Мазхабтардың хабари сипаттарға деген көзқарастары 2 страница

Қадария мен мутазила өкілдері осы тақырыптағы идеяларына түсініктеме жасағанда олардың нақли және ақли дәлелдерді ұсынғаны белгілі.

Нақли дәлелдер:

«مَنْ يَعْمَلْ سُوۤءًا يُجْزَ بِه» (Кім жамандық жасаса сонымен жазаланады) (Ниса 4/123)

«كُلُّ امْرِئٍ بِمَا كَسَبَ رَهينٌ» (Әр адам өз қылығы үшін жауапты болады) (Тур 52/21)

«فَمَنْ شَاۤءَ فَلْيُؤْمِنْ وَمَنْ شَاۤءَ فَلْيَكْفُرْ» (Қалаған иман келтірсін, қалаған жоққа шығарсын) (Кахф 18/29)

Қадарилер мен мутазилиттер жоғарыда баяндалған Құран аяттарын нақли дәлел ретінде ұсынып, жабрилердің дәлел ретінде ұсынған аяттарға тауил жасаған.

Әһли сунна каламшылары мутазила мен қадарияның «құл - әрекеттің жаратушысы, құлдың әрекетінде Алланың ешбір қатысы жоқ» - деген тезисін сынға алды. Себебі, Құран Кәрімде Алла Тағала жалғыз жаратушы өзі екендігін ескерткен.

«اَللهُ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ وَهُوَ عَلٰى كُلِّ شَيْءٍ وَكيلٌ» (Алла барлық нәрсенің жаратушысы, Алла әр нәрсеге кепіл).(Зумар 39/62)

«هَلْ مِنْ خَالِقٍ غَيْرُ اللهِ» (Алладан басқа жаратушы бар ма? Фатыр 35/3)

Ақли дәлелдер:

1. Сұрақ: Әрбір адам өз күш-жігерін жұмсап, жоғары қарай шығуы мен ешбір күшін жұмсамастан, өз ықтиярынсыз төменге түсуі арасында айырмашылықтың бар екендігін біледі. Бір ауыр затты көтергенде, қиналғанда адам қолы дірілдейді, инсульт сырқатына шалдыққанда да қолы дірілдейді. Осы екі дірілді былай ажыратуға болады: екінші әрекет издирари, онда адамның қалауы мен ықтиярының ешбір әсері жоқ. Сондықтан, адам издирари әрекетке ешқандай да жауапты емес. Ал бірінші әрекет адамның қалауы мен ықтриярына байланысты. Міне, өз қалауымен істеген осы сияқты әрекетке адам жауапты оның сауабы мен жазасын көреді. Құлдың өз қалауымен, ықтиярымен істеген осы тәрізді амалдардың жаратушысы Алла емес, адамның өзі болып табылады. Ал оған қайшы жағдайда адам осы істі жүзеге асырғанда қалау жауапты бола алады?

Жауап: бұған әһли сунна каламшыларының жауабы былай: адамның мукаллаф және істеген амалына жауапты болуы үшін міндетті түрде оны жаратудың қажеті жоқ. Құлдың жауапты болуы үшін сол істі жүзеге асыруды қалауы, оған бет бұруы және оған қол жеткізуі (касб) жеткілікті. Құлды касиб емес, халиқ деп, құлды жаратушы мәртебесіне шығару Алладан басқа жаратушы жоқ деген көзқарасқа қайшы келеді және Алланың жаратушы сипатына серік қосу болып табылады. Ал бұл мүлдем дұрыс емес.

2. Сұрақ: егер Алла Тағала құлдың істеген амалдардың барлығының жаратушысы болса, онда құл істерінде ешқандай құдірет пен ықтияр иесі бола алмайды. Яғни еркін емес, мәжбүр болып қалады. Ал мәжбүр болса, мукаллаф иесі бола алмайды. Мукаллаф иесі бола алмаған адам істеген ісіне жауап бермейді және марапат пен жазаға ұшырамайды. Өйткені өз ісін өзі игере алмаған адам сол ісіне қалай жауапты болмақ? Негізінде адам өз қалауымен істеген амалына ғана жауапты бола алады. Міне, адамдардың кейбір әмірлерді орындауға, кейбір тиымдардан аулақ болуға жауапты ету (мукаллаф) қалауымен, ықтиярымен істеген амалдардың жаратушысы екендігіне дәлел.

Жауап: бұған әһли сунналық ғұламалар бастапқы сұраққа берілген уәжбен жауап берген: Адам құдайдың жаратқандарына ниетімен қол жеткізуі (касб) арқылы жауапты болып табылады.

Ашария мазхабы.Жоғарыда баяндалғы сияқты жабрия мазхабының өкілдері адамдағы құдіретті, қалау мен ықтиярды жоққа шығарып, адамның бір істі жүзеге асыруына мәжбүр екендігін қуаттады. Осы көзқарас бойынша адам ешнәрсеге жауапты емес, адам абсолюттік мәжбүрлікке бас иеді. Ол жансыз зат тәрізді.

Қадария мен мутазила осы тезисті түбірімен жоққа шығарып, адамды жаратушы дәрежесіне шығарады. Осылай Аллаға адамды ортақ қылады. Осыған орай, аталған екі мазхабтың жолдан адасқандығы белгілі. Себебі адам құдайдың өзге жаратылыстары сияқты әлсіз және қабілеті де шектеулі. Сондықтан, адам абсолюттік құдірет, қалау және ықтияр иесі емес және істеген амалдарының бірден бір жаратушысы бола алмайды. Өйткені жаратушылық мәртебесі – ұлы Аллаға ғана тән. Десек те адам өзге жан-жануарлар тәрізді қалау мен ықтиярдан мақрұм да емес. Ол кейде қалаған нәрсесін істей де, қаламаса бас тарта да алады. Олай болса, адамның құдіреті, қалауы және ықтияры бар. Осы себепті ол мукаллаф иесі және жүзеге асырған істеріне жауапты болып табылады. Демек, адамды жауапты ететін бір құпияның бары анық. Қайшы жағдайда ол мукаллаф иесі және істеген ісіне жауапты бола алмайды.

Ашариттердің пікірі бойынша құл жүзеге асыратын амалдарында еркін, яғни, оның қалауы мен құдіреті бар. Бірақ, оның құдіреті жүзеге асырған істеріне әсер ете алмайды. Өйткені, құлдың әрекеттерін жаратушысы – Алла. Алла – құлдың әрекеттеріне ықпалды күш, ал адамдық күш-қауқардың әрекетке ешбір қатысы жоқ. Құдайлық заңдылықтың жемісі ретінде Алла Тағала әлгі әрекетті құлдың ниеті мен шешіміне қарай жаратады. Бұл ниет құлдың қалауын әлгі амалға бағыттауымен, әлгі амалға қол жеткізуімен (касб) жүзеге асады. Демек, құл – жаратушы (халиқ) емес, касб (қол жеткізуші, иеленуші). Ал барлық нәрсенің жаратушысы – Алла. Десек те құл жүзеге асырған әлгі әрекетінің иесі болып табылады. Өйткені, ол сол істі таңдады және таңдауына қарай қол жеткізді (касб). Сондықтан, жасаған ісіне адам жауапты.

Демек, құлдың мукаллаф және жауапты болуына, істеген амалының халиқы (жаратушысы) болуы қажет емес екендігі белгілі. Міне, ашариттер осылай діндегі жауапты болу қағидасы мен Алла Тағаланың жалғыз ғана жаратушы екендігін үндестірген және жабрия мен қадария-мутазила мазхабтарының жіберген қателіктерге душар болмады. Алайда, құлдың құдіреті бола тұра, оның әрекетке ешбір әсері болмағандығы мәселесі өте күрделі түсінік болып табылады. Кейбір теологтардың пікірі бойынша ашария мазхабы адамды жабршылдық түсінікке жетелейді. Осыған орай, ашария мазхабы «жабр мутауассит» (жабрға жақын) деп аталған.

Ашариттердің нақли дәлелдері: «اَللهُ خَالِقُ كُلِّ شَيْءٍ» (Алла барлық нәрсенің жаратушысы) (Зумар 39/62).

«وَاللهُ خَلَقَكُمْ وَمَا تَعْمَلُونَ» (Алла сендерді және жасаған нәрселеріңді жаратты) (Саффат 37/96)

Ашариттердің ақли дәлелдері: 1. Барлық жаратылыстар (мумкинат) ешнәрсенің себебінсіз Алла Тағала тарапынан жаратылған. Адамның істеген амалдары да мумкинатқа жататындықтан, олардың да жаратушысы – Алла. Ал қайшы жағдайда Аллаға серік қосу болып табылады. Бұл – исламдық таухид сеніміне қайшы.

2. Егер адам істеген амалдарының жаратушысы болса, осы амалдарының барлық қыр-сырын, егжей-тегжейін толықтай білуі тиіс. Себебі, бір нәрсенің қалауымен және құдіретімен жаратушы оның барлық қыр-сырын меңгеруі тиіс. Мұны адам ақылы мен логикасына қисынды.

3. Кейбір әрекеттер құдайдың құдіретінен тысқары қалса, онда Алланың марапаты мен жазасына қалай сенім артуға болады?

4. Әрекеттер барлық жағынан адамға тән болса, Алланың ұлылығы мен құдіретіне сыза түседі.

Матуриди мазхабы. Ашария жабрияның абсолюттік жабр идеясы мен қадария-мутазиланың қалау еркіндігі идеясы арасындағы мутауассит (орта жолды) ұстанатын мазхаб болып табылады. Бірақ ашариттер қадари-мутазилиттерден қарағанда жабрияшылдарға анағұрлым жақын келеді. Осыған орай, олар «жабр мутауассит» деп аталады. Ал Имам Матуриди жабршылдық көзқарастағылар мен қалау еркіндігін қуаттайтындар арасындағы дәл орта жолды, үйлестіруші, үндестіруші қызмет атқарады.

Ашариттер сияқты матуридилер де құлдың ықтиярымен жүзеге асырған амалдарының жаратушысы Алла деп есептейді. Әрекеттердегі әсер етуші күш – Алланың құдіреті. Ал құлдың кұдіреті бар болғанның өзінде ол әрекетке әсер ете алмайды. Өйткені бір туындыға тәуелсіз екі ықпалдың әсер етуі мүмкін емес. Демек, құл – халиқ (жаратушы) емес, касиб (қол жеткізуші, иеленуді). Осы мәселелерде ашарит ғұламалары мен матуриди ғұламаларының ойлары бір жерден шығады. Осы екі мазхабтың жолдары айрылысатын жер – құлдың қалауы мен міндеті мәселесі. Ашариттердің пікірі бойынша құлдың қалауы құдіреті мен әрекеті сияқты Алланың жаратуына тәуелді. Ал Матуридилердің пікірі бойынша құлдың екі түрлі қалауы (ирадасы) бар: «ирада куллия», «ирада жузия». Ирада куллия – Алла Тағаланың жаратуымен болса, ирада жузия махлуқ емес, құлдың иелігіндегі қалау. Құлдың әрекеттері осы қалаумен байланысты болып, құлдың мукаллаф және жауапты болуы осы қалауға тікелей қатысты.

Кулли ирада – құдайлық ирада сипатының атауы. Ал міндеті – амалдың екі немесе одан көп варианты және осылардың бірін таңдай алу қабілеті. Ирада жузия – осы екі варианттың бірін өздігімен таңдауы, яғни, екі жақтың бірін таңдап, бекітуі. Жузия – таңдаған нәрсені нақтылау деген сөз. Өйткені, жузи сөзі әрбір нақты, белгілі нәрсеге берілген атау болып табылады. Демек, ирада жузия – ирада куллияның белгілі, анық бір жағын таңдап, оны сонда қолдану деген сөз. Демек, ирада жузия ирада куллияны белгілі, анық бір жағын таңдап, оны сонда қолдану деген мағынаны білдіреді. Ашариттердің пікірі бойынша ирада куллия – Алланың ирада сипаты, ал ирада жузия ираданың белгілі, нақты бір нәрсемен байланысы және сол байланысты әрекеттердің барлығын Алла жаратқан. Міне, ашариттердің жабршылдық көзқарасқа жақындығы осында жатыр. Матуридилер осындай жабршылдық көзқарастан аулақ болу үшін мынандай идеяны дамытқан. Құл ираданың белгілі бір жаққа қатысты болып табылатын ирада жузияға ие. Яғни, осы қатыстылық толықтай құлға тән. Міне, құл толықтай иелігіндегі ирада жузиямен, яғни, әлгі қалауды белгілі бір жаққа қолданумен белгілі бір іске қол жеткізеді (касб етеді). Осыған орай, ол жүзеге асырған амалына жауапты болады. Демек, құлдың қалау еркіндігі жағынан матуридилік ілім мутазиламен бірдей, бірақ, жарату құлға тән деген мутазилиттік көзқарасты теріске шығарып, матуридилер жаратудың Құдайға ғана тән екендігін қуаттады. «Құл - әрекеттің жаратушысы» деп жарату деген нәрсені жоқтан бар ету, жоқтан жарату мағынасындағы мутазилиттік көзқарасты теріске шығарып, матуридилер бар нәрсені бар қылу, Алланың құлға берген құдіретімен жүзеге асыру (касб) мағынасында қарастырған.

Адам әрекеттерінде құдіреттің (иститаат) рөлі. Әрекеттердің дүниеге келуін қамтамасыз ететін нәрсе «күш-қауқар» немесе «құдірет» деп аталады. Каламдық әдебиеттерде «иститаат», «қудрат», «тақат» және «вусат» сияқты әртүрлі атаулармен аталатын бұл қабілет туралы әртүрлі көзқарастар өрбіген. Жабрилердің көзқарасы бойынша адам әрекеттері – жансыз жаратылыстар тәрізді Алланың жаратқан әрекеттері жүзеге асуының көрінісі ғана. Сондықтан, адамның әрекетке дейінгі немесе әрекетпен бірге болатын құдіретін айтудың өзі дұрыс емес.

Мутазилиттердің пікірі бойынша құлдың иститааты (құдіреті) бар. Құл діни міндеттерге жауапты болған, ықтияри әрекеттерін дүниеге әкелген кезде, қажетті құдіретке, әлгі әрекетті жүзеге асыруға кіріспей тұрып ие болуы тиіс. Сонда құл әрекетін өзі жаратқан болып шығады, бұл әрекетте Алланың ешбір қатысы жоқ.

Әһли сунна ғұламаларына қарағанда екі түрлі құдіретті (иститаатты) атап өтуге болады. Оның біріншісі – құралдардың, дене мүшелерінің және себептердің ыңғайлы, аман-сау болу мағынасын білдіретін иститаат (саламату-л-асбаб уа-л-алат). Бұл әрекеттен бұрын адамда болады. Діни жауапкершілікке негізгі себеп осы болып табылады.

«وَلِلهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ اِلَيْهِ سَبيلاً» (Оған (Қағбаға) жол табу құдіретіне (иститаатына) ие болған адамға Алла үшін Қағбаға қажылық жасауы керек) (Али Имран 3/97) аятындағы иститаат құралдар мен себептердің сенімді, кедергісіз болуы тиіс екендігін көрсетеді. Екінші иститаат - әрекетті дүниеге әкелетін негізгі құдірет болып табылады. Әһли сунна ғұламаларына қарағанда ықтияри бір әрекетті жүзеге асыру үшін құлда болуы тиіс құдірет әрекет толықтай жүзеге аспай тұрып онда болмайды. Құл белгілі бір амалды істеуге шешім қабылдап, шешімі мен таңдауын әрекетке бағыттаған кезде, Алла Тағала оған жетерлік, қажетті құдіретті жаратып, адамға береді. Өйткені құлда болады деп қуатталатын құдірет араз болып табылады.

АЗА ЖӘНЕ ҚАДАР

Иман негіздерінің бірі – қаза мен қадарға иман. Калам ғұламалары мен ислам ойшылдары арасында тартыстардың орын алуына себеп болған тақырыптардың бірі – «қазар мен қаза» мәселесі. Әһли сунна каламшыларының пікірі бойынша Алла Тағалаға және оның сипаттарына иман қаза мен қадарға иманды да қажет етеді. Өйткені, қадар Алла Тағаланың «илм» және «ирада» сипатына, қаза оның «такуин» сипатына қатысты. Бірақ, қаза мен қадар жеке қарастырылғандықтан иман шарттарының бірі ретінде саналады. Құран аяттарында барлық нәрсенің құдайлық тағдырға сай екендігі баяндалады.

«اِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ» (анығында біз барлық нәрсені өлшеп (қадар) жараттық) (Қамар 54/49).

«وَخَلَقَ كُلَّ شَيْءٍ فَقَدَّرَهُ تَقْديرًا» (Барлық нәрсені Алла өзі жаратты да, оларға айық өлшемдерін белгіледі) (Фурқан 25/2).

Осы тақырыпта баяндалатын хадистер ахад хадистерге, занни дәлелдерге жатады. Занни дәлелдер ақаид ілімінде дәлел ретінде қолданылмайды деген нәрсе жоқ. Өйткені, осы хадистердің ұсынған мағынасы Құран аяттарында қуаттандырылған. Сондықтан, ақаид ілімінде дәлел ретінде алынады.

Жибрил хадисі ретінде танымал бір хадисте Жабраил періште Пайғамбарымызға былай сұрақ қойыпты:

- Иман дегеніміз не?

Сонда Пайғамбарымыз:

- Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ахирет күніне, жақсылықпен жамандықпен қадарға сену», - деп жауап берген (Муслим Иман 1; Әбу Дауд Суннат 15; Ибн Мажа Муқаддима 9).

Қаза мен қадар мәселесі бойынша тартыс «Халқу Афали Ибад» атымен танылған «адамдардың өз қалауымен жүзеге асырған істерінің жаратушысы Алла Тағала ма әлде сол амалдың иесі құл ма? деген проблемадан туған. Осы тақырып бойынша өз ойын білдірген жоғарыдағы мазхабтар мен олардың өкілдері жоғарыда баяндалған дәлелдерге сүйеніп, қаза мен қадарға иман келтірген немесе оны жоққа шығарған.

Қаза мен қадардың сөздік мағынасы. Қаза мен қадар сөздері жалпы алғанда бір жерде қолданылады. Рағибтың пікірі бойынша «қадар» мен «тақдир» бір нәрсенің шегін, өлшемін білдіреді. Яғни, қадар – бір нәрсенің мөлшері. Барлық нәрсе құдайлық өлшеммен белгіленген. Мысал ретінде құрма дәнегін алар болсақ, одан тек қана құрма ағашы өседі, ал басқа ағаш өспейді. Адам ұрығы да солай. Адамнан тек адам баласы ғана туылады. Бұл әлемге қойған құдайлық заңдылық екендігі даусыз. Осы өлшем Құранда масдар немесе етістік ретінде баяндалады:

«اِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ» (анығында біз барлық нәрсені өлшеп (қадар) жараттық) (Қамар 54/49).

«وَخَلَقَ كُلَّ شَيْءٍ فَقَدَّرَهُ تَقْديرًا» (Барлық нәрсені Алла өзі жаратты да, оларға лайық өлшемдерін белгіледі) (Фурқан 25/2).

Филологтардың пікірі бойынша «қаза» - «барлық нәрсені соңына дейін алып келу», яғни, «бір нәрсені сөзбен немесе әрекетпен аяқтау» деген сөз. Қаза сөзі Құран Кәрімде дәл солай, масдар түрінде орын алмайды. Бірақ осы масдардан туындаған етістік исм фаил, исм мафул (есімше) түрінде орын алады. Сөз немесе әрекетпен бір нәрсені аяқтау мағынасына сәйкес келетін қаза сөзі орнына қарай «әмір», «үкім», «жариялау», «баян» және «жарату» мағыналарын білдіреді.

«وَقَضٰى رَبُّكَ اَلاَّ تَعْبُدُوۤا اِلاَّۤ اِيَّاهُ» (Раббың тек өзіне ғана ғибадат жасауыңды әмір етті) (Исра 17/23).

«فَقَضٰيهُنَّ سَبْعَ سَمٰوَاتٍ في يَوْمَيْنِ» (Жеті қабат аспанды Алла екі күнде жаратты) (Фуссилат 41/12).

Қаза мен қадардың діни терминдік мағынасы. Мутазиланың пікірі бойынша Алланың барлық әрекеттерін оның қазасымен, қадарымен байланыстыру жайыз. «Білдіру», «хабар» беру» мағынасындағы қадар мен қазаны Аллаға тән деп есептеуге болады. Ал адам әрекеттерінің Алла тарапынан жаратылғандығы мағынасына сәйкес келетін қаза мен қадарға ризалық білдіруге болмайды. Адам әрекеттерінің барлығы Алланың қаза мен қадары арқылы дүниеге келген болса, онда күпірлік пен дінді жоққа шығару сияқты әрекеттерге де ризалық білдіру қажет болады. Ал күпірлікке ризалық білдірудің өзі – күпірлік.

Десек те мутазилиттер елдің басына төнетін індет, апат және өлім сияқты бәлекеттердің Алланың қазасы екендігіне сенеді және оларға бой ұсынады. Ешкім бұлардың Алладан екендігінен бас тарта алмайды. Бұлар – құдайлық әрекеттер, адамға тигізер пайдасы да бар. Ал ұрлық, зұлымдық сияқты жамандықтар қаза мен қадарға жатпайды, оларға ризалық көрсету қажет емес.

Ашарилердің пікірі бойынша қаза – үкім мағынасында қолданылады, Алла Тағаланың осы әлемде орын алған нәрселердің барлығын қалай, қашан және қандай кейіпте болатынын азалда сол күйінше білуі және азали іліміне сай қалауы.

Ал қадар – Алла Тағаланың барлық нәрсені уақыты келгенде азали іліміне, қалауына сай жаратуы.

Ашариттердің жасаған осы анықтамасына қарағанда қаза қадардан қарағанда ауқымды және Алланың илм мен ирада сипатына сәйкес. Ал қадар – құдайлық құдірет сипатымен үндесіп, осы сипаттың хадис болып табылатын екінші баламасының туындысы. Өйткені Ашарилер Алланың такуин сипатын тәуелсіз сипат деп есептемейді, ол – құдірет сипатының хадис болған екінші қатынасы.

Ашарилердің пікірі бойынша барлық нәрсе Алланың қаза мен қадары ішінде орын алады. Бірақ, бұл Алланың қаза мен қадары жамандықты бұйырған деген мағынаны білдірмейді. Алланың қаза еткен жақсылықтарды «хақ», жамандықтарды «батыл» деген жөн. Мысалы, күпірлік – батыл, бірақ жарату мағынасындағы Алланың қазасы. Осы тұста күпірліктің батыл болғанына орай, Алланың қазасын батыл деп айту дұрыс емес.

Күпірлік Алланың қазасы мен қадарынан болса, оның қазасы мен қадарына разылық білдіру қажет болса, онда бұл күпірлікке ризалық көрсету болып шықпай ма? Ашариттердің пікірі бойынша Алланың күпірлікті жамандық ретінде қаза және белгіленгеніне ризалық көрсетеміз, ал күпірліктің өзіне риза болмаймыз. Демек қаза мен қадарға абсолютті түрде ризалық көрсетеміз де, күпірліктің өзіне ризалық білдірмейміз. Бұған мынаны мысал ретінде беруге болады: барлық нәрсе Алладан деп айтамыз да, әйел және оның баласы Алладан деп айта алмаймыз. Дәл сол сияқты қаза мен қадар Алладан деп, күпірлікке ризалық білдіруге болмайды.

Матуридилердің пікірі бойынша қадар. Алла Тағаланың азалдан абадқа дейін болған және болатын нәрселердің уақыты мен орнын, сипаттарын, ерекшеліктерін білуі және азалда сол кейіпте шегін белгілеуі «қадар» деп аталады. Осы жағынан қадар Алла Тағаланың илм және ирада сипаттарымен байланысты болып табылады. Қадарға иман Алланың осы сипаттарына және олардың азали екендігіне сену дегенді білдіреді.

Наши рекомендации