ЖҰмыстыҢ жалпы сипаттамасы 4 страница
Күн туды етегіне жабысарлық [53, 33 б.].
-деген жолдарда Абай халықтың рухани әлемін түзетуші, ой-санасына білім, ғылым, ақыл, әділдікті мұрат етуші ретінде танылады. Шәкәрім ақын Абай тұлғасын болашақ ұрпақ санасына жеткізуде оның ұстанған мақсатын, шығармашылық бағытын, рухын терең түсіне отырып оны көркем бейнелей білген.
Абай шығармаларының өзегіндегі адам тәрбиесі, Алланы сүю, халықтық тәрбие болашағы, ел бостандығы, рухани дамуға қол жеткізу мәселелерін де Шәкәрім ақын өзінше өрбітеді:
Ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық,
Өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық.
Білім іздеп білуге кесел болар,
Көрсеқызар, көзі ашық бос құмарлық [52, 33 б.].
Адам бойындағы имандылық қасиеттердің туындауын адамгершілік ақыл-ой, білім, еңбек бәрі де ізгілікке ден қойған жастар бойынан табылса деген пайымдау да – Абай үлгісі. Екі ақын да адам бойындағы жағымсыз мінездерді жоюдың жолы ретінде білімді, ақылды, еңбекті бірінші кезекке қояды. Көрсеқызарлық, арамдық, залымдық, өтірік, өсек, надандық – адамның ізгі қасиетін тежейтін залалды іс. Бұл тек қана жекенің іс-әрекеті ғана емес, халық бойынан аулақ, сылып тастайтын зиянкес екендігін баса айтады. Ендеше, осылардан арылтатын құралдың бірі – Абайдың рухани дүниесі, Абайдың ізгілік жолымен жүріп, тағлымын тану дейді Шәкәрім. Ақыл, жүрек, ақжүрек, ой ұғымдарының дәріптелуі – Абай көркемдеп, келістіре жырлаған үрдістің заңды жалғасы. Шәкәрім шығармаларындағы философиялық көзқарас, дүниетаным мәселесінде Алла, жан, өлім, өмір, адамгершілік туралы ойлары да Абай дәстүрінің ықпалы екеніне дау жоқ. Абай көркемдеген «толық адам» бейнесi – алланы сүйген, адамзатты сүйген, әдiлеттi ту еткен махаббат иесі ретінде сомдалған. Алайда «толық, түзу адам» дәрежесiне әулие, хакiмдер, пайғамбарлар ғана жеткен десек те адам баласына Аллаға құлшылық ету, iшкi дүниесін жетілдіру, қанағат, рахым, мейiрiм, ынсаб қасиеттерін ұстану – адами қағидалардың негізі. Сондықтан да ақын «Ақыл, қайрат, жүректi бiрдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» – деп тұжырымдайды.
Шәкәрім өлеңдері ащы шындық пен оптимистік үнге толы. Ақыл-ой, сезім деңгейі ерекшеленіп, дербестік дәрежеге жеткен, дараланған тұлға бейнесін, ісләмдік діни пәлсапа мен қоса ғылыми тұжырымдар, абстракциялық ойлау мен логикалық жүйені біріктірген, рухани таза жанды дәріптеген:
Айнымайтын ақ жүрек пен
Таза ақылды адамның,
Таппасы жоқ бұл өмірде.
Осынымды ұқ, балам! [52, 270 б.]
Екі ғұлама көзқарастарындағы ортақ желі – өлім мен өмір жайлы тәлім. Адам мен болмысты Жаратушы бір құдай, діндер қанша көп болса да, адамзат әртүрлі болса да, барлық шындықтың бір себебі – Жаратушы. Жаратушы мейірімді және жомарт деген ойлардың сабақтастығы анық аңғарылады.
Ал Шәкәрім жан мен тән жайында сөз қозғағанда, жан мәселесіне айрықша мән береді. Абай ұғымында «ақыл мен жан – мен өзім», Шәкәрім болса «Ақылды жан, тән қамы үшін жұмсап жүр. Соған қызмет етеді» деген ұғым басым. Өмір жайындағы Абай толғаныстары мен ойларын Шәкәрім өзгеше сипатта суреттейд. «Ойлай берсең, у екен» – дейтін Абай тұжырымдары Шәкәрім толғамында:
Кейбіреулер жазады: «Қу өмір» – деп,
«Тұрағы жоқ алдамшы су өмір» – деп,
«Көрген қызық, қылған іс-бәрі де ұмыт,
Иә, көлеңке, яки түс, у өмір» - деп сипатталып, өмірді терең түсінуге, адам баласына мінді өз бойыннан іздеуге міндеттейді.
Қанша тілегіңе жетсең де, бақытқа кенеліп шаттансаң да ғұмыр қысқа барар жерің – біреу. Адамның жалған дүниеде мазмұнды өмір сүруінің маңыздылығын өмірдің қас-қағым сәттей өтінішті екендігі жайында ой қорытады:
Суынан да
Уынан да
Құтылармыз жоқ болып [53, 94 б.].
Осы мазмұны терең өлеңінде ақын ұғынықты оймен қоса, әдемі табиғат көрінісін бейнелейді. Бұнда негізгі ой адам өмірінің қысқалығы, алайда оны мағыналы өткізу маңызды екендігі айтылады.
Сондай-ақ Шәкәрімнің «жан» ұғымына тереңінен қарап, Абай қара сөздеріндегі үлгіні парасаттылықпен, байыппен пайымдап, зерделеуі «Жан мен Һәм көңіл», «Тәңір мен жан», «Тіршілік, жан туралы», «Мен адамның таппадым ақылдысын» т.б. өлеңдерінде ой айқын байқалса Шәкәрімнің «Тіршілік жан туралы», «Дін», «Мақтау мен сөгіс», «Талап пен ақыл», «Өмір», т.б. өлеңдерінде Абай зерделеген шындықтарды жаңаша пайымдай білді. Халыққа ғибрат ұсынған данышпандардың екеуі де түзу тіршілік жасаудың жолы білім, біліктілік пен адалдық, тазалық екендігін алға тартып, адам баласының бір-біріне мейірімді, қайырымды болуын тәңір алдындағы парызы деп есептейді. Қашаннан да қазақ халқының берекесін алып, құтын қашырып келе жатқан кемшіліктер – күншілдік, іштарлық, бақталастық жалқаулық екенін айтуда да ойлары үндеседі.
Ақынның өмірлік қағидалары, жалпы өз өмірі жайында мағлұмат беретін «Мұтылғанның өмірі» атты шығармасының лирикалық кейіпкері – ақынның өзі. Мұнда ақынның өмірі, қоғамға, адамға деген көзқарастары мен ақынның поэзиядағы өзіне тән даралығы мен көркемдік әлем жүйесі ерекшеленген. Ақынның өз жүрегіне үңілуі, жандүниесі арқылы өзін таныту, сонымен қоса ақынның тұлғалық сипаты дараланады. Адамның жас ерекшеліктерін, ондағы адам өмірін, адам психологиясын зерделеп, зерттеп, сонымен қоса, ақынның тыныс-тіршілігі суреттеледі. Балалық кезең бес жас пен он бес жас аралығында күндіз-түні ойынға тоймаған, алып-ұшпа бала көңіл мен бозбала жасқа жеткенде кейіпкердің білім, ғылымның маңызына мән берген кезеңін көреміз. Одан әрі Мұтылған тағдыры қазақ халқының әлеуметтік тарихының ерекшеліктері және адам мен қоғам қатынасындағы маңызды мәселелері арқылы көркем өрнек тапқан. Мұнда кейіпкердің өмір мен танымын, ішкі рухани сілкінісін баяндау және терең психологиялық сараптама маңызды роль атқарып тұр. Шәкәрім авторлық баяндауды монолог түрінде құрған. Автор өз идеясын Мұтылғанның монологы арқылы шебер бейнелеген. Ақынның көркемдік талабы жоғары. Шеберлігі мен көркемдік талғамы ақынның Мұтылған образын жаңаша қырынан аша отырып, қазақ поэзиясына адамның ішкі әлемі мен қоғам, өмір, заманның тұтас картинасын енгізген.
Шәкәрім поэзиясының негізгі арқауы – адам болмысы. Ол адамды физиологиялық, психологиялық, этикалық, эстетикалық және философиялық әлеуметтік құбылыс ретінде үнемі зерттеген. Ақын адам болашағына, оның рухани ішкі әлеміне және қуатына сенеді.
Жаратушы, жан, табиғат, қоғам мәселелерін сөз еткенде ақын, ондағы адам орнын ізденіспен көрсетеді. Осы мәселеде ақын өзінің көп сұрақтарына жауапты таба біледі.
Тiршiлiк, адам, жан, жаратушы, ғалам жайлы ой толғаған Шәкәрiм ақынның шығармашылығы өзiнен кейiнгi қалған ұрпаққа бай қазына болып қала бермек.
Шәкәрiм – ақыл-ой, сезiм деңгейi ерекшеленiп, дербестiк дәрежеге жеткен, дараланған тұлғалық бейнесiмен, исламдық дiни пәлсапа мен қоса ғылыми тұжырымдар, абстракциялық ойлау мен логикалық жүйенi бiрiктiрген, рухани таза жан.
Абай толық адам болу үшiн керектi адами сабырлы ақыл, қажырлы қайрат, ыстық жүрек қажет дейді. Оның бiреуі кем болса, толық адам деп есептемейді. Ал Шәкәрiм бұл тақырыпты өзiнше жаңа қырыннан көрсетуге ұмтылған:
«Мейiрiм», «Ынсап», «Әдiлет»,
«Шыдам», «Шыншыл», «Харакет»,
Түп қазығы: «Ақ ниет» –
Бұл жетеуiн ел қылу [52, 237 б.].
Абай талап, шыдам, қайрат, жұрек, ақыл сияқты адами сапалардың қатар болуын, адам бойынан бiрдей көрiнуiн қаласа, Шәкәрiмде, бұлармен қатар мейiрiм, ынсап, әдiлет, ақ ниет сияқты сапалық қасиеттердi уағыздау басым. Адами қасиеттердiң түп қазығын ол адалдық пен ақ ниетке келiп тiрейдi.
Адамның жан тазалығы, руханилығы оның болмыс кейпiнiң тартымдылығына әкелетiндiгiн дәлелдейдi Шәкәрiм. Ал шын әдiлет, шын махаббат адамға жаратушыны сүю арқылы, халықты сүю арқылы келедi, – дейдi ақын.
«Ақ жүрек» ұғымы да Шәкәрiм өлеңдерiнде терең ойларды, идеяларды синтездеген ұғым. Бұл ұғым ақынның көптеген өлеңдерiнде кездеседi. Ақ жүректiадам тек әдiлет пен шындықты қалайтын адам. Ақ жүректi адам ешкiмдi алдамайды, өтiрiк айтпайды, сатқындық жасамайды. Әдiлеттiң ақ жолынан ауытқымайды. Адамзатты жақсылық пен өркениетке тек ақ жүректi адамдар ғана жетелейдi деп есептейдi ақын.
«Арлы ақыл» – жақсылық пен әдiлет жолына қызмет ететiн ақыл. Шын ақыл жаманшылықтан аулақ болады. Арлы ақылы бар азамат өмiрiнiң мәнiн елiне, жерiне қызмет ету деп бiледi. Арлы ақыл бiлiмдi, iскерлiктi, өнердi жасампаздық пен игiлiк жолына бағыттайды. Арлы ақыл иесi халқының бүгiнi мен келешегi үшiн қызмет етушi азамат деп бiледi.
Адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл бар жерде адам нәпсiсiне ие болады, әдiлетсiздiкке, арамдыққа, өтiрiкке, алдауға тосқауыл қояды. Осы үш құндылық арқылы адам түзу жолға түседi. Адам жөнделсе - қоғам мен өмiр жөнделедi, жаратушыны шын сүю басталады деп тұжырымдайды. Мына бiр өлеңiнде ақын:
Ескiден қалған сөз терiп,
Өз ойымнан өң берiп,
Үйретудi жөн көрiп,
Түзетпек едiм адамды [52, 105 б.]
– деп өзiнiң iзгiлiктi мақсатын ашып айтады.
Айла күш – айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес
Ар түзейтiн бiр ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әдiл жеңбес [52, 86 б.].
Мұнда ақын адамның бойында әдiлет, мейiрiм, ынсап, ақ жүрек, таза ақыл болмайынша, зұлымдық, әдiлетсiздiктер, соғыстар, зиянды қару-жарақтар, мейiрімсiздiктер, озбырлықтың жойылмайтынын дәлелдеп көрсетедi.
Шәкәрiм адам өмiрiн түзетерлiк әдiлет, ынсап, мейiрiм сияқты қасиеттердiң маңыздылығы қиянатқа жол бермейтiн бiрден-бiр құрал деп есептейдi. Сонымен қоса, iшкi дүниенiң мазмұндылығын адамды нәпсi сияқты тән құмарлығын тиюға одан бойды алшақ ұстауға тиiмдi жолдың бiрi деп, мына өлеңiнде былай дейдi:
Адамның сыртқы дене жаралысы,
Нәпсiсi айуанмен анық теңдес,
Бөлектігi – жалғыз-ақ таза ақылда,
Әлiң келсе, жол тап та осыны емдес! [52, 86 б.].
Шәкәрiм ақыл ұғымына терең мән бере отырып, таза ақыл ұғымын ұсынады.
Ақын «көз» ұғымын да жандандырып, бейнелі образ жасайды: «Бас көзiмен қарасаң, нәпсi – жалған, Анық ақыл көзiмен қарағанда, Өзiн берер қалыңға ол қызды алған [52, 50 б.] – дейдi.
Сондай-ақ ақын әдеттегі «ынсап», «нәпсі» ұғымдарына да жаңаша мән-мағына үстейді: «Нәпсi үйiнде байлаулы Ынсап жатыр, Мұның емiн, тегiнде, сол аша алған [52, 50 б.]. Яғни нәпсiнi тұсаулайтын – «ынсап». Өзiнiң iшкi жаман әрекеттерiне тосқауыл қоя алмаған адам нәпсiсiне де тосқауыл қоя алмайды. Ынсап, ұят, ар, сабыр, мейiрiм, талап сияқты тағылымды қасиеттердi дамыту арқылы нәпсiге тежеу салады. Ақынның дерексіз заттарға жан бітіріп кейіптеуі – оның негізгі көркемдік жетістіктерінің бірі.
Шәкәрімнің алдына қойған үлкен мақсатының бірі – «түзу адам» мәселесі. Мұны ашудың оңай емес екенін ақын жақсы түсінген. Сондықтан ақын ең бірінші өзіне үлкен талап қояды, онысы білімін арттыру, көп іздену, еңбектену. Поэзиясындағы «түзу адам», «шын таза жан», «жақсы адам» ұғымдарының мәнін ашып, оларға үнемі баға беріп отырады. Осы ұғымдарды ашу ақынға оңай түспеді. Өлең сөзіне айрықша мән берген ақын, шығыс шайырларының өлең үлгісіне, қазақтың төл поэзиясына, орыс поэзиясының озық үлгісіне ден қойып, оны поэзиясында орнымен пайдалана білді. «Жақсы адам», «таза жан», «түзу адам» образдарын жасауда небір әдемі сөз қолданыстарын пайдаланады. Мысалы: «Шын таза жан», «таза ақыл», «таза ой», «шын сыр» сынды тіркестер бар.
Ақын поэзиясындағы сұлу да, әсерлі қолданыстар, логикалық дәлдік пен ойлау, тұжырым жасауда ақындық болмыс пен дүниетаным ерекшелігі көрінеді. Өлең өнерінің сыр, сымбатын, айшығы мен мазмұнын бірлікте ұстап көркемдеуде ақынның «сырлы сөзім сырды ашты» деген ойлы да, әуезді де, мазмұнды оралымы ақынның поэтикасының ерекшелігін танытатын дүниелер. Осы тараптан ақынның поэма жанрында да қазақ әдебиетіне, поэзиясына қомақты туындылар әкелгені сөзсіз. Оның «Еңлік-Кебек» поэмасы мазмұн мен түр жағынан, жанрлық деңгейімен сюжеті қызық, тақырыбы мен идеясы зор туынды.
Шәкәрімнің қазақ ұғымына жатық бай тілмен берілген әдемі сөз қолданыстарымен ойлы образдар мен сезімге толы өлең өрісінің бір ерекшелігі поэманың соңында тақырыпты қорытындылап, өз ойын айтып отырады. Мәселен:
Жігіттер, ендігі сөз – менің сөзім,
Мәжнүннен аз-ақ кейін көрген күнім.
Мен ондай қызға ғашық болмасам да,
Ғарыппың дерті қалың, шын осыным [52, 396 б.].
Осындағы «ғарыппын» деген сөз әдетте сопылық поэзияға тән сөз саптау. Иассауидің «Диуани хикметінде» жиі қолданылады. Аллаға ғашықтық, «дидар көруге» ұмтылыс, міне, осы кезеңдегі терең толғанысты көрсететін сопылық поэзияның бейнелі де, астарлы сөздерін ақын орынды пайдалана білген. Осылайша «ғарыппын», «дерттімін» сөздерін ақын өзінің халқына деген махаббатын бейнелеуде өте орынды қолданған.
Мұнда Мәжнүннің бейнесін беруде әділеттілік пен мейірімділік, тазалық ұғымдары арқылы идеалды, кіршіксіз таза жан бейнесін жасайды. Мәжнүн бейнесі – ақын поэзиясының, шығармашылығының өн бойында көтерілген «таза жан» ұғымының толымды толық образға айналған үлгісі. «Шын таза жан тазалықпен, Тәңірісіне бармақ ол» деген жолдар – ақынның шағын лирикаларындағы ойдың заңды жалғасы. Ақын негізгі кейіпкерлер арқылы өмір, дүние, болмыс, жан, махаббат, жаратушы жөніндегі дүниетанымын өзінің өмірлік мақсат мүдделерін айқындап көрсетеді.
Шәкәрімнің поэмалары – қазақ поэзиясында орны бөлек, ерекше туындылар. Оның қаламынан туған «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмаларының өзіне дейінгі дастандардан өзгешелігі – мәселені фольклорлық не таза романтикалық түрде шешпей, жазба әдебиетке тән күрделі проблемаларды қоюымен қатар, оларды тарихи-әлеуметтік, әдеби-эстетикалық талаптарға сәйкес шешуінде. «Қалқаман-Мамыр» мен «Еңлік-Кебек» – қазақ әдебиеті тарихында бұрын болып көрмеген құбылыс, жаңа әдеби дәуірді туғызған шығармалар. Бұл поэмалар дәстүрлі махаббат тақырыбына арналғанымен, тақырып пен сюжетті меңгеруі жөнінде өзіндік дүниетанымын, қазақ қоғамына тән реалистік бағытын байқатты» [34, 11 б.].
Мысалы «Еңлік – Кебек» поэмасында жеке адамның жалпының шешіміне қарсылығы өлімге әкеліп тірейді. Өлім көпшілік қауым қолымен жасалады. Ақынның таза ойшылдық философиялық көзқарасы, тұжырымы поэманың прологы іспеттес. Осы шығармада дерексіз «ақыл» сөзін ақын деректі затқа балай отырып, бейнелі образ жасайды. Осындай бейнелі образдар мен айшықтауларды әрбір өлең жолынан келтіруге болады. Мұндай көркемдік компоненттерді орынды қолдану – шығарманың көркемдік сапасын арттыра түскен. «Ақылдың» адам өміріндегі маңыздылығын, мәнін айқындау үшін Шәкәрімде «таза ақыл» деген тіркес жиі қолданылады.
Шәкәрім дастандарындағы пролог пен эпилогтың атқарар міндетіне ақын мұрасын зерттеушілер де жетькілікті дәрежеде мән берген болатын. Поэмадағы «бал аштыру» эпизоды Кебектің тағдырына тікелей қатысты. Болашақ жайында болжау жасау, болатын оқиғаны алдын-ала біліп отыру тәсілі де ауыз әдебиетінен келе жатқан көркемдік әдіс. Ақын осы тәсілді дастанда ұтымды пайдаланған.
Р.Нұрғалиевтің: «Қазақ дастанында «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамырдан» кейін диалогты кең пайдалану дәстүрі қалыптаса бастады», [41, 240 б.] – деп тұжырымдағанындай поэмада диалогтың орны ерекше. Екі кейіпкердің диалогы қазақ өмірі мен дәстүр, ғұрпын, екеуінің ішкі әлемін айқындауда маңызды орын алып тұр. Сонымен қоса, кейіпкерлер диалогында небір бейнелі оралымдар автордың танымы мен көркемдік шеберлігін танытады.
«Өнімсіз іс болмайды өмірге сеп», «Жақсы әйел жаман ерді түзетпей ме?», «Әрекетсіз отырмақ дұрыс болса», «Аз күндік арам жүріс аужал емес», «Тең көрмесең телміртіп тентіретпе», «Келер істі жалғыз-ақ алла білер», «Бұлт шықпай жауа ма құры желге», «Ындыңмен ұнатсаң, бер қолыңды», «Ақыл салып бармағын сау қылуға» т.б. деген оралымдар қыз бен жігіт диалогында көптеп кездеседі. Диалог-кейіпкерлердің адамгершілік пен адалдық, әділет махаббат жолындағы қиыншылықтарын, адами, имандылық жөніндегі ойларын автордың танымдық деңгейін танытуда зор қызмет атқарып тұр.
Адамның ішкі психологизмін көркем бейнелеуде дилогқа құрылған кейіпкерлер сұхбаты, мұңы, олардың ішкі әлемі, қоршаған орта әсері поэманың көркемдігін аша түседі. Ақын адам жан-дүниесінің қалтарыстарын, қат-қабат адам мінездерінің қайшылықты сәттерін, қоғам мен заман шындығын бірлестіріп, сан алуан түрлі салыстырулар мен пайымдаулар арқылы шындық картинасын түзеді. Негізгі оқиғаны бастамас бұрын оған дейінгі уақытқа шегініс жасау – ақын қаламына тән негізгі көркемдік ерекшеліктің бірі. Осы тәсіл арқылы Нартайлақ пен Айсұлудың арғы аталары арқылы толық қанды мағлұмат береді. Алда болатын оқиғаның бір сырын айта отырып, оқушысын соның сырын білуге ынтықтыру көркем шығарманың негізгі жетістігі болса, автор осы тәсілді ұтымды пайдалана білген. Ақын:
Мен бардым сол Ақтасқа түлкі қағып,
Үңгірде өткенді ойлап тұрдым бағып.
Тастағы қырау еріп күн нұрымен,
Тастан да, көзімнен де жас кетті ағып [52, 312 б.].
– дей отырып, оқиғаның күрделі де трагедиялы екендігін алдын-ала байқатады.
Дастанның көркемдік кестесін толықтыра түсетін әдістің бірі – кейіпкер сөзі мен автор сөзін орын-орнымен пайдалану. Ақын негізгі оқиға желісін автор сөзімен толықтырып отырады.
Нартайлақ – үлкен махаббат иесі. Автор оның бойындағы сүйген жарға деген адал сезімін, бойындағы адамгершілік қасиеттерін жастарға үлгі етеді. Кейіпкер сөзі мен диалогтың дастандағы көркемдік қызметі кейіпкер жан-дүниесін аша түседі. Оған Барғана мен Күнсұлу арасындағы диалог мысал бола алады.
Сондай-ақ кейіпкерлер мінезін ашуда, қазақтың тұрмысын, мал шаруашылығымен айналысқан тіршіліктен аз-маз белгілер, салт-дәстүрлерді аңғартатын сөздер, бейнелі оралымдар эпитет, теңеу, метафоралар жиі ұшырайды.
Дастандағы кейіпкер сөзінен авторлық ұстаным айқын танылады. Ақынның кейіпкері – құран негізін білетін, имандылығы күшті, түсінік-танымы терең адам. Өлім аузында жатқан Мамыр бойындағы сабырлылық, өлімді заңдылық деп қабылдау, артында қалған Қалқаманға өмір тілеу, Көкенайға барар жерінің бір екенін ескерту, иманын үйіру – оның бейнесін толықтырар сурет. Дастандағы шымыр құрылған диалог пен кейіпкер сөзінен заман келбетін, адамдардың ішкі жан дүниесіндегі әртүрлі сезім күйлерін (психологизмін), оқиғаның шиеліскен тартысын айқындауға болады.
Осындағы «Аз ақыл» тіркесі адамның ішкі сапасының дұрыстығы мен кері жақтарын ашып, айқындап көрсетуде орынды қолданылады. «Ақыл» сөзінің өзін жақсы сапада және кері істерге бұратын бағытта да болатынын көрсетеді. Ақын мазмұнды бейнелі де, әсерлі тілмен ой мен тілдің үйлесімділігін сапалық дәрежеде береді. Әрбір шумақты образдылылық пен беріп, ұғымның мәнін, мазмұнын әсерлілікпен жеткізеді. Өлеңдердің әр шумағындағы сөз бен ойдың жымдасуын сөз сұлулығымен мазмұн тереңдігінен келісімділікті көреміз.
Дастандарындағы эпилог та, пролог та негізгі оқиғаға қызмет жасайтындықтан, олардың екеуі де негізгі оқиғаны толықтара түседі. Мұндағы ақыл, тағдыр, нұр, тән, жан деген әрбір жеке ұғым терең мағыналы, мазмұнды кең шеберлі танымдық дүние әдемі поэтикалы бейнелі суретпен өлең өрнегін жасап тұр.
Яғни, ақын поэзиясының басты кейіпкері адамның ішкі жан дүниесінің құндылықтары әртүрлі образды түрге еніп, ақын поэтикасының көркемдік келбетінің ерекшелігін айқындайды да, әрбір ұғым, категория бір-бір образды поэтикалы күйге түседі. Мәселен: ақыл, жан, тән, нұр, зұлымдық, айла, тағдыр бейнелі образға еніп әрқайсысын жеке әрекетпен сипатқа ие болады.
Сөйтіп ақыл бере алмай адал көмек,
Зұлымдықпен адамды адам жемек.
Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ –
Осы болар таза ақыл өлді демек.
Сондықтан адам – залым, әлемге жай
Ебін тапса, қоймайды ешкімді сау [52, 156 б.].