Тақырыбы: Арам шөптер және олар туралы түсінік
Лекция жоспары:
1.Арам шөптердің келтіретін зияны, биологиялық ерекшеліктері.
2.Көбею мен таралу жолдары. Классификациясы. Арам шөптердің егіске таралу жолдары.
Қолданылатын әдістер:Лекция-консультация,сұрақ-жауап-талдау.
Лекция мәтіні:Ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлерде өздігінен өсіп, көптеген зиян келтіретін өсімдіктерді арамшөптер деп атайды. Арамшөптер тек жыртылған жерлерде ғана емес, сонымен қатар, жайылымдар мен шабындықтарда да кездеседі. Бұл жерлерде арамшөптерге улы, малдар жеуге жарамсыз ірі сабақты өсімдіктерді жатқызады. Егер бір ауылшаруашылық дақылдарының арасында басқа мәдени өсімдіктер кездессе, оларды арамшөп қоспасы дейді. Айталық, бидай егісінің ішіндегі арпа, сұлы немесе тағы басқа мәдени дақылдар арамшөптер қоспасы болып есептеледі. Тіпті, бидай егісінде бір сорттың ішінде басқа сорт өкілдері кездессе, олар да арамшөп қоспасы болып есептеледі.
Кейбір арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарының өсу жағдайына соншалықты бейімделген, яғни, оларсыз тіршілік ете алмайды. Олардың мәдени өсімдіктерге бейімделгені соншалық, тіпті даму кезеңдері, тұқым көлемі (ені, ұзындығы) бірдей. Мысалы, күздік дақылдар ішіндегі қарабидай арпабасы, күріш егісіндегі күрмек, тағы басқалар. Сондықтан оларды бейімделген немесе айырылмас серіктес арамшөптер деп атайды. Арамшөптердің ауылшаруашылыц өндірісіне тигізетін зияндары. Арамшөптер — егіншіліктің ең басты жауы. Кейінгі кезде ірі кеңшарлар мен ұжымдық шаруашылықтар ыдырап, олардың орындарына пайда болған кішігірім шаруашылықтарда агротехникалық шаралардың бұзылуына, яғни ауыспалы егістердің жойылуына, гербицидтердің қолданылмауына, жердің дұрыс өңделмеуіне және толық пайдаланылмауына байланысты республикада ауылшаруашылық дақылдарының егістігінде арамшөптердің көбейіп кеткендігін зерттеулер көрсетіп отыр.
Мысалы, Қазақ өсімдік қорғау ғылымизерттеу институтының деректеріне қарағанда (Ю. Гештонт), 1996 жылғы зерттеу мәліметі бойынша, тексерілген жердің 18 млн. 245 мың гектары немесе 81,4 пайызы арамшөптермен ластанған болып шықты. Оның ішінде атпа тамырлы арамшөптер үлесіне 7848,6 мың га (41,2 пайыз) тиеді. Әсіресе, республиканың астықты солтүстік облыстарында қарасұлы, атпа тамырлы арамшөптер кең өріс алған. Олармен зерттелген егістік көлемінің 3,3 пайызы, немесе 605,4 мың гектар егістік ластанды. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағында да арамшөптер аз кездеспейді. Е.М. Зенкованың зерттеуіне қарағанда, тек Алматы облысында ғана жарты миллион гектардан астам егістік жерлерде арамшөптер басым өседі.
Көптеген арамшөптердің тамырлары топыраққа терең бойлап өседі. Сондықтан олар тіпті терең қабатта жатқан ылғалды, қоректік заттарды жақсы пайдаланады. Тамыр жүйелерінің күшті дамуына байланысты, арамшөптер өздерінің өсіп-өнуіне ылғалды мөдени өсімдіктерге қарағанда өлдеқайда көп жұмсайды. Бұған арамшөптер мен ауылшаруашылық дақылдарының транспирациялық коэффициенттерін салыстыру арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, бидай 1 грамм құрған зат құруы үшін 400 грамм, тары 250 грамм ылғал жұмсаса, ал осы астық тұқымдастарына жататын қарасұлы 600 грамм ылғалды керек етеді, яғни ылғалды бидайға қарағанда 1,5 есе, ал тарымен салыстырғанда 2,4 есе көп жұмсайды.
Жылдық жауын-шашын қорының бестен бір бөлігінен астамы арамшөптердің өніп-өсуіне жұмсалады. Міне, сондықтан да арамшөптермен күрес — ол ылғал үшін күрес. Арамшөптер қоректік заттарды көп мөлшерде пайдаланғандықтан, топырақтың құнарлылығын төмендетеді. Мысалы, жаздық бидайдың өнімі 25 центнер болғанда, ол әр гектардан 95 кг азот, 29,2 кг фосфор және 45 кг калий алса, ал осы астық тұқымдасына жататын жатаған бидайық арамшөбі тек қана 15,5 центнер өнім құрау үшін бір гектардан 48 кг азот, 31 кг фосфор және 68 кг калийді пайдаланады. Егістік қалуенінің 36 центнер көк балауса түзу үшін жұмсаған қоректік заттары әрбір гектар жерден 31,8 центнер күздік бидай немесе 250 центнер қант қызылшасын өндіруге жетер еді. Арамшөптер тек топырақтың қоректік заттарын ғана емес, сонымен бірге, қолдан берілетін минералдық тыңайтқыштардың 30-35 пайызын пайдаланады.
Ауылшаруашылық дақылдары мен арамшөптердің арасында тек ылғал мен қоректік заттар үшін ғана емес, сонымен бірге, жарық үшін де күрес жүреді. Биік өсетін арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарын көлеңкелеп, өсімдік жапырағында жүретін фотосинтез процесін баяулатады, осының салдарынан органикалық заттардың түзілуі төмендейді, яғни өнім азаяды. Сондай-ақ , арамшөптер топырақтың беткі қабатының температурасын 2-4 °С-қа төмендетеді. Осының өсерінен себілген тұқым көпке дейін өнбей, топырақта жатып қалып шіруі немесе әр түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Осының салдарынан дәннің егістік өнгіштігі төмендейді, яғни өнім азаяды. Сонымен қатар, кеш көктеп шыққан өсімдіктің вегетациялық кезеңі ұзарып, күзде кеш піседі. Бұл, әсіресе, жазы қысқа, күзі ерте түсетін Қазақстанның солтүстік облыстары үшін өте қауіпті жағдай.
Арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарының зиянкестері мен ауру қоздырғыштарының тіршілік ететін және оларды тарататын мекені болып табылады. Мысалы, қант қызылшасының зиянкесі қант қызылшасы бізтұмсығының мекені алабота болса, ал егістік шырмауықта шабындық көбелек дамып, ол кейіннен мәдени өсімдіктерге зиян келтіреді. Кейбір арамшөптердің жемістері, тұқымдары улы болып, адамдарды жөне малдарды уландырады (қырық-буын, сарғалдақ, қара меңдуана, үйбидайық, кәдімгі қарамықша), ал кейбір арамшөптердің жағымсыз иісі малдардан алынатын өнімдерді бүлдіреді. Мысалы, ермен, жуа сүтке ащы дәм береді. Жекелеген арамшөптердің гүл тозаңдары адамдарда аллергия ауруын тудырады. Мәселен, жусан жапырақты ойраншөп тозаңдары пішен қыздырмасын қоздырады. Арамшөптер жөне олардың тамырлары ауылшаруашылық машиналары мен жер өңдеу құралдарының кедергісін 30 пайызға дейін арттырады, осының нәтижесінде жанар-жағармайдың шығыны көбейеді. Мысалы, арамшөбі басым 1 гектар жерді өңдеуге 28,7 кг жанармай жұмсалса, ал арамшөбі аз осындай жерге 17,6 кг жанармай кетеді. Ошаған, қарасұлы және басқа арамшөптер тікенектері және қылқандары арқылы жануарларға зақым келтіріп, олардан алынатын өнімдердің, әсіресе жүннің сапасын төмендетеді.
Арамшөптер басым болған алқапты бірнеше рет өңдеуге тура келеді, ол топырақтың үгітілуіне және ылғалдың тез буланып ұшып кетуіне әкеліп соқтырады, Жел эрозиясы қаупі бар және жауын-шашын мөлшері аз Қазақстан аумағы үшін бұл — өте зор зиян. Арамшөптер ауылшаруашылық дақылдарының өнімін күрт төмендетеді. Мысалы, республиканың астықты Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында әр жылы орта есеппен тек қарасұлының кесірінен 175 млн. пұт астық кем жиналады. Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтарында арамшөптер жаздың бидай өнімін әр гектардан орта есеппен 3,8 центнерге кемітеді. Арамшөптер ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін 79,3 пайыздан (жаздық бидай) 88,3 пайызға дейін (мақта) төмендететіндігін көрсетіп отыр.
Мәдени өсімдіктерге қарағанда арамшөптер тез дамып, ылғалды және қоректік заттарды әлдеқайда көп жұмсайды. Жоғары қабатта өсетін арамшөптер мәдени өсімдіктерді көлеңкелеп, олардың жапырағында жүретін фотосинтез үрдісін баяулатады, ауыл шаруашылық машиналардың жұмысын нашарлатып, олардың сынып қалуына себеп болады. Арамшөптердің тұқымдары астық дәндерінің ылғалдылығын көтеріп, олардың қызуына және бүлініп кетуіне жағдай туғызады. Арамшөптер ауыл шаруашылық дақылдарының зиянкестері мен ауруларының тіршілік ететін және олардың тарайтын орны болып табылады. Кейбір арамшөптердің жемістері мен тұқымдары өнімнің сапасын төмендетеді. Ащы жусан астыққа жағымсыз иіс берсе, , қыздырма үйбидайық, қара меңдуана араласқан дән улы болады. Көптеген арамшөптердің гүл тозаңдары адамдардың аллергия ауруларын қоздырады. Мысалы, ащы жусан мен жусан жапырақтары арамшөптің тозаңдары безгек ауруын қоздырады. Ошаған, қара сұлы өздерінің тікенектері мен қылқандары арқылы малға жабысып, зақымдайды, олардан алынатын өнімдерді кемітеді, әсіресе жүн сапасын төмендетеді.
Арамшөптердің биологиялық еркшеліктері.
1. Арамшөптердің өсімталдығы өте жоғары. Академик А.И.Мальцевтің деректері бойынша көкпектің бір өсімдігі 100 мыңға дейін, гүлтәжі 500 мыңға дейін, сарыбас қурай 730 мыңға дейін тұқым шашады.
2. Арамшөптердің тұқымдарының бірден қаулап өнбеуі және біркелкі піспеуі: мәселен, кәдімгі қара сұлы мен ақ алабұтаның тұқымдарының өнгіштігі 3 жылға дейін сақталады. Себебі, олардың тұқымдарының бірден бір жылдан кейін, екі жылдан кейін өнетін 3 түрінің (полиморфизм) болуына байланысты.
3. Көптеген арамшөптердің тұқымдарының сол аймақта таралуға мүмкіндік туғызатын құрылымдары болады. Мысалы, арамшөптердің тұқымы өздерінің тікенектері, қылтықтарының көмегімен таралады, (қалуендер, бақбақ ұшпа ұрықтары, кәдімгі кәріқыздың,ошағанның ілгіштері болады). Желдің әсерінен тамырынан үзіліп, танаптарда дөңгелеп бара жатқан қаңбақ тұқымдарын жерге шашады.
4. Кейбір арамшөптердің тұқымдары топырықта бірнеше жыл өнгіштіктерін сақтайды: қара сұлуы, ақ алабұта, далалық ярутка 5-7 жыл, кәдімгі жұмыршақ, дымқыл жұлдызшөп 30 жыл, бұйра қымыздық 50 жылға дейін.
5. Көп жылдық арамшөптер вегетативтік жолмен көбейеді: атпатамырлы (дала шырмауығы, қалуендер), тамырсабақты (жатаған бидайық) өсімдіктер.
6. Көптеген арамшөптер ауа райының қолайсыз жағдайына ауыл шаруашылығы дақылдарына қарағанда төзімдірек келеді.
Арамшөптерді жіктеу және олардың кең тараған түрлері. Қазақстанда 300-ге жуық арамшөп түрлері кездеседі. Арамшөптерді жіктеу негізіне бірнеше белгілері алынған: өсімдіктердің қоректену әдісі, тіршілік ұзақтылығы, көбею тәсілі. Қоректену тәсілі бойынша тоғышар, жартылай тоғышар және тоғышар емес арамшөптерді ажыратады. Тіршілігінің ұзақтығы бойынша 2 топқа бөлінеді: біржылдықтар, көпжылдықтар. Біржылдықтар тіршілік үрдісі 1 жылдан 2 жылға дейін созылады. Олардың өскіндерінің пайда болуы және өсіп даму кезеңдерінің ұзақтығына қарай бұлар эфемерлер, жаздың ерте, жаздық кеш, қыстаушылар, күздік және екі жылдықтар деп бөлінеді.
ЭФЕМЕРЛЕРГЕ өсу даму кезеңдері өте қысқа (1,5-2 ай) өсімдіктер жатады. Бір маусымда олар бірнеше ұрпақ бере алады (жұлдызшөп, у таспа, сеппе көкнәр). Жаздық ерте арамшөптер көктемде ерте көктейді және жинағаннан кейін немесе солармен бір мезгілде пісіп жетіледі. Осы топтың ішіндегі ең зияндысы — қара сұлы. Бұдан басқа өкілдері ақ алабұта, кенеп шөп, қара құмық, жабайы шомыр, дала қышасы. Жаздық кеш пісетіндер топырақ әбден жылыған (10-12°С) кезде көктейді. Мәдени дақылдармен бір мезгілде пісіп жетіледі. Негізгі өкілдері — кәдімгі гүлтәжі, арам кенепшөп, мысық құйрық, итқонақ, т.б. Қыстайын арамшөптер. Бұлардың дамуы жаздық, сондай-ақ күздік түрде өте алады, көктемгі өскіндері жаздық сияқты дамиды, яғни күзде жеміс береді, сосын солады. Кеш шыққан өскіндері кез келген кезеңінде қыстап шығады да, келесі жылы өсіп-дамуын жалғастырады.
Күздік арамшөптер. Олар өздерінің дамуы үшін қысқы маусымның төменгі температурасын қажет етеді. Өскіндерінің пайда болу мерзіміне қарамай, өсімдіктері қыстап шығады да, келесі жылдың жазында ғана жеміс береді. Күздік мәдени дақылдармен бірге өседі және тұқымдары бір мезгілде пісіп жетіледі. Өкілдері: қара бидай арпабасы, далалық арпабас.
Екі жылдық арамшөптер. Өздерінің даму тіршілігін екі жылдың ішінде аяқтайтын өсімдіктер. Бірінші жылы тамыр жүйесі мен дегелек жапырақтары қалыптасады. Бұл топтың өкілдері — қара меңдуана, ақ және сары түйе жоңышқа, кәдімгі кәріқыз, т.б.
Көп жылдық арамшөптер. Олар бірнеше жыл өседі, қыста топырақ бетіндегі мүшелері ғана өледі, ал тамыры қыстап шығады да келесі жылы өсуін жалғастырады. Көп жылдық арамшөптерді тамыр жүйесіне қарай мынадай топтарға бөледі: атпатамырлы арамшөптер, көбінесе тамыр атпалары деп аталады. Олар тұқымдары арқылы және тамыр өскіндерімен көбейе алады. Негізгі өкілдері — далалық шырмауық, егістік қалуен, жатаған у кекіре, кәдімгі сиякөк, талшықты сүттіген, т.б.
Кіндіктамырлы арамшөптер. Негізгі кіндік тамыры бар өсімдіктер. Бұл топқа кәдімгі бақбақ, ащы жусан, бұйра қымыздық, т.б. жатады.
Тамыр жүйесі шашақты арамшөптер. Бұл биологиялық топтың өкілдерінің тамыр жүйесі шашақты болады және арнаулы вегетативтік көбею мүшелері болмайды. Бұларға үлкен бақажапырақ, күйдіргі сарғалдақ жатады.
Баданалы және түйнекті арамшөптер. Олардың негізгі көбею мүшелері түйнектер мен баданалар (бас жуа, бақшалық жуа, түйнекті әйкен, түйнекті әрем, батпақ қайызғақшөп, т.б.)
Тамырсабақты (көген тамырлы) арамшөптер. Негізінен тамыр сабақтарымен вегативтік жолмен көбейеді (көгентамырлы бидайық, бұтақты бидайық, құмай, қарашағыр).
Кейбір арамшөптер улы болады, адамдар мен малдарға үлкен қауіп туғызады, әсіресе жануарларға көп қауіп туғызады. Себебі олар жемшөппен бірге түсуі мүмкін. Өсімдік түгелдей (меңдуана, сасық мендуана) тұқымдары (арам шытырмақ, сарыбас қурай) улы болып келеді. Улы арамшөптердің қатарына кәдімгі қарамықшы қыздырма у бидайық, жатаған у кекіре, сарғалдақ, қара меңдуана, жусан жапырақты ойраншөп, т.б. жатады.
Карантинді арамшөптер. Арамшөптердің бұл түрлерінің таралу мүмкіндіктерін шектейтін ерекше шаралар қолданылады. Карантинді арамшөптердің қатарына арамсаяудың барлық түрлері, жатаған у кекіре, жусанжапырақты ойраншөп, үштармақ ойраншөп, т.б. жатады.
Егіннің, топырақтың, өнімнің арамшөптермен ластануын есептеу әдістері, Танаптардағы арамшөптерді есепке алудың төрт тәсілі болады: көзбен шамалау, сандық, сандық-салмақтық және қашықтан немесе жоғарыдан шамалап анықтау әдістері. Онда ұшақтан, тік ұшақтан видеожазу немесе ғарыштан егістер түсіріледі де, дайындалған жадығаттар жерде өңделеді. Танаптардың ластануын тексеру үшін егістікті бір немесе екі диагоналы бойынша өту керек. Танапты тексеріп шыққаннан және ластану жөніндегі толық түсінік қалыптасқаннан кейін, А.И.Мальцев ұсынған 4 балдық жүйемен бүкіл танаптың ластануын анықтайды. Танаптың ластануын санау әді сімен анықтау үшін оның ұзын қиғашы бойынша жүріп отырып, бірдей қашықтықтан соң аумағы 0,25 шаршы метр (50х50см) есептеу кәсекті салып есептеу жүргізеді.
Ауданы 100 гектардан артық танаптарда 20 қайталаныммен есептеу жүргізіледі. Ол үшін кәсектің ішіндегі арамшөптердің әртүрін бөлек санап есептеп дәптерге жазады. Анықтаушыға белгісіз арамшөптерді бөлек көрсетеді. Ластану деңгейі мына шкаламен анықталады: 1 балл 5 арамшөпке дейін; 2 балл 5-тен 15-ке дейін, 3 балл 16-дан 50-ге дейін; 4 балл 51-ден 100-ге және 5балл 100-ден жоғары. Танаптардың ластануын санау және салмағын өлшеу әдісі арқылы анықтағанда арамшөптерді тек санап қоймайды, олардың және мәдени дақылдардың дымқыл және құрғақ ауа массасын өлшейді. Бұл әдіс агротехникалық зерттеулерде, танаптардың ластану деңгейін ғана анықтап қоймай, арамшөптердің зияндылығын анықтау керек болғанда қолданылады.
Топырақтың арамшөптердің тұқымдарымен ластануын анықтау көп еңбек етуді, арнайы құралдарды және көп уақытты қажетсінеді. Алайда, танаптардың жыртылатын қабатындағы арамшөп тұқымдарының мөлшерін білу, олардың өміршеңдігін сақтау мүмкіндігін ескере отырып, танаптардың ластануын бірнеше жылға болжауға болады. А.В.Филоновтың деректері бойынша топырақтың жыртылатын қабатының арамшөптердің тұқымдарымен ластануын бағалауды төмендегі шкала бойынша жүргізеді: 1 балл — нашар, гектарына 10 млн данадан аз; 2 балл — орташа, 10-50 млн дана/га; 3 балл -күшті, гектарына 50 млн данадан көп.
Топырақтың арамшөптермен ластану картасын жасау, оның маңызы. Есептеудің нәтижесінде танаптардың ластану картасын жасайды. Әр картада арамшөптердің биологиялық топтарын және түрлерін көрсетеді. Картада әр танаптың аумағында оң жақ шетіне таңау бірінің ішінде бірі диаметрлері 2 және 4 см екі шеңбер сызады. Кішкене шеңбердің ортасында әр шаршы метрдегі арамшөптердің саны, балмен берілген ластану деңгейі, ал сызықтың ас тында анықтау жүргізілген жыл көрсетіледі. Сыртқы және ішкі шеңберлердің арасы танапта кездескен арамшөптердің түрлеріне байланысты бөліктерге (секторларға) бөлінген. Бөліктердің ауданы тиісті топтағы арамшөптердің санына сәйкес келеді. Әр сектор пайдаланған шартты белгілерге сәйкес боялады немесе сызықшалармен белгіленеді, сонан кейін ең зиянды және жиі кездесетін арамшөптердің қысқартылған атауы және саны керсетіледі. Әр биологиялық топты белгілеу үшін шартты түстерді немесе сызықтарды пайдаланады. Арамшөптердің негізгі түрлерін бас әріптермен, ал олардың сандарын санмен белгілейді. Бірнеше биологиялық топтар болса, бүкіл танаптың түстерін немесе сызықшаларын басым топтың белгісімен белгілейді. Танаптардың ластану картасы негізінде арамшөптермен күрестің кешенді жоспары жасалады. Танаптардың әр түрлі биологиялық топтармен ластану деңгейіне қарай, гербицидтер пайдаланылатын жердің ауданы, қажетті гербицидтің мөлшері, оларды шашатын арнайы машиналардың саны анықталады. Агротехникалық күрес шараларының көлемі белгіленіп, технологиялық карталар жасалады, жұмсалатын қаржының мөлшері және мүмкін болатын экономикалық тиімділік анықталады.
Арамшөптермен күресу шаралары және экономикалық тиімділігі. Арамшөптерге қарсы алдын ала күресу шаралары, агротехникалық, химиялық және биологиялық күрес шаралары қарастырылған. Алдын алу шараларының негізгі міндеті — арамшөптердің тұқымдарымен вегетативтік көбею мүшелерінің таралуын болдырмау. Ол үшін өңделмейтін жерлердегі арамшөптердің тұқым шашуына жол бермеу керек. Ол үшін тұқымдарды арнайы тұқым тазалағыш машиналардағы елеуіштермен триерлерді пайдаланатын 1-2 класс деңгейіне көтеру қажет. Егер егінді жинау жұмыстары мезгілінде, кешіктірілмей жүргізілсе, арамшөптер тұқымының негізгі бөлігі комбайн бункеріне немесе сүрлемдік дақылдармен бірге көк балаусаға түседі. Дәнді бөлектеп жинағанда тікелей орып бастыруға қарағанда арамшөптердің тұқымдары жерге көп шашылады.
Лекция №19