ПӘНДІ ӨЗ БЕТІМЕН ОҚЫП –ҮЙРЕНУГЕ АРНАЛҒАН ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ
«Әдебиет теориясы» филологиялық мамандық бойынша білім алатын студенттер үшін негізгі пәннің бірі саналады әрі теориялық пән болғандықтан өзіндік күрделілігі тағы бар. Ал, жоғары білімді басқа мамандықтар (айталық, тарих, география, бастауышты оқыту т.б.) бойынша бітірген, енді екінші мамандықта (филология) сырттай оқитын студенттер үшін пәннің қиындығы айтпаса да түсінікті. Алайда жоғары білімді, оқу-ағарту жүйесінде (тікелей ұстаздық т.б.) қызмет істейтін, ғылыми-әдістемелік әдебиетпен жұмыс (қажетті кітаптарды таңдай білу, каталогпен жұмыс істеу дағдысы бар, конспект жасау, реферат жазу, баяндама жасау, курс жұмысы, диплом жұмысын жазу, орындау тәжірибесі бар т.б.) жасау машығы қалыптасқан, сондай-ақ мамандығын (филологияны) саналы, қызығушылықпен таңдаған бұл контингент үшін іздене, еңбектене, тер төге білген жағдайда жетістікке жету, ойдағыдай білім алу мүмкіндігі де мол.
Бір өкініштісі жоғары мектепте «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша сырттай (ІІ мамандық алушылар үшін де) білім алушы студенттерге арналған филологиялық пәндерден (қазақ тілі, қазақ әдебиеті тарихы, әдебиет теориясы курстары) әдістемелік нұсқаулар, талдау еңбектер өте жеткіліксіз, бірлі-жарым ғана. Сондықтан ІІ мамандық алушы студенттер негізінен кітапханалардағы оқу кабинеттеріндегі қажетті оқулықтар мен оқу құралдарымен (қазақ, орыс тілдеріндегі), сондай-ақ қолда бар әдістемелік талдау еңбектермен, мақалалармен, сын, зерттеулермен танысып, оқып өз бетінше ізденулері міндетті.
Мәселен, ІІ мамандықта оқитын студенттер «Әдебиет теориясы» курсы бойынша ұсынылған негізгі оқулықтар, оқу құралдармен қатар қосымша әдебиет тізімінде көрсетілген кітаптармен, жекелеген сын, зерттеу мақалалармен де танысуға тиісті.
Екіншіден, пән бойынша немесе жекелеген тақырыптар –проблемаларға арналып жарық көрген қазақ, орыс тілдеріндегі әдістемелік нұсқаулармен, мақалалармен, зерттеулермен танысу, қажетінше конспект жасау да міндетті әрі пайдалы жұмыс түрі.
Үшіншіден, пәнді өз бетімен оқып-игеру барысында ұсынылған тест сауалдарымен танысу, оқулықтар мен оқу құралдарынан, әдістемелік еңбектерден, сондай-ақ әдебиеттану терминдері сөздіктерінен олардың жауаптарын табу жұмыстарын жүргізу:
Төртіншіден, тапсырмаларды толық, талапқа сай орындап, уақытылы өткізіп отыру;
Бесіншіден, пән оқытушысының дәрісіне қалмай қатысып, тиісті кеңес-нұсқауларды уақытылы алып отыру.
Пәнді өз бетімен оқып-игеруге септігін тизізетін бірсыпыра еңбектерді атап өтейік.
1. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құраст. З.Ахметов, Т.Шаңбай. Ана тілі, 1996; 1998.
2. Словарь литературоведческих терминов. Сост. Л.Тимофеев, С.Тураев. М., 1974.
3.Атымов М. Көркем шығарма композициясы туралы. Университет пен пединституттардың филология факультетінің сырттай оқушыларына арналған. Алматы, Республика ғылым-әдіст.кабинет ,1969.
4.Мақпырұлы С. Әдебиеттің тектері мен түрлері. Университеттер мен пединституттардың филология факультеттерінде сырттай оқитын студенттерге арналған әдістемелік талдау. Алматы, РБК, 1994. 75б.
5.Мақпырұлы С. Әдебиеттегі мазмұн мен пішін бірлігі //Қазақстан жоғары мектебі журналы, №1, 2005.
6.Лебедева М.А. Практикум по курсу «Теория литературы». Учебное пособие для студентов-заочников. 2-.Изд. М., Просвещение, 1985.49с.
7.Практические занятия по теории и истории русской литературы. Под.ред.проф. В.В.Гуры. М., Просвещние, 1978. 176с.
8. Пути анализа литературного произведения. Пособие для учителя. М., 1981.222с.
Ендігі осы еңбектермен танысу барысында студенттер не істеуі, қандай жұмыстар түрлерін жүргізуі керек?
Әдебиеттану терминдерінің сөздіктері (қазақ ,орыс тілдерінде) «Әдебиет теориясы» пәнін өз бетімен оқып-игеру барысында студенттерге пайдалы көмекші құрал қызметін атқара алды. Ол үшін сөздіктердегі (қайсысы қолға түссе де, бәрібір) әдебиеттану терминдеріне берілген анықтама – түсініктерді, әрқайсысына көркем туындылардан келтірілген нақтылды мысалдарды жақсылап оқып, тақырыпқа, тапсырмаларға орай күрделір,ек маңызды деген біразын арнаулы «Әдебиет теориясы» деп аталатын дәптерге көшірп немесе өз сөзімен қысқаша түсінікті түрде тұжырымдап жазып қою керек.
Белгілі әдебиеттанушы М.Атымовтың әдістемелік еңбегі 60-жылдарда жазылған, бірсыпыра ескіргенін естен шығармау керек, алайда көркем шығарма композициясы, оған қойылатын талап, композицияның пішін ретінде мазмұнды (идея) танытуға қызмет ететіндігі, сондай-ақ лирикалық, драмалық, эпикалық туындылар композициясының ерекшеліктері жайлы бірқатар пайдалы ой түюге септіктері анық. Танысып шығудың артықтығы жоқ .
Ал, М.Н.Лебедеваның «Әдебиет теориясы» курсы бойынша практикум» атты оқу құралымен танысуды студенттердің автордың «Түсінік жазбасынан» бастап оны мұқият оқып шығуын міндетті дер едік. Кітапшада пән бойынша семинар өткізуге ұсынылған негізгі үш тақырып («Көркем әдебиеттегі типтілік мәселесі», «Көркем туындыны мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан қарастыру», «Көркемдік әдіс және стиль») және әртүрлі тақырып аясында жеке-жеке берілген үш семинар сабақтарының (барлығы тоғыз) жоспарлары, әр сабақтың алдына қоятын мақсатын айқындайтын шығармашылық тапсырмалар және ең соңында әр тақырып бойынша әдістемелік нұсқаулар берілген. Қажетті әдебиет тізімі ұсынылған. Оқу, танысу барысында студенттердің осы әдістемелік нұсқауларға баса көңіл аударуы қажет-ақ. Жалпы алғанда бұл тапсырмалар жүйесі мен нұсқаулардың тақырыптардың қыр-сырын жан-жақты ұғынуға, студенттерді ізденіс соқпағына бағыттауда пайдалы жақтары мол әрі нақтылы ұсыныстары да жеткілікті.
«Орыс әдебиеті тарихы мен теориясы бойынша практикалық сабақтар» атты оқу құралында басқа пәндермен қатар «Әдебиет теориясы»курсы бойынша 11 практикалық сабақтардың тақырыптары мен жоспарлары, әрбір тақырыптар бойынша студенттер даярланып келуге тиісті тапсырмалар беріліп, қажетті әдебиет тізімі ұсынылған. Әрине, бұл оқу-әдістемелік құрал 70-жылдары жарық көргендіктен, бірсыпыра тақырыптардың (Ленин әдебиет, өнер туралы т.б.) кейбір эстетикалық-теориялық түйін-тұжырымдардың , еңбектердің бүгінгі күн, көзқарас тұрғысынан ескіргенін есте ұстай отырып сын көзімен оқу, қарау қажеттігін студенттер ұмытпау керек. Дегенмен оқу құралындағы «Белинскийдің әдеби шығармаларды жанрлық тұрғыдан жүйелеу ілімі», «Н.Г.Чернышевскийдің эстетикалық көзқарасы», «Лирикалық шығармаларды талдау принциптері», «Әдебиет туралы осы заманғы ғылым роман проблемасы туралы» т.б. семинар тақырыптарына арналған тапсырмалар мен сабақ жоспарлары әдістемелік маңыздылығы тұрғысынан студенттердің пәнді өз бетімен оқып игеруіне, қызығып-ізденіп, теориялық білім-ұғымдарының қалыптасуына тигізер ықпалы үлкен.