Йрықтылар отряды - Urodela, не Caudata
Қазіргі кезде тіршілік ететін 280-ге жуық түрлерді біріктіреді. Ерекшеліктері-басы ұзынша келген кеудесіне білінбей ұласады, барлық уақытта құйрығы болады; алдыңғы және артқы аяқтарының мөлшері шамалас; кейбіреулерінде аяқтары нашар дамыған, ал сирендерде артқы аяқтары жойылған. Денесі мен құйрығын жылантәрізді иреңдетіп жорғалайды не жүзеді. Көпшілігі сулы ортада тіршілік етеді. Солтүстік жарты шарда көптеп тараған. Австралияда жоқ, Африкада небәрі 4 түрі, Оңтүстік Американың терістігінде бірнеше түрлері ғана кездеседі. Көбіне, құйрықты қосмекенділер таулы аудандарда тараған. Отрядқа 5 отряд тармағына бірігетін 8 тұқымдас жатады.
Жасырынжелбезектілер (Cryptobracnchoіdea) отряд тармағы.Қарапайым құрылысты құйрықты қосмекенділер жатады. Ерекшеліктері: омыртқасы-қосойысты (амфицельді), сырттай ұрықтанады. 2 тұқымдасқа бөлінеді. Жасырын желбезектілер (Cryptobranchіdae) тұқымдасына 2 ғана түр жатады: Шығыс Қытай мен Жапонияның тау өзендерінде мекендейтін дене тұрқы 160 см-ге жететін алып саламандра (Megalobatrachus japonіcus) және Солтүстік Американың оңтүстік-шығысындағы тау өзендерінде тіршілік ететін дене тұрқы 70 см-ге жететін жасырын желбезекті (Cryptobrachus alleghanіensіs). Бұрыштістілер (Hynobііdae) тұқымдасына дене тұрқы 8-15 см-дей тритонға ұқсас Шығыс Азияда тараған 25-28 түр жатады. Таулы жерлердегі су қоймаларында мекендейді. Солтүстік Орал тауларынан бастап Камчатка, Сахалин және Солтүстік-Шығыс Қытайға, соның ішінде Солтүстік Қазақстанда да, жағалауларында орман өскен су қоймаларында сібір бұрыштістісі (Hynobіus keyserlіngі) кездессе, Жоңғар Алатауының өзендерінде Жетісу бақатісі (Ranodon sіbіrіcus) тараған. Соңғысы Қызыл кітапқа тіркелген.
Амбистомалықтар (Ambіstomatoіdea) отряд тармағы. Солтүстік және Орталық Америкада тараған құрамында 28-30 түр бар бір ғана тұқымдас - Амбистомалар (Ambіstomatіdae) тұқымдасы - жатады. Ең кең тараған және көпшілікке белгілі жолбарыстүсті амбистома (Ambіstoma tіgrіnum). Көптеген амбистомалардың сулы ортада тіршілік ететін дернәсілдері - аксолотльдер жыныстық жолмен көбеюге қабілетті. Осындай жолмен көбею-неотения-басқа да құйрықты қосмекенділерге де тән құбылыс.
Миантес (Meantes) отряд тармағына дене тұрқы 35-70 см болатын Солтүстік Американың оңтүстік-шығысында тараған 3 түрді біріктіретін бір ғана тұқымдасы - Сирендер (Sіrenіdae) жатады. Бұлардың ерекшелігі - өте кішкентай, нашар дамыған алдыңғы аяқтары ғана болады; өмір бойы қауырсын не шашақ тәрізді сыртқы желбезектері мен желбезек саңылаулары сақталған. Желбезектері және жақсы дамыған өкпелері арқылы тыныс алады; Батпақты жерлерді мекендейді.
Протейліктер (Protoeіdea) отряд тармағына екі неотениялық дернәсілдер, бұлар мүмкін жойылып кеткен саламандралардың дернәсілдері де болуы мүмкін, жататын бір ғана тұқымдас- протейлер (Proteіdae) бірігеді. Еуропа протейі (Proteus anguіnus) бұрынғы Югославия территориясында, жер-асты су қоймаларында тіршілік етеді. Қызыл түсті ұзынша келген (25-30) денесінде әлсіз 3 саусақты алдыңғы және 2 саусақты артқы аяқтары болады. Басының екі жағында үш жұп шашақты (қауырсын) тәрізді сыртқы желбезектері болады. Америка протейі (Necturus maculosus) Солтүстік Американың шығысындағы салқын су қоймаларында мекендейді. Жыл бойы белсенді. Төменгі температурада мұз болып қатып, ол еріген кезде тіріледі.
Саламандралықтар (Salamandroіdea) отряд тармағы үш тұқымдасты біріктіреді. Амфиумдер (Amphіumіdae) тұқымдасына Солтүстік Американың оңтүстік шығысындағы көлдер мен батпақтарда мекендейтін бір ғана түр - амфиум (Amphіum means) жатады. Жылан тәрізді денесінің ұзындығы 80-100 см-ге жетеді. Ересектерінде сыртқы желбезектері жойылып, тек бір жұп қана желбезек тесіктері сақталған, өкпелері дамыған. Омыртқалары - қос ойысты. Көп ерекшеліктері нағыз саламандраларға сай келеді, бірақ өмір бойы дернәсілдік белгілері сақталады. Нағыз саламандралар (Salamandrіdae) тұқымдасы 40-қа жуық түрді біріктіреді. Ерекшеліктері: қабақтары жақсы жетілген; омыртқалары опистоцельді (дөңес-ойысты), ересектерінде өкпелері жұмыс жасайды. Сыртқы желбезектері жойылған, желбезек тесіктері біте бастаған; іштей ұрықтанады. Еуропа, Азия, Солтүстік Африка мен Солтүстік Америкада тараған. Дене мөлшері орташа, 10-25 см. Көптеген саламандралар (қызыл- Salamandra salamandra, қара- S.atra және басқалары) тау өзендерінің жағалаулары мен ылғалды тау ормандарында мекендейді; көптеген түрлері- жұмыртқа салып тірі туатындар немесе тірі туатындар. Тритондар (кәдімгі- Trіturus vulgarіs, айдарлы - T.crіstatus және басқалары) белсенді тіршілігінің ұзақ мерзімін сулы ортада өткізіп, қыстау үшін құрлыққа шығады. Қазақстанда кәдімгі тритон ғана мекендейді.
Өкпесіз саламандралар (Plethodontіdae) тұқымдасы, ең көп, 175-ке жуық түрлерді біріктіреді. Бұларға тән ерекшеліктер: өкпелері жойылған және қос жүрек құлақшасының ортасындағы перденің дамымағанына байланысты қан айналудщың кіші шеңбері болмайды. Омыртқалары-опистоцельді, бірен-сарандарында-амфицельді. Кейбір түрлері сулы ортада, тау өзендерінде тіршілік етсе, басқалары үңгірлер мен ылғалды ормандарды мекендейді. Көпшілік түрлері Солтүстік Америкаға тән, аздағандары Оңтүстік Америкада кездеседі. Тек үңгірлік саламандралардың 2 түрі ғана оңтүстік Еуропада тараған.