Философиялық антропология
Адам тақырыбы - философияның өзекті, байырғы және өте маңызды мәселесі. Философияның адам мәселесін арнайы зерттейтін бөлігі антропология деп аталады. Оның негізгі сұрағы -“адам дегеніміз не” мәселесі. Адам туралы толық мәліметті пәнаралық зерттеу аясында көптеген ғылымдардың көмегімен жинақтауға болады. Сондықтан да соңғы жылдары адамтану ғылыми танымның ерекше саласы және оқу пәні ретінде жеке қарастырылады. Философия адамды тиянақты, бүтін, біртұтас жүйе деп анықтайды. Ол адамды барлық мәндік қасиеттері мен құбылыстарының өзіндік рухани - практикалық іс - әрекетінің біртұтас жүйесі ретінде, көпжақты, әмбебап жан етіп көрсетеді. Адамның табиғаты мен мәні туралы сұрақ философия тарихындағы барлық ілімдерде орын алған. Адам проблемасын философиялық зерттеудің негізгі өзегі етіп қарастыратын экзистенциализм, персонализм және философиялық антропологияның басқа да көптеген ағымдарын қоспағанның өзінде психоанализ, герменевтика, структурализм, аналитикалық философияда, социобиологияда адам тақырыбы көрнекті орын алып отыр. Мұның өзі тек жай ғана кездейсоқтық немесе ұқсастық емес. Қазіргі уақытта адам төңірегіндегі мәселелердің алдыңғы қатарға шығып, Әлемнің барлық түкпірінде өзекті мәселеге айналуы, ең алдымен, нақты индивидтің күнделікті өмір сүруінде кездесіп отырған өмірлік мәселелердің ұдайы шешіліп отырылуы қажеттігінен туындап отыр. Ядролық қару – жарақтың күннен-күнге көбейе түсуі, табиғи ортаның бұзылуы адамдарды өте бір қиын сын сағатына әкеліп, апырау, осы адамзаттың ертеңгі күні не болмақ деген үрейлі сұрақтарды жиі-жиі туғыза түсуде. Генетикалық инженерияның даму бағыты, әртүрлі органдарды трансплантация жасау мүмкіндіктері адамның биологиялық табиғаты туралы үйреншікті көзқарастарды өзгерте түсуде. Сонымен қатар, адам биологиясының біз білмейтін қаншама терең сырлары бар екендігіне де күмән жоқ. Адамдар өз мүмкіндігін қоғамдық ортада басқалармен қарым-қатынас жасау арқылы іске асырады. Қарым-қатынастың алғашқы түрі “мен” және “сен” деп бөлінуден басталады да, әр адам өзінің “менін” басқалармен қарым-қатынаста танытуға тырысады. Адам организмінің қандай ерекшеліктері мен биологиялық қажеттіліктері қоғамдық өмірге ықпал етті, оған негіз болды. С.Крапивенский А.Роза (АҚШ) мен Я.Шепаньскийдің (Польша) еңбектеріне сүйене отырып, адам организмінің бірнеше ерекшеліктерін атап көрсетті.
тік жүру адамның негізгі анатомиялық ерекшелігі ретінде оған қоршаған ортаны оңтайлы қабылдауына мүмкіндік берді, алдыңғы екі аяғының бірте-бірте қолдың қызметін атқаруына, өз қолымен қарапайым құралдар жасауына алып келді;
күрделі де нәзік қимылдарды орындай алатын берік қолдар;
кеңістікте жақсы бағыт беретін және үш өлшемді де көре алатын, алдыға бағытталған көзқарас.
психикалық өмір мен интеллектік жоғары дамуына жағдай жасайтын үлкен ми мен күрделі жүйке жүйесі;
ерін, көмекей күрделі өзгеріске түсіп, сөйлеу қабілетінің қалыптасуы;
балалардың ата-аналардан ұзақ уақыт бойында бағыныштылықта болуы, өсу мен жетілудің ұзақ уақытқа созылуы;
туа біткен импульстер мен қажеттіліктердің икемділігі.
сексуалдық құмарлықтық тұрақтылығы тағы басқа да ерекшеліктер.
Бұлардың бәрі адамның анатомиялық, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін қамтиды, сонымен қатар‚ оның мәдени, әлеуметтік іс-әрекеттерінің биологиялық негіздері болып табылады. Адам биологиялық ақпаратпен қатар әлеуметтік ақпаратты да иеленеді. Адам болмысының толыққандығының маңызды белгісі оның өткенімен және болашағымен байланысуды тек сезіну - түсіну ғана емес, бұл рухани қарым-қатынастық адамның қазіргі болмысының жан-жақтылығымен, тереңдігімен өлшенеді. Бұдан бұрынғы дәстүрге сүйенсек, ғылыми әдебиеттерде адамның әртүрлі қасиеттерін көрсететін “личность”, “индивид”, “индивидуальность” ұғымдарын қазақ тілінде “тұлға”, “индивид”, “индивидуалдылық” деп айтып жүр еді. Осы тұрғыда философия ғылымдарының кандидаты Сапар Оспановтың “Қазақ тілі мен Әдебиеті” журналының 1997 жылғы 9-10, 11-12 сандарында жарық көрген “Азамат” ұғымын жаңғырту және оны өзінің ғылыми тұғырына көтеру” тақырыпты мақаласындағы ұсыныс көңілге тұрарлық екенін ескеруіміз қажет.