А) діни-саяси алауыздықтар
Грек философиясының ислам ойлау жүйесіне түпкілікті ықпалы ІХ ғасырда грек философиялық еңбектердің аударылуымен басталды. Осы кезеңнен бұрын мұсылмандар бір-бірімен бетпе-бет келген саяси мәселелерге ұрынды. Аударма жұмыстарымен қатар исламдық ойлау жүйесінің дамуына түрткі болған, каламдық және философиялық мәселелерді ортаға қоюға бастама болған аталған текетірес мұсылмандардың жаңаша ойлауына жол ашты.
Алғашқы саяси алауыздық халифаттың екі күшті үміткері Пайғамбардың күйеу баласы, әрі немере інісі және төртінші халифа Али мен Шам уалиі және Омайядтар династиясының құрушысы Муауия арасындағы шайқастан туындады. Мәліметтерге қарағанда Али 657 жылы Сыффын шайқасында толықтай жеңіске қол жеткізу сәтінде Муауия оны соғыстан бас тартуға, соңында Алидің жеңілісімен аяқталған «хакам» мәселесін қабылдауға итермеледі. Мұның нәтижесінде Алидің армиясынан бір топ оны хакам мәселесін қабылдағандығын кінәлап, халифалық құқығын мойындамай бас көтерді. «Харижилер» деп аталатын көтерілісшілердің ислам тарихында алғаш мәрте саяси басшының негізі мен шегін ортаға қоюымен ерекшеленеді. Тіпті, олар халифаның қажет емес екендігін, әр адам залым билеушіні өлтіру қажеттігін қуаттады. Сондықтан, олар анархиялыққа, саяси бас көтеруді діндарлықтың басты мақсаты мен міндеті деп есептеуімен ерекшеленеді. Харижилердің пікіріне қарағанда «үлкен күнә» (муртакибу кабира) істеген мұсылман мұсылмандықтан шығады. Егер ол халифа болса, шариғат тұрғысында кәпір болғандықтан, орнынан алынып тасталуы және өлтірілуі қажет. Бұдан діни құралдарды орындау тек саяси басшының ғана емес, ислам қоғамы мүшелерінің де негізгі міндеті болу қажет деген түсінік туындайды.
Мұндай асыра сілтеушілік Шиизм сияқты шәк шүбәсіз Алиді қолдаған, Муржия сияқты харижилердің иман туралы тар түсініктеріне қарсы шыққан исламдық ағымдар тарапынан жайына қойылмады. Харижилер иманды шариғатқа формалық жағынан ден қою деп қуаттаса, муржилер оны Алланы білу, оған бой ұсыну және оны сүю және жақсы амалдар иманның өлшемі бола алмайды деп есептеді: мүміндер білімі мен Аллаға бағыну арқылы емес, оған деген шынайылық пен сүйіспеншілігі арқылы жұмаққа кіреді. Жүрегінде Аллаға деген сүйіспеншілік пен оған бой ұсыну сезімі ұя салған адам күнә істесе де күнә оның иманына нұқсандық әкелмейді немесе оның жаннаттағы орнынан махрұм қыла алмайды. Кез келген істегі соңғы шешім Алланың үкіміне қалдырылуы және саяси лидер теологиялық себептерге сүйене отырып, жоққа шығармауы тиіс. Бүкіл мұсылман қауымынікі сияқты билеушілер иманының ақиқаттығын негіздеу тек Аллға ғана тән, - деп есептеді олар.
Халифалықтың шарттары сияқты маңызды тақырыпта муржилер мен харижилер бір пікірді қолдады: қоғам тарапынан құрметтелген кезкелген тақуа мұсылман консерваторлар сияқты пайғамбардың тайпасы – Құрайштан немесе басқа тайпадан болуы қажет деген шартты қоспастан осы қызметке тағайындалуға болады.
Муржияның басқа да шектен асқан либерал көзқарастары арасында мынандай идеяны да кездестіруге болады: иманға қайшы келетін сенімдерді ауызша ғана қуаттау имандылықты әлсіретпейді немесе соңғы демінде болса да иман келтіріп өлген мұсылман да қауіптен құтылады.
Пайғамбардың өлімінен көп уақыт өтпестен исламның бірлігін бұзған алауыздақ кезінде пайда болған үшінші үлкен діни-саяси ағым шиизм болатын. Жоғарыда орын алған екі ағым сияқты шиизм де заманындағы саяси тартыстан және харижилердің нақты түрде ортаға тастаған саяси лидер мәселесіне жеткілікті деңгейде жауап табу талпынысынан пайда болды. Тағайындалған халифаның шешімдерін асыра сілтеушілік деп тапқан харижиттер оған қарсы бас көтерген және фанатизмге бейтарап ұстанымда болған муржия орын алған бүкіл оқиғалардың нәтижесін Алланың шешіміне қалдырған кезде, шиизм Алидің билігін заңды деп мойындап, оны қолдады. Алидің билігі заңды екендігін дәлелдеу мақсатында шиизм оның жасаған іс-әрекетіне емес, оның халифалығын дәлелдейтін насстарға жүгінді. Олар имамды пайғамбардың тек заңды мұрагері ғана емес, шариғатты жете түсінген ірі тұлға деп есептеді.
Саяси анархияның нәтижелерінен құтыла алмаған харижилерге қайшы түрде шииттер теократиялық және абсолюттік монархияны қолдады. Олар халифа немесе имамның алғашқы үшеуінің заңдылығына күмәнмен қарап, лидердің халық тарапынан тағайындалмайтынын, құдайдың таңдауымен болатынын алға тартты. Құдайлық таңдауда пайғамбар Алланың жеткізушісі ретінде орын алады. Ол – күнәсіз. Осыған орай, оның мұрагері де күнәсіз. Сондықтан, Алидің жасаған іс-әрекетінде ешбір қателік жоқ.
Алидің алғашқы жақтаушылары идеяларын дәлелдейтін Құраннан немесе хадистерден насстар табуға талпынса да теологиялық дәлелдерін ислам сызған шеңберден тысқары шығарғандығы анық. Күнәсіз имам идеясын одан ары дамыта отырып, оған күмәнсіз құдайлық немесе жартылай құдайлық қасиеттер беруге дейін барды. Алғашқы шииттердің бірі – иудаизмнен исламды кейіннен қабылдаған Абдуллаһ бин Сабаның Алидің өлмейтінін, ақыр заманда «жер бетінің мұрагері» ретінде қайта оралатынын айтқаны баяндалады. Шиизмнің келесі бір жақтаушылары өлмейтін имам идеясын принцип ретінде қуаттаумен қатар, осы сипаттарды өз имамдарына берді. Мысалы, исмаилиттер 760 жылы дүние салған Джафардың үлкен ұлы Исмаилдің соңғы имам екендігін, оның ғайыпта екендігін қуаттаған кезде, Исна Ашария (он екі имамға сенетіндер) Мәһди ретінде он екінші имам Мухаммад бин әл-Хасан деп санайды: Мәһди ақыр заманда әділетсіздікке толы әлемге әділет орнату мақсатында қайта оралады.