пигменті – гемоцианин құрамына кіреді.
Кейбір өсімдіктер құрамында мыстың мөлшері өте көп болады да, малдардың улануына әкеп соқтырады. Жануарлар ағзасында мыс күрделі және әртүрлі органикалық қосылыстар түрінде болады. Олар ақзаттармен байланысқа түсіп, басқа мүшелерге қарағанда бауырда көбірек жинақталады. Одан басқа мыс көптеген ферменттер құрамына да кіреді (лактаза). Қойлардың азық рационына мыс қосындыларын қосып беру, олардың өсуін және жүнінің сапасын жақсартады, ал мыстың топырақта жетіспеуі өсімдіктерді экзантема ауруына шалдықтырады. Өсімдіктер құрамында мыстың жеткіліксіз мөлшерде болуы малдарда, әсіресе, мүйізді ірі қарада анемия, жалақтық (лизуха), іш өту секілді аурулар тудырады. Кейбір мемлекеттерде (Англия, Дағыстан) азық құрамында мыстың жетіспеуінен қозыларды жаппай өлімге ұшырататын ауру – энзоотикалық атаксия пайда болатындығы дәлелденген. Аурудың ең негізгі белгілері - қозғалыс координациясының бұзылуы, теңселіп жүруі, дірілдеуі, кейбір кездері аяқтарының тырысуы және салдануы жатады. Энзоотикалық атаксиядан өлген малды сойып, зерттегендегі негізгі белгілердің бірі – ми жарты шарындағы ми ұлпаларының сұйылуы.
Күкірт қышқылды мыс немесе мыс сульфаты – көбінесе дезинфекциялағыш зат ретінде қолданылады. Ол қара-көк түсті кристалл, суда жақсы ериді. Бұл препарат бізге тотияйын деген атпен белгілі. Тотияйын құрамында күкірт қышқылды мыстан басқа темірдің, мырыштың және магнийдің күкірт қышқылды тұздары, аз мөлшерде мышьяктың туындылары кездеседі. Тотияйынның әкпен қосындысын бордос сұйықтығы түрінде өсімдіктердің зиянкестерімен, соның ішінде, саңырауқұлақтар тудыратын аурулармен күресу үшін қолданылады. Сонымен бірге, бордос сұйықтығын жәндіктермен күресу үшін париж көгімен де (зелень парижская) араластырып қолданылады. Мыс сульфатының уландырғыш мөлшері: 1 килограмм салмағына шаққанда қойға-200 мг, ірі қара малына-40 мг.
АБ препараты (фитопатолог Александр Борнгард есімімен аталған) – сұр-көкшіл түсті, құрамында 15-16% мыстың күкірт қышқылды гидрототығының тұзы бар құрғақ ұнтақ. Астық тұқымдастардың дәнін қара күйеге қарсы өңдеу үшін қолданылады.
Мыстың хлорлы тотығы – ақшыл- жасыл түсті, құрамында 50% белсенді әсер ететін заты бар, құрғақ немесе суспензия түрінде қолданылатын ұнтақ. Құрамында мыстың хлорлы тотығынан басқа: куприкол 30%, купритокс 30-50%, купрозан 37,5% және цинеб 15% кездеседі. Бұл препараттар ұнтақ және паста түрінде шығарылып, фунгицидті әсер етеді.
Мыс үшхлорфеноляты - қызыл-қоңыр түсті ұнтақ, органикалық еріткіштерде және суда ерімейді. Дуст түрінде қолданылады. Құрамы 20% негізгі әсер етуші заттан, 80% қоспа заттардан тұрады. Бұл препарат мақтаның гоммоз ауруымен күресте қолданылатын өте күшті химиялық зат. Бұл препарат малдың паренхиматозды мүшелерін және орталық жүйке жүйесін зақымдайды.
Токсикологиясы. Мыс препараттары ауыл шаруашылығында өсімдіктердің саңырауқұлақтар тудыратын ауруларына қарсы, ал малдәрігерлік жұмысында антгельминтік дәрілік зат ретінде кеңінен қолданылады. Мыс бұршақ және соя күнжарасында (жмых) көп кезігеді, сондықтан бұл құнарлы мал азықтарын көп бергенде, мал уланады. Мыс тұздары ағзадан өте баяу бөлініп шығады. Мыс тұзының әлсіз ерітіндісі тұтқыр дәрі ретінде әсер етіп, ішек-қарынның кілегей қабығын қатты тітіркендіреді, ал оның 10-30 пайыздық ертіндісі қарынның кілегейлі қабығын күйдіреді, ащы ішекте ағзаға сіңіп, бауырға барып жиналады.
Алиментарлы жолмен түскен мыс қосылыстарының уыттылығы әлсіз. Қарынның кілегейлі қабықтарын тітіркендіретін мөлшерде түскен мыс тұздары малдарды құстыртады. Сондықтан , мыстың күкірт қышқылды тұзын ертеде осы мақсат үшін қолданылған. Бұл препарат ағзаға өте аз мөлшерде ғана сіңеді. Ұзақ уақыт әсер еткенде ағзада жинақталып, ас қорыту жүйесінің кілегейлі қабығын тітіркендіріп, малды арықтатады, және басқа да клиникалық белгілер мен паталогиялық өзгерістер байқалады. Көптеген зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, кілегейлі қабықтар зақымданған сайын, мыс қосылыстарының ағзаға сіңуі де арта түсетіндігі дәлелденген.
Мыс ағзаға альбуминат түрінде сіңеді. Бүкіл ағзаға таралып, онда ұзақ уақыт сақталынады. Көп мөлшерде бауыр мен бүйректе жинақталынады. Ағзадан несеп, нәжіс және құсу арқылы бөлінеді.
Мыс қосылыстарын қанға немесе тері астына енгізу өте қауіпті. Қоянның терісі астына мыс тотығының 0,05г, ал итке 0,5г молшерін жіберсе, өледі. Мыс сульфатының тауықтарды жаппай өлтіретін мөлшері 1грамм.
Мыс сульфатының концентрацияланған ерітінділері ұлпалар мен кілегейлі қабықтарды күйдіріп әсер етсе, араласқан ерітінділері капилярларды тарылтып, секрецияны тежеп, тұтқыр және дезинфекциялық зат ретінде қолданылады.
Ауыл шаруашылығы малдарының мыс қосылыстарымен жіті улануы сирек кездеседі. Ал мыстың ағзаға аз мөлшерде түсіп, онда жиналуынан болатын созылмалы түрі кездеседі. Уланудың бұл түрі қойлар арасында жиі кездеседі.
Уланудың клиникалық белгілері. Ас қорыту жүйесіне мыс қосылыстары көп мөлшерде әсер етсе, уланудың жіті түрінің белгілері байқалады: ауыз қуысы кілегейлі қабығы тітіркенеді, сілекей ағады, құсады, іші өтеді, жүрек жұмысы нашарлайды, кейбір кездері тырысу, салдану белгілері және өліммен аяқталатын коллапс байқалады. Нәжісі шырыштанған, жасыл-көк түсті.
Мыс қосылыстарының ұзақ уақыт әсер етуі, көп жинақталып, баяу бөлінуі нәтижесінде уланудың созылмалы түрінің белгілері байқалады. Мыстың көп жиналатын орны – бауыр. Бауырдың ағзаға түскен мысты залалсыздандыру қабілеті әлсіремейінше, аурудың клиникалық белгілері байқалмайды. Бауырдың жұмысы әлсіреген кезде көзге көрінетін кілегейлі қабықтардың сарғаюы және айқын көрінетін гемолиз байқалады. Осы белгілер көріне бастағаннан ауру жіті түрге ауысып, аурудың соңғы өліммен аяқталады. Несеп қызыл-қоңыр түстеніп гемоглобинурия немесе гемоглобинемия қалыптасады. Мыс сульфатымен улануда, бұл белгілерден басқа, ринит, коньюктивит секілді белгілер байқалады.
Қойларда: қойдың мыстан улануы жақсы зерттелген. Ауру қой үйірінен қалып қояды, басы салбырап, сыртқы орта тітіркендірулеріне жауап беру қабілеті төмендейді, көзге көрінетін кілегейлі қабықтары, кейбір кездері терісі сарғаяды,тамыр соғуы жиілейді, несебі қызыл-қоңыр түсті, іші өтеді. Бұлшық еттері дірілдеп, мойны артқа қайырылады, жүріс-тұрысы бұзылады. Бүйірін басса ауырсыну байқалады. Мал кешкілік мезгілде ешқандай ауру белгісін көрсетпей, таңға жуық өліп кетуі мүмкін.
Мүйізді ірі қарада: Қойларға қарағанда ірі қараның мыс қосылыстарына қарсы тұру қабілеті жоғары. Кейбір әдебиеттерде, егер 227кг салмақты бұқаға күнде 5г мыс беріп отырса, ол созылмалы түрде уланып, 4 айдан соң өлімге душар болатыны айтылған (Shand kewіs, 1961). Сақа малға қарағанда бұзаулар улануға сезімтал келеді. Егер 8-11 айлық бұзауларға құрамында 80-130 мг/кг мыс бар сүт алмастырғышпен азықтандырғанда уланудың өршуі байқалады.
Мыс қосылыстарымен созылмалы уланғанда кілегейлі қабықтары сарғаяды, зәрі қызыл-қоңыр түсті, орталық жүйке жүйесі қызметі бұзылады (мазасызданады, дірілдер байқалады). Басқа да клиникалық белгілері қойдікіне ұқсас.
Шошқа: Мыс қосылыстарымен жіті улану сирек кездеседі. өйткені, шошқалар құсады, сондықтан, шошқа құсқан кезде, оның өміріне қауіпті мыстың мөлшері сыртқа шығып кетеді. Созылмалы улану белгілері қойлардікіне ұқсас, бірақ шошқаларда гемоглобинурия байқалмайды.
Жылқының және ит-мысықтардың мыс қосылыстарымен улануы өте сирек кездеседі. Байқалатын клиникалық белгілері негізінен ірі қара малға ұқсас.
Құстар: Балапандардың мыс қосылыстарына сезімталдығы өте жоғары екенін айта кеткен жөн. 1кг азықта 100мг-нан жоғары көлемде мыс қосылыстары бар азықты беруге болмайды. Егер ондай азық берілсе, олардың өсуі төмендейді, гемолитикалық анемия, әлсіреу, бұлшық ет дистрофиясы байқалады.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Жіті улану кезіндегі патологиялық-анатомиялық көрсеткіштер қарынға түскен мыстың көлеміне және ағзаға әсер ету ұзақтығына байланысты. Өлексе іші кеуіп дөңкиген. Тексеру барысында қарын мен ішектің кілегейлі қабығындағы қабыну процесстері назар аудартады. Ішек-қарынның кілегей қабығы қанталап қабынған, оның кей жері ойылған, құрсақ қуысына қызыл су толған. Басқа мүшелердегі өзгерістер айқын емес.
Созылмалы улануда керісінше, өлексені сойғанда өзгерістер айқын көрінеді. Мұндай өзгерістердің негізгісі – кілегей қабықтардың сарғаюы. Бауыр аздап үлкейген, сырты кедір-бүдірлі, сарғыш түсті, атрофиялық цирроз байқалады. Өт қабы өтке толып, үлкейген және өт қою, жасыл-қоңыр түсті.
Бүйрек үлкейген, бүйрек қабы астында қанталаулар байқалады,паренхимасы болбыр, оңай жыртылғыш. Талақн қанға толған, қара-қоңыр түсті. Перикард сұйыққа толы, эндокард асты қанталанған. Қарын мен ішектің кілегейлі қабықтары қалыңдаған, қанталаған, сары-қоңыр түсті.
Емі. Малдың қарынын жуып, тазалау керек. Одан кейін адсорбциялық заттар (көмір қоспасы), мыс қосындыларын бейтараптайтын заттар: күйдірілген магнезия, күкірт енгізу керек. Жұмыртқа ақзатын, дәм түзгіш заттар (глюкоза) берген жөн. Симптоматикалық ем ретінде строфантин, кофеин қолдануға болады.
Созылмалы улану кезінде ең алдымен азық арқылы мыс қосылыстарының ағзаға түспеуін қадағалау керек. Азықпен бірге 3 апта бойы қойға емдік зат ретінде 50-500 мг мөлшеріндегі молибден қышқылды аммоний беруге болады, 0,3-1г гипосульфитін күнде беріп отырса, жақсы нәтиже берері сөзсіз.
Балау. Жіті улануды балау малдың клиникалық белгілерімен бірге патологиялық-анатомиялық өзгерістеріне және химиялық-токсикологиялық талдау нәтижелеріне қарай қойылады.
Созылмалы улану клиникалық белгілері, яғни кілегейлі қабықтардың сарғаюы, гематурия белгілеріне қарай баланады. Сонымен қатар, бауырдағы мыстың көлемін химиялық зерттеудің де үлкен маңызы бар. Егер мал мыстан уланса, онда бауырдың 1-килограмында мыстың мөлшері 1000 мг асып кетеді. Қалыпты жағдайда бауырдағы мыс көлемі 25-50 мг/кг-нан аспауы керек.
Алдын алу шаралары. Өсімдіктерді мыс қосылыстарымен өңдегеннен кейін, бұл өсімдіктермен малдардың, әсіресе қой мен шошқаның жеп қоймауын болдырмаған жөн. Құрамында инсектофунгицидтер улы химикаттар ретінде сақталуы қажет. Мыс мөлшерінің бұршақ және соя күнжарасында қанша бар екендігін зертханалық тексеруден өткізу қажет.