Бап. Мемлекеттік тіркеу жүргізілгенін куәландыру
1. Электрондық тіркеуді қоспағанда, тіркеуші орган жүргізілген тіркеуді тіркеуге ұсынылған құқық белгілейтін құжатта жазба жасау арқылы куәландыруға міндетті.
1-1. Электрондық тіркеу тіркеуші органның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған, тіркеу жүргізілгені туралы хабарламаны бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге, сондай-ақ бар болған кезде – мәмілеге қатысушылардың электрондық мекенжайларына және олардың «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинеттеріне жөнелту арқылы расталады.
2. Тіркеуші орган өтініш берушіге құқықтарды тіркеу тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж және өзге де тұтыну кооперативтерінде толық көлемде пай жарнасын енгізу туралы құжаттар негізінде жүзеге асырылған жағдайларда жылжымайтын мүлікке меншік құқығы (өзге де заттай құқық) туралы куәлік беруге міндетті.
Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 № 15-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Бап. Тіркеуші органның тіркеу ісіндегі құқық белгілейтін немесе өзге де құжаттарды жоғалту (бүлдіру) және тіркеу жазбаларын жою (бүлдіру) кезіндегі өкілеттіктері
1. Егер тіркеу ісінде сақталатын құқық белгілейтін немесе басқа да құжаттар бүлінген немесе жойылған болса, тіркеуші орган көрсетілген құжаттарды барлық жол берілетін тәсілдермен, оның ішінде қажетті құжаттарды құқық иелерінен, оларды шығарған мемлекеттік органдардан талап ету арқылы қалпына келтіре алады. Жоғалған құжаттарды құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінен алуға жол беріледі.
2. Қағаз жеткізгіштерде толтырылған тіркеу парақтары жоғалған (бүлінген) кезде жоғалған парақ бойынша мәліметтер құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінен және (немесе) тіркеу ісінде сақталатын материалдардан қалпына келтірілуі мүмкін.
Бап. Құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру
1. Құқықтық кадастрда тіркеу соның негізінде жүргізілген жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың түпнұсқасы (куәландырылған көшірмесі) жоғалған немесе бүлінген жағдайларда құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру көрсетілген құжаттың тіркеу ісінде сақталатын көшірмесінен телнұсқа беру арқылы жүргізіледі.
Егер тіркеу ісінде электрондық құжаттың тек қағаздағы көшірмесі болса, құқық белгілеуші құжаттың телнұсқасын нотариус береді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда жоғалған немесе бүлінген құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесінің) күшін жою уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 № 15-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Тарау. ЖЕКЕЛЕГЕН ҚҰҚЫҚ ТҮРЛЕРІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Бап. Мемлекеттік тіркеусіз танылатын бұрын туындаған құқықтарға қатысты ауыртпалықтарды өзгертуді, тоқтатуды немесе белгілеуді мемлекеттік тіркеу
1. Құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеусіз туындаған деп танылатын жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) өзгертуді, тоқтатуды немесе бұрын туындаған құқықтарға қатысты ауыртпалықты белгілеуді мемлекеттік тіркеуден осындай құқықты (құқық ауыртпалығын) тіркеудің болмауына байланысты бас тартуға болмайды.
2. Иеліктен айыру немесе өзге де заңдық фактілердің пайда болуы нәтижесінде бұрын туындаған құқық ауысқан кезде бұрын туындаған құқықтың туындауы және оның тоқтатылуы туралы жазба сатып алушыда құқық туындауын тіркеумен бір мезгілде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (оның уәкілетті өкілі), осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тіркеуші органға жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықты (құқық ауыртпалығын) растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс. Көрсетілген құжаттар құқық (құқық ауыртпалығы) туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Бұрын туындаған құқықтың құқық иесі (уәкілетті өкіл) тіркеуші органға мемлекеттік тіркеусіз танылатын осындай құқыққа бұрын туындаған ауыртпалықтар туралы жазбаша түрде мәліметтер ұсынуға тиіс. Осындай ауыртпалықтарды растайтын құжаттар болған кезде олар туралы жазба тіркеу парағында бұрын туындаған құқықтар туралы жазба тәріздес тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Соттардың, құқық қорғау, өзге де мемлекеттік органдардың шешімдері бойынша жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарға қатысты белгіленетін ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу мақсатында және құқық иесінің ерік білдіруінсіз ауыртпалық салынған өзге де жағдайларда тіркеуші орган құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлік объектісі, оның құқық иесі туралы қандай да бір ақпарат болмаған, ал өтініш берушінің бұрын туындаған құқықты растайтын құжаттарды ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайларда субъектілік белгі бойынша ақпараттық базаны жүргізеді.