Мазхабтардың хабари сипаттарға деген көзқарастары 1 страница

А) Мушаббиха, Мужассима және Хашуия деп аталатын ағымдар сыртқы мағынасы ташбихтық түсінікке алып баратын осындай хабари сипаттарға сыртқы мағынасын сол күйінше қабылдағаны сияқты осыған ұқсас мағыналарға да түсініктеме жасауға тырысқан. Осы топтағылар антропоморфтық құдай түсінігін қолдайды. Осы идеяны жақтаушылар ретінде әһли хадис, ғулат шиилігі және каррамия өкілдерінің кейбірін және Муқатил бин Сулайман сияқты муржия ағымының теологтарын атауға болады. Муржия ағымына жатады деп есептелетін Муқатил бин Сулайман мен шиизмге жататын Дауд әл-Жауариби Алланың денелердің бірінен тұратынын, адам бейнесінде екендігін, ет пен сүйектен, қаннан және қылдан құралғанын, қол, тіл, аяқ, бас, көз сияқты дене мүшелері бар екендігін алға тартқан. әл-Жауарибидің жолын қуушылар Алланың аузынан кеудесіне дейінгі бөлігі бос, қалған бөлігі толы екендігін мәлімдеген. Сонымен қатар, әл-Жауарибидің «менен Алла жайында қынап пен сақал туралы сұрамаңдар, ойларыңа басқа не келсе оларды сұрай беріңдер» дегендігі баяндалады.

Шииттер арасында ташбихшіл адамдардың болғандығы жоғарыда баяндалды. Мысалы, алғашқы шиит каламшысы деп есептелетін Хишам бин Салим әл-Жауалики адамға тән деп есептелетін қасиеттердің көпшілігін Аллаға телігендігі байқалады. Алланың адам бейнесінде екендігін, бірақ, ол ет пен қаннан құралмағандығын, жарқыраған нұр екендігін, бес сезім мүшесіне ие екендігін, қолы, аяғы, аузы, мұрны, құлағы және қара шаштары бар екендігін алға тартты.

Каррамия мазхабы да тажсим мәндес идеяны қолдады. әл-Бағдадидің мәлімдеуі бойынша Мухаммад бин Каррам өзінің соңынан ергендерге құлдық ұрғалы тұрған құдайларын құдайлық дене ретінде қабылдауын насихаттаған. Оның пікіріне қарағанда құдайдың денесі, шегі, жағы мен соңы бар оның шегі құдай тағына барып тіреледі. Ибн Каррам Алланың тағына (арш) жақындағанын, арш оның мекені екендігін айтқан.

Ә) Мутазила Аллаға дене берген және адамға ұқсатқан мужассиманы, мушаббиханы түбегейлі жоққа шығарды. Олардың пікірі бойынша Алланың денесі болуы мүмкін емес. Егер Аллаға дене тән болса, жақындық, ұзақтық, бірігу және таралу сияқты кейіннен жаратылғандық белгілерінен ол қашық бола алмайды және әдеттегі денелер тәрізді ол да жаратылған болып қалады. Оған егер дене тән болса, денелер қажетсінгені сияқты денелерді біріктірген, форма берген, құраған бір болмысқа мұқтаж болуы тиіс және жеу, ішу, қажетсіну, нұқсандық және артықтық сияқты сипаттармен сипаталуы қажет болады. Мутазила «Алла – дене, бірақ, денелерге ұқсамайды» деген формуланы да қабылдамайды. Өйткені, егер ол солай болуы мүмін болса, индивидтер мен денелерге ұқсамағанымен Алланы индивид немесе дене деп сипаттама жасау және көрініп тұрған әлемде бейнелі, толық деп айту жайыз болуы керек болады.

Осыған байланысты Мутазила насстарда орын алған хабари сипаттарды ташбихтық пен тажсимдікке алып бармайтын кейіпте міндетті түрде тауил жасалауы қажет деп есептейді.

Мутазилиттердің пікірі бойынша Құран Алланың ешбір нәрсеге ұқсамайтынын айтқан. Осы мәселені ижма да бір ауыздан қуаттаған. Олай болса ташбихқа жетелейтін аяттарға тауил жасалу қажет. Атай кетер болсақ, «اَلرَّحْمٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوٰى» Ол Алла ғарышты мекендеді (истиуа етті) (Таха 20/5) аятының тауилі «ол ғарышқа құдіреті жетеді және үстемдікке ие».

«خَلَقْتُ بِيَدَىَّ» «Өз қолыммен жараттым (Сад 38/75)» аяты «менің жаратқаным» деген мағынаға сәйкес келеді. Алла осы тұста екі қолды баяндай отырып, осы әрекетті одан ары қуаттандырып отыр.

«وَجَاۤءَ رَبُّكَ» «Раббың келген (Фажр 89/22)» деген сөз «раббыңның әмірі келді» деген мағынаны білдіреді.

«تَجْر۪ي بِاَعْيُنِنَا»«Ол кеме көздеріміздің алдында жүзіп отырды» (Қамар 54/14)» дегендегі мағына «ол кетіп бара жатты, біз де олардың халін біліп отырдық» мағынасын білдірді деп түсініктеме жасаған.

Қорытындылай келе, мутазила мазхабы хабари сипаттарды захири мағыналарымен қабылдау Алла мен жаратылғандар арасында ұқсастыққа алып баратынын алға тартып, осы типтес насстарға тауил жасауға тырысқан.

Б) Салаф ғұламалары хабари сипаттарға діни насстарда қалай орын алған болса сол күйінше сенуді, оларға ташбихтық және тажсимдық түсініктеме жасамай, қандай да бір тауилге де бой алдырмай сол күйінше қабылдауды жөн деп білген. Олар осы сипаттардың сыртқы мағынасына иман келтіру қажет деп, адам ақылы олардың ақиқатын қабылдауға қауқарсыз екендігін қуаттаған, хабари насстардың мағыналары жайлы өз көзқарастарын айтпаған (тауаққуф) және оларды зерттеп, талдау жасағандарға қарсы шыққан.

Салафилер осы ұстанымында мына аятқа арқа сүйейді:

«هُوَ الَّذۤي اَنْزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ اٰيَاتٌ مُحْكَمَاتٌ هُنَّ اُمُّ الْكِتَابِ وَاُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ فَاَمَّا الَّذينَ في قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاۤءَ الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاۤءَ تَاْويلِه وَمَا يَعْلَمُ تَاْويلَهُۤ اِلاَّ اللهُ وَالرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ يَقُولُونَ اٰمَنَّا بِه كُلٌّ مِنْ عِنْدِ رَبِّناَ وَمَا يَذَّكَّرُ اِلاَّۤ اُولُوا الاَلْبَابِ»(Ол Алла саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы (мухкам) аяттары бар. Солар кітаптың негізі, іргетасы. Өзгесі – мағынасы құпия (муташабих) аяттар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық істеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздеп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ білімінде озат болғандар: бұған сендік, барлығы Раббымыздың қасында дейді. Мұны ақыл иелері ғана түсінеді.) (Али Имран 3/7)

В) Әһли Сунна каламшылары бастапқыда салаф ғұламалары тәрізді ойлап, хабари сипаттарға тауил жасауды дұрыс деп таппаған. Бірақ, әл-Жуайниден (1085 ж.) бастап, осы сияқты муташабих сөздерге тауил жасау әһли сунна каламшыларына да енген. әл-Жуайни Алланың өзге жаратылғандарға ұқсауына себепкер болып табылатын аяттарға тауил жасау қажеттігін айтқан. Оның пікірі бойынша итиқадта осындай қауіп-қатерге түсуден сақтанып, муташабих сөздердің тауилінен бет бұру қайшылыққа, қате түсінікке, халықтың қателікке бой алдыруына және сенім негіздерінде күмәндердің тууына жол ашады.

Каламшылардың көпшілігіне қарағанда насстарда Алла жайлы орын алған «истиуа», «қол», «жүз», «көз» сияқты сөздер метафоралар мен мысалдардан құралған. Мысалы, «истиуа» сөзі - «Алла үкімі астына алуды» немесе «ұлы Алланың ұлылығын сипаттауды»; «қол» - құдайлық құдіретті, «жүз» - оның бар екендігін, «көз» - оның көрегендігін білдіреді.

АФАЛУ-Л-ИБАД (ҚҰЛДАРДЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІ)

Адам әрекеттері.Адамның екі түрлі әрекеті бар. Оның біріншісі - өз қалауы мен ықтиярымен істейтін әрекеттері. Ал келесісі – адамның қалауы мен ықтиярынан тысқары түрде пайда болатын әрекеттер. Мұның біріншісі «ихтияри» (өз қалауымен) әрекеттер, екіншісі «изтирари (міндетті) әрекеттер» деп аталады. Изтирари әрекеттерге адамның дем алуы, жүрек соғысы, асқазанның қорытуы сияқты әрекеттер жатады, бұған адам қалауының ешбір әсері жоқ екендігі даусыз. Бұлар – адамның қалауынан тысқары түрде жүзеге асып жатқан дүние. Изтирари әрекеттер жаратушысы Алланың ықтиярымен жүзеге асатындығы, адам қалауының мұнда ешбір қатысы жоқ екендігі жайлы ислам мазхабтары бір ауыздан қолдау көрсеткен. Ал жазу, кітап оқу, отыру, тұру сияқты әрекеттер адамның қалауы мен таңдауы арқылы жүзеге асады. Міне, өз қалауымызбен істеген осы әрекеттердің жемісіне сәйкес сауап алуға немесе азап шегуге адам лайықты болып табылады. Әһли сунна ғұламаларының көзқарасы бойынша адамды және оның жасаған әрекеттерін жаратқан – Алла Тағала. Бірақ, саналы түрде біле отырып, қалау, таңдау қабілеттерімізді жұмсап, жүзеге асырған әрекеттер адамның әрекеттері болып табылады. Бұл әрекет адамдық қалауды белгілі бір бағытқа қарай жөн сілтеумен дүниеге келеді. Міне, осы себепке байланысты адам жауапты болып табылады. Ал изтирари әрекеттерге адамдық қалау жұмсалмағандықтан, адам оған жауапты бола алмайды.

Адам қалауы және оның әрекеттегі рөлі (халқ және касб).Адамдар өз әрекеттерінде қалау еркіндігіне ие екендігі даусыз. Адам өз ішінен осыған үнемі куә болып, істеген әрекеттерінде өзінің еркін екендігін сезінеді. Адамның еркін болуы - өзінің еркіндігіне сенуі, өзін еркін сезінуі деген сөз.

Алла Тағала адамдарды қалау мен ықтияр иесі, қалағанын істей алатын болмыс етіп, өзіне лайықты күші мен құдіреті бар тіршілік иесі ретінде жаратқан. Осыған орай, адамдар өз қалауымен бір нәрсені жүзеге асыру немесе жүзеге асырмау, екі жолдың бірін таңдай алу қабілетінде. Сауап пен азабқа душар болуы, белгілі істерге жауапты болуы осы еркін қалауға байланысты. Жоғарыда баяндалғаны сияқты құл еркін қалауға ие және әрекеттің дүниеге келуінде осы еркін қалаудың әсері бар. Ал әрекеттің жаратушысы – Алла Тағала. Алла Тағала адамдардың қалауымен жасаған әрекеттерін адамның қалауы мен таңдауына сай қалайды және таңдайды. Мұның бұлай болуы Алла Тағаланың іс-әрекеттерді құлдардың қалауы мен таңдауына қарай жаратуға мәжбүр және жауапты болуына емес, «адатуллаһ» немесе «суннатуллаһ» деп аталатын әлемге қойған тәртібіне байланысты. Демек, әрекетті таңдау (касб) құлға, осы таңдауға сәйкес жарату (халқ) Аллаға тән (құл – касиб, Алла – халиқ). Құл жақсы мен жаманның бірін таңдап, қалауын осы екі жақтың біріне жұмсаса, Алла оны адамдық қалауға сай жаратады. Алланың берген қалаумен, ықтиярмен қандай да бір істі жүзеге асыруға немесе асырмауға еркін болып табылатын адам осы істеген ісіне жауап береді. Ол хайрды (жақсылық) істесе оның марапатын, ал шаррды (жамандықты) істесе, оның жазасын иеленеді. Адамда еркін қалаудың бар екендігін, осы қалауымен жүзеге асырған ісіне жауапты екендігін дәлелдейтін аяттар бар:

«اِنَّا هَدَيْنَاهُ السَّب۪يلَ اِمَّا شَاكِرًا وَاِمَّا كَفُورًا» (Расында оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік (мүмін) қылсын, мейлі қарсы келсін (кәпір болсын) (Инсан 76/3).

«وَهَدَيْنَاهُ النَّجْدَيْنِ» (біз оған екі жол көрсеттік) (балад 90/10).

«قَدْ اَفْلَحَ مَنْ زَكّٰيهَا ﴿9﴾ وَقَدْ خَابَ مَنْ دَسّٰيهَا» (Расында нәпсісін таратқан адам құтылады, ал оны кірлеткен қор болады) (Шамс 91/9-10).

«كُلُّ نَفْسٍ بِمَا كَسَبَتْ رَهينَةٌ» (Әр адам өз қылмысына қарай жауап береді) (Муддасир 74/38).

«مَنْ عَمِلَ صَالِحًا فَلِنَفْسِه وَمَنْ اَسَاۤءَ فَعَلَيْهَا وَمَا رَبُّكَ بِظَلَّامٍ لِلْعب۪يدِ» (Кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе де өзіне тән. Раббың құлдарына зұлымдық істеуші емес) (Фуссилат 41/46).

Әһли сунна ғұламалары құлдардың әрекеттерін олардың қалауына қарай жарататын Алла екендігін қуаттаған. Демек, адам еркін қалауымен бір әрекетті таңдайды, оған қажетті күшін жұмсайды, ал Алла адамның нені таңдағанын азали ілімімен біледі, осы біліміне қарай қалайды және қалауы аясында жаратады.

Ислам теологиясы тарихында адамның қалауы мен осы қалаудың ықтиярлық әрекеттегі рөлі турасында төрт түрлі көзқарас ұсынылған.

1. Жабрия мазхабы. Жахм бин Сафуан (ө.745 ж.) негізін қалаған жабрия мазхабына қарағанда адамның ешқандай да өз еркі мен қалауы жоқ. Адам Алла Тағаланың о баста белгілеп қойған тағдырына сай әрекет етуге мәжбүр. Адам – жел өтіндегі қаңбақ тәрізді. Адамның өзіне тән ешбір әрекеті жоқ. Адамның жеке құдіреті мен қалауын мойындамаған жабрияға қарағанда адамның әрекеттері толықтай Алланың жаратуымен дүниеге келеді. Әрекеттерді адамға тән деп есептеу – тек аллегориялық мәнде ғана. Ал осы әрекеттің шынайы іске асырушысы (фаил) – Алла. Жабрия мазхабы барлық әрекеттің Алланың білімімен, қалауымен жүзеге асатынын, барлық әрекеттің алдын ала белгілеп қойған қдайдың тағдырына сай жүзеге асатынын баяндайтын Құран аяттарын дәлел ретінде ұсынады:

«اَللهُ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ وَهُوَ عَلٰى كُلِّ شَيْءٍ وَكيلٌ» (Алла барлық нәрсенің жаратушысы, Алла әр нәрсеге кепіл).(Зумар 39/62).

«وَكُلُّ شَيْءٍ عِنْدَهُ بِمِقْدَارٍ» (оның жанында әр нәрсе өлшеулі) (Рағд 13/8).

«اِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ» (шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық) (Қамар 54/49).

«قُلْ لَنْ يُصيبَنَاۤ اِلاَّ مَا كَتَبَ اللهُ لَنَا هُوَ مَوْلٰينَا وَعَلَى اللهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ»(Бізге Алланың жазғаны ғана болады. Ол - біздің иеміз. Мүміндер Аллаға тәуекел қылсын де) (Тәубе 9/51).

«مَنْ يَهْدِ اللهُ فَهُوَ الْمُهْتَدي وَمَنْ يُضْلِلْ فَاُولٰۤئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ» (Алла кімді тура жолға салса, сонда ол тура жол тапқан болады. Ал кімді адастырса, сонда олар зиянға ұшырайды) (Ағраф 7/178).

«وَمَا تَشَاۤؤُۧنَ اِلاَّۤ اَنْ يَشَاۤءَ اللهُ»(Сендердің қалауларың болмайды, Алла қаласа ғана болады) (Инсан 76/30).

Жабрилер адамда қалау еркіндігі бар екендігін баяндайтын аяттарға тауил жасауға тырысқан. Әһли сунна каламшылары мен мутазилиттер адамды қалауы жоқ, құдіретсіз, құдайлық қалаудың мәжбүрлеуімен, күштеуімен барлық әрекет жүзеге асады деген жабршылдық көзқарасты сынға алған. Өйткені, жабрияның қуаттағаны сияқты құл белгілі нәрселерді істеуге мәжбүр болса, адамның жүзеге асырған өз істеріне жауапты, сауап пен азабқа душар болмауы тиіс. Ал Алла құлдарды белгілі амалдарды орындауға жауапты етіп, құдайдың салған тиымдарын істегендер жазаланатынын ескерткен. Алла Тағаланың адамдарды қалауынан, қуатынан және құдіретінен тысқары түрде туындаған әрекеттерге жауапты етіп, жазалауы зұлымдық, әділетсіздік болып табылады. Негізінде Алланың зұлымдықтан пәк екендігі Құранда да баяндалады: «وَمَا رَبُّكَ بِظَلَّامٍ لِلْعَبيدِ» (Раббың құлдарына зұлымдық істеуші емес) (Фуссилат 41/46).

2. Қадария-Мутазила. Адамдағы құдіретті, қалау мен ықтиярды мүлдем жоққа шығарған және оны жансыз болмыстармен тең деп есептеген жабрия мазхабының жабршылдық идеясына қайшы түрде қадария деп аталатын алғашқы қадаршылдар мен мутазила ғұламаларының көпшілігі адамның толықтай қалауы мен ықтияры еркін екендігін, өзіне тән құдіреті мен қалауы бар екендігін, осыған орай жүзеге асырған істерінің жаратушысы екендігін қуаттады.

Жахм бин Сафуанның жабршылдық идеясына қарсы еркін ықтияр идеясын насихаттаған және қадаршылдық мазхабтың негізін қалаған теолог Ғайлан ад-Димашқи болып табылады. Сонымен қатар адамның қалау-еркі еркін екендігін, осыған орай, ол әрбір істеген амалына жауап беретінін жақтаған келесі алғашқы қадаршыл теолог Мабад әл-Жуханидің де есімін атап өткеніміз жөн.

Уасыл бин Ата тарапынан құрылған мутазила мазхабының өкілдері де осы тақырыпта қадаршылдардың идеяларын қуаттап, адам өз қалауымен, ықтиярымен істеген амалдарда тағдырдың рөлі жоқ екендігін алға тартқандықтан қадаршылдар қатарында орын алады.

Ғайланның пікірі бойынша адам жүзеге асырған істеріне мәжбүр емес, еркін. Ол қалаған ісін жүзеге асыруға немесе жүзеге асырмауға еркін, бір істі істеуге қауқарлы (қадир). Қадардың (тағдыр) адам қалауына немесе істеген амалдарына ешбір әсері жоқ. Хайрды да, шаррды да адам өз құдіретімен, қалауымен жүзеге асырады немесе оларды өз ықтиярымен істейді. Ал оған қайшы болса, адам жансыз бір жаратылыстан ешбір айырмашылығы болмай қалады және оны жауапты етудің, істеген амалдарына байланысты жазалаудың немесе марапаттаудың ешбір мәні болмайды. Уасыл бин Ата да «адамның істеген ісіне біреудің мәжбүр етпегендігін, керісінше еркін екендігін қолдап, қалауымен, ықтиярымен істеген амалдарының халиқы (жаратушысы) екендігін қуаттаған». Одан кейін келген мутазила көсемдері де осы идеяны қолдаған және осы пікірлеріне нақли дәлелдерден мысалдар берген.

Мутазилиттердің осы идеяға қолдау көрсетуі сыфатуллаһ тақырыбындағы көзқарастарының және Алла Тағалаға әділдік иесі деп сипаттама жасауының жемісі екендігі табиғи. Құдайлық әділеттің табиғи нәтижесі – құлдарды тек істей алатын және істеген амалдарына қарай жауапты ету. Алланың әмірлерін істеуге және тиымдарынан аулақ болуға мукаллаф болып табылатын адамның жауапты болуы әлгі адамның осы тәрізді әрекеттерді өз құдіретімен, қалауымен еркіндігімен жүзеге асыруына байланысты. Өйткені, Алла құлдарын жауапты етсе, бірақ, жауапты еткен нәрселерді орындауға құдірет бермесе, онда ұлы жаратушы залым болғаны. Ал зұлымдық, тіпті зұлымдықты қалау Алла Тағалаға мүлдем тән емес. Ол – абсолюттік әділдік иесі. Демек, құлдың жауапты болуы үшін жүзеге асырған амалдарын өз қалауымен, ықтиярымен жаратуы (дүниеге әкелуі) тиіс.

Демек, мутазилиттердің пікірі бойынша құл – құдірет, қалау (ирада) және ықтияр (ихтияр) иесі және издирари емес әрекеттердің жаратушысы (халиқы). Ал издирари әрекеттердің жаратушысы – Алла Тағала. Десек те әрекет Алла Тағаланың әлгі адам үшін жаратқан құдіретімен жүзеге асады. Яғни, адам Алла Тағаланың берген қалаумен (ирада) қалағанын таңдайды және берген құдіретімен оны жүзеге асырады. Құл Алланың берген құдіретпен дүниеге әкелгендіктен (жаратқандықтан), Алланың жарату сипатында оған серік болмайды. Мұны олар құлды істеген ісіне жауапты ету үшін ұсынған.

Наши рекомендации