Белоктардың жіктелуі
Барлық белоктар құрылысы және құрамы бойынша жіктеледі. Құрамына қарай екі үлкен топқа бөлінеді: қарапайым белоктарға немесе протеиндерге және күрделі белоктарға немесе протеидерге. Протеиндер гидролизденгенде тек аминқышқылдарына ыдырайды, басқа қосымша заттар шықпайды, ал протеидтер гидролизденгенде аминқышқылдарымен қатар әртүрлі заттар: көмірсулар, фосфор қышқылы, гетероциклды қосылыстар және т.с.с. түзіледі.
Протеиндер. Ерігіштігіне байланысты бұлар да бірнеше топтарға бөлінеді.
Альбуминдер – суда еритін белоктар, натрий хлоридінен басқа тұздардың қаныққан ерітінділерінде тұнбаға түседі. Қыздырғанда ұйыйды. Молекулалық массасы 30 бен 60 мыңның арасында. Альбуминнің өкілдері жұмыртқаның ағында, өсімдіктер дәнінде, ферменттерде, сүттің және қанның құрамында болады. Альбуминдерді кристалл түрінде алуға болады.
Глобулиндер – суда ерімейтін, бірақ та тұзды ерітінділерде жақсы еритін белоктар. Олар қыздырғанда ұйыйды. Бұлардың көбісі кристалл түрінде алынған. Альбуминдермен салыстырғанда молекулалық массасы едәуір үлкен 90000-нан 1500000-ға дейін. Глобулиндерді бөліп алу үшін еріткіш ретінде натрий хлоридінің 10%-дық ерітіндісі қолданылады. Тұзды ерітіндіні сумен сұйылтып тұнбаға түскен глобулиндерді диализ әдісін қолданып тазалайды. Глобулиндер бұлшық ет талшықтарының, жұмыртқаның, сүттің, қанның, бұршақ тұқымдас өсімдіктер мен майлы дақылдардың құрамына кіреді. Кейбір γ-глобулиндер инфекциялық ауруларға қарсы дәрілік зат ретінде қолданылады.
Проламиндер – 70-80%-дық спирт ерітіндісінде жақсы еритін, ал суда немесе сусыз спирттерге ерітмейтін белоктар. Бұл белоктардың аттары олар гидролизденгенде түзіліп шыққан пролин аминқышқылы мен аммиактан құралған. Проламиндер қайнатқанда ұйымайды. Өкілдері: бидай және қарабидай тұқымдарындағы – глиадин, арпа тұқымындағы – гордейн, жүгері дәніндегі – зеин, сұлыдағы – авенил.
Глютелиндер – өсімдік текті белоктар, этил спиртінде және тұздардың нейтралды ерітінділерінде ерімейді, тек сұйытылған (0,2%) сілті ерітінділерінде ериді. Көбінде олар астық тұқымдастардың тұқымында кездеседі. Бұл белоктарды глютенин деп те атайды.
Гистондар – сілтілік белоктар, олардың құрамында негіздік қасиеті қышқылдық қасиетке қарағанда жоғарылау диаминмонокарбон қышқылдары (лизин, аргинин) бар. Суда және сұйытылған қышқылдарда жақсы ериді, ал сілті ерітінділерінде ерімейді. Ең негізгі өкілдерінің бірі қанның күрделі белогі – гемоглобиннің құрамында болатын глобин. Гистондар нуклеин қышқылдарымен комплекстеніп дезоксирибонуклеотидтер түзеді.
Протаминдер – негізінде негіздік қасиеті басымды аминқышқылдарынан (80%-ға дейін аргининнен, гистидиннен, лизиннен) тұратын белоктар. Бұлар белоктардың ішінде молекулалық массалары ең төмен белоктар (10000-нан аспайды). Суда, сұйытылған қышқылдардың және сілтілердің ерітінділерінде ериді. Протаминдердің өкілдері балық спермасында және күрделі белок – нуклеопротеидте кездеседі.
Протеноидтар немесе склеропротеиндер. Құрамында едәуір мөлшерде күкірті болғандықтан бұл белоктардың қасиеттері басқа белоктармен салыстырғанда өзгеше келеді. Суда, тұзды ерітінділерде, сұйытылған қышқылдар мен сілтілерде ерімейді, тек ұзақ уақыт концентрлі қышқылдар және сілтілі ерітінділермен өңдегенде ғана ериді. Олар ас қорытатын ферменттердің әсерінен гидролизденбейді. Өсімдіктерде кездеспейді, тек жан-жануарлардың организмінде болады. Мысалы, олардың өкілдері: фибрион-жібекте; кератин-шашта, жүнде, мүйізде; эластин – қан тамырларының қабыршығында, сіңірде; коллаген – теріде, сүйекте, сіңірде, тканьдерде, шеміршекте кездеседі. Протеноидтар көбінесе моноаминмонокарбон қышқылдарынан құралған. Глицин, пролин, цистин көп мөлшерде, ал фенилаланин, тирозин, триптофан, гистидин, метионин аз мөлшерде болады.
Протеидтер. Құрамына кіретін белок емес заттардың табиғатына байланысты протеидтер бірнеше топтарға бөлінеді.
Фосфопротеидтер – құрамында фосфор қышқылының қалдығы бар белоктар. Фосфор қышқылының қалдығы белок молекуласындағы треонин мен серин аминқышқылдарының гидроксил топтарымен күрделі эфирлік байланыспен жалғасқан. Қыздырғанда ұйымайды, тек қышқыл ерітіндісінде ұйыйды. Маңызды өкілдері: сиыр сүтіндегі – казеин, жұмыртқаның сарысындағы – вителлин, балықтағы – ихтулин.
Нуклеопротеидтер – құрамына нуклеин қышқылы мен жай белоктардың кейбір өкілдері (гистин немесе протамин) кіретін белоктар. Сілтілерде ериді, ал қышқылдарда ерімейді. Протоплазманың, клетка ядросының құрамында болады. Бұлардың организмнің тіршілік әрекетінде және тұқым қуалаушылық құбылыстарында атқаратын рөлі өте үлкен.
Металлопротеидтер – қарапайым белоктар мен бояғыш заттардың, мысалы, гемоглабиннен, миоглабиннен, хлорофилден, тұратын белоктар. Молекулалық массалары 65000 шамасында. Омыртқалы жануарлардың қанындағы эритроциттерде болатын металлопртеидтердің өкілінің бірі гемоглабин негізінде глобин белогынан (96%) және темір атомы бар гем тобынан (4%) құралған.
Глобинде төрт полипептид тізбегі бар. Оның екеуі a-аминқышқыл-дарынан, ал қалғаны β-аминқышқылдарынан түзілген. Әр тізбекке шамамен 140-тай аминқышқылдарының қалдықтары кіреді. Ал глобинмен байланысқан гем тобы порфин деп аталатын төрт пиррол қалдығанан тұрады. Кейбір омыртқасыз жануарлардың қанында гемоцианин болады, гемоглабиннен айырмашылығы мұнда темірдің орнында мыс болады. Бұлшық еттерде оттегі қорын сақтайтын құрылысы гемоглабиндікіне ұқсас миоглобиндер болады.
Глюкопротеидтер – гидролизденгенде қарапайым белоктармен қатар көмірсуларына ыдырайтын белоктар. Бұлар суда ерімейді, сұйытылған сілтілерде ериді, қызыдырғанда ұйымайды. Организмде атқаратын қызметі өте зор. Негізінде олар сілекейде (муцин) кездеседі. Қанның плазмасында глюкопротеидтердің тағы бір өкілдері фибриноген және γ-глобулин кездеседі. Олар өсімдіктерде де және микроорганизмдерде де болады.
Липопротеидтер – жай белоктармен липидтердің комплексті қосылыстары. Суда ерімейді. Бұлар сүтте, жұмыртқаның сарысында және де жан-жануарлардың әртүрлі мүшелері мен тканьдерінде болады.
Белокты заттар молекулаларының түріне қарай да екі топқа жіктеледі: фибриллярлық (талшықты) белоктар, молекулалары жіп тәріздес келеді. Фибриллярлық белоктарға кератин (шашта, жүнде, тырнақта, қауырсында, мүйізде), коллаген (сіңірде, бұлшық етте), элсастин (қан тамырлары мен сіңірде), фибрион (жібекте) жатады; глобулярлық белоктардың молекулалары домалақ, үш өлшемді болып келеді; мысалы, оларға альбуминдер, глобулиндер, күрделі белоктар жатады.