Леуметтiк, мораль мәселелерi 1 страница
Iзгiлiк пен залымдық, жақсылық пен жамандық Б.Спинозаның ойынша нақтылы қалыптасқан әлеуметтiк ақуалдан шығатын нәрселер. Оған Құдайдың ешқандай қатысы жоқ. Iзгiлiк, жақсылық дегенiмiз - ол адамға пайда әкелетiн, ләззатқа жетелейтiн нәрселер, ал залымдық, жамандық дегенiмiз -ол адамға, оның өмiрiне, алдына қойған мақсат-мұраттарға нұқсан келтiретiн, зардаптық сезiм тудыратынның бәрi. Моральдық саланың ең терең себептерi адамның “өзiн-өзi сақтау² заңында жатыр. Әрбiр адамның өз мүдделерi бар, сол үшiн олар бiр-бiрiмен күреседi.
Б.Спинозаның ойынша, адамның өмiрi тек қоғамның шеңберiнде ғана болмақ. әр адамның өз өмiрiн сақтап қалуға деген талпынысы олардың бәрiн қоғамға бiрiктiредi. Ал мемлекеттiк дәрежеге өту негiзiнен Т.Гоббстың “шарт жасау² мәселесiнде емес, еңбектiң бөлiнуiмен, адамдардың сан-алуан қажеттiктерiн өтеу керектiгiнен туады,- дейдi ұлы ойшыл. Қоғамның рухани өмiрiне тоқтала келiп Б.Спиноза бұл саладағы Библияның құндылығын өте төмен бағалайды. Дiни құжаттардың қайсысы болмасын өте көп қайшылықтардан тұрады. Олардың тек қана қарапайым халықтың моральдық қасиеттерiн тәрбиелеуге деген маңызы бар. Ал дуниетанымға келер болсақ, оған тек ақыл-ой, зерде арқылы жетуге болады. Дiни соқыр сенiмдi алатын болсақ, оның дүниеге келуiнiң негiзгi себебi - қарапайым надан халықтың табиғаттың кахарлы түсiнiксiз күштерiнен қорқуында жатыр. Мысалы, өлiм мәселесiн алайық. Адам қандай амал қолданса да, одан құтыла алмайды, сондықтан, өлiмнен үрейленiп қайғыру - босқа уақыт өткiзгенмен тең. Өлiмнен қорқу -, құлдықтың бiр түрi. Оны ойлағаннан көрi адам өзiнiң күш-қуатын өмiрлiк мәселелерге арнағаны жөн. Адамның қуаныш пен зардапқа, қайғыға толы өмiрi - ол тек бүкiл Дүниенiң шексiз кiшкентай өмiрiнiң бөлiгi ғана - мұндай ой адамға жұбаныш әкеледi,-деп қорытады ұлы ойшыл.
13.И.Канттың таным теориясының агностицизмін ашыңыз.
Иммануел Кант— 18 ғасырда Пруссия патшалығының Кенигсберг қаласында тұрған неміс философы. Ол қазіргі заман Еуропасының және Ағарту дәуірінің ең ықпалды ойшылдарының бірі болып саналады. Жалпы қалыптасқан пікір бойынша, ол философиядағы Аристотельден кейінгі ең маңызды тұлға болып табылады.
1770 жылдан бастап Канттың шығармашылық өмірінің екінші -«сыни» кезеңі басталады. Кант философиясын әдебиетте сыни философия деп атайды.Кант теориялық және практикалык зердені, таным теориясын, адам санасында орын алып келе жатқан түсініктерді, бәрін де танып білуге болады деген оптимистік көзқарасты талдап, сын елегінен өткізеді. Осы екінші кезеңде Кант өзінің философиялық жүйесін құраған атақты сыни кітаптарын жазады: «Таза зердеге сын» (1781), «Практикалық зердеге сын» (1788) және «Пікір кабілеттеріне сын» (1790).
Агностицизм- объективті әлемді, ақиқаттың объективті белгісін мойындауды жоққа шығаратын, оларды жай елес етіп түсіндіру арқылы ғылымның рөлін шектейтін, табиғи, соның ішінде әлеуметтік процесс заңдылығы мен заттың мәнін түсіну мүмкін емес деп есептейтін философиялық ілім. Агностицизм ұғымын XIX ғасыр діни сайыстарда ғылыми көзқарасты айқындаушы ретінде 1869 жылы Т. Гексли енгізген. Агностицизмнің қайнар көздері -скептицизм, Зенонның апориялары. Д.Юм ілімі, И.Канттың антиномиялары агностицизм негізгі көзі болып табылады.
Кант «таным субъекті» және «таным объекті» деген ұғымдарды жаңаша қарастырды. Таным субъекті - өзімен өзі өмір сүретін, дара адам, аралдағы Робинзон емес; Ол - басқа адамдармен әр алуан қарым-қатынаста болатын, әлеуметтік ортада тәрбиеленіп жетілген қоғам өкілі; таным субъекті-бүкіл қоғам. Субъект бүкіл адамзат игілігіне, мәдениетіне, ғылымына, біліміне, техникасына арқа сүйеді. Дұрысында - «дүние таныла ма?» - деген сұраққа: - «Жок, танылмайды» - деп жауап беру орынды. Канттың кезінде де, одан кейінде де Кантты «агностик» деп айыптау Канттын ұстанымын түсінбеуден туған. Формальды тұрғыдан «дүние танылмайды» деген пікір агностицизмді білдіреді.
Кант объективтік реалдылық ретіндегі шексіз дүние мен белгілі бір кезеңде таным объектіне айналған нақты дүниені ажыратады. Алғашқысын «өзіндік зат» деп атайды; ол жөнінде біздің санамызда нақты түсінік жоқ, біз онымен қарым-қатынасқа енген жоқпыз. Сондықтан ол дүние танылмайды. Ал объект - бұл «біздік зат», бізді қызықтырған, біз танығымыз келетін дүние Болашақта қойылатын сұрақтарға жауап ретінде Кант мынаны ескертеді: таным объектері үнемі өзгеріп, күрделеніп отырады, жаңа объектер пайда болады, бірақ қай кезде де әлі таным объектіне айналмаған, сондықтан танылмаған «өзіндік заттар» болады.
Канттың :“Таза зердеге сын” еңбегінің трансцендентальды эстетика деп аталатын бөлімі сезімнің формалары туралы ілім. Сезімнің априорлы формалары-уақыт пен кеңістік, математика ілімімен тығыз байланысты болғанымен, олардың дүниетанымға тікелей қатысы бар. Кант уақыт пен кеңістік жаратылыстану саласындағы ұғымдар ғана емес, олар дүниетанудың сезімдік формалары екендігін философия тарихында алғаш рет айқындап берді. Канттың “Таза зердеге сын” еңбегінің негізгі бөлігі “трансцендентальды логика” (латынша трансцендентальды-аттап өту) білім категорияларының пайда болуын қарастырды. Философияда білім, ұғым, сана, идея тәжірибе арқылы пайда болмайды, оны аттап өтеді. Ал тәжірибе білімдердің жиынтығынан пайда болады.
“Практикалық зердеге сын” . Бұл шығарма негізінен этика мәселелерін, яғни адамгершілік, мораль, парасат мәселелерін және оларды шешуді қамтиды.
Антиномия - санадағы қайшылық, дұрыс саналатын екі ереженің ара қайшылығы.
Кант ілімінде танымдық қабілеттің негізгі мәселесі: ақыл-ой мен антиномиялар туралы, осы ілімнің ықпалы ерекше еді. Бұл жаңа заман философиясының ең маңызды, әрі терең жетістіктерінің бірі болды
Әр ойдың кері түрі бар деген диалектикалық заң ретіндегі антиномияға мыналар жатады:
Кеңістік және уақыт:
Дүние уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да шекті.
Дүние уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да шексіз.
Қарапайым және күрделі:
Әрбір күрделі зат қарапайым бөлшектерден тұрады.
Дүниеде қарапайым зат мүлде жоқ.
Бостандық және себептік:
1. Дүниеде табиғи заңдар бойынша себептілік қана емес, бостандық та бар.
2. Бостандық жоқ. Дүниеде бәрі де қатал себептіліктегі табиғи заңдар бойынша жасалады.
Құдай және мән:
1. Құдай бар - сөзсіз тіршілік иесі, барлық тіршіліктің себебі, дүние ме?
2. Құдай жоқ - дүние мәнсіз. Ешбір абсолютты тіршілік иесі жоқ.
И. Канттың осы антиномиясы Гегельдің қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі деген диалектика заңын ашыуына үлкен ықпал жасады.
14.Фихте мен Шеллингтің таным теориясының ерекшеліктерін көрсетіңіз.
Иоганн Готлиб Фихте (1762-1814) философияны геометрияға ұқсас ретінде, әлдебір ғылымибілім деп қарастырды. Ғылымибілімнің негізгі мәселесі-сана немесе Мен. Мен мәні жағынан қарапайым адам санасы. Ал барлық сыртқы әлем-Мен-нен туындаған Мен-емес. Мен әрекетшіл, белсенді. Мен өзінің қарсыласы ретінде Мен-еместі тудырып өз белсенділігін қолдануға ұмтылады. Осы екі қарама-қарсылықтардан адамның өзіндік санасы дамиды. Фихтенің философиядағы маңызды жетістіктерінің бірі-ойлаудың диалектикалық әдісін өңдеу. Ол барлық тіршіліктің қайшылығы, қайшылықтардың бірлігі туралы жазып қайшылықты дамудың қайнар көзі деп қарастырады. Фихте үшін категориялар парасаттың априорлы түрінің жиынтығы емес, керісінше білімді таңдаған ұғымдардың жүйесі. Фихте таным процесіндегі субъект пен объектінің нақты өзара әсерін түсінуге ұмтылды. Оның пікірінше, Мен-ді "абсолютті” және "эмпирикалық” деп бөлу, сондай-ақ оның Мен-емес-пен өзара әрекеті "ғылымибілімді” қалыптастырады. "Ғылымибілім” ғана индивидуалдықтың, жоғары адамның, әлемдік рухтың үстінен қарап ішіне ене алады.
Фридрих Вильгельм Йозеф Шеллинг(1775-1854) философиясы табиғат мәселелеріне арналған. Табиғат ол үшін индивидуалды Мен емес, абсолютті. Ол мәңгі ақыл, субъективтілік пен объективтіліктің абсолютті теңдігі. Шеллинг идеалдық пен материалдықтың теңдік идеясын шығарды. Материя бұл-абсолютті рухтың еркін күйі. Материя мен рух тең. Шеллингтің натурфилософиясы 18 ғасырдың аяғында қоғамдық қызығушылықтан туындаған жаңа ғылыми-жаратылыстанудың нәтижесінен пайда болды. Осы ғасырдың ғылымдарындағы ұлы ашылыстарға сүйене отырып, Шеллинг табиғаттың идеалды мәнін, оның белсенділігінің материалды емес сипатын ашты. Шеллинг натурфилософиясының құндылығы оның диалектикасында жатыр. Кез-келген заттың мәні қарама-қарсы күштердің бірлігімен сипатталады және ол "полярлық” деп аталады. Мысал ретінде ол магнитті, электрліктің оң және теріс зарядтарын, химиялық заттардағы қышқылдар мен сұйықтарды, санадағы объективтілік пен субъективтілікті мысалға келтірді. "Полярлық” денелер бесенділігінің бастауы деп "нағыз әлемдік жан” деп анықтады.
15.Идеалистік диалектиканы Гегельдің таным теориясының негізі ретінде сипаттаңыз.
Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831 ж.ж.) Негiзгi еңбектерi: “Рухтың феноменологиясы (құбылысы) ², “Логика ғылымы², “Философиялық ғылымдардың энциклопедиясы², “Құқ философиясы², “Эстетикаға арналған лекциялар² т.с.с.
Гегель идеалистік диалектиканың негізін салушы ретінде, диалектика заңдары мен категорияларын ұсынған. Метафизикалық мәселелерді еркін сараптаған, онтология мен теологияны зерделі байыптаған, космология мен антропологияны өз тұғырнамалық идеялары бойынша бағдарлаған ойшыл философия тарихында дамуды онтологиялық үстем деңгейде тиянақты жүйелеп, оны шешудің жоғарғы және дәйекті ой толғамдарын ұсынды.
Гегельдiң ойынша, философия ғылымын үшке бөлуге болады. 1.Логика. Ол - өзiнде және өзiне бағытталған идеяны зерттейтiн ғылым. 2.Табиғат философиясы. Ол - өзiнiң өзгеше болмысындағы идеяны зерттейтiн ғылым. 3.Рух философиясы. Ол - өзгеше болмысынан қайта өзiне оралып жатқан идея жөнiндегi ғылым.
Бүгiнгi таңда Гегельдiң жасаған философиялық жүйесi қанағаттандырмауы мүмкiн. Алайда, осы жүйенi жасау жолында ол көне заманда негiзi қаланған диалектикалық iлiмдi пайдаланып бүкiл табиғат, тарих және рухани өмiрдi белгiлi бiр процесс, яғни тоқтаусыз қозғалыс, өзгерiс, қайта құрылу, даму ретiнде қарап, олардың iшкi қайшылықтары мен байланыстарын зерттедi. Ал мұның өзi диалектика iлiмiн жаңа сатыға көтерiп, дүниеге деген жаңа таным теориясын тудырды. Негiзiнен алғанда, Гегельдiң философия саласындағы қалдырған өшпес iзiн көп ғалымдар осыдан көредi. Бұл пiкiрге толығынан қосылуға болады.
Гегельдiң ойынша, диалектика шынайы танымның iшкi қозғаушы күшi, ол қайсыбiр ғылымның мазмұнына iшкi байланыс пен қажеттiлiктi еңгiзедi, соның арқасында бiлiм теориялық сатыға көтерiледi. Гегельдiң өшпес еңбегi - ол диалектикалық тұрғыдан бүкiл философия саласында қорытылған ұғымдарды сараптап шықты. Соның iшiнде ол алғашқы рет диалектиканың үш негiзгi заңын ашып, сонымен қатар, барлық категорияларды белгiлi бiр жүйеге келтiрiп, олардың өзара бiр-бiрiне өтетiндiгiн, iшкi байланыстарын көрсете бiлдi. Сонымен қатар, Гегель адамның дүниетанымын терең зерттеп, оның да диалектикалық жолмен жүретiнiн көрсеттi.
Гегельдiң ойынша, адамдар өздерiнiң күнбе-күнгi өмiрiнде ақыл-ой арқылы заттар мен құбылыстарды талдап, олардың бiр-бiрiнен айырмашылығын анықтайды. Тiкелей заттарды аңлауға қарағанда, ақыл-ой оларды бiр-бiрiнен абстракциялау арқылы бөлiп алып қарайды. Ол шынайы адамдардың күнбе-күнгi өмiрiнде де, таным процесiнде де қажеттi нәрсе. Мысалы, қоғам өмiрiндегi адамдардың өзара байланыстары мен iс-әрекеттерi жемiстi болуы үшiн олардың алдына қойған мақсаттары айқын да анықталған болуы керек.
Алайда, абстрактылық - таным процесiндегi бiр сәт қана. Таным ол сатыда тоқтап қалмай, одан әрi жылжып нақтылыққа жетуi керек.
Бiздi жағалай қоршаған ортаның өзiн-ақ диалектиканың үлгiсi ретiнде қарауға болады. Өйткенi, дүниедегi қай зат болмасын шектелген, ол тұрақтылығымен қатар үне бойы өзгерiсте, өтпелi. Оның iшiндегi жатқан өзiнiң қарама-қарсы өзгеше болмысының ұрықтары сол заттың iшкi қайшылықтарын тудырып, нақтылы қазiргi өмiр сүрiп жатқан болмысының шеңберiнен тайдырып, оны ертелi-кеш басқаға айналдырады. Олай болса, диалектика тек ойлау жолында ғана емес, ол бүкiл объективтiк дүниеге тән нәрсе. Мысалы, шегiне жеткен абстрактылық құқ әдiлетсiздiкке әкелiп соғады. Мораль саласынан Гегель мына нақыл сөздердi келтiредi: “Тәкаппарлық құлдыраудың алдында жүредi², “өте өткiр нәрсе тез мұқалады² т.с.с.
Диалектика жөнiндегi өзiнiң терең ойларын Гегель былайша қорытады: “еш жерде - аспанда, жерде, рухани өмiрде, табиғатта болмасын, ешқандай ақыл-ойдың белгiлейтiн абстрактылы “немесе бұлай - немесе олайы² жоқ. Қай жерде болмасын өмiр сүрiп жатқан барлық - ол нақтылы, олай болса, өз iшiнде белгiлi-бiр айырмашылық пен қарама-қарсылықты қамтиды. Заттың өтпелiгiнiң өзi оның iшкiсiне сыртқы нақты болмысының сай келмеуiнде. Қайшылық - мiне бұл дүниенiң шынайы қозғаушысы, ал қайшылықты ойлауға болмайды деген пiкiр тек күлкiнi туғызады².
Сонымен, Гегель диалектикалық таным әдiстемесiн жасап, философияның ғылымдық абыройын бұрын болмаған дәрежеге көтердi. Оның философиясының осы құнды жағы болашақ марксизмнiң қалыптасуына зор әсерiн тигiздi.
16.К.Маркстың тарихты материалистік тұрғыдан түсіндірудің мәні мен маңызын түсіндіріңіз.
К.Маркстің ашқан– тарихты материалистік тұрғыдан түсіну, қоғамтану саласында оған пара-пар тұжырымдама әлі жасалған жоқ, - деп айтуға болатын сияқты.
Сан-алуан қоғам өміріндегі байланыстар мен құбылыстардың ішінен К.Маркс материалдық қарым-қатынастарды басымдық түрінде бөліп алып олардың іргетастығын көрсетеді. Оның себебі қарапайым да табиғи күнбе-күнгі адамдардың өмір сүру қажеттіктерін өтеу керектігінде жатыр. Расында да, адамдарға күнбе-күн тамақ ішу, киім кию, баспана, т.с.с. материалдық мұқтаждықтарын өтеу керек. Оларсыз өмір жоқ. Ол үшін материалдық игіліктерді өндіру қажет. Оны өндіру барысында адамдардың санасы мен еркіне тәуелсіз өндірістік қатынастар пайда болады. Соңғы - қоғамның іргетасын құрайтын шынайы базис болып есептеледі. Ол адамдардың санасы мен еріктеріне тәуелсіз қалыптасады да оның үстінде қондырма ретінде оған тәуелді мемлекет, саяси, құқтық, моральдық, эстетикалық, діни т.с.с. құбылыстар орналасады.
К.Маркстің ашқан бұл ұлы жаңалығын жете түсінудегі негізгі қиындық - өндірістік қатынастардың адамның сана-сезіміне тәуелсіз қалыптасуы. Адам - әрқашанда саналы пенде ретінде өмір сүреді. Адам өзінің жанұясында, күнбе-күнгі жүріс-тұрысында басқа адамдармен саналы қарым-қатынасқа түсіп, өндірістік қатынастарға келген кезде "санасын үйде қалдырып кететінін" көзге елестету тіпті мүмкін емес. Олай болса, К.Маркстің негізгі қағидасын қалайша түсінуге болады?
К.Маркстің ойынша, әрбір дүниеге келген жаңа ұрпақ бұрынғы бабалардан қалған қоғамның материалдық өмірімен кез болады. Ол өндіргіш күштерді (машиналар, неше-түрлі жабдықтар, байланыс жүйелері т.с.с.) жаңа ұрпақ өз еркімен ысырып тастап, өмірді "таза беттен" әрі қарай жалғастыра алмайды. Ол сол материалдық игіліктерді игеруге және өз өмір шеңберінде оны әрі қарай дамытуға мәжбүр болады. Сол өндірістік қатынастарды игеруде жаңа ұрпақ өз сана сезімін соған сәйкес қалыптастырады. Яғни, қоғамдық болмыс қоғамдық сана-сезімнің қалыптасуына шешуші ықпал жасайды.
К.Маркс өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың қайшылықты бірлігін өндіріс тәсілі деген ұғымды қалыптастыру арқылы түсіндіреді.
Қоғамды материалистік тұрғыдан түсіну жолында К.Маркс қоғамдық-экономикалық формация теориясын жасайды. Оның ойынша, ол – нақтылы-тарихи сатыдағы белгілі бір өндіріс тәсіліне негізделген қоғам. Формациялық тұрғыдан бүкіл адамзат тарихын талдай келе, К.Маркс келесі қоғамдарды ашады: алғашқы қауым, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік формациялар. Алайда, адамзат тарихы болашақта коммунистік формацияны заңды түрде тудырады. Өйткені, оның ойынша, капиталистік қоғамның негізгі мақсаты – заттық байлықты жинау, капиталды өсіру, ал тарихи сахнада өмір сүріп жатқан тірі адам – сол мақсаттың құралы ғана. Осы себепті К.Маркс капиталистік қоғамды қатты сынға алады. “Капитал ең тәтті шырынның өзін адамдардың бас сүйегіне құйып ішеді”, …“адамдардың бір-біріне деген нәзік те жылы қатынастарын капитал мұзды суға батырады”,…“бұл қоғамда кәртайып қайраты кеткен шал гүлденген жас әйелге үйленеді, өйткені бұл қоғамда бәрі де сатылады”,- деп қорытады К.Маркс. Әрине, мұндай ақуалдың мәңгілік сақталуы мүмкін емес. И.Канттың “адамды әрқашанда мақсат тұт” деген талабын жақсы білген К.Маркс, болашақта адамды негізгі мақсатқа айналдыратын қоғам дүниеге келеді, ол – коммунизм (communіtas – латын сөзі,- қауымдық) деген тұжырым жасайды. К.Маркстің ойынша, бұл қоғамда жеке меншік толығынан жойылып, өндіргіш күштердің орасан зор дамуының нәтижесінде адамдар арасында толық теңдік орнап, олардың барлық қажеттіктері толығынан өтеліп, адамдар жан-жақты дамып гүлденеді, адамзаттың мыңдаған жылдар армандаған бақытты өмірге қолдары жетеді. Алайда, ондай қоғамға жету жолында ең алдымен социалистік сатыдан өту қажет. Күйреген капитализмді терістеп дүниеге келген бұл қоғамда әлі де болса таптар мен әлеуметтік әр-түрлі топтар сақталады. Бұл қоғамда әр адамнан өз қабілетіне қарай, қайырымына еңбегіне қарай игіліктер бөлінеді,- деп қорытады К.Маркс.
Бүгінгі таңдағы К.Маркстің коммунизм теориясын сынаушылар өздерінше оны “сілейте сынап”, оған қарсы теріске ешқашанда шығарылмайтын деректер таптық,- деп масаттанады. Ондай “ғұламалар” әсіресе бүгінгі “либералдардың” араларында жиі кездеседі. Ол қандай деректер екен?
Біріншіден, әр адамның барлық қажеттіктерін толығынан өтеу үшін шексіз байлық өндірілуі қажет, ал оның ешқашанда болуы мүмкін емес, бұл дүниедегінің бәрі шектелген,- деген “даналықты” олар алға тартады. Осы арада дереу бізге мынандай ой келеді: бүкіл дүниежүзілік қауым мойындаған аса дарынды ойшыл қазіргі кейбір майда қоғамтанушылардан да тайыз болғаны ма? - Әрине, жоқ. Дүниедегінің бәрі де шектелген – ол рас. Сонымен қатар, бұл қағида адамға да жатады. Мысалы, жеке адамға шаққанда жылына қанша ет, көгөніс, май, т.б. тағамдар керек екен? Ол шексіз бе? - Әрине, шектелген. Басқа да адамға қажет материалдық игіліктерді де осы секілді қарастыруға болады. Бірақ, бұл дүниеде шектелмейтін бір ғана нәрсе бар – ол адамның рухани-шығармашылық жетілуі. К.Маркстің ойынша, жаңа қоғамды орнату барысындағы қалытасатын қоғамдық қатынастар адамның белсенді жасампаздық іс-әрекетін тудырып, соның нәтижесінде тек жағалай орта ғана өзгеріп қоймай, сонымен бірге, адамдардың өздері де өзгеріп, жан-жақты дамып, ішкі табиғи дарындарын гүлдетіп сыртқа шығарады. Мұндай әлеуметтік болашақ ақуалды ол кісі коммунизм деген ұғыммен береді. Ал мұндай жолмен дамудың расында да шегі жоқ - ол тоқталмайтын үрдіс.
Екіншіден, марксизмді сынаушылар “егер адамның барлық қажеттіктерін өтей алатын ақуал дүниеге келсе, онда дереу қоғам іріп-шіри бастар еді”,- деген пікір айтады. Өйткені, адамға ешнәрсе қажет емес, ондай жағдайда адамның саусағы да қимылдамайды емес пе?,- деген сауалды қояды. - Әрине, біз адамды тек қана дене ретінде қарасақ, бұл пікірді терістеу қиын. Онда бақыт, өмірдің мәні тек қана ішіп-жеп, дүниеден тәндік-сезімдік ләззәт алуда болса керек. Мұндай көзқарас, мәселеге тереңірек үңілсек, адамды жануарға теңеп, оның қадір-қасиетін аяққа басады, оның “жиырылған ғарыштық” Дүниедегі ерекше рөлін түбі жоқ тұңғиыққа батырады. Сондықтан да болар, кейбір билікке ұмтылғандар, шындыққа айналмайтын уәделер беріп қалың бұқараны алдап-арбап, оны жеңіл түрде оңға-солға, керек жаққа бұрылатын тобыр ретінде қарайды. Мұндай ақуалды бүгінгі таңда біз кейбір материалдық жағынан дамыған елдерден байқаймыз. Өкінішке орай, сонау Қайта Өрлеу заманынан басталған Батыс елдеріндегі өмірдегі материалдық-сезімдік бағыт бүгінгі күнге шейін созылып, терең рухани-адамгершілік дағдарысқа әкелгенін дүниежүзілік зайырлы қауым көріп отыр. Алайда, бұл өмірлік жолдың адамзатты тұйықтыққа, я болмаса, ядролық соғыс арқылы өзін-өзі өлтіруіне әкелетінін болжау қиын емес. Расында да, материалдық игіліктер әрқашанда шектелген. Егер, адамзаттың дамыған елдердегі “алтын миллиард” аталған бөлігі өлшемнен тыс тұтынуды өмірлік мақсат-мұратқа айналдырып, ал келесі артта қалған елдердегі миллиардқа жуығы күнбе-күн аштықтың зардабын көріп, жыл сайын 70 миллионға жуығы өліп жатса, жер бетіндегі шиеленіс, экстремизм мен терроризмнің өршімесіне кім кепіл бере алады?