Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Ой. Ақыл. Адамгершілік. Алматы: Білім, 1994. 93-109 бб. 4 страница

Утопиялық коллективизм мен бұрмаланған жекешілдіктен басқа Мендік сезім өркениеттілік құндылықтарымен үйлесімді тоғысқан қоғамға өту күрделі үдеріске жатады. Мәселенің әлеуметтік-мәдени маңызды қырына өтпелі қоғамдағы таратылған (кейде жойылған) әлеуметтік құрылымдардың орнында қайтадан құрастырылған жаңа қоғамдастықтар мен адамдық бірлестіктерді сараптау жатады. Жаңа қоғамдастықтар адамның индивидуалдық табиғатына сәйкес ұйымдастырылуы қажет. Марксизмнің қоғамдық адам жобасының жүзеге аспау себебі осы ілімді дәйексіз жүргізуі емес. Мәселе индивидуализм мен коллектизмді бір-біріне қарсы қоюда да емес. Шын мәніндегі жекешілдік эгоизм мен альтруизмді де, сұхбат пен ынтымақтасты да, мораль мен құқықты да бекерге шығармайды. Индивидуализм тұлғасыздандырылған әлеуметтік жүйелермен үйлеспегенімен, мәдени архетиптерге (“коллективтік бейсанылық негіздер”), ұлттық діл мен рухқа, комплиментарлық бірегейленуге әр уақытта сүйенеді. Сол себепті әрбір жеке адамға ұлттық тарих пен мәдени мұра, мифтер мен аңыздар, батырлық жырлар т.т. ауадай қажет.

Орталықсыздандыру (постмодерндік) мәдениетінде басқарушы және бақылаушы орталықтардың құрсауынан босаған индивид үшін таңдау мүмкіндігі ұлғайды. Потенциалды трансформацияның нәтижесінде және бұрынғы мұраттардың жоғалуы жеке тұлғаны, бір жағынан, белсенділікке, алға ұмтылуға, жасампаздыққа жетелесе, екінші жағынан, өз мүмкіндіктерін дұрыс бағаламауы арқылы енжарлыққа, сенімсіздікке, түңілуге, қоғамға жат қылықтарға апаруы мүмкін. Өтпелі мәдениетке тән тұлға мен қоғамдастықтардың аралық жағдайын білдіретін қалыпты маргиналдану деп атайды. Бұл ұғым тікелей мәдениетке қатысты болғандықтан оған арнаулы тоқталайық. “Мәдениеттану сөздігінде” аталған феноменге мынандай анықтама беріледі: “Маргиналдық (лат. Margіnalі — шет, жиектегі, шекарадағы) – қоғамдағы әртүрлі процесстердің нәтижесінде (көші-қон, этномәдени әрекеттестіктер, қоғамдық жүйелердің модернизациялануы және басқа) пайда болатын, өзге мәдениет. Маргинал — дәстүрлер мен нанымдарды иеленуші бола тұра бөтен мәдени құндылықтар мен әлеуметтік рөлдерді меңгеруге мәжбүр, аралық, шекаралық әлеуметтік топтардың мәдени құндылықтары, дәстүрлі нанымдары, бағдарлары және тұрмыс салттарының, басқа да элементтерінің конгломераты. “Маргиналды тұлға” ұғымын 1920 жылдары өздері үшін жаңа урбанистік тұрмыс қалпына бейімделуге мәжбүр жағдайға тап болған иммиграттардың мәдени статусы мен сана-сезімін белгілеу үшін Р.Парк ұсынды”[60].

Сонымен, маргиналдық шекаралық әдептік-мәдени кеңістіктегі ауытқушы адамдарға жатады. Олар бұрынғы құндылық аймағынан шығып қалғанымен, жаңа топтың құрамына да ене алмай қалды. Әрине, маргиналдықтың жағымды жақтары да бар: инновацияшылдық, мобильдік, ашықтық, т.т. Алайда, марганиналдану, З.Фрейд тілімен айтқанда, Мен және Идеал-Меннің арасындағы үйлесімсіздіктен туындайды. Мысалы, Қазақстан жүргізілген реформалардың нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік меншікпен байланысты адамдар (инженерлер, жобалау институтының қызметкерлері, зоотехниктер мен агрономдар, т.т.) маргиналдану процесіне ұшыраған. Осы жөнінде ғалым-социологтар мынандай қорытындыға келеді: “Әлеуметтік маргиналдау адамның әлеуметтік тек не өзін бір топпен бірдей санауы туралы ойларын өзгерте отырып, әлеуметтік институттарының функцияларын шатастырды, ірі және шағын әлеуметтік топтардың әлеуметтік позициясын өзгертті, жаңа әлеуметтік топтарды дүниеге келтірді. Қазіргі қазақстандық қоғамда адамның өзін бір топпен бірдей санауы дағдарысқа ұшыратуда. Өзінің қай топқа жататыны туралы ойламайтын, не оған бейтарап қарайтын адамдар тобы көбеюде. Бұл мағынада дүние макро деңгейде ғана емес, микро байланыстар деңгейінен де топқа өзін мүше санау қатынасын бұзды. Э. Гидденстің айтуынша, ”өзін сол топпен бірдей санау субъектінің әлеуметтік қатынастар мен байланыстарға қосылуының бірден-бір тәсілі болып саналады, ал бұл процестің күйреуі қазіргі қоғамның автономизациялануын сипаттайды”[61].

Қазіргі қазақстандық әдеп мәдениетінде басқа да қайшылықтар мен қиындықтар жеткілікті. Алдымен көзге түсетіні – адамгершілік мәдениеттің төмендеуі. Егер тоталитарлық жүйеде қоғам мемлекет ішіндегі бағынышты тетікке айналса, онда көптеген посткеңестік елдерде қоғамдық құрылымдар мүлдем елеңбей қалды: бір жағынан, өзінің мәнді белгілері бойынша тұлғасыз көпшілікке (масса) айналған халық бұқарасы бар. Екінші жағынан, жүйелер теориясы бойынша, құрылымы біртиптес тұтастық түбінде деградацияға ұшырайды. Әрине, Қазақстан және ТМД-ның басқа елдерінде жаңа әлеуметтік-мәдени құрылымдар қалыптасып жатты. Алайда олар билеуші топтың белсенділігіне қатысты болды. Халықтың онда ісі аз болды.

Халықтың бұқаралық мәдениеттің теріс жақтарын өз бойына жылдам сіңіріп алуының тарихи себептері бар. Біріншіден, еліміздің негізгі тұрғындары қазақтар мен орыстар ғасырлар бойы қауымшылдық ділде әрекет етті. Мысалы, Ресейдің “алтын ғасырындағы” соборлық идея жеке индивидтің ар-ожданы негізінде қоғамдасуын білдіреді. “У ішсең де, руыңмен іш” деген қазақтар менталитеті айтпаса да түсінікті. Жоғарыда дәстүрлі мәдениеттегі тұлға мен қауымның арақатынасы белгіленген. ХХ ғасырдың аяғында дейін ол өз тұрақтылығын сақтап келді. Социалистік құрылыстағы “коллектившілдік” турасынан алғанда қауымшылдықтың ерекше түріне жатады.

Бұл сипатта мына бір теориялық қағиданы ескеру қажет: қоғамдастық, қауым, неше түрлі коорпоративтіктер (клан-ру, діни ұжымдар, отбасы, мамандық, спорттық бірлестіктер, клубтар, мүдделері құрылымдар, т.т.) адамдық келісімнің нәтижесінде өмірге келеді және оған тәуелді болып отырады. Сол себепті тұлғалық және әлеуметтік бірлестіктер тарихи-релятивтік болып келеді[62]. Қоғамдастықтың относительдігі (салыстырмалылығы) әлеуметтік-мәдени феномендерінің де шарттылығын тудырады. Мысалы, КСРО тарағаннан кейін отарсыздану үдерістері әлемдік өркениеттіліктің басқа тарихи жағдайында өтіп жатыр. Өйткені ХХ ғасырдың 60-ы жылдарындағы отарсыздану Батыс метрополиясы емес, бұрынғы метрополияның үлкен болса да бөлігінде жүрді. Сол себепті этнократиялық ұстаным тарихи үдерістердің жалпы бағытына сәйкес келмейді, индивидуализмге негізделген қоғамды құру үшін батыстық немесе ресейлік құндылықтардан алшақтамай, қайта олармен ұлттық архетиптерді сақтай отыра конвергенцияға бару қажет.

Автордың жалпы шыншылдық тұғырнамасы шығармашылық сипатта болғанымен бір нәрсені естен шығармаған жөн: жетілген өркениеттерде этноцентризм өзінің позитивтік қуаттылығын жоғалтқанымен (мысалы, АҚШ-тың әлемдік қауымдастық пікірін ескермей, басқа елдердің ішкі істеріне араласуы), көптеген ғасырлар бойы отар болып келген елдердегі ұлтжандылықтың мәнісі мен табиғаты мүлдем басқа.

Сонда да Абай бастап берген өз қоғамы мен адамы бойындағы теріс қасиеттерді объективті тұрғыдан сынау жағымды. Ол жағымсыз қатынастар мен қылықтардан арылуға себебін тигізе алады. Тек әмбебапты әділдік принципі бағыт беруші тетік қызметін атқарып отыруы қажет.

Индустриалдық және бұрмаланған тоталитарлық қоғамдардың дағдарысыстанған және тұлғасыздандырылған әдептік құрылымдарды шекті. Оның негізінде өркениеттік дағдарыс жатыр. “Өркениет” термині бұл жерде адам мен қоғамның барлық деңгейлерін біріктіре алатын құрылымды білдіріп тұр. Үшінші толқын көпшілікке арналмаған жоғары сапалы индивидуалдық құндылықтарды көздейді. Ұлтшылдық ескі индустриалдық қоғамның туындысы. Ақпараттық өркениетте индивидуалдық құқық нормалары қоғамдық мүдделерден жоғары қойылады. Ғаламдану ұлттық “шекараларды” бұзып отырады. Бұл жерде екі бағыттың күресі қазіргі әлемдік өркениеттердің қарым-қатынастарының мазмұнына айналды. Осы екі бағытқа ғаламдану мен ұлттық-мемлекеттік төлтумалықты сақтау жатады.

Бұл, әрине, тым “қоюланған” сценарий. Ғаламдану мен постиндустриалдық өркениеттің теріс жақтары жөнінде жеткілікті жазылған. Біздің назар аударатын мәселеміз: осы постиндустриалдық қоғам ондағы тұлға әдебін қалай өзгертті? Басты жауап: Үшінші толқын мәдениет, құндылықтар мен моральды индивидуалдандырды[63]. Орталық өзінің көптеген функцияларын шет аймақтарға бере бастады. Өйткені өзгермелі қоршаған ортада ақпарат орталыққа жеткенше ескіріп кетуі мүмкін. Тотальдық иерархиялық құрылымдар тиімді нәтижелерге жете алатын мобильдік топтармен ауыстырыла бастады. Индивидуалистік мәдениет өндірістік-әлеуметтік қатынастармен бірге білім беру саласын да қамти бастады. Бұрынғы мектептегі типтік бағдарламалар бойынша стандартты оқыту мен күнделікті қарадүрсің тексеру постиндустриалдық өркениет талаптарына сәйкес болмай шықты. Елдерді сандық өлшемдер бойынша салыстырудың орнына келген адамдық даму индексінің (білім деңгейі, өмір узақтығы, тіршілік сапасы) тиімділігі қанша болса, жалпыға бірдей білім берудің орнына мақсаттық, дара, арнаулы білім беру де сонша тиімді.

Бұқаралық емес мәдениетте азшылықтың рөлі ерекше артады. Үндемейтін көпшілік индустриалдық немесе тоталитарлық қоғамдарға тән. Бір мақсатты көздеген миллиондар шектеусіз қиратушы күшке, массаға айналып кетуі мүмкін. Егер осы миллиондар өздерінің индувидуалистік мақсаттарын жеке түсініп және осының негізінде үйлесімді әрекетке барса, онда біз орнықты дамитын өркениет үлгісін көреміз. Кейін тарихшылар жалпыға бірдей дауыс беруді және көпшілік мүддесін ескеруді архаикалық рудимент деп қарастыруы мүмкін[64].

Бір жағынан, маркстік философияда шынайы ұтымды нақтылы жалпылық деген ұғым бар. Оны тұтастықтың жеке ерекшеліктері айқындалған, көптүрліліктің бірлігі деп анықтауға болды. Саяси жағынан индивидуалдандырылған қоғамдағы демократия өкілеттік емес, тікелей қатысушы демократиямен ауысады. Егер сайлаған өкілдер біздің көзқарасымызды дәйекті жүргізе алмаса, онда өз көзқарасымызды өзіміз жүргізуіміз керек. Мысалы, “электрондық парламент” арқылы; Интернет жүйесін де естен шығармаған жөн. Мәселе қашанда орталықсыздандыру арқылы шешіле бермейді. Мәселені шешудің жолы – жауапкершілікті арттыруда. Экзистенциализмнің терминімен айтқанда, кез келген адам барлығы үшін жауапты. Керісінше емес. Онда анонимді әдепсіз қоғам пайда болады.

Жоғарыда келтірілген қағидалар қазіргі өркениеттілік тенденцияларын сараптаудан алынған. Енді осы тенденциялар мен қазіргі Қазақстан шындығын салыстыра қарастырайық.

Осыдан бұрын аталып өткендей, Қазақстандағы тоталитарлық жүйені қазіргі өркениеттілік үлгілерімен (нарық, азаматтық қоғам, демократия, т.т.) ауыстыру жергілікті элитаның белсенділігімен және қол жеткен тәуелсіздікті нығайту ұрандарымен жүргізілді.

Еркіндік пен теңдік арасындағы дисгармонияны болдырмау тұлғалық және әлеуметтік мәдени құндылықтардың арасындағы амбиваленттік қатынастарды уақытында айқындап, нақтылы тарихи жағдайларды ескере отырып, үйлестіру шаралармен байланысты. Бұл жерде жалпы үлгі, схема жоқ. Сонда да әлемдік тәжірибелерден тағылым алған артықшылық болмайды. Мысалы, Латын Америкасында өткен рестратификация мен жекешелендіру элита мен халық бұқарасының арасында терең шатқалдың пайда болуына әкелді және көпшіліктегі сауатсыздық пен саяси мәдениеттің төмен деңгейі экстремизм мен терроризмнің пайда болуына себептер болды. Осы сияқты құбылыстарды Ауғанстан сияқты мұсылман елдерінен де байқауға болады.

Егер Қазақстанда өтіп жатқан рестратификация мен десоциализация үдерістеріне назар аударсақ, онда сол “латынамерикандық дамудың” жаңа түрлерін аңғаруға болады. Мысалы, соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында (әсіресе, теледидарда) “зомби” туралы жиі айтылып жүр. Аталған ұғымның көркемдік, көпшілік мәдениетінде – табыстық-кассалық мағынасынан басқа рәміздік (символдық) мазмұны бар. “Тірі өлік” немесе зомби деп көптеген жағдайда рухани мәдениеттен тыс адамды айтады. Зомби тарихи-мәдени жадыдан тыс адам. Зомбиге жақын типтік ұғымға мәңгүрт жатады. Бұл Ш. Айтматовтың көрген бейнесі кейін әлеуметтік-мәдени рәмізге айналған. Осы ұғым жөнінде арнаулы талдау біршама жеткілікті болғандықтан, оның кейбір жақтарына ғана назар аударайық. Тәуелсіздік жылдарында рестратификация мен бірегейлену біздің елімізде этникалық доминанттар ықпалымен (тәуелсіздікті, егемендікті, жер мен ел тұтастығын сақтау, т.т.) жүргізілгендіктен, кейбір зерттеушілер қазақ мәдениетіндегі екі субэтнос (қазіқ тілді және орыс тілді қазақтар) туралы жазып жүр. Біздің ойымызша, осындай бөліністің кейібір негіздері болғанымен қазіргі өркениеттілік үдерістері мен индивидуалданған қоғамда оның жасандылығы да айқын көрініс табады. Басқаша айтқанда, этносты тілдік негіз бойынша жіктеу мәдениеттанулық у-хрония мен у-топияға жатады. Архаикалық және патриархалдық-кландық сананың белгілі бір өкілдері орыс тілді қазақ мәдениетінде мәңгүрттік белгілер бар дегенді де шығарады. Өйткені олар үшін рухани мәдениет қоршаған орта мен заман талаптарына оқшауландырылған мұражай сипаттас болып келеді[65]. Бұл сана ежелгі туысқандық қатынастарды адамдық пен кісіліктің жоғары үлгісі деп жариялады. Қазақстанда бұрын “ауыл - ұлт тірегі” деген тіркес “ұлтжанды” интелегенция өкілдері тарабынан жиі айтылады. Ауыл шаруашылығына жүргізілген деколлективизациядан соң оның да мәнділігі азайып, ауылды жаңғырту бағдарламасының жағымды мүмкіндіктері де бар екенін мойындау қажет. Қазіргі постмодерндік қоғамдастықта тұлғаның төмендегідей қасиеттері жоғары бағаланады: автономдық, атомарлық, жасампаздық, еркіндік, шығармашылық. Осындай дара тұлға үшін ең басты әдептік ұстын – “құлдық ділден” аралу. Ол “коллектившілдік нарциссизмнің” де мәнісін түсінеді[66]. Орталықсыздандырылған дискурс постмодеріндік әлеуметтік мәдениеттің басты белгісіне жатады. Адам – негізгі капиталға айналды және бұл жай айтыла салған сөз емес.

Философ Н.Садыков қазіргі Қазақстанда екі түрлі моральдық бағыттағы өркениетті құру бағдарламасы бар дейді, біріншісінің жасампаздық мүмкіндіктері төмен және архаистік санадан нәр алады. Оның басты сипаттарына жататындары:

- ру-тайпалық және тоталитарлық инерция;

- мәдениетті пайдасы шамалы сала деп санау;

- “толымсыздық комплексі” немесе “ұлттық мания”;

- әлемдік өрекениеттік үлгілерімен салытырмалы зерттеулерден үрейлену;

- шындықты жасыру, жаңа мифтерді, репрессиялық сананы қалау[67].

Келесі бағдарлама әдептік мәдениетті заман талаптарына сай қалыптастыруға бағытталған:

- субъекторталық ұстаным;

- мәдениетті әмбебапты реттеуші тетік және сұхбат деп қарастыру;

- жеке адам санасына манапуляция жасауды тоқтату;

- ХХ ғасырдың бейбіт мәдениеті құндылықтарын (демократия, адам құқықтары, азаматтық қоғам, орнықты даму, толеранттылық, күш көрсетпеу т.т.) қабылдау[68].

Қуаныш Әлжан

Қазақ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ адамның дүниеге этикалық қатынасының ерекшеліктері

Дүниетанымдық кеңмәтіндегі этикалық қарым-қатынастар, жалпы қазақ философиясындағыдай, жыраулар шығармашылығында адам және адамзат қоғамы үшін ең құнды қатынастар ретінде қарастырылады. Қазақ жырауларының тәртіпке этикалық көзқарас логикалық ойлаудан жоғарырақ дейтін ойлары бұл орайда өте түсінікті. Олардың ұғымында әлемнің эзотериялық бірлігі - әлемнің ең түпкі негізі - әлемнің бастамасы деп аталатынның жердегі өмірде шындыққа айналуы.

Осылайша дүниетанымдық контексте этикалық қарым-қатынастар адам мен адамзат қоғамы үшін ең зор құндылыққа ие қарым-қатынастар ретінде қарастырылады. Олар адам дамуының мақсаттарынан және оның қоғамдағы мінез-құлықтарының өлшемдерінен гөрі ауқымдырақ нәрсені қамтиды және білдіреді, өйткені субъект мінез-құлқы оның дамуы мен өлшемдерінің мақсаттары, даму құралдары мен салдарлары сияқты рационалды сәттерден де тұрады. Этикалық салада субъектінің өздігінен қозғалуы және өздігінен дамуы шындығында бастапқы болып табылады. Ол Гегель философиясында классикалық түрде ашып көрсетілген. Рас, оның философиялық мұрасында субъект пен рух көбінесе объективтік дамудың заңдары арқылы көрсетілген.

Қазақ жырауларының дүниетанымында субъектінің өздігінен дамуы эзотериялық кеңістікпен байланыс арқылы ашылған. Субъектілік дамуда тек объектілік қана емес, әлдеқандай тылсымдық та бар, ол - субъектінің өзіне ұқсастар әлеміндегі еркі. Бұл орайда этикалық қарым-қатынастар адамның субьективтік әлемімен тікелей байланысатынына орай, бұндай субъективтік, және сонымен бір мезгілде объективтік этиканың негізгі объектісі моральдық сана, субъектінің өз мінез-құлқы мен іс-әрекеттері үлгісін саналы түрде таңдауы болып табылатынына орай.

Жартылай көшпелі өркениетте әлемге қарым-қатынастар жүйесінде белгілі бір рухани тәртіп болды, қазіргі замандағы зерттеулерде оларды сыртқы мінез-құлықтың тар шеңберлері және дұрыс қарапайым ойлау дағдылары және ұйғарымдар арқылы түсіндіру мен шектеу логикаға тіпті жат болар еді. Тіпті керісінше, жеке тұлғалардың немесе әлеуметтік топтардың мінез-құлықтары бұл жерде бір-бірімен өзара және қоршаған әлеммен қарым-қатынастың айрықша рухани кеңістігімен, медитациялардың, құдайға құлшылық етумен толғаныстардың айрықша кеңістігімен толығады. Оған эзотериялық қарым-қатынастарды: субъективтік өзін тануды, импровизацияны, мистикалық тәжірибелерді, шамырқанған шабытты, ресми мораль мойындаған және мойындамаған әдеттен тыс және соған ұқсас құбылыстарды жүзеге асыру үшін қажет бос кеңістік ретінде анықтама беруге болар еді.

Бұл кеңістікте субъектінің бостандығы мен тәуелсіздігі тек өзін өзі жетілдіру, даму мен интуицияны жетілдіру арқылы әлемнің эзотериялық бірлігін түйсіну қабілеті арқылы, сндай-ақ ойдың өзіндік және әлеуметтік жетілу жолдарын жүзеге асыратын тұрақты жұмысы нәтижесінде ғана мүмкін болады.

XVІІІ-XІX ғғ. қазақ халқының көрнекті тұлғалары - жыраулары, билері және т.с.с. біршоғыр ой-өнер саңлақтары өздерінің мәдени, әлеуметтік, құқықтық және поэтикалық шығармашылығы арқылы осы тектес аса мол мұра қалдырды.

Осылайша, “этика” және “этикалық қарым-қатынастар” ұғымдарын қазақ жырауларының шығармашылығына қатысты пайдаланар болсақ, “жақсылық” пен “жамандық” категориялары немесе “әлеуметтік заң” және “мінез-құлық ережелері” ұғымдарын мүмкіндік деңгейінен гөрі кеңірек мәнде ұғыну қажет. Сөз, біріншіден, бұл қарым-қатынастардың діни астары туралы және екіншіден, тұлғаның жеке және әлеуметтік эзотериялық мәнде өзін табуы мен өзін іске асыруы туралы болып отыр.

XVІІІ-XІX ғғ. қазақ ойшылдарының бүтін нәрсе ретіндегі әлемнің мазмұны мен пішіні қатысты көзқарастары, қатаң сын тұрғысынан айтқанда, терең дүниетанымдық және логикалық мазмұнға ие, ол мазмұнның және қазіргі замандағы философияның онтологиялық мәселелерінің аясын кеңейтеді. Әлем мен адамның эзотериялық бірлігі, сондай-ақ бұл бірліктің қажеттігі де төмендегідей пікірлер арқылы дәлелденеді:

- егер субъективтік идеализм субъект өзінің қабілеттері арқылы өзі үшін объективтік әлем қалыптастырады деп сендірсе, ал объективтік идеализм Абсолют, Құдай материалдық әлемді жасайды деген және т.с.с. пікір ұстанса, жыраулар философиясында субъект сананың, еріктің, іс-әрекеттің, өмірлік қуаттың, сезімнің және т.б. иесі ретінде қарастырылады;

- субъект екінші және ол тек өзін қоршаған объективтік әлемді бейнелей алады деген пікірді ұстанатын материализмге қарама-қарсы субъектінің белсенділігі дәлелденеді. Мұндай ерекшелік натурфилософияда орын алады, онда субъект тіпті енжар;

- бұл сияқты пікірлердің кез келгені субъектіні дара бірдеме, жақсы жағдайда айрықша бірдеме ретінде түсінуге негізделген. Шын мәнінде, құдай да діндегі жеке және енжар материалдық табиғат түріндегі өзінің “өзгеше бірдемесін” жасаушы ретінде және толығуы үшін табиғи даму жетіспейтін Абсолют те осындай;

- әрбір жеке индивид сонымен бірге өзі арқылы жалпыға ортақ заңды және әлдеқандай жалпыға ортақ қарым-қатынасты білдіретін бірдеңе;

- субъектінің өздігінен дамуы мен өзін-өзі табуы да осынау жалпыға ортақ қарым-қатынастың бейнеленуі;

- сонымен бір мезгілде бұл – адамның иррационалды бастамасы, оның еркінің, оның ой-өрісінің, сана-сезімінің, қуаныш - қайғысының, трансценденттік және субъективтік бастамаларының және қабілеттерінің иррационалдық негізі;

- барлық жеке субъектілер - әрқайсысы өзінің белгілі бір шамасына қарай өз бойына иррационалдылықты да, сондай-ақ жалпыға ортақты да сіңірушілер. Олардың эзотериялық бірлігі мен әлемнің эзотериялық бірлігі осында жатыр;

Наши рекомендации