Шәкәрім шығармашылығындағы адамгершілік мәселесі.

Шәкәрім өз шығармаларында адамдық, адамгершілік мәселесіне көптеп тоқтаған. Оның шығармаларында «ар білімі» деген термин көптеп қолданылған. Ол «ар» сөзін «совесть» деп тәржімалаған. Ар дегеніміз не? Ол тек адамға ғана қатысты түсінік. Михаил Лермонтов: «Адам ісіне құдаймен бірге төреші бір нәрсе бар, ол - ар» деп айтқан. Абай аудармасында ол өлең былайша келтірілген:

Менің сырым, жігіттер, емес оңай,

Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!

Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,

Қазысы оның - арым мен бір-ақ құдай.

Шәкәрімнің ұстазы, әрі туысы ұлы Абайдың адамгершілік, арлылық деген ұғымдарын өзі де өміріне үлгі етіп алған.

Философ Ғарифолла Есімнің айтуынша: «арлы адам, алдымен, құдайына қараған, құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар - әр адамның өз ісінің төрешісі». Ғ.Есім: «Құдай құратын «сотқа» дейін адам өзінің арының алдында жауап бермек»,- дейді. «Менандрдың: Әр адамның құдайы - өзінің ары» деген сөзі тағы бар.

Бізде «ар» сөзіне ғылыми тұрғыдан қандай анықтама беріледі? «Шәкәрім» энциклопедиясында А.Тоқсамбаева: «Ар - адамгершілік сана, этика-философиялық категория. Адамгершілік (адамшылық, адамдық) қазақ халқында адам бойындағы жақсы қасиеттердің жиынтық мағынасын білдіретін ұғым-өлшем болса, Ар оның шығу тегі, бұлақ бастауы. Арды адам бойындағы жақсы қисиеттердің өлшемі, адамгершілік санасы деуге негіз бар», - дейді.

Ар - адамдық сананың негізі деп: «ар түзер адамның адамдық санасын» деген өлең жолдарымен Шәкәрім де айтқан. Шәкәрімше айтқанда ар өзіне жақын, әлі ара жігі ашылып зерттелмеген ұят, ұждан ұғымдарымен бірлікте.

Шәкәрім «Ашу мен ынсап» атты өлеңінде «ар» сөзін бірнеше рет қайталанған:

Бәріне де құлақ сал,

Рахым, ұят, ар қайда?

Және:

Көп наданнан жасқанып,

Сорлың елге бас ұрған.

Рахым, Ұят, Арының,

Бетін топырақ жасырған.

Және де:

Дайын қылдым бәрін де,

- Сақтық, Ұят, Рахым, Ар,

Ынсап деген кәрің де.

Бұл өлеңде ар адам бойындағы ашу-ызаға қарсы, ынсапқа жақтас қасиет ретінде көрініс тапқан. «Жастық туралы» деген өлеңінде:

Қарамай ұят, арына,

Жанды қиып жарына,-

дейді. Шәкәрім өлеңдерінде, аудармаларында ар тазалығы, имандылық, адамгершілік мәселелерін жиі көтереді. Оның шығармаларында өзінің ішкі табиғатына, көзқарасына сәйкес келетін және сол идеясын жеткізуге лайық детальдар мен сюжеттік элементтер тапқанда ғана сол туындыны жазуға бой ұрады.

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?

Көз жұмып,"көппен көрген ұлы той" деп,

Береді бұл надандық кімге пайда?- [3,152]

деген қазаққа Шәкәрім ең бірінші орынға арды қояды. Көпен көрген ұлы той деген сылтау тауып арға нұқсан келеін істің бәрін ақтап алатын қазақ болмысын сынайды.

"Ақылды сол - нысап пен ар сақтайды,

Арсыз сол - арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды". [3,117]

Нысап пен ардың қатар аталуы бұл екі ұғымның өзара жақындығы сабақтастығы туралы айтады. Адамда нысап болса арболғаны. Нысапсыз адам арды ойланбай-ақ аттап кететінін меңзейді ақын бұл жолдарда. Адалдықпен адал асын алған жан нағыз арлы адам деп тұжырымдайды. Ар жоқта нысап та болмайды, нысап болмаса арда болмайды. Осы екі ұғымның бірлігін терең таниды.

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан.[3,119]

- деген шумақтар да Шәкәрімнің ар ғылымына дәлел боларлық өлең жолдары. Шәкәрім ар түзейтін ғылым жағында. Ол «ар білімін» жақтайды. Соның аты озғанын қалайды. Оның «Таза ақыл», «ақ жүрек» дегені жай бір қысыр кеңес емес, адамгершілік философиясынан тарайды. Ізгілік, әділеттілік бар істе басты болуға керек. «Мылтық билеп тұрғанда, әділет жоқ» деген құнарлы пікірге келеді. «Жиырмасыншы ғасырдың адамынан, Анық таза бір елді көрмей өттім» дейтіні де сондықтан. Шәкәрім өлеңдерін

ұқыптап оқып қарағанымызда тек «ар» ұғымына қатысты тұстарының өзі өте мол екеніне көз жеткіземіз:

... Арам оймен ар сатып үзіп-жұлмақ, - дегені арамдықпен ардың антогонистік ұғымдар екнін сездіреді. Арлы адам ешуақытта арамдық жолын таңдамайтыны анық.

... Арсыз арам, асығыс айлакерлік,

Мұның бәрі шайтанның досы болмақ.

Арсыз арам деп жоғарыдағы ойларын бекіте түседі. Асығыс айлакерліктің де түбі қуыс. Ол қасиеттер тек шайтанға еп. Адамдық негізі болып табылатын ар ұғымы ақында түрлі контексте қарастырылады.

... Құдай кешер, Алла деп күнә қылмақ,

Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ.

Ал келесі шумақта ар адамнан талап етілетін өзге қасиеттермен біртұтас алынады.

... Ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық,

Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.

Алтауының ішінде ынсап әділ,

Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық.

Төмендегі жолдарда ар ұғымына тереңдей үңіледі. Адамшылық негізі ретінде көрініп, оны жоғалтпау үішн табанды бол деген дидактикалық ой айтады.

... Ар демек - адамшылық намыс деген,

Арың кетпес жағыңа қарыс деген.

... Ар, нысаппен іс қылып, азап тартып,

Ақ жолында өледі бірталай жан.-

деген жолдарда ар намыс үшін азап тартып, жанын құрбан еткендердің жолын ақ жол деп тұжырымдайды. Ардың жолы азапты жол, ақ жол. Ақ жолмен жүріп өту үшін ар басты көрсеткіш.

... Ар, нысаптың пайдасын жан сезеді,

Өлген соң бәйге аларын біліп тұр жан.

Өлген соң, Алла алдына барғанда да қорғаның арың болады. Оны жаныңмен ұғып, жүрегіңмен бойла. Сондықтан төменгі жолдарда көрінгендей, байлық, мансап арман емес, керісінше арманы, ары зор, адамгершілікті адам ұлы болу. Бұл тұрғыда данышпан Абаймен үндестігі сезіледі. Абай ата ұлы емес адам ұлы болуды мақсат етсе, Шәкәрім де адамұлы болуды өмірлік ұстанымы еткен.

... Арманым байлық, мансап, мақтан емес -

Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы.

«Ақтан безген ары жоқ өңкей залым», « Ардан күсіп, арамның біреуі бол»,

«Арланбай арыңды да сатасың», «... Қаны қызып құтырып, Ар-абыройы ұмытылып», « Наданға арамдық ар ма?!», «Ар сатар шайға да болса» деген әртүрлі өлеңдерден алынған жолдарда арын сату, арды ұмыту сияқты мәселелерді «ызалы қол, долы жүрекпен» жазады. Өмірінде арды бәрінен биік бағалаған ақынды қинайтын, ашу-ызасын туғызатын да ардың тапталуы, арды сату, арды аттау сияқты ұғымдар.

« Ар түзер адамның адамдық санасын», «Ақ жолдан айнымай, ар сақта оны біл», «Бәрі адамның бірдей ағарып, Ары нәпсіні жеңсе тазарып», «Ар, иманнан айырды», «Сөз, мінезі құбылса, Ар-иманы жоқ деп біл», «Өнер қылма, ар сатып, жалданбақты» деген жолдарда адамды түзеуші оның ары, ар жолы ақ жол деген асыл уағыздарымен қоса ары нәпсіні жеңіп адамдар ағарса дегегн тілек арманы көрінеді. Екі сөйлеп, екі жүзді әрекет жасайтындарды да ары жоқтар қатарына қосады.

... Адаспайсың ақылды арлыға ерсең,

Жолай көрме жылмайы сопы көрсең.

Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың,

Алданбайсың артынан ере берсең.

Екі жүзді жылмайы сопыдан ақылы бар, ары бар адамды артық қояды. Адам үшін ең қажеттісі – ар тазалығы мен адалдық , ақ ниеттілік пен адамгершілік.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. М.Әуезов. Таңдамалы. Алматы-1997, 56-58 беттер.

2. Н.Ғабдуллин. Абай тағлымы.Алматы-Жазушы.1986жыл.133 бет.

3. Шәкәрім Құдайбердіұлы. Қазақ айнасы, -Алматы, 2008-286б.

4. Ғарифолла Есім. Хакім Абай. Алматы, Ата мұра, 1994,-200б.

Наши рекомендации