Су сапасын жақсартудың негізгі әдістерін сипаттаңыз
Су көздерінің суы өңдеуден кезең-кезеңмен өтеді. Өңдеудің негізгі әдістеріне тазарту (суды мөлдірлендіружәне түссіздендіру) және зарарсыздандыру жатады, ал қажет болғанда, судың органолептикалық қасиеттерін жақсарту, суды жұмсарту, кейбір химиялық заттардан бөлу үшін, қосымша (арнайы) әдістер қолданылады.
Тазарту – суды өңдеу әдістерінің жалпы кешенінде маңызды кезең болып табылады, өйткені, ол судың физикалық көрсеткіштерін жақсартады. Араласқан заттардан тазарту кезінде, судағы микроорағзалардың да едәуір бөлігі жойылады. Судың толық тазартылуы, оның зарарсыздандыруын жеңіл және тиімдірек жүргізуге мүмкіндік береді.
Мөлдірлендіру және түссіздендіру мақсатында суды тазарту механикалық (тұндыру арқылы), физикалық (сүзу) және химиялық (коагуляция, флокуляция) әдістер арқылы жүргізіледі.
Суды тұндыру арнайы құрылыстарда (тұндырғыштарда) жүргізіледі. Тұндырғышта су баяу ағатындықтан (2-8 сағат бойы), араласқан заттардың көп бөлігі судың түбіне шөгеді.
Тұндыру үрдісін жылдамдату үшін, коагуляциялау қолданылады. Коагуляциялау, тіпті тұндыру және сүзу үрдісінде де жойылмайтын араласқан заттардан суды тазартуға мүмкіндік беретін, химиялық әдіс болып табылады. Коагуляциялауды жүргізгенде, суға, онын құрамындағы бикарбонаттармен реакцияға түсуге қабілеті бар, химиялық зат (коагулянт) қосылады. Қазіргі кезде коагулянт ретінде күкірт қышқыл алюминий (алюминий сульфаты немесе күкірт қышқылды глинозем) кеңінен қолданылады, сонымен бірге жоғары молекулалы флокулянттар: сілтілік крахмал, белсендірілген кремний қышқылы және басқа препараттар да пайдаланылады. Күкірт қышқыл алюминий судағы бикарбонаттармен әрекеттесіп, ірі, салмақты, оң зарядты алюминий гидрототығының үлпектерін түзеді. Үлпектердің салмақтары ауыр болғандықтан, олар шөгіп, өздерімен бірге суға араласқан, теріс зарядты ластаушы бөлшектерді тұнбаға түсіреді, бұл судың тез тазаруына жағдай жасайды.
Коагуляциялау мен тұндыру нәтижесінде су мөлдірленеді және біршама түссізденеді, бірақ онда әлі де суға араласқан, тым майда, заттар мен микроағзалар қалады, сондықтан, судың онан арғы тазартылуы жүргізіледі.
Суды араласқан заттардан толық тазарту үшін сүзуді қолданады. Суды сүзу үшін баяу және жылдам сүзетін сүзгілерді пайдаланады.
Баяу сүзетін сүзгінің өнімділігі төмен болғандықтан, кішігірім су құбырларында, ауылды елді мекендерде ғана қолданылады. Ол бетоннан немесе кірпіштен жасалған резервуар болып табылады, ішіне қабат-қабатпен, бөлшектердің өлшемі жоғары қарай біртіндеп азаятындай, ұсақтас, малтатас, қиыршықтас, құм, (0,8-1,0 метр) салынады. Сүзгінің түбінде темір-бетон плиталарынан немесе саңылаулары бар түтіктерден тұратын дренажды жүйе орнатылады. Су, сүзгі арқылы баяу, сағатына 0,1-0,3 м жылдамдықпен өткізіледі. Баяу сүзетін сүзгі арқылы суды тазарту бірнеше фактор кешенінің әсерінен жүзеге асырылады: араласқан заттардың механикалық ұсталуы адсорбция, тотығу (суда еріген оттектің химиялық әсер етуі).
Бұнымен қатар, судың тазаруы микроағзалардың ферментативті қызметінің арқасында және сүзгіде тіршілік ететін қарапайымдылардың тіршілік әрекетімен байланысты биологиялық үрдістер нәтижесінде іске асырылады. Суды сүзгілеу үрдісінде сүзгінің бетінде және оның жоғарғы қабаттарында судағы әр түрлі органикалық, минералдық заттар, коллоидты бөлшектер және көп микроағзалар ұсталынып қалу нәтижесінде, биологиялық қабыршық түзіледі. Бұндай сүзгі «жетілген» деп саналады, себебі, ол органикалық заттардың минералдануына және микрофлораның жойылуына ең жақсы жағдай жасайды.
Ірі су құбырлары станцияларында жылдам сүзгілер қолданылады. Олардың сүзу жылдамдығы, баяу сүзгілерге қарағанда, 50 есе жоғары, алайда, бұндай сүзгілерден өтетін судың мөлшері көп болғандықтан, олар тез ластанып, оқтын-оқтын, төменнен жоғары қарай бағытталған, сумен жуып тазартуды қажет етеді.Қазіргі кезде суды тазарту үшін санитарлық практикада, сүзу жылдамдығы 10-12 м/сек болатын, кварцты-антрацитті сүзгілер қолданылады. Сүзу нәтижесінде су толық мөлдірленеді және микроағзалардан, шамамен, 99% тазарады .Су құбырлар арқылы сумен қамтамасыз ету практикасында, сондай-ақ, «жанаспалы мөлдірлегіш» қолданылады. Бұл, әдеттегі су тазартатын құрылыстардың барлық кешенін алмастыратын қондырғы. Ол коагуляция, тұндыру, сүзу - сұлбасы бойынша жұмыс істейтін, 2,3-2,6 м биіктікке дейін қиыршықтаспен, құммен толтырылған, бетоннан жасалған резервуар. Су, құбырлар жүйесімен мөлдірлегіштің төменгі жағына беріледі, ал коагулянт су мөлдірлегішке түсуі алдында тікелей құбырға қосылады. Коагуляция мөлдірлегіштің, ірі түйіршікті бөлшектер салынған, төменгі бөлігінде жүреді, ал жоғарғы бөліктерінде коагулянттың және басқа да араласқан заттардың үлпектері ұсталынып қалады. Жанаспалы мөлдірлегіштің кемшілігі, оның су тазарту өнімділігінің төмендігі және тез ластанатындығы болып табылады, сондықтан оны жиі тазартып тұру керек.
Суды еріген органикалық қосылыстардан тазарту үшін, адсорбция әдісі, ал еріген органикалық және минералдық заттардың мөлшерін азайту үшін - электролиз қолданылады.
Судың сапасын жақсартудың келесі кезеңі – оны зарарсыздандыру, яғни - микроағзаларды жою. Бұл әр түрлі химиялық, физикалық және механикалық әдістер көмегімен жүргізілуі мүмкін.
Суды зарарсыздандырудың химиялық әдісі, оған, судағы микроағзаларды жоятын, әр түрлі химиялық қосылыстар – реагенттер қосу арқылы жүзеге асырылады. Реагенттер ретінде газ күйіндегі хлор, хлордың әр түрлі қосылыстары (хлорлы әк, гипохлориттер, хлорамин және басқалар), озон, сутектің асқын тотығы, т.б. заттар қолданылады.
Санитарлық практикада суды зарарсыздандырудың ең жақсы сыналған және сенімді әдісі - хлорлау болып табылады.