Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Ой. Ақыл. Адамгершілік. Алматы: Білім, 1994. 93-109 бб. 6 страница
Жалпылама сипаттама бергенде, қазақ ойшылдарының тылсым сырлы білімі мынаны білдіреді: кез келген танымның, ақиқатты іздеудің, іс-әрекеттің, мінез-құлық пен қылықтардың негізінде жалпыға ортақ қарым-қатынас жатады, атап айтқанда, субъектінің бойында әлемнің күнделікті және эзотериялық бірлігі, яғни жалпыға ортақтық болады; оның игі мақсаты бұл бірлік пен өзін-өзі жетілдіруге аялы қарым-қатынас және мүмкіндігінше талпыну болып табылады.
Сондықтан:
- сенің өзіңдегі және өзгелердегі жалпыға ортақтықты үнемі басшылыққа алу;
- жетілушілік және жалпыға ортақ заңдылық ретінде интуицияны жетілдіру;
- кез келген артықшылықтың негізі мақсаты қайырымдылық болсын деп іс қимыл жаса;
- қоршаған ортамен бірлігіңді негізге ала жақсылықтың жамандықтан, интуицияның (бүтіннің) бөлшектен басымдығын сақтай отырып іс-әрекет жаса;
- кез келген даралықтан жалпыға ортақтықтың, ақиқаттың өлшемін ізде, соған сәйкес іс-әрекет жаса;
- жетілу сен үшін де, барлығы үшін де, кездейсоқ жағдайларда да, кез-келген қарым-қатынаста да көрінетін, байқалатын етіп іс-әрекет жаса;
- моральдық сананың мақсаттары – даналық, ақиқат, адамның қадір-құрметке лайықтылығы және қоғамның ізгілікті ілгері басушылығы;
- парасатты жауынгердің мақсаты – жамандықты жазалаудың негізі ретінде, өсиет үшін, ру мен барлық халықтың бірлігі үшін және Отан үшін жалпыға ортақтыққа қосылу;
- сенің тағдырың - жалпыға ортақтықтар сапындағы сен жасаған таңдаудың тек себебі ғана емес, сондай-ақ салдары да.
ХVІІІ-ХІХ ғғ. қазақ жырауларының әлемді тану жөніндегі ұстанымдарында танымның жолдары мен білімнің ақиқаттығының маңызды принциптері анықталған. Білімнің ақиқаттығы зерттелетін заттың, кеңістіктің, уақыттың, мекеннің бірлігіне және ол байланысты болатын бір ғана қарым-қатынасқа ғана емес, сондай-ақ осы құрамдас бөліктердің субъективтік қабылдаудағы сапалық бірлігіне де тәуелді. Олардың барлығы бір мезгілде тек бір ғана интуициялық нұрлану актісінде байқалған, демек бір ғана жалпыға ортақ қарым-қатынас бүтін мен бөлшектің бір қарым-қатынасы арқылы қосылған жағдайда біріге алады. Керісінше жағдайда ақиқаттан алшақ ыдыраңқы, кірме құрамалар болып шығуы мүмкін. Бұл мәні жағынан әл-Фарабидің, жалпылама мазмұнда айтсақ, айтылғанның ақиқаттығына сену сонымен бірге ойшылдың беделіне сенуге негізделуі мүмкін дегенді білдіретін пікіріне жақынырақ.
Құнды қасиеттерге даналықты, шешендікті “сөз сарасын” жатқызатын қазақ жыраулары адам күші мен талантының пайдаланылатын негізгі саласы әлеуметтік өмір “істің логикасы” деп есептеді. Жыраулардың халық игілігі үшін атқарған ізгі қызметі нәтижесінде қол жеткізген қоғамдық дәрежесі олар үшін халықты ізгілікті өмір салтына басты талап ретінде шақыруын паш етуге қажетті бастау тірек қызметін орындайды. Жырау жетілушілікке, қазақтардың бірлігіне, адамның табиғатпен, әлеммен бірлігіне талпынудың этикалық принципіне негізделген ісі, ойлары және іс-әрекеттерінің бірлігі олардың аса биік әлеуметтік мен шығармашылық жетістіктерінің, қазақ халқына сіңірген еңбектерінің өзіндік себептерінің ең бастыларының бірі болып табылады.
Қазақ ойшылдарының, жырауларының шығармашылығымен қатар Далалық өлкеде басқа жанрлар да – аңыз-жырлар, ақындар айтыстары, жеңіл әуенді әндер және әдет-ғұрыптарды әнмен орындау да кеңінен таралды. Олардың барлығының да түпкі тегі көне дәуірлерде жатыр және олардың кез келгені Далалық өлкеде өзінің айырықша қызметін атқарды. Еуропа ғалымдарына жиын-тойлар кезінде көпшіліктің, бай туысқандарының көңілін көтеруді өз міндеттеріне алған ақындар, жыршылар, өлеңшілер, салдар, серілер және поэзияның басқа да жанрларының дүлдүлдері жақсы белгілі. П.И. Пашино: “Қырғыз (қазақ), немен айналысса да, үнемі ән салады және міндетті түрде суырып салушылықпен айналысады”, - деп жазады. Өз ісінің шебері болып табылатын әрбір ақын өз жанрының заңдылықтарына сәйкес Далалық өлкеде әлемге, табиғатқа, қоғамға және өз замандастарына эзотериялық қарым-қатынастың ұлттық дәстүрлерін одан әрі дамытты және таратты.
Қазақ хандығының бір орталыққа бағынған мемлекет ретінде құрылмағаны, бірнеше ұлыстардан – ірі әкімшілік бірлестіктерден тұрғаны белгілі. Ибн Рузбихан Исфаханидің мағлұматына қарағанда, ХVІ ғ. басында олардың саны он шақты болған[71].
Мемлекеттің басында азаматтық, әкімшілік және әскери билікті бірге жүргізген хан отырды. Мемлекет басқару ісі дәстүрлі құқыққа-датқа және мұсылмандық құқықтың өлшемдеріне негізделді. Дәстүрлі құқықты ХVІІ ғ. соңында Тәуке хан “Жеті жарғы” заңдар жинағы түрінде толықтырды. Бұл оқулықтың авторлары одан әрі қарай былай деп жазады:
“Қазақ қоғамы соңғы ортағасырлық дәуірде әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастарының дамуы бойынша патриархалдық-феодалдық қарым-қатынастар деңгейінде болды, ал қалыптасқан қазақ мемлекеттігі феодалдық еді”[72].
Ғылымда ұзақ уақыт үстемдік құрған қазақ мәдениетіне тар өрісті таптық көзқарас қазақ халқы мәдениетінің барлық байлығын, оның эзотериялық, дүниетанымдық және философиялық байлығын ашып көрсете алмады.
Ұзақ жылдарға созылған өзара қырқысулардан, тонаушылықтардан соғыстардан және әскери жеңістерден кейін жаулап алушылар назарынан тасаланып қалатын және терең ұлттық дүниетанымның, идеяның, мұраттардың, ұғымдардың және образдардың тұла бойында сақталатын эзотериялық қарым-қатынастардың байлығы жөніндегі жаңа түсініктермен толысты. Бұл олқылық қазіргі заман ғылымынан жан-жақты байыпты зерттеулер мен толықтыруларды талап етеді.
Жыраулар шығармашылығын ғылыми саралаған белгілі зерттеушілердің бірі – М.Мағауин. Оның “Кобыз и копье” атты монографиясы түгелдей қазақ ойшылдарының, жырауларының шығармашылығына арналған. Оның кең ауқымды әрі тыңғылықты теориялық талдауы ХV ғ. төлтума әдебиетінің негізін қалаушылар Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, ал ХVІ ғ. Шалкиіз және басқалар екенін ашып көрсетеді. Одан берігіректегі кездің ақын-жыраулары, ХVІІІ ғ. Бұқар жырау және басқалар “қазақ поэзиясының озық дәстүрлерін тереңдете әрі кеңіте дамытты… Ол (Бұқар) жекелеген туындыларында Еуропа поэзиясының үлгілеріне жақындап келді, ал Абай оны қазақ даласының топырағына көшірді”[73].
Басқа қазақ ғалымдары мен философтарының әдебиеттанушылық және философиялық монографияларында және ғылыми еңбектерінде қазақтың ұлы ойшылдары болып табылатын қазақ жыраулары шығармашылығының идеялық-тақырыптық және образдық мазмұны толық та терең ашып көрсетілген. Табиғи-әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесінде қазақ жыраулары импровизациялық шеберлікті аса биік деңгейге көтере дамытты, бұл туралы қазіргі замандағы ғылыми әдебиетте көп жазылған.
Сөз болып отырған кезеңдегі саяси, дипломатиялық және әскери жағдайдың жеке адамнан және жартылай көшпелі қазақ қоғамының барлығынан зор күш-қуат көрсетуді талап еткені баршаға аян. Жат жұрттық басқыншылардың-жоңғарлардың әскери шапқыншылығына қарсы көп жылдық күрес, “Ақтабан шұбырынды” аталған қайғылы кезең және одан кейінгі жылдардағы жау әскерлерін қаһармандықтың небір тамаша үлгілерін көрсете отырып, ойсырата жеңу көшпелілердің мәдени кеңістігіндегі азаттық рухын және тәуелсіздікке талпынысты бұрынғыдан да гөрі күшейте түсті.
Сол уақытта жартылай көшпелі қазақ қоғамының өмірінде өзін қоршаған аумақтық және саяси кеңістіктен қолдау, мүмкіндігінше, озбыр мемлекеттердің дұшпан ниеттерінен қорғаныс іздеудің өзін өзі ақтаған қажеттігі туындады. Ресеймен жақындасу және оның қол астына кіру процестері тарихи-саяси, көзқарастар тұрғысынан қарағанда, толығымен түсінуге болатын әрқилы шиеленістермен және қарама-қайшылықтармен араласа жүрді. Исатай Таймановтың серігі, әрі досы болған Махамбет жырау шығармашылығы – осындай идеялық-тақырыптық рухтың нәтижесі.
Қазақ жырауларының және күллі қазақ халқының көшпелі қоғамның ілгері қарай дамуы жөніндегі әрқилы көзқарастары одан кейінгі уақытта Қазақстанның ХVІІІ-ХІХ ғғ. Ресейдің қарамағына енуіне ықпал жасады. Бұл қоғамның дұрыс-бұрыстығы жөнінде көшпелі қоғамда біріне бірі кереғар пікірлер болды. Қазақ халқының ықпалды өкілдерінің бір бөлігі сыртқы жау күштерге қарсы тұру үшін қуатты көршілердің бірімен, бұл жағдайларда болмай қоймайтын құрбандықтарға қарамастан, қосылу керек деп есептеді. Егер сол замандағы көшпелі қоғамға ізгі ниетті әлемдік қауымдастықтың, “әлем-адам” игілікті әлемдік процесінің бөлшегі ретінде қарасақ, бұл қабылдауға болатын көзқарас.
Қазақ ақсүйектерінің басқа бір бөлігі бұл жағдайда табиғи және өзге де құрбандықтар қосылуға қарсы болған және отаршылдыққа қарсы күрескен жағдайдағыдан гөрі көбірек болуы мүмкін деген жорамал айтты. Бұндай көзқарас техникалық жағынан жақсы жабдықталған, бірақ техникалық жағынан нашар дамыған көршісінің дамуына мүдделі емес қоғам оның мәдениетін жоюға ұмытылуы мүмкін деген ұғымға келеді. Бұл пікір көптеген тарихи объективті толыққанды негіздерге сүйенеді және нақты әлеуметтік құбылыстарды олардың барлық қайшылықтарымен ұғындырады.
Бұл тарихи кезеңде Қазақстанның сыртқы қарым-қатынастарына әлеуметтік заңдылықтың күші әсер ете бастады, оған сәйкес көршілес тарихи субъектілердің мақсаттары объективтік заңдылыққа сәйкес өзара қарама-қайшылыққа түсуі мүмкін және тиіс еді. Гегельдің қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күрес заңында бұл аса логикалық және мазмұнды түрде ашып көрсетілген.
Тілге тиек болып отырған жағдайда, қазақ халқының ХVІІІ-ХІХ ғғ. тарихында қоғамдық сананың, дүниетанымның, дүниетанымдық және одан басқа барлық қарым-қатынастардың одан кейінгі даму барысына ықпал жасаған мәдени-тарихи оқиға болды. Жартылай көшпелі өркениеттің әлеуметтік және рухани ахуалы кейінірек түзеле бастады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, яғни Ағартушылық дәуірі деп аталған кезеңде Ш.Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ы. Алтынсарин және басқа да қазақтың қайраткерлері, ағартушылары қазақ халқын орыс, ал ол арқылы Еуропа және әлем мәдениетінің қазыналарынан сусындауға шақырды.
Олар қазақ ойшылдары, жыраулары рухани мұрасының мәні мен мазмұнын толық сақтай отырып, қазақ мәдениетінің гуманистік бағытталушылығын жалғастырды. Олардың дүниетанымында адам барлық қарым-қатынастарда бұрынғыдан да зор маңызға ие болды. Дегенмен, олардың басты жетістігі олардың орыс және Еуропа мәдениетімен бір-біріне сенушіліктің және жақындасудың мәдени негізін дайындауы болды. Олар ойшылдардың көптеген ұрпақтары мен қазақ халқы мәдени кеңістігінің өзге өкілдері өмірге келтірген ең жақсылар мен шынайылардың барлығы сақталатындығынан және одан әрі дамитынына үміттенді деп есептеген жөн. Сол уақыт үшін бұл Ресей жағынан әскери, экономикалық және саяси қорғаушылық жөніндегі келісім-шарттан өндірістік және өндірістік деңгейі жоғарырақ өркениетпен, орыс және әлем мәдениетімен жақындасу процесіне көшуді білдірді.
Қазіргі замандағы философия ғылымының алдындағы келелі міндеттердің бірі – мәдениеттер мен халықтардың терең деңгейлерде мәдени-тарихи жақындасуын, олардың психоментальдылығын, мәдени және мінез-құлықтық архетиптерін, діни дүниетанымының және білімдерінің философиялық негіздерін талдай отырып, зерттеу және шешу. Бұл бағытта әлем мен адамның бірлігі мәселелеріне қатысты проблемаларды түсінуге кедергі келтіретін ақтаңдақтар бар.
Философия ғылымы, барлық жағынан алып қарағанда, өзінің іргелі мүдделерімен қоса қазіргі кезеңде ол үшін үйреншікті әлемдік ағартушының рөлін атқаруға тиіс. Бұл үшін одан осы күнгі дейін өздерінің болмыстары жағынан мүлдем өзгеше Батыс және Шығыс дүниетанымдарының тереңде жатқан негіздерін тағы және тағы да, бұрынғыдан да егжей-тегжейлі және дұрыс талқылау талап етіледі. Қазіргі заман философтарының алдында Әлемге, адам интеракцияларына, қарым-қатынастарға бүтіндік және толықтық сипат бере түсу, эзотериялық кеңістіктің түпкі қабаттарын тану міндеті тұр.