ЖҰмыстыҢ жалпы сипаттамасы 5 страница

Әсіресе ақын поэзиясында адал еңбек, ақ пейіл, мейірім концепциясы осы өлеңінде шешімді роль атқарып тұрғаны анық.

Шәкәрімнің Меккеге қажылық сапарынан кейінгі жазылған өлеңдерінде өзгеше бір сипат көрініс тапқан. Бұл әсіресе, «Иманым» атты жинағындағы өлеңдерінің сыры мен мазмұнынан, ақындық шеберлігінен танылады.

Сопылық ұғым, түсініктерді ой қорында қорытып ұлттық туынды ретінде тудырып, әдеби поэзиялық, поэтикалық өлең өрнегін салады.

Бұл тақырыпта ой-танымды ұштайтын терең мағыналы өлеңдері арқылы жаратушы, махаббат, имандылық, ізгілік, т.б. мәселелерін жырлайды.

Өмір сырын көздесең,

Жарға шоқын, жаннан без.

Сыр қаласын іздесең,

Сырлы сұлу тамнан без, [52, 229 б.]

– деген терең мәнді өлеңдерінде астарлы да, бейнелі мағыналы ой мен сөздің сабақтастығы көрінеді.

Ол ізгілік жолындағы таза ниетті, жаратушысын сүйетін, мейірім мен тәубәшіл, қанағат иесі ретіндегі бейнесін ақын «шын таза жан» деген кейіпкері дәрежесінде береді. Ал енді зұлымдық пен айланы, нәпсі мен байлыққа құмартқан, өтірікші, күншіл адам кейіпіне «ақ жүрек пен таза ақыл», адал еңбектің иесін қарсы қояды.

Жалпы, «махаббат дертіне» шалдығу, «ғаріптік күй» кешу, санаға салмақ түсіріп, жүрегіне мұң мен зар шектіру жан әлеміңді байлап, матап өз кеңістігіне қарай үйіріп жететін ғаламат бір күшке тең құбылыс. Шәкәрім жырлаған Мәжнүн бейнесінде бұл фәниден рахат таба алмаған жұмбақ жан бейнесінде сомдалып, осы халге түсуіне себеп – Ләйліге ыстық ықылас пен құдіретті сезімнің әсерінен пендеуи тіршілік рахатын тәрк еткен, мәңгілік махаббат дертіне бөленген бақытты жан образы көрінеді.

Бұл тұрғыда Шәкәрімнің сопылық дүниетанымы, сопылық поэзияның өрнегі анық көрінеді. Қос ғашықтың ішкі дерттерінің күштілігі соншалық, олар нәпсілік құмарлықтан жан ләззатын жоғары қояды; қандайда пенделіктен ада, биік бір рухани тазалық қана олардың махаббат құштарлығын тояттатып, бақытқа кенелтеді. Адамгершілікті, руханилықты, сопылықты дәріптеуде Шәкәрім теңізден маржан сүзгендей небір астарлы сөздерді тамаша пайдаланып, өз шеберлігін айқын таныта білген. Сондай-ақ, Шәкәрім ақын бұл қасиетті «іштегі от», «іштегі жалын», «іштегі дерт» сөздері арқылы да көрсете білген: «Іштегі ғашықтықтың қызуы өтіп, Ләйлінің бара жатыр үсті жанып». «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны – он бір буынмен жазылған поэтикалық қолданыстар мен бейнелі оралымдарға бай туынды.

Өлең өрнегіндегі сұлу да, әсерлі қолданыстар, өлең өнерінің сыр, сымбатын, айшығы мен мазмұнын бірлікте ұстап көркемдеуде ақынның «Сырлы сөзім сырды ашты» деген ойлы да, әуезді де мазмұнды оралымы ақынның поэтикалық ерекшелігін танытады. Әрбір жеке сөздердің мағыналық құрылымын кеңейте отырып, ақын жаңа сөз тіркестерімен жаңа ұғымдар жасайды. «Шын асық», «шын нұр», «таза ой», «таза жан», «тәтті тіл», «от жүрек», т.б. сөз тіркестерін жеке сөздер мағынасынан кең ұғымдар бейнелілік пен жаңа поэтикалық образдар жасайды.

Поэмалар сюжеті кейіпкерлердің ішкі психологиясына, жан бостандығы, махаббат, адалдық, әділеттілік іздеуге құрылған. Поэмаларында тұрмыстық, күйінің белгілері аз көрініс береді, тіптен жоққа тән. Адамдар қарым-қатынастары тұрмыстық деңгейде емес, кейіпкерлердің рухани дүниесін, еркіндігін ашуға бетбұрыс жасаған туындылар. Кейіпкерлер іс-әрекетінен адами ішкі қалыптың сапалы тұстарын айқындайды. Ақын қай тақырыпты алса да махаббат мәселесін алғы кезекке шығарып, махаббат мәнін ашуда Аллаға, адамға, елге, жалпы адамзатқа, жерге, елге, деген ақын жүрегінің ыстық ықыласы мен ізгілігін танытады.

Оның бірде-бір басты кейіпкері қоғам ағымының, қоршаған ортаның ықпалына кіріптар емес. Себебі, олар рухани жан дүниенің деңгейімен ғана іс-әрекетке баратын, өмірлік көзқарастары адам сүюге, жаратушыға деген ықыласқа ден қойған жандар. Өйткені ақынның дүниетанымымен көзқарастары, ақындық принциптері мен көркемдік әлемі суреткердің өзіндік даралық дүниесін аңғартады. Ақынның қолтаңбасы өзгеше.

Ақын бірде-бір кейіпкерінің сыртқы портретін ұзақ суреттемейді. Қысқа ғана суреттеп, келте қайырып отырады. Себебі, ақын кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесіне терең мән береді. Ішкі дүниені суреттегенде ой дүниеге, ішкі танымға, оның небір қалтарыстары мен сырларына үңіледі. Ақынның шеберлік әлемінің небір ой образдар мен тәсілдерді әдемі қолдана білгеніне тәнті боласыз.

Шәкәрім поэмаларында кейіпкерлерінің рухани әлемін, оның жан күйзелісін, психологиясын, терең сезімдерін, қоғамдық құбылыстармен салыстырып көрсете білген. Адамның даму, жетілу, рухани әлемі, өзін-өзі тану деңгейінде ақын поэма сюжетінде жатық берген. Себебі, ақын адамның күрделі де, құбылмалы жан әлемінде махаббаттың, ізгіліктің рухани тазалықтың, қоғам, заман ауқымынан биіктігін дәлелдей көрсеткен.

Аң да, құс та, жел де, ай да, жұлдыз да Мәжнүн дертіне қосылып жабырқайды, мұңаяды. Мәжнүн ішіндегі дертінен өзі айрылғысы келмейді. Ол осы күйіп-жанған, зарланған, есі ауған күйінен, бейнетінен ләззат алып, бақытқа кенелді. Өзі бар ішкі болмысымен, бар жан-тәнімен осы күйді қалайды. «Жолдасым – бейнет болсын, жауым – рахат» деген Мәжнүн махаббат күйіндегі халінен, өзіне ғана аян жан ләззаты мен рахатынан жұбаныш табады. Сонымен, Мәжнүн бейнесінен жаратқанның махаббат сипатынан нәр алған, адамның ең бір сәби кезеңіндегі қалпын, жан тазалығын, пәктігін сақтаудың да белгісін көруге болады. Мұндағы «Ішкі от», «іштегі дерт» «іштегі жалын», «ішкі қайғы», т.б. тіркестер адамның ғашықтық кейпін суреттеуде кейіпкердің жан дүниесін, сезім күйін аша түскен.

Иассауидің Аллаға ғашық болудың жолдарын қиыншылығын, мехнатын суреттейтін «іштегі от,» «ғашық дерті», «ғашық оты» т.б. сияқты тіркестер де поэмада ғашықтық сезімнің мәнін ашуда ұлттық қолданыс табады. «Ғарыппін», «дерттімін» дейтін сопыларға тән бейнелі сөздің Ләйлі мен Мәжнүн монологында жиі қолданылса «ғаріп» сөзі бірде кейіпкер сөзі ретінде, енді бірде автор сөзі ретінде пайдаланып отырады. Бұл сөзді кімнің аузына салса да ақын сол кейіпкерлердің жай-күйін білдіріп отырады. Ғашықтардың «ғаріп» күйге түскенін жырлаған Шәкәрім ақын өзін де «ғарып» санайды. Дастанда адам сезімін жеткізуде табиғат көрінісі маңызды орын алады. Кейіпкерлердің ішкі иірімдерін көркем игерудің тетігі ретінде табиғатпен тілдестіру ерекше қызмет атқарып табиғатпен кейіпкерлердің жан толқыныстары арасында ерекше байланыс көрінеді.

Сондай-ақ ақын бір-біріне кереғар ұғымдарды параллел қолдануға шебер. Дос пен жау, жақсы мен жаман, ащы мен тұщы, қыс пен жаз, т.б. кереғар ұғымдарды бірін-бірі толықтыру үшін қатар пайдаланып отырады да «Жақсы» сөзінің мәнін арттырады. Адамның ішкі сезімін суреттегенде адамшылық пен арлылық, ізгілік, махаббат, сабырлылықты, осыларға қайшы келетін нәпсі, құмарлық, ашу, еріншектік сияқты адами сапаны кері кетіретін ұғымдармен үнемі теке-тірестіріп, салыстырып, сақтандырып отырады. Бұл – ақын поэзиясына ғана тән өрнек пен нақыш.

Ақын поэзиясының көркемдік дәрежесін арттыратын адамның ішкі әлемі мен сыртқы дүниенің әдемілік, нәзіктік пен ізгілік, зұлымдық пен әділетсіздіктер қатар түзіліп, салыстырылып, осылардың толық картинасын ашу мақсатында ақын шеберлігі мен дүниетаным кеңістігі айқын көрініс береді. Оның шығармашылығы адам болмысының жаратушымен жарасымдылық табудың, табиғатпен үйлесімділік табудың көздерін көрсететін үлкен арнаның бірі екенін аңғарамыз. Ақын поэзиясы мен философиясы жаратушыны сүю арқылы адам мінін түзеуді үйретеді.

«Шәкәрім поэзиясындағы рухани құндылықтардың бейнеленуі»деп аталатын үшінші бөлімде ақын туралы тың деректер ғылыми айналысқа енгізіліп, Шәкәрімнің балаларының тағдыры жайлы соңғы жылдарда табылған мағлұматтар сарапталады.

Сондай-ақ баласы Ахаттың Шәкәрім ақынның мол мұрасын ұрпаққа қалдырудағы сіңірген еңбегі сөз болды. Оның кеңестік жүйе кезінде-ақ Шәкәрім еңбектерін Ұлттық кітапхана және Ұлттық академияның кітапханаларына өз қолымен тапсырғаны анық.

Ақын «Мұтылғанның өмірі» деген шығармасы – қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихындағы адамның жас ерекшелігі туралы жырлардың дәстүрлі жалғасы. Мұнда бала жасынан қартайғанға дейінгі өмір белестерін көркем бейнелей білген ол қазақ қоғамының баладан білім емес, билік күткен мінезін де ашық көрсетеді. Болыстықты өз еркімен қаламағанын, оның елдің қалауымен жасалғандығын ашып айтқан ақын сол болыстықтың салған залалын да жасырмайды. Ел ішіндегі берекесіздіктер ақынды бей-жай қалдыра алмайды. Оны ақынның «Жүрекке төгіп қанды ірің», «Ағызды ірің жарадан», «Жарылды жүрек көргенде», «Қан ағызса мұртымнан», т.б. сынды бейнелі тіркестерінен көреміз.

Ақынның «Екінші түні қалғанда» өлеңінің көркемдік ерекшелігі – дәстүрлі эпикалық дәстүрді жалғастыруында. Жеке тағдыры арқау болған толғауда кейіпкер мен қоңыр аттың диалогы арқылы кейіпкердің жай-күйі сипатталады. Бұрын соңды ақын өлеңдерінде кездеспеген бұл сарын дәстүрлі төл әдебиетіміздің ақындық талантпен, жаңа өрнекпен қайта жаңғырған түрі.

Шәкәрімнің ел бірлігін сақтау, халқының білімді, ғылымды болуын аңсаудан туған өлеңдерінде ел бірлігін сақтау жауапкершілігін алға тартады. Билік мақсаты елдің игілігі емес, керісінше оны жаныштау, қорқыту мен тонау екендігін сездіреді. Ақын өлеңдері арқылы осы құбылыстарға қарсылық білдірді. Адам бақыты білімде, еңбекте, арда және отбасы ынтымағында деген идеяны уағыздады.

Екіншіден, ақын қазақ жұртына тән бойкүйездік пен еріншектіктік, қорқақтықтың халық болмысына тигізетін зиянын баса айтты. Сол себепті өзгеріп жатқан дүниеге жаңаша қарауға және дұрыстыққа ілесе алмай, артта қалып қою проблемасы туындауы мүмкін екенін көре білді және одан сақтандырды. Үшіншіден, қазақ халқының діншілдігінің осалдығынан. Жаратушыны тану, ақиқатты және жаңашылдықты білуде, оларды өмірлік принципке айналдыруда қабілетсіздік көрсететін тұстары көп деп көрсетеді. Төртіншіден, кемшіліктердің бірі – руға бөліну, татулықтың аздығы. Бұлар отаншылдыққа, ел сүйгіштікке кері әсерін тигізуде, – деп білді. Бесіншіден, халықты басқарып отырған төбе топтың, халық еңбегін жеп, алдап, сатып отыратындығына қатты қынжылып, мұндай кертартпа құбылыстар қазақ болмысына кері әсерін тигізеді, – деп қорытынды жасайды.

Кезінде Шәкәрімнің қазақ баспасөз беттерінде оның ішінде «Айқап», «Қазақ» газет-журналдарында көптеген мақалалары жарияланып тұрған. «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» мақалалары жарияланған.

«Би һәм билік туралы», «Қазақта ай аты жоқ», «Ашық хат», «Семей обылысына қараған барша қазақ ағайындарына ашық хат», «Сын әм сынауды сынау», «Сөз таласы», т.б. еңбектерінде қазақ қоғамының дамуының әлеуметтік-саяси мәселелерін қозғайды. Ақын елді жөндеудің басты жолы билікті жөндеу деп біледі. Әділетті билік қана ел мүддесін көздейтін бір шараларды жүзеге асырады. Сондықтан билікке шын таза жандардың, білімділердің отырғаны абзал деген ұранды уағыздайды.

Би мен билік жөнінде билеуші мен биліктің ара қатынасын ашып, қазаққа тиімді жолдарын көрсетеді. Қазақ халқының мақсат-мүдделеріне сай келетін биліктің маңыздылығына мән береді. Халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге қабілетті, биліктің тиімді жағына назар аударады.

Сондай-ақ сын мәселесі, сын мәдениеті, сынның сауаттылығы жөніндегі ойлары да бүгінгі күні де мағынасын жоймақ емес.

Шәкәрімнің шығармашылығында ерекше ден қоятын тақырыбы – ғылым. Өмірінің соңына дейін оқу мен ізденіске, дүниенің терең тылсымына мән беріп, ой жүгірткен ақын ғылымның маңыздылығына айрықша мән берген.

Сондықтан Шәкәрім ғылым жөнінде адамға ең керегі жан тазалығы, ар тазалығы деп есептейді.

Сондай-ақ осы бөлімде ақынның «Жар», «Жаратушы» ұғымдары талданады. Ен далада Саятқораны тұрақ еткен кезеңіндегі Шәкәрім шығармаларының табиғаты бөлек. Оқшаулану, айнала дүниеден безіп тек Жаратушыдан ғана медет табу – биік рухани дамудың өз ортасымен қайшылығынан, сәйкестік таппай дағдарысқа ұшыруынан туатыны белгілі.

Шәкәрімнің өзіне дейінгі бүкіл рухани дәстүрді сіңіре отырып, өзінше бөлек көркемдік әлем жасағандығының куәсі – Жаратушы, Жар ұғымдарын көркем бейнелеу.

Ғаламның небір тылсымдық күштерін, жан мен тән, әлем жайлы ғаламат ойларын адамзат баласына сыр етіп, айтып, жазып кеткен Шәкәрім мұрасының дені Саятқорада жазылғаны белгілі.

Көп үшін тілек тілеу Алладан ізгілік пен махаббат аңсап, ел санасын жақсартатын руахани нұрды, сәулені сұрау Шәкәрім өлеңдерінің мағыналы да, мазмұнды бөлек бітімін құрайды. Халқының құрсаулы қамыттан көтеріле алмай жатқан езілген еңсесіне демеу боларлық күшті жаратушыдан тілеу оның толысқан, рухани кемелденген шағындағы тұжырымдарын танытады. Бұл кезеңдегі Шәкәрімнің өлең өрнегінің бөлектігі мен ой сұлулығы философиялық ұғымдарды суретті де, бейнелі іші мен сырты жымдасқан туындыларға айналдыра білгендігімен құнды.

Ақынның «Жарға жетсем болғаны» дейтін ой түйініне үңілсек, жаратушы образын бейнелеудегі асқақ та биік те ізігілікті зор махаббатты сезінесіз. Жаратушыны өз танымы арқылы оқырман жүрегіне жеткізу – Шәкәрім поэзиясының лейтмотиві. Сонымен қоса, адамның жаратушысына деген ғашықтығы арқылы ізгілікке құштарлық сезімі мен дүние тазалығының шыңы махаббат екеніне көз жеткізіледі.

Мұндай өлеңдерде қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлері, шығыс әдебиетінің желісі, Құран Кәрімдегі адам сүю, алла сүю сарындары қатарласа үйлесімділік тауып жатыр.

Барлық діндердегі адамгершілік, мораль тақырыбына терең мән бере отырып, барлық діндердің ортақ құдіреті – «Жаратушы – Құдай» мәселесін биік қояды. Бұл тұрғыда ақын дүниежүзілік жалпы адамзаттың даму тарихын білгенін көруге болады. Адамның жан-дүниесі, көңіл-күйі, ниет-мақсаты жаратушыны cүюге бағытталса, сонда ғана адам шын ләззаттың, шын махаббаттың шуағына шомылады.

Шәкәрiм танымындағы «жаратушы», «жар», «хақиқат», «шын» деген сөздер – «Құдай» ұғымын бередi. Оның шығармашылығында осы сөздер жиiқоданылады.

Көрем десең жарымды,

Мас бол, жүрек тазала.

Өртеп жiбер барыңды

Қарсы ұмтыл қазаға [52, 238 б.].

Немесе:

Жарға ғашық болғаныма

Таңданатын түк те жоқ,

Жер жаралмай тұрғанында

Менде асықтың нұры бар, [52, 253 б.].

– деген өлеңнің алғашқы шумағындағы «мас бол, жүрек тазала» деген тiркестегi «мас» сөзi «ойға шому» ұғымын бередi. Шәкәрiмнiң жаратушы жайындағы сырлы ойлары поэзия тiлiмен әдемi сурет болып көркемделген.

Ақын өлеңдерiнде «шын» сөзi жиi қолданылады. Адам бойындағы қасиеттердiң «шынын», «шын таза жан», «шын сүю», «шын сыр» сөздерi арқылы өрнектеп, оны қоғамның жылдамдығымен астастырып, «шын дiн», «шын асық», «шын нұр», «шын хақиқат» деген ұғымдарға ұластырады.

Өзiнiң ерекше жаратылысымен, iшкi көңiл көздерiмен ақын – құдайды танып бiлуге ұмтылған «шын асық», жоғары сезiм иесi. Оның танымындағы «нұр» сөзінің мәнісі тереңде. Өлең сөздеріне әдемілік пен ізгіліктің, жаратушы мен адам арасындағы нәзік байланысты сездіретін «нұр» сөзінің қолданысы ақын шығармашылығының рухани көркем деңгейін ашуда ерекше өң береді. «Нұр» – сөзі Алладан келер мейірімділік, шындық, сұлулық, ізгілік ұғымдарының мәнін жинақтап, көркемдік жүк көтеріп тұр.

Сонымен Шәкәрім шығармашылығындағы адам болмысының Жаратушымен жарасымдылық табуын уағыздаудың мәні: Адам аллаға, ынсап пен еңбекке ұмтылса ғана жөнделмек. Жаратушыны, алланы, тәңiрдi сүю арқылы рухани тазаруға жетуді уағыздау – Шәкәрiм поэзиясының негізгі өзегі. Осыны жеткізудегі ақын қаламынан туған тың сөз суреттері мен ой образдары оның поэтикалық ерекшелігін айқындайды.

Қорытындыдазерттеужұмысының барысында алынған ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар жинақталып түйінделді. Ең басты тұжырым өз дәуірінен озып ой айтқан ақын шығармашылығының поэтикасы сан түрлі көркемдік амал-тәсілдермен бай екендігі сипатталды. Қаламгерлік мақсатының негізгі арқауы – түзу адам тәрбиелеу жолын іздеу. Сыртқы орта болып жатқан түрлі оқиғалар ықпалында емес, адамның ішкі дүниесінде өтетін сапалық өзгерістердің мәнін айқындау арқылы көркемдік әлем жасау – Шәкәрім шығармашылығының негізгі ерекшелігі. Сол арқылы ұлтын, жерін сүйген, жалпы адамзатты сүйген адам тұлғасының дамуына әсер ету үшін өлең сөзді көркемдік қару ету міндетін көздеген. Сондықтан да ақын өлеңнің мәні мен мағынасына, бүкіл көркемдік сапасына аса үлкен талап қойған, өзі де солталап деңгейінен табыла білген.

Шәкәрім мұрасының құндылығы – оның рухани бастау көздерінің күрделілігінде. Ең алдымен ол өзі өсіп өнген қазақ жұртының халықтық мұрасын терең меңгеріп, асылын бойына жинақтаған. Сондықтан да рухани жетілу жолындағы алған өзге әсер ықпалдарының ізгі үрдісін халқының қажетіне жарата алған. Шәкәрім адамның ізгі қасиеттерін дамыту жолдарын айқындап, бұл тұрғыда адамзаттық игі дәстүрлерге сүйенеді. Мысалы, барлық діндердің мәнін дұрыс бағалай отырып, қазақ жұртшылығы үшін мұсылмандық жол құран ілімі дейтін тұжырымды ұстанған. Сол арқылы «Жар», «Жаратушы» ұғымдарын жаңғыртып, оны бүкіл дүние тіршліктің түп негізі етіп көрсетуге дейін көркемдеген. Ақын поэтикасына әсер еткен орыс әдебиетінің игі әсері Пушкин шығармашылығын аударып жалпы адами құндылықтарды бағалаудағы ортақ ойларының үйлесім тапқандығынан көрінеді. Ақынның көлемді эпикалық туындыларындағы тың ізденістер мен өзгеше өрнектер көркемдік амал-тәсілдер ақынның әртүрлі поэзиялық жанрлардағы көркемдік ізденістерін айғақтайды. Жинақтай келгенде, зерттеу нәтижелері көрсеткендей Шәкәрім поэтикасы – сан-алуан суретке толы, өмір құбылыстарын көркем айшықтаған күрделі сала. Оның сырларына үңіліп, философиялық, психологиялық, тарихи себептерін ашу әлі талайіргелі зерттеулерге негіз болары анық. Біз өз мақстамыз тұрғысынан ғана ой тұжырымдар түйіндедік.

Наши рекомендации