Тері ауруларының жалпы этиологиясы мен патогенезі

Тері (лат-cutis, derma) адам мен жануарлардың денесін қаптайтын және қорғаныстық т.б. көптеген физиологиялық қызметтер атқаратын күрделі тін. Адам денесінде тері алаңы оның бойына, жасына, жынысына қарай 1,5-2 м2 шамасында болады. Таза терінің салмағы дене массасының 4-6%-ын, шелмаймен қосқанда 16-17%-ын құрайды. Терінің қалыңдығы 0,5 мм-ден 5 мм-ге дейін болады. Адам терісінде оның сыртқы қабатын - эпидермисті, терінің өзін – дерманы және тері астындағы шелмайды ажыратады.

Тері организмнің барлық ағзаларымен және жүйелерімен тығыз байланысты. Ол көптеген маңызды міндеттемелер атқарады. Солардың ішінде қорғаныстық, тыныстық, сіңірулік, сыртқа шығарулық, пигментқұратын қызметтерімен қатар, қан тамырларының серпілістерінде, дене температурасын реттеуде, жүйкелік-рефлекстік серпілістерде, зат алмасуларында қатысуы өте маңызды орын алады.

Терінің қорғаныстық міндеттемелері әрқилы болып келеді. Қоршаған ортаның механикалық ықпалдарынан қорғайтын тосқауылдық қызметі тығыз мүйізгек қабатымен (әсіресе табан мен алақанда), дәнекер тіннің талшықты құрылымдарының серпімділігі мен механикалық төзімділігі арқылы және шелмайдың буферлік қасиеттерімен қамтамасыз етіледі. Осы қасиеттері нәтижесінде тері механикалық ықпалдарға (қысымға, керілуге, жыртылуға, соққыға т.б.) қарсы тұра алады. Терінің керілуге қарсы тұруы Лангер сызығы бойында жақсы байқалады. Лангер сызығы терінің керілу бағытын көрсететін ойша топшыланған сызық. Ол аяқ-қолда олардың бойымен ұзынынан, кеудеде қабырға аралықтың бойымен көлденең өтеді. Сондықтан хирургиялық операция кезінде теріні кескенде осы сызықтың бойымен кесу тиімді болады. Өйткені бұл кездерде хирургиялық жараның шеттері, тым қатты алшақтанып кетпей, бір-біріне жақын тұрады.

Тері радиациялық әсерлерден де жақсы қорғайды. Терінің мүйізгек қабаты инфрақызыл сәулелерді толығынан өткізбейді, ал ультракүлгін сәулелер тек жартылай өткізіледі. Соңғысы, эпидермистің ішіне еніп, тері пигменті меланинн өндірілуін сергітеді. Ары қарай меланин ультракүлгін және радий-белсенді сәулелерді сорып алып, олардың дерттік әсерін әлсіреді. Сонымен бірге, бұл сәулелерден эпидермисте гистидиннен пайда болатын уроканин қышқылы да сақтандырады.

Терінің мүйізгек қабатының кератині химиялық заттардан қорғайды. Теріге электролиттердің, бейтарап химиялық заттардың және судың өтіп кетуінен оның мөлдір қабаты мен мүйізгек қабаттың холестеринге бай терең бөліктері тосқауылдық қызмет атқарады. Тері тер шығару арқылы әлсіз қышқылдар мен сілтілерді бейтараптайды және зат алмасу өнімдерін сыртқа шығарады.

Бүлінбеген тері микробтарды қанға өткізбейді және ол бактерия жоятын әсер етеді. Сырттан әсер ететін әртүрлі химиялық зиянды заттар мен бактериялар тер және май бездерінің шығарымдарымен организмнен аластанады. Лизоцим, май қышқылдары (мәселен, олеин қышқылы), кератиннің қышқыл реакциясы, май және тер бездерінің өнімдері теріде қышқыл реакция туындатып, микробтардың өсіп-өнуін тежейді, бактерицидтік әсер етеді. Осы қасиеттірінің нәтижесінде теріге түскен ішек таяқшалары 15-30 минутта тіршілігін жояды. Терінің бактерицидтік әсері суық тиюден, оның ластануынан, қатты шаршаудан, жыныстық гормондардың белсенділігі азаюынан т.б. жағдайлардан төмендейді, ал ол жылы температураның, үльтракүлгін сәулелердің аз мөлшерлерінің әсерлерінен, ысқымақ (массаж) жасаудан, керісінше, күшейеді.

Эпидермистің сыртқы қабаттары арқылы микроб өтіп кеткенде қан тамырларынан лейкоциттер шығып, қан сарысуынан бактериолизиндер, агглютининдер, опсониндер т.б. бактерия жойғы заттар дерма мен эпидермис қабаттарына жайылады, антимикробтық ферменттер (мәселен, липазалар) өндіріледі және қорғансытық мәні бар қабынулық серпілістер пайда болады.

Тері иммунитет қалыптасуына қатысады. Теріге ультракүлгін сәулелерінің әсерінен иммунитеттің бейспецификалық тетіктері ширатылады. Тері кейбір микробтарға өте сезімтал (мәселен, күйдіргінің қоздырғышы т.с.с.) болады. Мұндай жағдайда иммунитеттің спецификалық тетіктері дамиды.

Терінің, әсіресе мүйізгек қабатының электр ағымына кедергілік қасиеті жоғары болады. Оның ылғалды бөліктерінде, әсіресе қатты терлеу кезінде, парасимпатикалық жүйке жүйесінің межеқуаты жоғары адамдарда электр қуатына төзімділігі төмендейді. Терінің электр ағымына кедергілік қаситеі оның өзінің физикалық қасиеттеріне, май және тер бездерінің, қан тамырларының, солармен бірге тұтас организмнің, әсіресе жүйкелік-эндокриндік жүйелерінің функциялық жағдайларына байланысты болады. Ұйықтап жатқан адамдарда терінің электрге төзімділігі ояу адамдарға қарағанда 3 еседен артық болады, керісінше қозу жағдайында ол қатты азаяды. Тым жиі жиіліктегі электр ағымына терінің кедергілік қасиеті әлсіз, ал сирек жиіліктегі (фарадий ағымы) және тұрақты ағымдарға жоғары болады. Терінің электр дәрмені тұтасынан келгенде теріс жаққа ығысқан. Сондықтан ол кезкелген биологиялық мембранаға ұқсап аниондарды сіңіріп алады да, катиондарды өткізбейді. Әйелдерде еркектерге қарағанда ауыспалы электр ағымына төзімділік төмен болады.

Тыныстық міндеттемелері. Тері тәулігіне (tْ-30ْ С) 3-4 г СО2 сыртқа шығарып, 3-4 г О2 сорып алып тұрады. Бұл организмдегі жалпы газ алмасуының 2%-ын құрайды. Оның тыныстық қызметі, газдардың тері арқылы жай ғана жайылып тарауы емес, ферменттердің қатысуымен өтетін тотығу-тотықсыздану үрдістерімен тығыз байланысты атқарылады. Ол қан тамырларына және жүйке талшықтарына бай тер бездерінің қызметімен тығыз байланысты өтеді. Терінің тыныстық қызметі:

● қоршаған ортаның температурасы көтерілгенде;

● қол жұмысын атқарғанда;

● тамақ ішкеннен кейін;

● барометрлік қысым көтерілгенде;

● теріде жіті қабыну дамығанда т.б. жағдайларда артады.

Абсорбциялық (сіңірулік) міндеті.Теріде тосқауылдық қызмет атқаратын липидтерге бай жылтыр және мүйізгек қабаттардың болуына байланысты сүтпен қоректенетін жануарлардың терісі арқылы су мен онда еріген электролиттердің сіңірілуі болмайды. Майда еритін заттар тікелей эпидермис арқылы, ал суда еритін заттар майлы шаш түбірі қапшықтары арқылы және тер шығарылмағанда тер бездерінің өзектері арқылы сіңіріледі. Оттегі, көмір қышқыл газы т.б. газдар, липидтерді ерітетін және онда еритін кейбір заттар (эфир, хлороформ, йод т.б.) жеңіл сіңіріледі. Теріні қабындыратын иприт, люизит түрлес газдардан басқа улы газдар тері арқылы өтпейді. Морфин, этиленгликоль, глицерин, диметилсульфоксид т.б. теріден жеңіл өтіп кетеді, ал антибиотиктер аз мөлшерде сіңіріледі. Заттардың тері арқылы өтуінің мөлшері:

● заттың қоюлық мөлшерінен;

● оның ерігіштік қасиетінен;

● өту қабілетінен;

● еріткіштің түрінен;

● терінің даралық ерекшеліктерінен және орналасқан жерінен;

● қоршаған ортаның ылғалдылығы мен температурасынан;

● теріге жағу тәсілінен – байланысты болады.

Терінің сіңіру қабілеті жылы суға былаудан немесе қыздырғыш компрестерден кейін және мүйізгек қабаттың баздануы кездерінде артады. Терінің бетін маймен сылаудан кейін әртүрлі заттардың сіңірілуі күшейеді. Өйткені бұл кезде эпидермистің липидтерімен химиялық заттың (дәрінің) түйісуі жақсарады.

Сыртқа шығару қызметітер шығару және май бездерінің қызметтерімен атқарылады. Тері арқылы сыртқа шығарылатын заттардың мөлшері адамның жасына, жынысына, терісінің орналасқан жеріне байланысты болады. Бүйрек немесе бауыр қызметтері бұзылғанда олар арқылы сыртқа шығарылатын заттар (мәселен, зәрнәсіл, ацетон, өт пигменттері т.б.) тері арқылы шығарылады. Тер бөліну терінің әр бөліктерінде бір мезгілде болады және ол ОЖЖ бақылауымен атқарылады. Тердің құрамына су, органикалық заттар (0,6%), натрий хлориді (0,5%), зәрнәсілдің, холиннің, ауада ұшатын май қышқылдарының мардымсыз мөлшерлері енеді. Орташа есеппен тәулігіне 700-1300 мл тер шығарылады. Тер бөліну қарқыны ауаның температурасынан, терінің жағдайынан, негізгі зат алмасуының деңгейінен байланысты. Қоршаған ортаның температурасы жоғары болғанда, атмосфералық ауаның ылғалдығы аз болғанда, тері қызарғанда, парасимпатикалық жүйке жүйесінің межеқуаты көтерілгенде тер бөліну көбейеді. Керісінше, ол ұйқы немесе наркоз кезінде қатты азаяды немесе толығынан болмайды. Май бездерінің секреті 2/3 судан, 1/3 казеиннен, холестеролдан және кейбір тұздардан тұрады. Онымен бірге, тер бездерімен бос май және көпірмейтін қышқылдар, жыныстық гормондардың алмасу өнімдері т.б. шығарылады.

Пигмент өндіру қызметі. Теріде меланин өндіріледі. Меланин (грек. melas, melanos – қара, күңгірт) күңгірт-қоңыр және қара түсті пигмент. Теріде ол ультракүлгін сәулелердің әсерінен пайда болады. Бұл пигмент электрондарды тасымалдау реакциясына қатысады. Ол ультракүлгін және иондағыш сәулелерден сақтандырады. Меланиндер меланоциттердің цитоплазмасында тирозиназа (монофенолмонооксигеназа) ферментінің қатысуымен өтетін тирозиннің немесе фенилаланиннің тотығу өнімдерінен пайда болады. Меланиндердің өндірілуі гипофиздің, қалқанша бездерінің гормондарымен және стероидтық, жыныстық гормондармен реттелінеді. Тері мен көздің торлы қабығында меланиндердің болмауынан байқалатын түссіздік (альбинизм) α-дифенолоксидаза ферментінің туа біткен тапшылығымен түсіндіріледі.

Теріде гемосидерин, каротин жиналады. Гемосидерин жиналып қалуынан оның гемосидерозы дамиды. Бұл кезде, тері қызыл-күрең түске боялып, дерматоз байқалады. Оның даму жолдарында терідегі қан қылтамырларының өткізгіштігі көтерілуінен, зндотелий жасушаларының бүліністерінен теріге эритроциттердің немесе таза гемосидериннің көптеп өтуі маңызды орын алады. Сонымен қатар, кейде гемостаз бұзылып, тромбоцитопения және темір иондары алмасуының бұзылыстары байқалуы ықтимал. Каротин (лат. carota – сәбіз), ферменттік өзгерістерден А витаминіне айналатын пигмент, ағзада зат алмасуларына қатысады. Каротин эпидермисте көп жиналуынан терінің сары түске боялуы болады. Осындай жағдайды аурантиаз, жалған сарғыштану немесе ксантемия дейді. Бұл кезде қанда каротиннің мөлшері көбейеді. Қантты диабетпен ауыратын науқастардың терісі сарғыш түске боялуы осы каротиннің қанда көбеюімен түсіндіріледі. Жорамал бойынша ол теріде антигистаминдік әсер етеді.

Терінің қантамырлық серпілістері.Терінің тамырларының межеқуатына мыйдың сыртқы қыртысы елеулі әсер етеді. Мәселен, көңіл-күйдің қобалжулары кездерінде терінің қызаруы немесе бозаруы байқалады. Тері тамырларын жүйкелейтін жүйке талшықтары адренергиялық және холинергиялық болып ажыратылады. Тері тамырларына жүйкелік-сұйықтық ықпалдар ұдайы реттеуші әсер етеді. Адреналин, норадреналин және вазопрессин қан тамырларын жиырады, гистамин, ацетилхолин, эстрогендер мен андрогендер – кеңітеді. Тері тамырлары әртүрлі тітіркендіргіштерге (механикалық, ауырутуындататын, химиялық т.б. ықпалдарға) тез арада жиырылып немесе кеңейіп жауап қайтарады. Қалыпты жағдайда терінің көптеген тамырлары жартылай жиырылған жағдайда және қылтамырларда қан ағу жылдамдығы шамалы ғана болады. Ол жалпы организмге әсер ететін немесе жергілікті ықпалдардан тез арада қатты өзгереді. Терінің қантамырлары кеңіген жағдайда онда 1 л-ге дейін қан жиналады. Сондықтан олардың тез арада кеңеюі жалпы қанайналымның бұзылыстарына әкелуі мүмкін.

Терінің дене қызымын реттеуге қатысуы өте маңызды. Организмде өндірілген жылудың 80% тері арқылы сыртқа шығарылады. Тері бетінің маймен қапталуы және тері астындағы шелмай сырттан ыстық немесе суық температуралардың өтіп кетуінен және организмнен жылудың артық шығарылып кетуінен сақтандырады. Қоршаған ортада температура көтерілгенде тері тамырлары кеңейіп, олар арқылы ағып өтетін қан көлемін ұлғайтады, жылудың сыртқа шығарылуы артады. Сонымен қатар, тер бөлінуі нәтижесінде термен бірге көп жылу шығарылады. Салқын температура әсер еткенде тері тамырлары жиырылып, жылудың сыртқа шығарылуы азайтады. Тәулігіне адам 2600 калориядай жылу шығарады.

Терінің сезімталдығы және тері рецепторлары.Тері суық және ыстық температураларды, ауырусынуды т.б. қабылдайтын рефлекстік серпілістерге қатысады. Терінің экстероцепторлары әртүрлі сырттан әсер ететін тітіркендіргіштерді қабылдайды. Олар жүйкелік серпіндер түрінде ОЖЖ-не берліледі. Терінің сезімталдығы әр түрлі болады. Ауыру сезімталдығы механикалық, температуралық, электр тітіркендіргіштерінен пайда болады. Саусақ ұштарында, сыртқы жыныс мүшелерінде, емшек ұштарында жанасуды сезетін жақсы нақтыланған жүйке аяқшалары ең көп мөлшерде болады.

Терінің 1 см2-інде 100-200 ауырусынуды, 12-15 суықты, 1-2 ыстықты және 25-тей қысымды сезетін нүктелер бар. Әрбір тітіркендіргішке өзінің арнайы рецепторлары болады деген бұрынғы пікірлер дәлелденген жоқ. Тері рецепторларының көпшілігі бірнеше тітіркендіргіштерді қабылдайды. Қоршаған ортаның әртүрлі ықпалдарынан қызмет атқаратын сезімтал рецепторлардың саны өзгеріп тұруы ықтимал. Жанасулық, температуралық және т.б. тітіркендіргіштерге рецепторлардың бейімделуге қабілеті бар, ал ауырусынуды сезетін рецепторлардың бұндай қасиеті өте төмен болады.

Тері рецпторларынан түсетін серпіндер бұлшықеттердің қалыпты межеқуатын қамтамасыз етеді. Тері-бұлшықет рефлекстері адамның еңбек етуінде маңызды орын алады. Терінің ауыру сезімі гипофиздің секрециясы өзгерістерімен, адреналин көптеп шығарылуымен, ас қорыту жолдарының әрекеті төмендеуімен, мыйдың биоэлектр қасиеті өзгерістерімен қабаттасады. Сонымен қатар, тері-тыныстық, тері-қан тамырлық т.б. тері-ішкі ағзалық рефлекстер бар. Шартты рефлекстер бойынша терінің қызаруы, тітіркенуі дамиды. Адамды иландыру арқылы теріге қан құйылуын, терінің күлдіреуін алуға болатыны белгілі.

Терінің зат алмасуларына қатысуы өте маңызды. Теріде газдардың алмасуымен қатар, көмірсуларының, нәруыздардың, майлардың, тұздар мен витаминдердің аралық алмасуы өтеді. Ол су мен минералдардың және көмірсуларының алмасуында бауыр мен бұлшықеттерден кейін екінші орында тұрады. Тері басқа тіндерге қарағанда суды көп мөлшерде жинап, сыртқа тез шығарады. Өкпе арқылы шығарылатын судың мөлшерінен тері арқылы шығарылатын мөлшері екі еседей артық болады. Теріде, әсіресе оның астындағы шелмайда адамның ашығуы кезінде пайдалануға қажетті қоректік заттар қорға жиналады.

Теріде коллаген, ретикулин, эластин және кератин сияқты құрылымдық нәруыздар және олардың ыдырау өнімдері (зәрнәсіл, зәр қышқылы, креатин, креатинин, амин қышқылдары, аммиак т.б.) бар. Терінің құрылымы мен атқаратын қызметтерінде мукополиқанттардың (гиалурон, хондроитинкүкірт қышқылдар және гепарин) маңызы өте зор. Мукополиқанттардың полимерленуі жоғалғанда (мәселен, гиалуронидазаның белсенділігі көтерілгенде) олардан тұратын желімдегіш заттың тұтқырлығы азаяды да терінің микробтарға және әртүрлі уытты заттарға өткізгіштігі артып кетеді. Гепарин теріде өндіріліп мес жасушаларда жиналады және ол теріде майда қанайналымды реттеуге қатысады.

Теріде және оның сыртқы бетінде әртүрлі липидтер болады. Шелмайдың басым бөлігі бейтарап майлардан тұрады. Оларда қатпайтын үшглицерид – триолеин 70%-ға дейін болады. Басқа липидтер (стериндер, стероидтар және фосфолипидтер) эпидермис, дәнекер тін жасушаларында, қан тамырларының қабырғаларында және тегіс салалы еттерде, әсіресе май бездерінің шығарымдарында болады. Терінің бетінде липидтер араласып, тері майын қалыптастырады. Теріде көптеген ферменттер болады. Солардың ішінде амилаза, фосфорилаза, әлдолаза, лактатдегидрогеназасы, янтар қышқылының дегидрогеназасы, цитохромоксидаза, трансаминаза, аргиназа, липаза, тирозиназа т.б. өте маңызды орын алады. Теріде натрий, калий, кальций т.б. микроэлементтер қорға жиналады.

Терінің тосқауылдық қызметі ондағы өтетін зат алмасуларымен тікелей байланысты атқарылады. Организмдегі зат алмасуларына тері бірнеше жолдармен қатысады:

● теріде қан, лимфа, тіндердегі зат алмасу өнімдері, макро- және микро-элементтер қорға жиналады. Осыдан нәруыз өнімдерінің теріде уақытша ұсталуы нәтижесінде олардың басқа ағзаларға уытты әсері әлсірейді;

● судың, уытты метаболиттердің тері арқылы сыртқа шығарылуы арқылы дене қызымы реттелінеді, терінің тосқауылдық, бактерия жойғы қызметтері артады;

● организм тіндері мен ағзаларында өтетін зат алмасуларының кейбір өнімдері теріде химиялық өзгерістерге ұшырайды;

● теріде тері майы және тер құрылады.

Ферменттер белсенділігінің ауытқулары көптеген дерматоздар: экзема, нейродермит, псориаз т.б. кездерінде байқалады.

Теріде зат алмасуларына жүйкелік және эндокриндік ықпалдар әсер етеді. Тері аурулары пайда болуында биохимиялық үрдістердің жасушалық және жасуша ішілік деңгейлерде реттелулерінің бұзылыстары өте маңызды орын алады. Мәселен, теңге қотыр (псориаз) даму тетіктерінің негізінде аденилатциклаза-циклдік АМФ жүйесінің жасушалық реттелуінің бұзылыстары жатады.

Қышқылдық-сілтілік үйлесімділіктің (рН) ауытқулары кездерінде терінің бактерия жойғы әсері өзгеріп тұрады. Теріде рН ауытқуы оның барлық қабаттарының белсенді серпілістерін айқындайды. Адам терісі астындағы шелмайда рН 6,9-7,4 аралығында, бүртікті қабатында ол әлсіз сілтілік жақта (рН 7,4-7,6), эпидермистің тікенекті қабатында әлсіз қышқыл жақта (рН 7,0-6,7), мүйізгек қабатында айқын қышқыл жақта (рН 6,0-3,0) болады. Ересек адам терісінің сыртқы бетінде рН 3,8-5,6 аралығнды толқиды. Еркектерге қарағанда әйелдерде терінің рН біршама жоғары болады. Мүйізгек қабаттың қышқылдығын тер және тері майы бөлінуімен байланыстырады. Қолтық астында және шапта тердің рН әлсіз сілті немесе әлсіз қышқыл жақта (6,1-7,2) болады. рН айқын сілтілік жақта болғанда теріде бактериялық пиодермиттер және майда саңырауқұлақтардан дамитын микоздар байқалады.

Тұтас организм мен теріге ортақ қатысы бар биохимиялық үрдістер мен қатар терінің өзінде ғана болатын кератин, меланин құрылуы, тері майы мен тер бөлінуі бұзылыстары болады.

Наши рекомендации