Адамның сана сезімінің философиялық ерекшелігі
Сана - ғажап дүние. Бүкіл өнер, дін, әдебиет, философия техника әлемі және ғылым, адам санасының нәтижесі. Сана - құдіретті күш, әлемді билейтін де сана. Сана бүкіл философияда, ғылымда және дінде әртүрлі ой-пікір туғызып, оларды бір-бірімен салыстырып қояды. Сана – дүние, қоғам, адам, т. б. материя жүйелерінің бәріне нұр төгіп тұр. Сана қалай пайда болады? Бұл туралы ғылымда пікірталас көп. Адам баласына ой қалай келеді және рухани дүние мен денелік дүниенің арасындағы айырмашылық қандай? Жеткілікті білім болмағандықтан, алғашқы адамдар сананы адам денесінен бөлек өмір сүретін «жанның» қасиеті дейді. Мысалы, қазақтар оны шыбынға теңеп, жан ұшып жүреді, бақыттың болуы, оның қонуына байланысты деп санаған. Діни-идеалистік түсініктерде осы дәстүр сақталып, сана материалдық емес, «жан» субстанциясының көрінісі, ол жалпы алғанда материядан (мидан) тәуелсіз өмір сүретін, өлмейтін және мәңгілік құбылыс деп есептеледі.
Алғашқы грек философтары космостың өзін тірі организм - адамнан тәуелсіз, өзінше өмір сүреді деп санаған. Сана тікелей ғарыштың нәтижесі, бірыңғай, өзінің мәнінде бүтін, бөлінбейтін, Құдайдың ақылына байланысты туады деп есептелді. Тейяр де Шарденнің теориясы бойынша сана – адамнан жоғарғы мәні, мидың, материяның ішкі жағы. Орта ғасыр философиясының өкілі Дунс Скоттың пікірінше, тіпті таста ойлай алады-мыс. Мұндай көзқарасты гилозоизм (hule- материя, zoe- тіршілік) дейді.
Сана ми арқылы пайда болады. Адам ақыл-ой арқылы пайымдайды, жоспарлайды. Ми - материя. Ми жануарларда да бар. Жануарлардың өмірі спонтандық емес, өзінің санасына бағынған, мәні бар. Жануарлар өз тәжірибелерін жинақтап, оны ебін тауып қолданады. Жануарлардың бірқатар әрекеттері күрделі, әрі саналы болады. Бұл негізінен жоғарғы сатыдағы мысық, ит және приматтарда айқын көрінеді. Жануарларда өздеріне тән «мораль», тәртіп, жетекшілік-бағыныштылық қатынастар, күрес жолдарын саналы таңдау бар. Инстинктің өзі де тек туа біткен емес, өмірде пайда болған, яғни өмірде игерілген тиімді әрекеттердің сана деңгейінде сақталып отыруы. .
Өзіндік сана - сананың жетілген дәрежесі. Оның негізгі көрсеткіші - өз ерекшелігіңді түсіну, өзіңді дүниеден, басқа адамдардан бөле қарап, қажеттілік, құштарлық, ұмтылыстарыңды талдап, іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау. Өзіндік сананың тұруының да тарихи кезеңдерін анықтауға болады. Алғашқыда адам жеке өзі емес, кіші қоғамның, рудың мүшесі ретінде қоршаған табиғаттан бөлінеді, тіпті басқа руларға табиғаттың бөлігі деп қарап оған қарсы тұрады да, мүшелерін аң ретінде аулайды (каннибализм). Кейін еңбек қарулары жетіліп, жеке семья ретінде өмір сүру мүмкіндігі туғанда, рулық сананың орнына жекелік сана, «біз» түсінігінің орнына «мен» ұғымы келе бастайды.
Жетілген сана - өзіндік сана, өз ерекшелігіңді, қайталанбайтыныңды түсіну, ол тек адамға тән, өз-өзіне жауапкершілік жүктеудің басты себебі. Өзіндік сана - адамның танымдық, өнегелік, діни, эстетикалық және саяси салаларда өзінің іс-әрекетін субъект ретінде түсінуі. Басқа сөзбен айтқанда, өзінің адамгершілігін, мақсатын, идеалын және жүріс-тұрысының дәлелін білуі, өзінің басқа біреулермен салыстыру арқылы кім екенін анықтауы. Өзіндік сана әр уақытта жеке адамға байланысты. «Өзіндік сана - білім. Менен басқа жерде еркін өмір сүре алмайды», - дейді Гегель. Оның мәні кісінің сезіну, күйзелу, ойлау ерекшеліктеріне байланысты, өзіндік сананы объектендірудің қиындығы. Жеке және қоғамдық сана, олардың диалектикалық байланысы бар. Әр адам саналы. Бұл қоғамдық сананың ұлттық сипатының белгісі және жеке адам санасы тәрізді құрып кетпейтіндігінің куәсі. Қоғамдық сананы ары қарай дамытып жетілдіретін жеке тұлғалар, бірақ олар ол үшін қоғамдық сананың белгілі бір санасын жеткілікті түрде игеріп, оны ары қарай жалғастыра білуі керек. Тек осы жағдайда ғана ол тұлғалардың санасы да мәңгілікке өтеді, қоғамдық-ұлттық сананың ажырамас бір сипатына айналады.
Қоғамдық сана – бейнелеу түрі мен рухани дүниені жасау әдістері арқылы ажыратылады. Қоғамдық сананың адам санасына әсер етуінің екі жолы бар: 1. жеке адамдар санасы арқылы: 2. қоғамдық естелік (кітап, газет, теледидар, радио) арқылы. Қоғамдық сана - өте күрделi құбылыс. Олардың әрқайсысы өзiндiк салыстырмалы рухани құрлым, сонымен бiрге басқалармен жан-жақты тiкелей және жанама байланыста болады.
Қарапайым сана - ғылыми емес, бірақ тікелей күнделікті өмірден шыққан сана. Теориялық сана – белгілі бір деректерге сүйенген ғылыми ұмтылыстан туатын қорытындылар, қағидалар, заңдылықтар, көптеген мәселелер туралы ғылыми көзқарастар. Сонымен бірге тек болжамдарға сүйенген қате қағидалар да теориялық негіз құрайды. Бұл теориялар ғылыми бола алмайды. Теориялық сананы қоғамның идеалдық моделі деуге болады, ол әрқашан деректермен толықтырылып, жаңартылып отыруы керек.