Поляк әскеріне 1942 жылдың қаңтарында шақырылғандардың саны туралы

Әскери бөлімдер Офицерлер Унтер – офицерлер Қатардағы жауынгерлер
Алматы
Жамбыл
Оңтүстік Қазақстан
Қызылорда
Солтүстік Қазақстан
Қарағанды - -
Ақмола - - -
Семей
Шығыс Қазақстан -
Павлодар
Барлығы

1942 жылдың ақпан айының ортасына қарай құрылып жатқан әскерге 3969 поляк азаматтары шақырылды [65]. Жаңадан жасақталып жатқан поляк әскери бөлімдерін орналастыратын ғимараттар табу мәселесі айрықша күрделі болды. Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстандағы Халық Комиссарлар Кеңесіне Мәскеуден: « Орта Азия әскери бөлімшесіне поляк армиясын орналастыруға штаб үйлері, мектептер, демалыс үйлері және жатақханалар пайдалануға берілсін, ал жоғары шенді офицерлерге жеке баспана берілсін » деген нұсқау келді [66]. Осы нұсқауға орай шыққан Қазақ Кеңестік Республикасының Халық Комиссарлар Кеңесі мен Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің арнайы қаулысы бойынша, поляк әскери құрамдарын мынадай жерлерге орналастыратын болды:

а) Түркістан-Сібір темір жолы бойындағы Отар бекетінде № 29 мектеп – интернатқа орналастыру;

б) Түркістан – Сібір темір жолы бойындағы Луговая бекетінде облыстық кеңшар мектебіне және оның жатақханасына, №33 темір жол мектебіне және оның жатақханасына орналастыру;

в) Мерке ауданында аудандық клубқа, « Красный интернационал » кеңшарының клубына және « Красный Восток » кеңшарының клубына орналастыру;

г) Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шоқпақ, Түлкібас және Манкент елді мекендердегі пункттерге орналастыру [67].

Ал кейін мұндай жұмыстың өзі мардымсыз болғандықтан, генерал Андерс КСРО жеріндегі Поляк әскерін құруға байланысты өкілетті жұмысты атқарушы генерал – майор Панфиловпен келіссөз жүргізе отырып, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның оңтүстік аудандарында ауа райының жұмсақтығын ескеріп, қатардағы жауынгерлерді шатырларға орналастыруға тырысты [68]. 1941 жылы 31 – желтоқсанда В. Андерс А.П. Панфиловтың атына хат жазып, Керминедегі, Пахтаралдағы, Горчаководағы, Луговаядағы поляк гарнизондарының әрқайсысына 770 палаткадан, Отардағы, Қарабалтадағы, Қарасудағы гарнизондардың әрқайсысына 360 шатырдан, барлығы 4160 шатыр беруді өтінді. Бірақ поляк әскерін шатырлармен қамтамасыз ету мәселесі де бірден шешіле қоймады. Орта Азия әскери округы 3000 шатыр ғана тауып бере алатын болды, оның өзін әскерлерге орналасатын жерлерге жіберу қиындық туғызды. Кавказдан келуге тиісті шатырлар да кешікті [69]. Ал шатырлар жетіспегендіктен және жауынгерлерді орналастыратын тұрақтың жоқтығынан әскерге шақырылғандардың басым бөлігі есепке алынып, « әскерге алынды » деген құжат алып, шақыру пункттері маңында қала берді. Осылайша кейбір жаңадан жасақталатын дивизиялардың болашақ жауынгерлерін дивизия орналасатын жерге жинау да мүмкін болмай қалды. Сонымен қатар осындай шақырылғандардың саны көбейген сайын оларды әскери бөлімнің орналасқан жеріне жіберуге дейін азық – түлікпен, тұрақпен қамтамасыз ету мәселесі пайда болды.

Орта Азия аудандарының бекеттеріне орналастырылған мыңдаған поляк әскерлерін азық – түлікпен, әскери киім – кешекпен және қару – жарақпен қамтамасыз ету мүмкін болмағандықтан, оларды әскери дайындықтардан өткізудің өзі көздеген мақсатқа лайықты жүргізілмеді. Англиядан Поляк әскері үшін жіберілген киім – кешек пен жабдықтар екі ай бойы әскер орналасқан жаңа жерлерге жіберілмей Тоцк мен Бузулукта жатты, ал жаңадан жасақталып жатқан поляк дивизияларының жауынгерлері қысқы суыққа лайықты киіммен қамтамасыз етілмей, қиындық көріп жатты. Орта Азиядағы поляк дивизиялары орналастырылуға тиісті жерлердің кейбіреуі әскердің тұрағы болуға мүлде сай келмейтіні көрінді. 1942 жылдың 14 – қаңтарында Поляк қолбасшыларымен байланысты іске асыратын Ішкі істер халық комиссариатының өкілі, қауіпсіздік капитаны Волковицкий 4 – бөлімінің бастығы Г.С.Жуковқа Керменеге орналастырылған 7 – дивизияның аса қиын жағдайда екендігіне байланысты генерал Андерс бұл дивизияны Каган қаласына ауыстыруды сұрайды деп хабарлады. Шынында да, жазық, шөл далада тұрған Кермене негізгі бекеттен 6 шақырым алыста орналасқан, мұнда жергілікті халықтың тұрғын үйлерінен баска бірнеше кішілеу ғимараттар ғана бар, олар әскердің штабын және дивизия мекемелерін орналастыруға мүлде жарамайды. Керменеде электр жарығы, таза су көздері де жоқ, жергілікті халық суды ашық арықтан алады. Негізгі бекет пен Кермене арасындағы жол қатынасы өте нашар, демек, бұл жердегі поляк бөлімі барлық басқа бөлімдерден оқшауланып қалады[70]. Алайда кеңес әскери мекемелері бұл мәселені шешуге асықпады, ақыры, 7 – дивизия Керменеде қалып қойды.

Жаңадан құрылатын поляк дивизияларына кіруге ниеттенген поляктардың бір бөлігі әлі де Қызыл Әскер қатарында, жұмысшы батальондарында жүрген болатын. Кеңес – поляк комиссиясының тамыз айындағы отырысында қабылданған Қызыл Әскер қатарындағы поляк азаматтарын қайтару туралы шешім іс жүзіне аспай қалды. Ақыры бұл мәселеге қатысты кеңес жағына арнайы хат жазуға тура келді. 1942 жылдың 21 – қаңтарында Қызыл Әскердің Жоғарғы Қолбасшылығының өкілетті өкіліне Поляк әскери миссиясының басшысы генерал – майор Воликовский В. Андерстің атынан Қызыл Әскер қатарындағы поляктарды босату және поляк әскерінің орналасқан жеріне жеткізіп салу туралы өтініш жасады [41.62б]. Алайда бұл хаттан кейін де Қызыл Әскер басшылары поляктарды босатуға асыққан жоқ. 1942 жылдың 30 – қаңтарында генерал Андерс А.П. Панфиловқа өзі хат жазып: « жаңа поляк дивизияларының құрылуына байланысты Қызыл әскер қатарындағы тұрақты әскери бөлімдерде, арнаулы механикалық – құрылыс бөлімдері мен жұмысшы батальондарында жүрген поляк азаматтарын босату және тұтас эшелондармен Поляк әскері құрамына жіберу туралы нұсқау беруіңізді өтінемін » деп жазды [71]. Бұл эшелондар енді Қазақстанның Арыс бекеті мен Алматы қаласының теміржол бекетіне жіберілуге тиісті болды. Олар негізінен Қазақстан мен Өзбекстан жерінде құрылып жатқан бөлімдерге қосылады.

Кеңес – поляк одақтастық келісімі жасалғаннан кейін де әлі шешілмей, созылып келе жатқан бір мәселе бар. Поляктар Польшаның екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі шекарасы бойынша Батыс Украина мен Батыс Белоруссияның барлық тұрғындарын Польша азаматы деп санады және оларды тұтастай Поляк әскері қатарына шақырды. Алайда Кеңес жағы Поляк әскеріне тек қана поляк ұлтының өкілдері кіруі керек деген пікірді ұстанды [72]. Поляк Консулдығы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Әскери комиссары генерал Щербаковқа жасақталып жатқан Поляк әскеріне 1939 жылы Батыс Украина мен Батыс Белоруссия Кеңес Одағына қосылғанға дейін сол аймақтарда тұрған тұрғындардың барлығын, соның ішінде украин, белорус, еврейлерді армия қатарына алу туралы өтініш жасады. Бірақ Мәскеуден келіп түскен жедел хатта: « тек поляк азаматтарын қабылдаңдар » деген бұйрық берілді де, әскер қатарына тек қана поляк ұлтының өкілдері жіберілетін болды [73]. Поляк әскерінің құрамы көбейтіліп, 96 мыңға жеткізілетіні туралы қаулы шыққан соң оған енді Польшада 1939 жылдың қыркүйегіне дейін тұрған басқа ұлт өкілдерін шақыруға рұқсат берілед деген үміт туды. Алайда бұл мәселеде кеңес жағы қатаң саясат ұстады. «Әскер Бузулуктан Янги – Юльға ауыстырардың алдында сол жаққа жіберілген подполковник Рудницкий кеңес өкіметі әскерге Польшаның аз ұлттарының өкілдерін алуға мүлде қарсы екендігін хабарлады, - деп жазды В. Андерс өзінің естеліктерінде, - Шақыру комиссары осындай нұсқаулар алған. Бұл ұстанымды генерал Панфилов 1942 жылдың 24 – маусымында жазбаша нұскауымен бекітті. ...Біз бұл жағдайға келісе алмайтын едік, өйткені 1941 жылдың 30 – шілдесіндегі келісімшартта Полшаның барлық азаматтарын босату қажеттілігі айтылған болатын»[19.242б].

Кеңес қауіпсіздік мекемелері Поляк әскерінің барлық құжаттарын, шығарған бұйрықтарын тексеріп отырды. 1942 жылдың қаңтар айында генерал Андерс әскер бөлімдерін Орта Азия мен Қазақстанға көшіру, жауынгерлерді жаңа жерлерге орналастыру, азық – түлікпен, тұрақпен қамтамасыз ету сияқты ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жатқан кезде А. П. Панфилов пен Г. С. Жуков оған « Ожел Бялы» газетінің мазмұнына қатысты наразылығын білдірген хат жазды. Хатта: « Поляк әскерінің штабы шығаратын « Ожел Бялы » газетінің бетіндегі мақалаларда Кеңес Одагы жеріндегі Сізге тапсырылған әскердің жасақталу жағдайларын дұрыс бейнелемейді және Кеңес Одағына қатысты жағымсыз көзқарас байқалады. Мысалы, 1941 жылдың 7 – желтоқсанындағы газеттің 1 – санында басылған « Жоғарғы қолбасшы Вл.Сикорски » атты мақалада оның кеңес- поляк соғысы кезіндегі Қызыл Әскерге қарсы күресі атап көрсетіледі. 1941 жылдың 14 – желтоқсанындағы 2 – санында басылған « Поляктар соғыста » мақаласы Шишко – Богуш басқарған поляк бригадасы экспедициялық корпустың құрамында Финляндия жағында КСРО – ға қарсы соғысқа қатысу үшін құрылған деген жағымсыз және бұл жерде мүлде керек емес ескертуден басталады. Ал 26 – желтоқсандағы 4 – санында берілген, Генерал мырза, сіздің өмірбаяныңызда сіздің КСРО жеріндегі қызметіңіздің кейбір сәттерін сипаттауда шындықты бұрмалау орын алған », - деген сөздер болды [74]. Хатта газеттің 1941 жылдың желтоқсанындағы әрбір санындағы мақалаларға ескерту жазылған.

Поляк әскерін құрудың осындай қиындықтарынан басқа тағы да бір күрделі және маңызды мәселесі толық шешілмеді: Ресей жерінде құрылған және Қазақстан мен Орта Азияда құрыла бастаған алты поляк дивизиясының біреуіне ғана ( 5-дивизия ) тиісті қару – жарақтар жеткізілді, ал қалғандары әлі қаруландырылған жоқ. Поляк ғалымы Петр Жаронның еңбегіндегі мәліметтер бойынша, Кеңес өкіметі 5 – ші дивизияға 8 651 – винтовка, 162 – автомат, 162 – пулемет, 81 – граномет және 54 – миномет, тағы басқа оқ – дәрілер берген [2.137б]. « 5 – дивизияның өзі де толық қаруландырылған жоқ, біз сонау 1941 жылдың күзінде алған қару – жарақтан басқа ештеңе алған жоқпыз », - деп жазды генерал Андерс өзінің естеліктерінде. Соған қарамастан Поляк әскерінің штабы жасақталған және енді жасақталатын дивизиялардың жауынгерлерін әскери жаттығудан өткізу бағдарламасын жасап, дивизиялар штабтарына жіберді. Бағдарлама екі бөлімнен тұрды, біріншісінде дивизиялар қарусыз дайындық жасайды, екіншісі бойынша, қару – жарақ алғаннан кейінгі дайындық жоспарланды. Жоспарда тактикалық дайындық, винтовка мен автоматтан атуға жаттығу сияқты тұрақты әскер бөлімдерін ұрысқа дайындаудың барлық түрлері қарастырылды. Қызыл Әскер Бас штабының Поляк әскеріндегі байланыс офицері полковник Черствой әскери жаттығу жұмысының жүргізілу барысын тексеріп, А. П. Панфиловқа жаттығу жұмыстары негізінен 5 – дивизияда толығымен, ал 6 – дивизияда ішінара жүргізіліп жатыр деп хабарлады [75]. Бірақ, ол мұның өзі 5 – дивизиядан басқа бөлімдердің қару – жарақпен жабдықталмауына байланысты болуы мүмкін екендігін еске алған жоқ. Черствой сонымен қатар Поляк әскерін толықтыруға жаңадан келіп жатқан адамдар сүзек ауруын ала келгенін, гарнизондарда 1200 – 1500 адам ауру екенін, аурулардың 2 – 3 пайызы қайтыс болғанын хабарлады.

Жаңа жерге жетіп үлгерген поляк бөлімдері енді ғана жаттығуға кірісе бастаған кезде кеңес үкіметі 5 – дивизияны майданға аттандыруға ниеттенді. 1942 жылдың 3 - ақпанында қауіпсіздік майоры Г. С. Жуков генерал Андерске 5 – дивизияны майданға жіберетін сәт келді деп хабарлап, Поляк әскерінің жауынгерлік дайындығы қай уақытта толық деңгейіне жететінін сұрады. Генерал Андерс бүкіл Поляк әскері соғысқа осы жылдың 1 – маусымында дайын болады деп, осы мерзімге дейін жеке бөлімдерді майданға жіберуді қаламайтынын білдірді [41.62б]. Поляк әскерінің майданға жіберуге толық дайындығының мерзімін белгілеу қиын сұрақ еді. Өйткені, әскерді оңтүстік аудандарға көшіру жұмысы айрықша күрделі болып шықты. Көшіру 15 – қаңтарда басталды, жоспар бойынша күніне 4 эшелон жіберіліп, бүкіл әскер құрамын 7 – 8 күнде белгіленген жерлерге жеткізу жобаланған болса да, көліктің жетіспеушілігіне байланысты күніне бір эшелонды зорға жіберіп отырды. Ақпанның алғашқы күндерінде Бузулукта және Тамбовта 8 эшелон әлі жіберілмей жатты. Әскердің толық көшіп үлгермеуіне байланысты штаб ескі орында қалатұруға мәжбүр болды. Сонымен қатар әлі көшіріліп үлгермеген поляк бөлімдерінің жауынгерлеріне берілетін азық – түлікті қысқартып тастады. Поляк әскерінің штабы қаңтар айында ескі орнында қалған бөлімдер үшін 10 мың паек сұраған еді, оның орнынан 5мың жарты айлық паек ғана берілді [76].

Генерал Андерс кеңес жағының 5 – дивизияны майданға жіберу туралы ойын мүлде қолдамады, өйткені ол соғыс қимылдарына Поляк әскерінің біртұтас құрама ретінде қатысқанын қалады. Әйтсе де, 4 – ақпанда ол үкімет басшысы В. Сикорскиге жеделхат жіберіп, жағдайды хабарлады: « Кеңес үкіметі дайын болған поляк бөлімдерін, яғни, кеңес үлгісі бойынша жарақтанған 5 – дивизияны майданға аттандыруды дұрыс деп тауып отыр. ...Мен бұған мүлде қарсы екенімді айттым. Біздің жалғыз дивизия орасан көп кеңес дивизияларының арасынан мүлде көрінбей қалады, демек, бұл қадамның саяси және әскери тиімділігі жоқ. Поляк әскері барлық күштерін тұтас салып және табысқа жету мүмкіндігімен шайқасқа шығуы қажет. Сонда ғана оның әрекеті туған елімізде қолдау табады, ал біз саяси және әскери мақсаттарымызға жетеміз. Шайқасқа жеке дивизияны қатыстыру біздің бүкіл әскердің жауынгерлік рухын төмендетеді. Егер маған Бас қолбасшыдан осындай бұйрық берілетін болса, онда мен оның зардаптарын болдырмау үшін және өзіме бағыныштылардың алдында беделіме нұқсан келтірмес үшін осы дивизиямен бірге майданға баруға міндеттімін деп санаймын» [20.148б]. 7 - ақпанда Сикорскиден келген жауапта поляк дивизиялары жеке – жеке майданға жіберілмейтіндігі, Польша мен КСРО арасындағы келісім бойынша Поляк әскері соғысқа біртұтас құрама ретінде қатысуға тиісті екендігі айтылды. Әрине, бұл жауап кеңес өкіметіне ұнаган жоқ.

Поляк әскерінің майданға жіберуге дайын еместігін, оның жабдықталу жағдайының әлі де нашарлығын Қызыл Әскер Бас штабының Поляк әскеріндегі байланыс офицері полковник Черствойдың 1942 жылдың 10 – наурызыңда А. П. Панфиловқа жіберген мәліметінен де байқауға болады: 65 274 адамнан құралған ( 3 432 офицер, 61 842 қатардағы жауынгер ) әскерде, егер 26 ескі, нашар автокөлікті санамасақ, көлік мүлде жоқ деуге болады. Поляк әскери бөлімдері азық – түлік, отын – су, тағы басқа керек – жарақтарды тасу үшін сол маңдағы ауылдардан ат – арба жалдайды. Сондықтан әскери жаттығу өткізудің орнына жауынгерлер осындай қажетті керек – жарақты тасумен айналысады. Жауынгерлерді орналастыруға қажетті шатырлар жетіспейді. Әскерге жаңадан келгендерден сүзек жүғып, 2 мың адам ауырып жатыр, оларға әскери ауруханадан орын да жетіспейді. Офцерлердің асханасында көкөністер мен ет жоқ, тек әр адам басына 80 грамнан колбаса бөлінеді, офицерлер асханасының тамағы жауынгерлерге бөлінген паектан нашар екені көрінеді. Поляк әскерінде арнаулы дайындықтан өткен байланыс офицерлерінің жоқтығы салдарынан жеке бөлімшелер арасыңдағы байланыс өте нашар [77]. В. Сикорски мен В. Андерстің Поляк әскерінің жеке дивизиясын майданға аттандыруға қарсы болуына кеңес өкіметінің келісуі де осы жағдайды білгендіктен болар. Ал егер поляк әскери бөлімдері жақсы жабдықталып, шайқасқа кірісуге дайын тұрса, онда кеңес әскери басшылары поляк дивизиясын майданға жіберу идеясынан бірден бас тартпаған болар еді.

Кеңес Одағы жерінде жасақталып жатқан Поляк әскерін азық – түлікпен, қару – жарақпен жабдықтауда Ұлыбританияның көмек көрсетуі туралы мәселе В.Сикорски бастаған Польша үкіметі мен ағылшын үкіметі арасындағы келіссөздерде қаралды. Поляк әскеріне арналған ағылшын тауарлары негізінен Иранға жіберуге тиісті болатын. 1942 жылдың 28 – ақпанында генерал Андерс А. П. Панфиловтан Таяу және Орта Шығыстағы ағылшын базаларымен тікелей байланысты іске асырып отыру үшін Поляк әскерінің штабында ағылшын байланыс офицерін қабылдауға рұқсат сұрады: « Жақын арада КСРО жеріндегі поляк әскерін қару-жарақпен және әскери киім – кешекпен қамтамасыз етуді ағылшындар өз мойнына алғандыктан, осы жұмыстарды анықтау жағдайымен Таяу Шығыстағы ағылшын базасында Поляк әскері мен Англия арасында байланыс болмақ. Мен алған мәлімет бойынша Поляк Әскері үшін Иранға 700 тонна жүк келгендігі айтылған. Сізден өтінерім, генерал мырза, сонымен қатар, осы жұмыстарды атқарушы және поляк әскерін кұру ісіне шын берілген кісі ретінде ағылшын әскерінің полковнигі Галльсті ( Нullsа ) тағайындауыңызды сұраймын. Бұл офицерді қазірдің өзінде Тегеранға жіберуге болар еді. Аса құрметпен Андерс » [78]. Ағылшындардың беретін қару – жарағы қашан жіберілетіні белгісіз болғандықтан 1 – наурызда генерал Андерс А. П. Панфиловқа « армия құру мен оны тез арада әскери дайындықтардан өткізу жұмыстарына байланысты маған Лондонға барып, қайтарда Тегеран арқылы оралуыма рұқсат берулеріңізді сұраймын » деген өтініш жасады [79]. Кеңес өкіметі В.Андерстің Лондонға баруына рұқсат берді және оған арнайы ұшақ бөлінді. Генерал Андерс Лондонда В.Сокорскимен кездесіп, Поляк әскерінің жағдайын, оны Иранға көшіру мәселесін талқылады. В. Андерстің естеліктері бойынша, осы кездесулер кезінде В.Сикорски оны Кеңес жеріңдегі Поляк әскерінің қолбасшысы болуымен қатар Таяу Шығыстағы әскерлердің инспекторы етіп тағайындады.

1942 жылдың 10 – наурызында генерал Андерс Поляк әскеріне берілетін паектың қысқартылып, 26 мыңға түсірілгені туралы хабар алды. 70 мыңға жуық адамы бар Поляк әскері үшін азық – түліктің мұншалықты қысқартылуы айтарлықтай ауыр шешім болды. Генерал Андерс осы мәселе туралы тікелей И. Сталинге хат жазды, хатқа жауап ретінде Сталин оны Мәскеуге шақыртты [2.140 – 141б]. 18 – наурызда генерал Андерс пен Поляк әскерінің штаб бастығы Мәскеуде Сталиннің қабылдауында болды, кездесуге В. М. Молотов қатысып отырды. Сталин әуелі Поляк әскерінде қанша дивизия құрылғанын сұрады. Андерс 6 дивизия құрылғанын, бірақ екі дивиязиядан басқасының құрамы әлі толық құрылып бітпегенін айтты. Поляк әскерін азық – түлікпен қамтамасыз ету мәселесін талдау барысында Сталин АҚШ және Англия үкіметтері 1941 жылдың қыркүйегінде Мәскеуде болған үш мемлекеттің өкілдерінің конференциясында Кеңес Одағына ай сайын 200 000 тонна астық жіберіп тұру туралы міндетті өз мойыңдарына алған болатын. Бірақ, осы уақытқа дейін Тынық мұхитында жүріп жатқан соғысқа байланысты тек 60 000 тонна астық жеткізілді, сондықтан поляк әскеріне берілетін әскери көмек қысқартылғанын айта келіп, паек санын 44 мыңға көбейте аламын деді. Андерстің қалған адамдарды немен тамақтандырамыз деген сұрағына Сталин оларды кеңшарларға жұмысқа жіберуді ұсынды. Андерс егер басқа мүмкіншілік болмаса, оларды Иранға көшіру керек деді. Сталин бұл ұсынысқа қарсылық білдірген жоқ, тек қана Поляк әскері құрамының 44 мыңы Кеңес жерінде қалады деді [19.141б]. Кездесу барысында Сталин Андерстен Поляк әскерінде қанша дивизия және нақты қанша адам бар екенін сұрады. Сталиннің бұл сұрақтарды қандай бір ішкі есеппен қойғанын түсіну қиын, алайда сол жылдың 14 – наурызында Л.Берияның Сталинге Поляк әскерінің адам саны, соның ішінде офицерлер, унтер – офицерлер мен қатардағы жауынгерлер саны, дивизия саны мен олардың қайсысы қандай дәрежеде жасақталып болғаны туралы соншалықты нақты хабарды жіберген болатын. Берияның хатында сонымен қатар поляк офицерлерінің көңіл – күйі сипатталған, әр жерлерде айтқан сөздері берілген[80.76-83бб]. Берияның бұл хатын оқыған адам Поляк әскері офицерлерін бірден – ақ Кеңес Одағына қарсы немесе жағымды көзқарастағы адамдар топтарына бөле алады. Осы хабарды біліп отырған Сталиннің Поляк әскерінің бір бөлігін Иранға көшіруге және накты 44 мың адамды алып қалуға келісе қоюында да өзіндік есеп бар деп ойлауға болады. Егер осы кездесуден кейінгі оқиғаларды еске алсақ, Поляк әскерінің негізгі бөлігі Иранға аттандырылғаннан кейін Кеңес Одағында қалған бөлігіне жаңадан толықтыру жасап, З.Берлингтің басқаруындағы поляк бөлімі құрылғанын еске алсақ, Сталин 18 – наурыздағы генерал Андерспен кездесуден бұрын – ақ өзіндік жоспарын жасап қойған деп жорамалдауға болады.

Генерал Андерс Лондоннан қайтып келген соң Поляк әскерінің бір бөлігін Иранға көшіру басталды. Әскерлермен бірге бірталай поляк азаматтары, әйелдер мен балалар да Иранға көшуге дайындалды. 1942 жылы 28 – наурызда Ташкент қаласында кеңес – поляк комиссиясының отырысы өткізілді. Оған кеңестер жағынан КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің және Қызыл Әскердің Жоғарғы қолбасшылығының өкілетті өкілі мемлекеттік қауіпсіздік майоры Г.С.Жуков, Қызыл Әскер Бас Штабының офицері полковник Черствой және екі мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанттары, ал поляктар жағынан КСРО жеріндегі Поляк әскерінің Бас қолбасшысы генерал – лейтенант В.Андерс, Поляк әскері Штаб бастығы генерал – майор З.Бохуш – Шишко, Поляк әскерінің тылдағы жұмыстарын басқаратын полковник Васьниновский және ротмистр Климковский қатысты. Отырыста Поляк әскерінің бір бөлігін Иранға көшіру, Кеңес Одағы жерінде калатын поляк бөлімдерін қайта ұйымдастыру, кеңес – иран шекарасынан поляк әскері мен олардың жүктерін тасымалдауға байланысты жеңілдік – шаралар, Кеңес Одағының темір жол бекеттері мен әртүрлі қалаларындағы поляк әскері штабының өкілдері, КСРО жеріндегі поляк әскери қызметкерлері мен азаматтарының тәртіп бұзушылық әрекеттері туралы мәселелер талқыланды [81].

Генерал Андерс поляқ әскерін Иранға көшіруде жүргізілген жұмыстар мен ұйымдастыру істеріне байланысты Кеңес Одағы үкіметі басшыларына ешқандай талаптары жоқ екендігін айтып, Поляк әскерінің бірқатар бөлімдері Иранға көшірілгеннен кейін Кеңес Одағында қалған әскерлердің саны 44 мың болады деп келісті. Осы жерде қалған әскерді қайта ұйымдастырғанда оның құрамында мынадай бөлімдер болады деп белгіленді:

а) армия штабы мен қызмет көрсету тобы;

б) 5, 6 және 7 – ші жаяу әскер дивизиясы;

в) әскери оку орталықтарын

г) қосалқы полктар;

д) артиллерия мектебі;

е) арнайы батальондар;

ж) байланыс батальоны;

з) саперлік батальон.

Бұл бөлімдер Орта Азия әскери округына қарасты мынадай жерлерде орналасады:

а) армия штабы мен командасы – Янги-Юль,

б) офицерлік оқу мектебі – Веревск,

в) қосалқы полк – Гузар,

г) 5 – ші жаяу әскер дивизясы – Жалал – Абад,

д) 6 – шы жаяу әскер дивизиясы – Кермине,

е) 7 – ші жаяу әскер дивизиясы – Шахризябз,

ж) артиллерия мектебі – Қарасу,

з) байланыс батальоны – Велико – Алексеевск.

Кеңес – поляк комиссиясы Поляк әскерінің Веревск, Велико – Алексеевск, Чок – пак, Маргелан, Луговая, Отар, Қарабалтада орналасқан 8, 9 және 10 жаяу әскер дивизияларын көшіру мәселелерін талқылады. Көшірілетін бөлімдердің адам санын, керек – жарақ мүлкін, тағы басқа материалдық иеліктерін есепке алу жұмысы 1942 жылдың 1 – сәуіріне дейін аяқталуға тиісті. Орта Азия әскери бөлімшесінің штаб басшылары олардан қалған заттай мүліктер мен вагондар саны туралы және оларды тасымалдау туралы хабарлап отырады. Ал вагондарды Иранға жөнелту туралы өтініштердің барлығын бөлімше қызметкерлері Қызыл Әскердің Бас штабымен байланыс жасай отырып, іске асырады. Поляк әскерінің қызметкерлерін, автокөлік жүргізушілері тексеру комиссиялары тізімге алады, Поляк әскерінің штаб бастығы генерал-майор З. Бохуш – Шишко қол қойған соң бұл тізімдер НКВД өкілдеріне және шекаралық пункт қызметкерлеріне тапсырылады. Поляк бөлімдері Иранға Красноводск және Гуадун арқылы өткізіледі. Олар өздерімен шекарадан қару – жарақ, киім – кешек, азық – түлік және дәрі – дәрмек алып өтуіне болады. Поляк әскеріне қажетті осы заттардың тізімі НКВД бас офицерлері рұқсат бергеннен кейін ғана шекаралық басшыларға ресми түрде тапсырылады. Шекараға тасымалданған жүктердің барлығы Гуадунда НКВД офицерлері тарапынан тізімге сәйкестендіріліп түгел тексеріледі. Жүктерді тексеру барысында тізімге сәйкес келмеген заттар кеңестік шекаралық қызметкерлер тарапынан тәркіленеді.

Отырыста алдағы уақытта КСРО жеріндегі поляк әскери қызметкерлері мен азаматтарының қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда дереу тұтқынға алынып, Кеңестік Әскери трибуналының сотына тапсырылатыны хабарланды. Генерал Андерс қауіпсіздік майоры Г. С. Жуковтың хабарламасын қабылдап, поляк армиясының әскери қызметкерлері тарапынан болатын қылмыстарға қарсы күрес жүргізуге уәде берді және поляк әскери соты 357 поляк әскери қызметкерін жазаға тартқанын хабарлады.

Комиссия поляк әскери бөлімдері ұйымдастырылған түрде Иранға көшірілгеннен кейін де Кеңес Одағында поляк азаматтарын әскер қатарына шақыру ісі тоқталмайды деп хабарлады. Генерал Андерс жергілікті жерлерде поляк азаматтарын әскерге тіркейтін поляк офицерлерін қалдыруды өтінді. Комиссия бұл өтінішті жоғары жақ қарап, шешеді және қандай шешім болса да, ол генерал Андерске хабарланады деді.

Поляк әскерін Орта Азия арқылы Иранға көшіру генерал Андерс және басқа да қолбасшылар үшін, біріншіден, ауа – райы жұмсақ жерге ауыстыру болса, екіншіден, Иран – ауған шекарасындағы ағылшын жабдықтау орталығына жақындау болатын. Дегенмен, жазы қанша ыстық болса, қысы соншалықты суық болатын Қазақстан мен Орта Азия республикаларының ауа – райы еуропалықтарға өте қолайсыз болды. Бұл жерлердің көбі құмды, боранды болғандықтан поляк әскерлері арасында безгек ауруымен қатар жұқпалы іш аурулары, сары ауру, сүзек басталды. 1942 жылдың қаңтар айында Шоқпақта орналасқан бір дивизия Орта Азияға аттандырылған соң мұнда қалган 800 поляк тек жазғы айларда ғана тұруға лайықталған барактар мен пионер лагеріне орналастырылды. Қаңтар айында осы Шоқпақ бекетіндегі поляк әскері арасында бөртпе сүзек індеті тарады. Сондай – ақ темір жол ғимараттарының қосалқы бөлмелеріне орналастырылған поляк азаматтары да осы бөртпе сүзекпен ауырғандықтан бұл жұқпалы ауру жергілікті темір жол жұмысшыларына да ауысты. Шоқпақта ауырган адамдарға дәрігерлік көмек көрсету мүмкіндігі болмағандықтан, оларды қарлы қыста Орта Азия Әскери округының қарауындағы басқа жерлерге жөнелтіп жатты. Түркістан – Сібір темір жол бекетінің басшысы Брекунец Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Оңдасыновқа осы жұқпалы ауруды алдын алу үшін індетке қарсы дәрігерлік жұмыстар жүргізілуін талап еткен мәлімдеме жіберді. Онда індетке қарсы мынадай іс – шараларды жүргізу көрсетілді:

1.Оңтүстік – Қазақстан облысындағы поляк дивизиялары орналастырылған орындардың барлығына дерлік денсаулық сақтау бөлімшесінің жанынан арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмысын тез арада қолға алуын сұраймыз.

2.Поляк азаматтарын облыстық денсаулық сақтау бөлімі арқылы түгел дәрігерлік тексеруден өткеннен кейін ғана Орта Азия Әскери округы қарамағына жіберу қатаң түрде қадағалануы қажет.

3.Поляк азаматтары орналастырылған барактар, пионерлер

лагерьлері мен темір жол үйлерін уақытша босатып, поляк дивизиялары жасақталып жатқан орындарға толық тазарту (дезинфекция) жасалсын [82].

Аз ғана уақыттың ішінде жуқпалы бөртпе сүзек ауыруы Оңтүстік – Қазақстан облысының Түркістан – Сібір темір жол бекеттерінің барлығын қамтыды. Ал Шоқпақ бекеті әскер қатарына шақырылған поляк азаматтарын жинау орталығы болғандықтан поляк азаматтары Орта Азия Әскери округы қарауындағы дивизияларға бару үшін тағы екінші рет дәрігерлік тексеруден өтуге тиісті болды. Олар уақытша аялдаған барактардың іші мен оның айналасы, яғни ауласы адам төзгісіз өте лас күйде еді. Бұл жұқпалы бөртпе сүзекпен аурғандардың саны көбейген кезде оларды шатырларға орналастырды, мұның өзі аурулардың жағдайын тым нашарлатты, олардың өкпелеріне суық тиіп, мұның ақыры адам өлімін жиілетіп жіберді. Сонымен наурыз айының ортасына қарай бөртпе сүзекпен ауырып өлімше халге түскен 200 адамды Орта Азия Әскери округы штабының нұсқауымен уақытша Манкент бекетіндегі әскери ауруханаға жатқызуды ұйғарды. Тап осы кезде бұл ауруханада бөртпе сүзекпен аурғандардың көптігінен аяқ алып жүргісіз еді.

Наурыз айының соңына қарай Шоқпақ бекегінен дивизия түгел көшірілгеннен кейін Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау бөлімшесі бұл ауданды толық дәрігерлік тексеруден өткізу үшін арнайы комиссия жіберді. Ал 1 – сәуірдегі тексерістің қорытыңдысы бойынша, Шоқпақ бекетінде бар жоғы 4 ауыру ғана қалған, ал дивизия орналасқан тау – кен қоныстарындағы барактарда бөртпе сүзекпен ауырған 304 адам болды. Высокое бекетіндегі (Шоқпақтан 3 км жерде) поляк әскери ауруханасында 184 ауру адам жатты. Сондай – ақ, барлық жер кірластан әбден тазаланған екен. Бұған қоса поляк әскери қолбасшылары жақын арада барлық жерде дәрігерлік тазалық сақталатындығына уәде берді. Ал денсаулық сақтау халық комиссариатының жұқпалы індетке қарсы көмек қоры бұл жерге 50 төсек, матрастар және көрпе – жастықтар т.б. бөлді. Орта Азия Әскери округының денсаулық сақтау басқармасының бастығы Павловский де поляк әскери басшыларымен ақылдаса отырып бұл індетті алдын алу шараларын жүргізуге уәде берді [83].

Сонымен, 1942 жылдың ақпан – тамыз айлары аралығында поляк әскерінде 10 мыңға жуық адам аурдан қайтыс болды. Ал әскери ауруханаларда жатқандардың саны 47 500 адамға жетті. Бұл мәселеде ғалым К. Розен – Завадскидің: « поляк әскерінің майданға өз аяғымен барулары әлі алыс, олар соғысқа қатыспай жатып – ақ жұқпалы аурудан өте үлкен шығынға ұшырады. Әрине, бұл поляк әскері үшін үлкен күйреу, бұл соғыс майданынан жеңіліс тапқаннан да ауыр » [84], - деген сөздерімен әбден келісуге болады. 19 – наурызда генерал Андерс армияны Иранға көшіру туралы арнайы бұйрық шығарды. Кеңес – поляк комиссиясы белгіленген рет бойынша, Кеңес Одағы жеріндегі Поляк әскері Иранға көшірілгеннен кейін кеңес жерінде үш дивизия ( 5, 6 және 7 ), оқу орталығы, қосалқы полк, артиллерия мектебі, арнайы батальон, байланыс және саперлік батальондар, жалпы саны 44 мың адам қалады деп көрсетілді [85]. Кеңес жерінде қалған әскерді одан әрі ұйымдастыру және әскер қатарына шақыру жұмыстарының барлығы Гузар бекетінде жүргізіледі, ал Красноводскідегі әскери базадан ағылшындардың Пехлеви мен Каспий теңізі маңындағы әскери базасына 8, 9 және 10 – шы жаяу әскер дивизиялары көшіріледі [86].

Наурыздың аяғы, сәуірдің басында Красноводскідегі әскери базадан 31 488 поляк жауынгерлері мен офицерлері, олармен бірге 12455 поляк әскери қызметкерлерінің отбасылары көшірілді. Поляк әскерлері Иранға Красноводск аркылы Каспий флотилиясының кемелерімен тасылды. 2 – сәуірде генерал – майор А. П. Панфиловқа тапсырылған хабарламада Поляк әскерінің бір бөлігі Иранға көшірілгеннен кейін кеңес жеріндегі Поляк әскерінде 40 927 адам қалды, оның ішінде 2 215 офицер, 37 092 унтер – офицерлермен қатардағы жауынгерлер, 59 әскери шенеуніктер, 723 еріктілік негізінде әскерде қызмет ететін әйелдер, 28 жас еріктілер деп көрсетілді [87]. Сәуір айында кеңес өкіметі поляк әскерлерін Иранға көшіру жұмыстарын да, Поляк әскеріне шақыру жұмыстарын да тоқтатты.

1942 жылдың 11 – мамырында Кеңес Одағы жеріндегі Поляк әскері штабының бастығы генерал – майор 3. Шишко-Бохуш А.П. Панфиловқа Польша үкіметінің генерал – лейтенант Андерсті КСРО мен Иранда орналасқан Поляк Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы етіп тағайындағанын, сонымен қатар оған Ливия мен Палестинадағы Поляк моторлы корпусына бақылау жасау міндеті де жүктелгенін хабарлап, генерал Андерстің атынан Поляк әскеріне шақыруды тоқтатпау туралы өтініш жасады. « Осыған байланысты генерал Андерстің маған тапсырған бұйрығы бойынша КСРО үкіметінде поляк азаматтарын армия қатарына шақыру және оларды Иранға көшіру жұмыстарының тоқталмауы қажет, - деп жазды 3. Шишко – Бохуш, - Бұл ағылшындардың поляк армиясын жақын арада қару – жарақпен қамтамасыз ету жұмыстарына Иран – Польша әскери корпусы үшін өте тиімді болмақ. Ал осы әскер қатарындағыларды қару – жарақпен, автокөлікпен қамтамасыз ету 20 – мамырда Андерс Лондоннан оралған соң шешілмек. Қазіргі кездің өзінде Кеңес Одағындағы поляк әскерінің саны 40 мыңнан асып отыр. Генерал мырза, Сізден әскерді Иранға көшіру ісіне байланысты жергілікті қиыншылыктарға қарамай аудандық әскери бөлімдерде поляк азаматтарын әскер қатарына шақыру ісінің тоқталмауын сұраймын » [ 88 ].

Генерал Андерс поляк армиясы Қорғаныс Күштері Бас қолбасшысы болып тағайындалғаннан кейін Ирандағы Мешхед қаласында поляк әскері үшін әскери база салу ісін жүзеге асыруға кірісті. Ол осы мақсатпен 1942 жылы 15 – маусымда генерал – майор А. П. Панфиловқа арнайы өз өтінішін білдірді: « Англиядан поляк әскері үшін келетін жүкті ( қару –жарақ, әскери киім – кешек) түсіріп алуға қажетті жабдықтау базасын ұйымдастыру ісіне рұқсат беруіңізді сұраймын. Поляк әскерінің басшылары мен менің пікірім бойынша ең тиімді орын Ирандағы Мешхед қаласы, яғни мұнда Тегераннан темір жол жүргізілген және Захеданнан жүргізілген тас жол арқылы Индиядағы әскери жабдықтар қоймасымен байланыс жасауға мүмкіндік береді. Әскери Базаны оның материалдық жақтарымен жете таныс құрам басқармақ, онда 58 офицер, 763 унтер – офицер және механиктер, қару ісі шеберлері, көлік жүргізушілер сияқты әртүрлі мамандық иелері бар. Генерал мырза, сізден Мешхед қаласында Поляк әскері үшін жабдықтау базасын салуға КСРО үкіметі тарапынан рұқсат алуға көмектесуіңізді сұраймын. ...Сондай-ақ Англиядан Иранға әскери база құрамына бекітіліген офицерлер мен арнайы мамандарға шығыстағы біздің әскери орында жұмыс істеуі үшін арнайы рұқсат құжатын (виза) беруіңізді сұраймын. Олардың аты – жөні тіркелген құжат Мешхед қаласына келгеннен кейін сізге арнайы тапсырылады. Қазірше біздің орталығымыз Ашхабадта болмақ ».

Кеңес Одағында қалып қойған поляк әскерлерінің отбасылары мен басқа да әскерде жоқ поляк азаматтарын қоса Иранға көшіруге рұқсат алу әжептеуір күрделі мәселе болды. Алайда бүл мәселе Ұлыбритания премьер-министрі У.Черчилльдің араласуымен шешілді. 1942 жылы 26 – маусымда Янги – Юльге Г.С. Жуковтан: « кеңес үкіметі КСРО жеріндегі поляк армиясының Орта Азиядан Таяу Шығысқа көшірілуі туралы мәселеге қарсы емес » деген хабар келді. Осы маусым айында Ташкент қаласында біріккен комиссияның поляк әскерін Иран жеріне көшіру туралы арнайы отырысы болып өтті. Мұнда Кеңес Одағынан Иранға көшірілетін поляк әскерлерінің саны оның отбасы мүшелерін қоса есептегенде 70 мың адамнан аспауы керек, көшіру жұмыстары 1942 жылдың 5 – 25 тамызы аралығында жүргізілсін, кеңестік жақтан көлік Красноводскіге дейін барып, ал одан әрі британдық жолмен Иранға жеткізілсін деген шешім қабылданды. У. Черчилль 1942 жылдың 18 – шілдесінде жазған хатында И. Сталиннен поляк әскерлерімен қосыла әйелдер мен балалардың да көшірілуіне қарсы болмауын өтінді: « Премьер Сталин, сіздің жағыңыздан ілтипатгылықпен ұсынылған үш поляк дивизиясының Палестинадағы отандастарына қосылғаны біздің мүдделерімізге сай келетініне мен сенімдімін, ол жерде біз оларды толық қаруландыра аламыз. Олар болашақтағы күресте маңызды рөл атқаратын болады.... Поляктардың жауынгерлік паектің арқасында өмір сүріп жатқан әйелдер мен балалардың әжептеуір бөлігін қоса ала кетуге ниеттенуіне бола Сіз ұсынған және біз жоғары бағалайтын жоба іске аспай қалмайтын шығар деп үміттенемін ». Поляк әскерін Кеңес Одағынан Иранға көшіру жұмыстары 1942 жылдың қыркүйек айында аяқталды. Иранға жалпы саны 104 902 адам, соның ішінде 66 527 поляк офицерлері мен жауынгерлері, 38 375 поляк азаматтары көшірілді [ 89 ]. 1942 жылдың 22 – қазанында КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің Кеңес Одағы жерінде поляк әскерін құруға жауапты өкілі қауіпсіздік майоры Г. С. Жуков Қазақ Кеңестік Республикасының Әскери комиссарына поляк әскерін Иранға көшіру аяқталды деп хабарлады. 23 – қарашада Республикалық әскери комиссариат барлық облыстық комиссарларға: « Поляк әскері мен әскери қызметкерлерінің отбасыларын Кеңес Одағынан Иранға кешіру аяқталды, сондықтан поляк азаматтарына жолжүріс құжатгарын беруге тиым салынады », - деген бұйрық жіберді [ 90 ].

Андерстің әскері Шығыстағы Поляк әскерлерінің бөлімдерімен бірігіп, әуелі « Шығыстағы Поляк әскері », кейіннен 2 – поляк корпусы деп аталды. Кеңес Одағынан келген бөлімдер негізінен Ирактың солтүстік және орталық аймақтарына орналастырылды. Кеңес жерінен келген әскери бөлімдердің қатарында аурулар болғандықтан, бұл жерде де аурудан өлгендер баршылық еді. Генерал В. Андерс басқарған 2 – поляк корпусында 2 жаяу әскер дивизиясы, бронетанк дивизиясы, атқыштар дивизиясы, 3 артиллерия полктары, Карпат кландарының полкы, сапёрлар полкы болды. 1943 жылы бұл 53 мың адамы бар, толығымен моторландырылған корпус болды. 1943 жылдың тамызында корпус Палестинаға ауыстырылды да, жаттығулар өткізді. Осыдан кейін Поляк корпусы Италия жеріндегі шайқастарға қатысты [91].

Польша басшыларының кеңес жерінен Поляк әскерін жылдам алып кетуге ұмтылуының бір ұшығы поляк бөлімдерін жеке – жеке кеңес – герман майданының ең бір ауыр жерлерінде шайқасқа салып, қырып жібере ме деп сескенгендікте жатқан шығар. Шындығына келер болсақ, кеңес жерінде поляк әскерін ұйымдастыру өте ауыр қиындықтармен жүрді, ал кеңес шенеуніктері бұл қиыншылықтарды жоюға аса үлкен жауапкершілікпен қараған жоқ. Генерал Андерстің ойынша, « әскер майданға аттанған күннің өзінде ең нашар, ұйымдастырылмаған жерлерге түсіп, жауынгерлердің көп бөлігінің бірде - бір оқ атпай өліп кетуі » мүмкін еді. Поляк әскерін Иранға көшіру жобасын айрықша табанды түрде ұстанған генерал Андерс еді, оның басты мақсаты Сталиннің уысынан поляк әскерін тезірек алып кету болды. Премьер – министр В. Сикорски де әскерді Кеңес Одағынан Иранға алып шығу поляк әскери тұтқындарын және жер аударылған азаматтарды босатып алуға мүмкіндік береді деп санаған тәрізді. В.Сикорски мен В. Андерстің кеңес жеріндегі түрмелер мен лагерьлерде, арнайы қоныстарда аштықтан, аурудан, азаптан өліп кетуі мүмкін қаншалықты әйелдер мен балаларды Иранға алып кетіп, аман алып қалғанын еске алсақ, бұл шешімге тоқтауы қателік немесе КСРО әскери көмегін бағалай алмаушылық емес, олардың Поляк әскерін Иранға көшіру туралы шешімін қателік немесе Кеңес Одағының әскери көмегін бағалай алмаушылық деп айтуға болар ма екен.

Андерс басқарған Поляк әскерін Кеңес Одағы жерінен Иранға алып кетудің тағы бір себебі Ұлыбритания басшыларының Таяу Шығыстағы мұнайлы иеліктерінің қорғанысын күшейту ниетімен де байланысты. 1941 жылдың тамыз айында У. Черчилль В. Сикорскимен әңгімесінде кеңес жерінде жасақталып жатқан поляк әскери бөлімдерін ағылшындармен байланысты іске асыруға ыңғайлы жерлерге орналастырылса деген ой айтқан еді. Поляк армиясын Кеңес Одағынан тысқары келісімшартына қарама – қайшы келсе де, В. Сикорски соған келісті. Алайда Поляк әскерінің Иранға көшірілуіне ағылшындардың тілегі тікелей себеп болды дей алмаймыз. Өйткені, антигитлерлік одақтың нацистік Германия талқандалғанша берік болып тұруына Ұлыбритания да, АҚШ та, Кеңес Одағы да мүдделі болды, сондықтан У. Черчилль кеңес – поляк қатынастарын бұзуы мүмкін, тіпті кеңес – ағылшын қатынастарына да салқынын тигізуі мүмкін әрекетке барар ма еді? Осы жерде тағы да И.Сталиннің аса айлакерлігі, ақылдылығы, көрегендігі және өз мақсаттарына жету жолындағы табандылығы еске түседі. Ол өзінің алдағы әрбір қадамын алдын – ала есептеп, әрбір сөзін белгілі бір мақсатпен айтатын адам. Егер Андерс әскері Иранға кеткеннен кейін кеңес үкіметінің жылдам арада жаңадан поляк бөлімдерін құрып, оны жақсы қаруландырып, Кеңес Одағына жақсы көзқарастағы поляк офицерлеріне басқартып, майданға аттандырғанын еске алсақ, сонымен қатар Польшаның жерінде коммунистік топтардың басқаруындағы « Армия Людово » деп аталған бөлімді кұру, ақыры соғыстан кейін Польшаны социалистік лагерьге қосып алу сияқты ірі қадамдардың барлығы сонау 1942 жылы жоспарланбағанына кім кепіл ?

Поляк әскерінің осылайша кеңес – герман майданына катыспай Таяу Шығысқа көшірілуі Кеңес Одағы мен Лондондағы поляк үкіметінің арақатынасын біршама нашарлатып жіберді. Польша үкіметі 1942 жылдың 27 – тамызында КСРО елшісіне ұсынған үндеуінде кеңес жерінде Поляк әскерін құрудағы қиындықтарға байланысты жәйттердің барлығына Кеңес үкіметін айыптады, қарудың болмауынан, әскерді жабдықтаудың нашарлығынан поляк дивизиялары салдарынан майданға бармай қалды деп тұжырымдады. Ал бұған кеңес жағы 1942 жылы 31 – қазанда берген жауабында поляк әскерін құру жұмыстарына байланысты кеңес үкіметі қолынан келген барлық жағдайды жасады, 1941 жылғы 30 – шілдедегі кеңес – поляк келісімшартының талаптарына сай міндеттерін орындады, ал материалдық және азық – түлік қиындықтары кеңес – герман соғысына байланысты шешілмей қалды, ал поляк басшылары кеңес жерінде жасақталған әскери бөлімдерді майданға аттандыруды үнемі кейінге калдырып отырды деген айыптар тақты. Сонымен поляк әскерінің Кеңес Одағынан көшірілуі кеңес – поляк қатынастарын дағдарысқа ұшыратса да, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың үзілуіне жол бермеді.

Поляк тарихшыларының бірқатары Кеңес Одағындағы Поляк әскерін Иранға көшіру үлкен дипломатиялық қателік болды деп санайды. Біздің ойымызша, қателік екі жақтан да болды. Кеңес өкіметі Поляк әскерін құруға келіскеннен кейін әскер бөлімдерін жасақтауға көбірек көңіл бөліп, 1939 жылғы тамыз – қыркүйектегі Польшаға жасалған әділетсіздікті еске ала отырып, поляктармен тіл табысуға барлық мүмкіншіліктерді пайдалануы керек еді. Алайда Поляк әскерін Иранға 1942 жылы алып кетпесе де, 1943 жылғы Катынь мәселесіне байланысты кеңес – поляк қатынастарының бұзылуы бәрібір болмай қалмас еді.

Қазақстанның облыстық әскери комитеттері Андерс әскері Иранға көшірілгеннен кейін де поляктарды әскерге шақыруды және еріктілерді қабылдауды тоқтатқан жоқ. 1942 жылдың 11 – маусымында республиканың Әскери комиссариаты барлық облыстық әскери комиссарларға құпия жеделхат жіберді. Онда Орта Азия Әскери округының немесе Республикалық Әскери комиссариаттың арнаулы бұйрығы шыққанға дейін поляктарды әскерге шақыруды тоқтата тұру бұйырылды [ 92 ].

Андерстің әскерімен бірге Иранға кетпей Кеңес Одағында қалып қойған офицерлер 1943 жылдың 15 – наурызынан бастап Ванда Василевская басқарған Поляк патриоттарының одағына ( Zwiazek Patriotow Polskich ) кірді.

1943 жылдың 6 – мамырында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің « Тадеуш Костюшко атындағы 1 – поляк жаяу әскер дивизиясын құру туралы » бұйрығы ( № 3294 ) шықты. Дивизияның қолбасшысы болып полковник Зыгмунт Берлинг тағайындалды. 13 – мамырда Қазақстанның Республикалық әскери комиссариаты барлық облыстық комиссарларға құпия бұйрық жіберді. Бұйрык бойынша:

1. 1943 жылдың 15 – мамырынан 5 – маусымына дейін барлық бұрынғы поляк азаматтары әскерге шақырылсын:

а) 50 жасқа дейінгі жэне 50 – ді қоса барлық жоғарғы және орта басшылық құрам;

б) 45 жасқа дейінгі жэне 45 – ті қоса барлық кіші басшылық құрам;

в) 18 – 40 жас аралығындағы қатардағы құрам...

2. Осы ретпен Ішкі істер халық комиссариатына қоса барлық халық комиссариаттарының құрылыс батальондары мен құрылыс колонналарындағы бұрынғы поляк азаматтары шақырылсын...

3. Ұлты поляк емес бұрынғы Польша азаматтары, сондай – ақ КСРО жергілікті тұрғындары – поляктар да еріктілік негізінде Поляк бөлімдеріне жіберілсін. Ерікті түрде поляк әскеріне барғысы келмегендер жұмысшы колонналарына жіберілсін.

4. Шақыру науқанын жүргізген кезде шақырылғандарға мынаны түсіндіруу қажет:

а) олар КСРО жерінде жасақталатын поляк бөлімдеріне жіберіледі;

б) поляк бөлімдеріне шақырылғандардың отбасылары Қызыл Әскер қатарындағылар үшін берілетін барлық жеңілдіктерді пайдаланатын болады.

7. Жасақталатын поляк әскерін қылмыстық жау элементтерден қорғау үшін бұрынғы поляк азаматтарын әскерге шақырғанда НКВД мекемелерімен тығыз байланыс жасау қажет...

8. Барлық қорларды толық анықтауды ескере отырып, шақыру жұмысы 25 – мамырдан кешіктірмей толық аяқталуға тиісті. Шақырылғандар Ленин темір жолының Дивово бекетіне, Селецк лагеріне жіберілсін... [93].

Мамыр айының ортасында Рязань түбінде Селецк әскери лагерінде 1 – поляк жаяу әскер дивизиясын құру басталды. 1943 жылдың 19 – шілдесіндегі мәлімет бойынша, Қазақстан жерінен жоғары басшылық құрамға 2106 поляк азаматы шақырылды, олардың ішінде жоғарғы басшылық құрамына жататындар үшеу – ақ болды [94].

Дивизияны жасақтаудағы күрделі мәселе оны офицерлермен жабдықтау болды. Офицерлерді кіші басшылық құрамнан жылдам арада әскери курстар мен мектептерде оқыту арқылы дайындады. 12 – шілдеде Қазақстаннан шақырылған 100 поляк азаматы Рязаньдағы жаяу әскер офицерлерін дайындайтын мектепке жіберілді. 1943 жылдың 4 – қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, 1350 адам шақырылып, медициналық тексеруден өткен соң оның 847 – сі әскерге алынды, сержанттар қатарынан 125 адам офицерлік мектепке жіберілді [95]. Кеңес үкіметі ендігі жерде поляк әскерінің жасақталуына айрықша мән берді. 1943 жылдың қыркүйек айында поляк әскеріне шақыру мәліметтерін Қазақстанның Әскери комиссариаты орталыққа күн сайын хабарлап отырды. Поляк әскеріне адам жетіспеушілігінің салдарынан кеңес өкіметі жазалап, түрмелерде отырған поляк азаматтарын әскерге шақыруға мәжбүр болды. Қазан – желтоқсан айларында Қарағанды, Павлодар түрмелеріндегі поляктардың тізімі жасалып, олар түрмелерден босатылған бойда әскерге жіберілді [96].

Наши рекомендации