Ылыми танымның антика дәуіріндегі қалыптасуы туралы айтыңыз
Гректердің антика философиясы б.э.б. VII-VI ғғ. пайда болды. Өзінің сипаты және мазмұнының бағыты, философиялық ойлау методтарының өзгешелігіне байланысты шығыс философиясынан өзгеше, тарихта алғаш рет қоршаған ортаны рационалды тануға тырысты. Антика философиясының дамуының 4 кезеңін атап көрсетуге болады:
1 кезең – Сократқа дейінгі кезең. Бұл кезеңнің орталық мәселесі космос, табиғат мәселесі болды.
2 кезең – классикалық кезең. Ол Сократ, Платон және Аристотель сияқты көрнекті философтардың шығармашылықтарымен сипатталады. Адам мәселесіне, оның мәніне және танымдық мүмкіндіктеріне негізгі көңіл бөлінді.
3 кезең – эллинистік кезең – бұл кезеңде көптеген философиялық бағыттар мен мектептер қалыптасты, олардың көпшілігі Плотон мен Аристотель философияларының ықпалымен пайда болған этикалық мектептер.
4 кезең – антикалық философияның дамуының соңы – бұл кезеңде грек демократиясы құлап, грек полистері Рим империясының қолына өткен кезі еді. Бұл кезде (І-ІІ ғғ.) христиандық философия басталды.
Аталған дәуірлерде Эллада полистерінде (қала-мемлекет) қолөнер, сауда, ақшалай-заттық қатынастар жоғары қарқында дамып, осы себептердің негізінде өзіндік талап-мүдделері ерекшеленген әлеуметтік топтар пайда болды. Бұл ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінуіне, осы негізде таза зиялылар қауымының пайда болуына, әртүрлі әлеуметтік топтардың талап-мүдделеріне сай саяси-әлеуметтік, философиялық көзқарастардың қоғамдық сана ретінде қалыптасуына әкеліп соқтырды.Сонымен қатар, антика философиясының қалыптасуына Крит-Микен, Гомерлік Греция кезеңдеріндегі әдеби-діни-мифологиялық көзқарастар және күнделікті өмір тұрғысынан тұжырымдалған данышпандық ой-пікірлер негізінде дамыған грек мәдениетінің сол кездегі Көне Шығыс мәдениетінің озық үлгілерін өз бойына сіңіруі арқасында қалыптасқан әлемнің субстанционалдық негізін іздеген, рационалданған көзқарастар зор әсер етті.Демек, антикалық дүниетанымдық көзқарас өз кезеңіндегі ғылыми жетістіктерге сүйене, өзінің логикалық, категориялық аппараттарын жетілдіре отырып, философияның көзқарастық және рационалдық-жүйелілік жақтарын тығыз байланыстыра қарастырып, алғашқы философиялық ой-пікірдің қалыптасып, кейінірек келе оның классикалық деңгейге дейін көтерілуіне мүмкіндік туғызды.Б.д.д. VІІ-V ғғ. антикалық рухани даму мифологиялық, діни көзқарастан ғылыми, философиялық көзқарасқа қарай бағытталды. Бұл кезеңді антикалық философия тарихында Сократқа дейінгі, ал б.д.д. V-ІІІ ғасыр ойшылдардың мәнділіктің генетикалық бастамасын, түпнегізін жалпы дүниетанымдық көзқарастың негізі етіп алып, оны өзінің категориялық аппараты тұрғысынан түсіндіріп, философиялық ойлауды биік деңгейге көтеруіне байланысты кезеңді – Сократтан кейінгі немесе классикалық кезең деп екіге бөледі.Сократқа дейінгі кезеңде дүниеге келген алғашқы философиялық мектеп Кіші Азияда шыққан Милет мектебі болды. Оның негізін қалаушы Милет қаласында өмір сүрген, жеті данышпан қатарына жататын солардың ішінде ең сыйлысы Фалес болды (шамамен б.д.д. 625-547 ж.ж.). Ол «Бастама туралы», «Күн туралы», «Күн мен түннің теңесуі туралы», «Теңіз астрологиясы» деген еңбектер жазған, бірақ олар біздің заманымызға жетпеген. Фалестің ілімінше, барлық денелердің генетикалық бастамасы – су.Фалестің ілімін әрі қарай оның шәкірті және жолын қуушы Анаксимандр (шамамен б.д.д. 611-545 ж.ж.) жалғастырды. Негізгі еңбектері: «Табиғат туралы», «Жер картасы», «Глобус». Анаксимандр барлық денелердің бастамасын сол денелердің түпнегізі (субстанция) сатысына дейін көтереді. Бастаманы ол заттардың түпнегізі – айперонмен теңестіреді. Олай болса, айперон бастама да, түпнегіз де.Анаксимандр ілімін әрі қарай оның шәкірті Анаксимен (б.д.д. VІ ғ. ортасы) жалғастырды. Негізгі еңбегі – «Табиғат туралы». Анаксимен барлық денелердің негізі деп ауаны айтады. Ауа – шексіз (аепейрос). Сөйтіп, Анаксимандрдың аепейроны түпнегізден ауаның қасиетіне айналды.Милет мектебінде қалыптасқан философиялық дәстүрді ілгері қарай дамытқан Эфес қаласынан шыққан саяси қайраткер, ғұлама ойшыл Гераклит (шамамен б.д.д. 544-483 ж.ж.) болды. Оны іліміндегі терең ойлары үшін «тұңғиық» деп атаған. Негізгі еңбегі: «Табиғат туралы». Гераклит заттардың бастамасын от деп есептеген. От мәңгі және құдай тектес.Пифагор (б.д.д. 580-500 жж.) Б.д.д. VI ғасырдың аяғында философиялық ілімдер Кіші Азиядан «Ұлы Элладаға» ауыса бастады. Осы кезеңде оңтүстік Италия мен Сицилияда «пифагоршылар мектебі» деп аталған одақ құрылып, онда қоғамдық өмірді діни-әдептілік тұрғыдан реформалау қажеттігі туралы ілім кең өріс алады. Пифагоршылар қоғамда анархияның етек алуына қарсы болып, құдайдың айтуымен жасалған мемлекеттік заңдарды сақтау керектігін уағыздады. Пифагордың пікірінше, сандар – барлық заттардың, ғарышты, ғарыштың негізі. Оның ғарыштың бастамасы, негізі деп отырған сандары жай күнделікті өмірде қолданып жүрген сандар емес, олар – ғарыштың реттілігін, үйлесімділігін көрсететін сандар.