Энзимологияның медициналық аспектілері
Ағзалардың оның торшаларының тіршілік етуі үшін ферменттер өте қажет. Мыңдаған биохимиялық реакциялардың қатаң түрде дұрыс жүруінің бұзылуы торша компоненттері мен қызметінің бұзылуына, ағзаның гомеостазының өзгеруіне әкеледі. Медицина үшін энзимологияның ғылыми жетістіктерін ағзаның сау және патологиялық қалпын анықтау, диагностикада, терапияда қолданудың маңызы зор. Сондықтан, қазіргі кезде, бұл медицинаның көптеген салаларында кең пайдаланылады және жақсы нәтижелер беруде.
Ферменттерді медицинада қолдану үш негізгі бағыттармен (энзимопатия, энзимодиагностика, энзимотерапия) айқындалады.
Энзимопатия — деп ферменттердің мүлде болмауы немесе оның активтілігінің күрт төмендеуінің нәтижесінде ағзадағы өтетін метаболиттік процесстің бұзылуынан болған ағзадағы патологиялық қалыпты айтады. Энзимопатия туындау жолдарына байланысты екі үлкен топқа бөлінеді:
1. Тұқымқуалаушы энзимопатия, (бірінші ретті);
2. Жүре пайда болған, (екінші ретті).
Себебіне қарай тұқымқуалаушы энзимопатияны үш топқа бөледі:
а) ферменттердің біреуінің немесе бірнеше түрлері жетіспеушілігі;
б) ферменттердің бір немесе бірнеше топтарының жетіспеушілігі;
в) ферменттердің бір немес бірнешеуінің құрылысының өзгеруі нәтижесінде.
Мысалы, лактаза жетіспеушілігі гемолиттік анемия, гемофилияға әкеледі.
Жүре пайда болған энзимопатия — бұл ағзадағы белгілі бір мүшенің патологиялық процессінің нәтижесінде пайда болған фермент жетіспеушілігі болып табылады. Олар үш топқа бөледі:
1. Токсикалық энзимопатия (уланудың нәтижесінде);
2. Алиментарлық энзимопатия;
3. Нейро-гуморальды энзимопатия.
Токсикалық энзимопатия себептеріне байланысты келесі топтарға бөлінеді:
а) фермент активтілігінің төмендеуіне байланысты;
б) белок биосинтезінің фермент әсерін спецификалық төмендетуіне байланысты;
в) белок биосинтезінің фермент әсерінің бейспецификалық төмендетуіне байланысты.
Алиментарлы — бұл белгілі бір уақытта берілетін тағамдық рационның құрамдық катынасының бұзылуынан пайда болады. Алиментарлы энзимопатия келесі себептерге тығыз байланысты:
а) тағамдағы витаминдердің тапшылығына (авитаминоз);
б) микроэлементтердің тапшылығына;
в) тағамдағы белоктың тапшылығына (белоктық аштық).
Нейрогуморальдық реттелудің бұзылуынан болатын энзимопатия негізінен торшадағы процесстердің өзгеруіне тікелей жүйке қызметі мен гормональдық қызметтің сәйкестігінің бұзылуы және кейбір гормон бөлуші ұлпалардың қызметінің бұзылуына тіккелей байланысты болады.
Токсикалық энзимопатия экология әсерлерінен, кейбір дәрілік препараттардың әсерлерінен туындайды. Бұл улы заттардың әсерінен ферменттің белоктық бөлігінің конформациясын өзгертуі арқылы жүретін процесс. Мысалы, антихолинэстеразалық әсер көрсететін ингибитор мен субстратқа ұқсас құрылысты диизопропилфторфосфатты жатқызуға болады.
Сонымен бірге, кейбір антибиотиктер де (актиномицин Д, пуромицин, хлорамфеникол және т.б.) белок синтезінің белгілі бір стадияларын тежейді. Афлотоксиндер де канцерогендік әсер беретін улы заттарға жатқызылады.
Энзимологияның қазіргі кезендегі ғылыми жетістіктері көптеген аурулардың дамуы механизмдерін түсінуге ықпал жасайды және практикалық медициналық энзимодиагностика, энзимо-, коэнзимотерапия бөлімдерінің кең қолданылуына жағдай жасады.
Энзимодиагностика. Қазіргі заманғы клиникалық биохимия ұлпалардың, торшалардың, биосұйықтықтардың ферменттерінің активтілігін анықтаудың әртүрлі тәсілдерін кең қолданады. Бұл ағзаның диагностикасы үшін аса маңызды және көптеген аурулардың дамуының механизмі мен дифференциалды диагностикасы үшін ыңғайлы әдістерді береді.
Энзимодиагностика тәсілдері екі түрлі аспектіге бөлінеді:
1. Лабораториялық диагностикада ферменттерді аналитикалық реагент ретінде пайдалану. Бұл жолдар арқылы глюкозаны, этанолды, зәр қышқылын және т.б. анықтауға болады. Анықтау кезінде иммобилденген ферменттерді (ферменттер ерітілген күйде болады) мембранамен байланысқан ферменттерді пайдаланады. Олар биохимиялық автоматтардың құрам бөліктеріне жатады.
2. Биологиялық материалдардағы ферменттердің активтілігін анықтау.
Энзимодиагностиканың теориялық негізіне ферменттердің ағзадан тысқары болғанда активтілігін тежеуі, субстраттық талғамдылық пен әсер ету талғамдылықтарының тежелуі жатқызылады. Торшалардың әртүрлі мүшелері, ұлпалары мен органеллалары ферменттік және изоферменттік спектрлерімен сипатталады. Сонымен бірге кейбір ауруларда фермент активтілігінің өзгерісінің патогенетикалық өзгеруі де байқалады.
Әртүрлі мүшелерге әртүрлі ферменттік құрамы тән болғандықтан, оларды, мүшеспецификалық ферменттер ретінде қарастыруға болады. Сондықтан, сол мүшелерге тән ферменттік өзгерісті анықтаған соң бір науқастың бауырының зақымдалғанын, ал келесі науқастың басқа бір мүшелерінің бұзылатынын анықтауға болады. Және бұл клиникалық белгілерінсіз ақ түсініксіз диагнозды анықтауға мүмкіндік береді.
Энзимодиагностика өте сезімтал және ауруды ерте анықтауға ықпал жасайтын ерекше әдіс. Биологиялық материал ретінде қан, зәр, слекей, асқорыту сөлдері, пунктаттар, биоптаттар пайдаланылады.
Әртүрлі ауруларда фермент активтілігінің өзгеруімен бірге, белгілі бір мүшеге жатпайтын ферменттің, зақымданған торшалардан шығып, басқа ұлпа мен мүшелерден табылуы байқалады. Қанның ферменттік спектрін зерттегенде келесі өзгерістер байқалған: 1) қанда қалыпты жағдайда тұрақты түрде кездесетін ферменттердің активтілігінің төмендеуі және мөлшерінің көбеюі; 2) гистогематикалық кедергі өткізгіштігі бұзылуы себебінен сау ағзаның қанында кездеспейтін ферменттің пайда болуы. Бауыр ауруларында қанда фруктозо-1-фосфатальдолазаның, глюкозо-6-фосфатазаның, гистидазаның, урокиназаның концентрациясының жоғарлауы байқалады.
Жүрек ауруларының диагностикасы үшін қан сарысуында лактатдегидрогеназаны, глутамат-АлАТ-ты, глутамат-АсАТ-ты анықтау өте маңызды. Миокард инфарктісінде торшалардың көп мөлшерінің өлуі себебінен және торша мембранасы бұзылуы себебінен жоғарыда аталған ферменттер қанға өтетіндігі белгілі болады.
Трансплантацияда, мүшелерді ауыстырып салғаннан кейін болатын ферменттік өзгерістер де белгілі. Егер, ағза өзіне салынған мүшені қабылдамаса γ-глутаминтрансфераза ферменті активтілігінің жоғарлауы байқалады.
Энзимотерапия және коэнзимотерапия — ферменттерді, оның құрамдық бөліктерін белгілі бір ауруларға қарсы емдеу құралы ретінде қолданудың әдістері мен тәсілдері, механизмінің негізін қалайды. Қазіргі кезеңде көптеген ферменттер ауруға қарсы дәрілік препарат ретінде кең қолданылады. Мысалы, асқорытуды жақсарту үшін асқазан сөлі құрамындағы пепсиннің мөлшерлерінің төмендеуінен болатын асқазан ауруларында, фистал, мезим препараттарын емдеу үшін қолданады (орынбасушы терапия әдісі). Ұйқы безінің жұмысының жетіспеушілігінде оның протеолиттік ферменттері трипсин, химотрипсин ферменттері және ұйқы безінің құрғатылған сөлі панкреатин (липаза, амилаза, трипсин ферменттері қоспасы), химопсиндерді (химотрипсин, трипсин қоспасы) емдеуде қолданады. Трипсин жараның бетінен трофикалық жаралардан өлген ұлпалардан тазарту мақсатында және күйгенде емдеу үшін, қою секреттерді, экссудаттарды қан ұйымаларын сұйылту үшін және ісікке қарсы препарат ретінде қолданады. Мүйізді ірі қаралардың ұйқы безінен бөлінген коллагеназа, рибонуклеаза ферменттік препараттары да ісікке қарсы қолданылады. Буын ауруларын емдеуде гиалуронидазаны (лидаза немесе ринидаза, препараты түрінде), гиалурон қышқылының гидролизін үдететін, мүйізді ірі қараның ұрық безінен алынған ферментті қолданады.
Қан тамырларының тромбозасын (бітелуін) емдеуде тромбаны еріту арқылы тромболиттік ферменттерді фибринолизин, тромболитин (трипсин мен гепарин комплексі) қолданылады.
Дезоксирибонуклеаза (ДНҚ-аза) (мүйізді ірі қараның ұйқы безінен бөлінген) деполимерлендіруге және іріңді сұйылтуға қабілетті және көздің вирустық ауруларын, коньюнктивитті емдеуде вирустық нуклеин қышқылдарының ыдырауын тездету үшін қолданады.
Аспарагиназа лейкозаның (ақ қан қатерлі ісігі) кейбір формаларын емдеуге қолданады. Аспарагин лейкозалық торшада синтезделмейтіндіктен, оны қан плазмасынан алады. Сондықтан науқастың қанына аспарагиназаны қосқанда қан плазмасындағы аспарагин ыдырайды да лейкоз торшасына қажетті аспарагин құрамды белок синтезделмейді, тоқталады, торша өледі.
Емдеу препараты ретінде кейбір коферменттер де кең қолданылуда. Мысалы, пирожүзім қышқылын және α-кетоқышқылдардың тотығып декарбоксилденуі процессіне қатысатын коферменттер кокарбоксилаза (тиаминпирофосфат) және липой қышқылы көмірсулар алмасуын жақсартумен бірге бірнеше ауруларда (атеросклероз, бауыр зақымдалулары, ацидозда, қан айналысы жетіспеушілігінде) айқын эффект көрсетеді.
Қазіргі кезде витаминдер олардын коферменттік формалары да рибофлавин, рибофлавинмононуклеотид, никотинамид, кальций пантотенаты, пиридоксин, цианкобаламин препараттары түрінде ауруды емдеу үшін кең қолданылуда.