ЖҰмыстыҢ жалпы сипаттамасы 3 страница
Шын жоғалып сөне ме?
Жоғары өрлеп,
Дене жөндеп
Және мен деп келе ме? [52, 150 б.].
– деп, ақын өмір мен өлім туралы өлеңінде қазақ поэзиясын түрлендіріп, идеялық соны жаңалық алып келді. Өлең Абайдың үлгісімен («Сегіз аяқ») жазылып түр жағынан жаңалық енгізбегенімен мазмұн тереңдігімен ерекшеленеді. Қазақ өлеңінің құрылысы мен өлшемін түрлендіруімен, жаңаша түр мен мазмұн әкелуімен ақын өлеңдері өміршең. Поэзияға жоғары талап қоя білген ол өлең өрнегінің кестесін өзгеге ұқсатпай салады. Өзі көтеріп отырған мәселені нақты да, жинақы көрсете біледі.
Ақын бейнелеген лирикалық кейіпкерінің басты міндеті – рухани жан дүниесін байыту, ізгі істерді қолдау, ар-ұжданы жоғары болу. Яғни мінез-құлқы, болмыс-бітімі жағынан әділет пен арды ту еткен, елі мен жерін сүйген, жаратушысына жақын жандар. Шәкәрімнің ақындық жеке қолтаңбасы әсіресе лирикалық кейіпкер бейнесін сомдағанда дараланады. «Шын нұр», «шын асық», «таза ой», «таза жан», «тәтті тіл», «от жүрек» т.б. сөз тіркестерін қолдану арқылы кейіпкер психологиясын, оның адамгершілік сапасын айқындап көрсетіп отырады. Ақынның танымында адам өте күрделі, ол тек қана табиғи жаратылыс қана емес, сонымен қоса оның рухани жан әлемі күрделі құбылыс. Қазақтың дәстүрлі поэзиясындағы адам мен табиғат тұтастығын, жаңаша сипатта тереңдете отырып небір бейнелі сөздер мен метафораларды түрлендіріп қолданады.
Табиғаттың күйін, тынысын адам тіршілігіне ұқсату арқылы образды суреттер жасайды. Ақын поэзиясындағы образдылықты «сұм жүректің оянбауы», «жебір ұлық қылдай іс», «өлі жүрек», «көңілдің қабағы салбырады», «әділетсіз залым», «азат ақыл», «күншіл мұндар» сынды сөз тіркестерінен де көруге болады. «Қабағынан қар жауған қараңғы бұлт, «Жаралы біздің көңілге бір тамбады сіркіреп», т.б. сияқты бейнелі тіркестер арқылы қазақ поэзиясына жаңа бір психологиялық оралымдар енгізген. Адам ішкі дүниесіне терең бойлап, мінез-құлықтың әсерін аша көрсету арқылы жүрегінде жақсылыққа орын жоқ, өз мінін көрмейтін, өтірікпен күн өткізген адамдардың образын да шебер сомдайды.
Енді бір өлеңдерінде «күншіл мұндар», «өлі жүрек» метафорасын қолданып адамның кері кеткен кейпін берсе, «алжасқан ми», «тозған ой», «жалқау тартқан ой» сияқты теңеулер арқылы кейіпкерлер жандүниесіне тереңдей енеді. Ақын осы секілді қазақ поэзиясында бұрын қолдана қоймаған сөз тіркестерін жиі қолданады. «Өлі жүрек» тіркесі жөнінде М.Базарбаев: «Тас бауыр», «тас жүрек» деудің орнына «өлі жүрек» деуі (өзімшіл мұндарды) поэзияда ауыспалы мағынасында бұрын кездесе бермейтін жаңалық (өлген адам, немесе, сезімсіз суынған жүрек жайында талай айтылуы мүмкін, яғни өзінің тіке мағынасында: бірақ адам бейнесін беру үшін айтылған түрін кездестірген емеспіз)» [42, Б. 249-250], – деген болатын. Ақын жаңа сөз тіркестерін, метафора, теңдеулерді қолданғанда образдарды сомдай түсіп, ойдың, ұғымдардың мәнісін тереңдетіп, адам, қоғам, табиғат болмыстарын нақыштауға көмекші құрал қылып алып отырады. Сондай-ақ ақын «ақыл» ұғымын түрлендіріп, сөз тіркестерін жаңаша өрнекпен әрлеп отырады. «Аз ақыл», «сұм ақыл», «саяз ақыл», немесе «таза ақыл», «шын ақыл» т.б. Ақын «Ақыл» ұғымының өзін екі сападан көрсетеді. Ең негізгісі адам болмасындағы «таза ақыл» категориясы деп түйеді ол. Оның мәнін «Таза ақыл ақты барлайды, Дәлелсіз сөзді алмайды», – деп аша түседі.
Ол адамзат баласын таза ақыл билесе ғана, өмірі мәнді болады деген ойды ұсынады. Осы арқылы қазақ поэзиясында философиялық дүниетанымдық жүйенің жаңа лебін алып келгені анық байқалады.
Рух деген дінсіз таза ақыл,
Мінсіздің ісі шын мақұл.
Айуандағы ақыл ол емес.
Аз ғана сөзім – аз нақыл,
Құраныңды оқы нанбасаң [53, 231 б.].
Оған ақынның мына жыр жолдары дәлел: «Ақылдың көзін байлама, Білгіш деп басшы сайлама». Ал, «ақылдың көзін байлама» сынды оралымдардан ақынның көзге көрінбейтін дерексіз заттарға жан бітіруі, яғни кейіптеуге баруы байқалады. Ақын «Шалғыншы ойым ақылға, Ақылым тоқтап мақұлға» немесе«терең ой», «шалғыншы ой» т.б. сияқты сөз тіркестерін ақыл мен ой ұғымдарының байланысын ашуда пайдаланып отырады:
Қош бол,
Терең ойым,
Әлемді шарлаған
Қиын іске әдейі арнаған [53, 223 б.].
Әрбір іс-әрекетте ой мен ақылдың рөліне терең мән беріп «ой» ұғымын жоғары қояды. «Ой» ұғымының мәнін ашуда да жаңа тіркестерді қолдану арқылы философиялық пайымдар жасап, қазақ поэзиясының мазмұны мен түріне жаңалық енгізеді.
Абайдан бастау алған, жандүние сапасын арттыру, бейнелі тіркестер арқылы адамның рухани әлемін бейнелеудегі жаңа үрдістер ақынның өмірлік ұстанымы адам түземек идеяларына негізделеді.
Мысалы, «нұр» – метафорасын қолдану арқылы қазақ өлеңінің көркемдік жүйесіне өрнек қосса, «Жар» – абстрактылы ұғымы да символ ретінде қолданылған.
Сопылық сарынның ақын танымына тигізген ықпалынан туған терең мазмұнды «жар», «нұр» сөздерінің көркемдік сипаты әсіресе «Иманым» атты жинаққа енген өлеңдерінде кеңінен қолданылып, ақынның суреткерлік талантын танытатын қасиетке айналды.
«Ақ жүрек», «ақ ниет», «ар-ұждан», «таза ақыл», «шатақ дін», таза дін, т.б. тіркестер мазмұнға сай бейнелі түрде қолданылады. «Айнымайтын ақ жүрек» оралымында «ақ жүрек» сөзінен, белгілі бір тас түйін бұлжымайтын ұғым жасап, қазақ сөз өнерімен дүниетанымына тұжырым мен ғибратты сөз енгізді.
«Шын таза жан» ақын поэзиясында адам болмысын бейнелеудегі тыңнан әкелген лирикалық кейіпкері деуге болады. Себебі, «Шын таза жан» – жаратушының махаббатына бөленген жан. Осы кейіпкердің сапасын танытуда ақын Қасиетті құрандағы ілімге жүгінген. Өйткені, ақынның сомдаған «Шын таза жан» бейнесі – «таза ақыл» мен «ақ жүрек», «ақ ниет» тәңірісіне құлшылық қылатын рухани таза адам.
Ақын «Көз» сөзінде түрлендіріп «көңіл көзі», «іш көзі», «кеудесінде болса көз», «жан көретін көз керек», «көкірек көзің», «қайғырған біздің көңілден», т.б. тіркестер арқылы жаңа эпитет, теңеу, метафораларды қалыптастырған.
Халықтық жыр-толғаулардағы қасиеттерді Шәкәрім ақын «Ескі ақындық» атты өлеңінде әсем өрнекпен бедерлеп, бүкіл жыраулар поэзиясының болмысын ашады. Жыраулық поэзия табиғатына тән қыранның ұшқаны, ақ бөкеннің желісі, тұлпардың жүрісін, сағымдай желдің құбылуын жыраулар дәстүрінен үзілмеген алтын арқауды дәлелдейді:
Ойлай келсек, ескі жыр,
Салады тұлпар жүрісін,
Міне, байқа мұнысын.
Кейде жорға, кейде жел,
Бұлдыр қағып асар бел [53, 141 б.].
Шәкәрім өлеңдері сапалы қасиеттерге басымдық беріп жағымсыз қылықты қалай жоюдың жолдарын көрсетеді. Ақын үшін руханилық сапаны арттырудың бірден бір жолы – өзін-өзі тануы. Ізгілікке кедергі болатын ішкі дүниедегі нашар белгілерді жоюдың жолдарын да ақын поэтикалық өрнекпен көркемдеген. Ол адамның салдыр-салақтығы, жалқаулық, ашу сияқты психологиялық күйлердің адами қасиеттерді тұмшалайтын жағымсыздығын ашады.
Еріншектіктен – салақтық,
Салақтықтан – надандық...
Бірінен-бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық [53, 102 б.].
Адамның өзін-өзі жеңіп тәннің емес, жанның тілегін орындауын көксеген ақын осындай баяндаулар арқылы поэтикалық айшықты да әсерлі образдарын туындатады.
Сондай-ақ ақын сөздің мәні мен маңызына айрықша мән беріп, жоғары талап қоя білген. Ақын ұғымында сөз құдіретті, ерекше – бір әлем. Сөз адам өмірін айшықтайтын әрі адам танымын танытатын дүние. Әрбір өлеңінде сөзге байыппен қараған суреткер сөз астарының небір мән-мағыналарын ашып немесе ауыспалы мәндегі түсінік танымды ұштайтын қолданыстарды орнымен де пайдаланған.
Шошыма, достым, сөзімнен,
Сөз – Құдайдан шыққан бу.
Ұқпасаң, көр өзіңнен,
Жұтқызайын нұрлы су [52, 286 б.].
Шәкәрімнің сөз құдіретіне қояр талабы Абайдың «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» талабын тереңдете түседі.
Тәтті сөз бен түзу ой –
Тағдыр сыйы емес пе?
Әуре қылма, жаным, қой,
Мені күндеп егеспе! [52, 123 б.].
Он бір буынды дәстүрлі қара өлең үлгісімен жазылған өлеңнің түрі жағынан жаңалығы болмағанмен ақынның көтеріп отырған мәселесі, ұстанымы мен мақсаты терең де мәнді. Ол өлең өлшеміне қояр талабын былайша өрнектейді:
Қауымның қалауына тап келгендей,
Болғанын, болашағын айт көргендей.
Керістен тартып жырды жебелі оқтай,
Дәл тигіз қалағанға қас мергендей [53, 139 б.].
Ақын өз талабында ақындық дүниенің қыр-сырына терең бойлауды міндеттейді, өзінің өмір жайындағы түсінігін, ұстанымын көкейтесті арман-мақсаттарын бір ауыз өлең шумағына сыйғызып, шеберлік танытады. Өлеңнің сөзі мен түрін, ырғағы мен бунағының қатар жымдасып келіп, тыңдаушысына жетуіне айрықша мән беретін ақын:
Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын,
Тазартып жүрек кірін жуып жатсын.
Қаңсыған шөл даланы қанықтырып,
Жыр тасып, дариядай құйып жатсын, – деп түйіндейді [53, 140 б.].
Осы шумақтың өзінен ақынның өлеңге, ақынға артар жүгінің салмақтылығы көрінеді. Ахмет Байтұрсынов ұсынған өлеңнің түр – тұрпаты мен айшығы, көркемдік кестесі жөніндегі пікірлерін Шәкәрім ақын өз шығармаларында мұқият сақтап отырған. Өлең сөзінің қуаттылығы ақынның жүрегінен шығып, ары мен адамшылығын айқындап жататындықтан өміршеңдік сипат иеленген:
Арыңның болсын өлең айнасындай,
Көрікті, көптің ортақ пайдасындай.
Жосылып жатсын артта жортқан жолы,
Арынды асқақ өзеннің арнасындай [53, 140 б.], – дейді ақын.
Яғни Шәкәрім өлең өнерін өзі ғана биік деңгейге көтеріп қоймай, өлең жазуды көпшілік жүрегіне жету үшін өлең ұйқасы мен әдемі әуезділігі, ырғағы мен тақырыбы, іші мен сырты тең келетін көркем дүние жасау жауапкершілігін ақындарға жүктейді. Абай ұстанған «іші алтын, сырты күміс» өлең үйлесімін Шәкәрім де өзіндік өрнегімен тереңдеткен. Осылайша Шәкәрім ақын қазақ поэзиясында қалыптасқан дәстүрлі поэзияны жаңа мазмұн, соны түр жаңалығымен байытты.
«Шәкәрімнің ақындық әлемі»атты екінші бөлімде ақын поэтикасының рухани бастауларының мән-маңызы қарастырылады. Сонымен бірге бұл тарауда мәтіндік тұрғыдан өзгешелігі бар «Қорқыттың сарыны» сынды өлеңдері де сөз болды [54, 224]. Қорқыт сарынындағы өмірдің мәні мен адамды сүюге құлшынысын арттыратын күші – саналы адамның жүрегіне қозғау салар күшімен ғұмырлы дүние екендігі де қарастырылды.
Өмір мен өлім жайын толғау арқылы Қорқыт бабаның өмірді сүю философиясын Шәкәрім ақын кейінгіге үлгі етеді. «Мен өлсем, сарын жоғалар, Қимадым көміп тастарға» деп Қорқыт танымын өлең кестесіне салғанда да, ақын сопылық сипаттағы астарлы да, бейнелі сөз бен ұғымдарға бой ұрады [53, 225 б.]. Шәкәрім «Қорқыт сарынында» адамды рухани жоғары деңгейге көтеретін, рухани тазару, дұрыстық, хақиқат жолы деген үлкен ізгілік танымы жатыр Қорқыттың өмір сүру философиясын таяныш еткен ақын өмір мәнін кетірер залалды мінездерге қарсы көзқарасын осы сарынмен білдіреді:
Басайын қобыз пернесін!
Монтаны талай мұңдар бар.
Нәпсіге ерген сұмдар бар,
Адамды аңша аулатқан.
Алдамшы, арсыз жандар бар,
Ондайлар маған келмесін [52, 157].
Шәкәрімнің өмірлік көзқарастарының қалыптасуында Шығыс дүлдүлі Хафиз тағылымының да орны зор. Шәкәрімнің «Иманым» атты топтама өлендерінде сопылық сарын мен сопылық таным қазақи жүйеге сай жүйеленген:
Кел, аяқшы, қымыз кұй,
Көпке бер де, маған бер.
Махаббат салды ауыр күй,
Жан кысылып, ақты тер [52, 148 б.].
Осы өлеңнің соңында Шәкәрім Хожа Хафизден аударудың мәні бүгінгі қоғам қажеттілігінен туған рухани сұраныс екенін, арақты-қымыз деп т.б. сөздерді қазақ ұғымына сай алғанын жазады [52. 149 б.]. Осы үлгіде жазылған ақынның «Кел, аяқшы қымыз құй», «Кешегі басшы піріміз», «Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді», «Көрініске шоқынған», «Мәжілісінде досыңның», т.б. «Қожа Хафиз сөзінен» деп берген топтама өлеңдері бар. Шәкәрім Хафиз өлеңдерін зерделей отырып Шығыс шайырының дүниетанымдық ой тереңдігін, хақты сүю, адамшылық, махаббат, дүние, ғалам жайлы ойлар желісінен өзіне жақындық, оның ішінде рухани үндестік табады. Өйткені Хафиз ғазалдарында Хаққа деген махаббатты, дүние жалған, адам жан дүниесінің күрделілігі, тазалық жолы, өмір, өлім, жан тазалығын жырлайды.
Дегенмен ақын сопылық қалыпта емес, қазақи өлеңге, қазақи ұғымға сай, ұлттық поэзия тудырып оқырманына ұсынған. Сопылық поэзияның бай мазмұны мен түрі қазақ ақындарының жақсы мен жаманды сынау, ізгілікті насихаттау, адам өмірінің мәнділігі, өмір мен өлім жайында, алланың құдыреттілігін баяндаудағы шығыстық әдеби тәсілдер мен амалдарды көркемдік құрал ретінде пайдаланған. Осылайша ақын қазақ поэзиясын мазмұн мен түр жағынан, танымдық, тәлімдік жағынан сапасын арттырған. Сопылық танымның қыр-сырын терең білген Шәкәрім де қазақ поэзиясының кеңістігін кеңейтіп «Иманым» атты жинағында астарлы сөз тіркестерін қолдану арқылы жаңа мағыналық айшықпен ажар қосқан. Ол осындағы өлендердің әр шумағы мен тармағындағы тың теңеулер мен метафора, символдарды ұлттық тілдің лексикалық байлығымен, шығыс әдебиетінің классикалық тәжірибесімен ұштастырып, қазақи ұлттық дүниетаным аясын ұлғайтқандығымен сипатталады.
Жар сипатын білсеңіз де,
Нәпсің өлмей, деме Жар.
«Сен – Жарым» деп алдаған еп,
Тиеді оқ боп кеудеңе [52, 231-232 б.].
Қазақ ақындары Құран іліміндегі тамаша қағидаларды, қазақ қауымына өлеңмен жеткізе білген. Олар өз шығармашылықтарында ізгілікті, адамгершілікті, әділетті, махаббатты бейнелеуде әуезді, бейнелі өрнектерді де орны-орнымен пайдалана алды. Әсіресе, Шәкәрім ақынның келер ұрпаққа мұра етіп қалдырған дүниелерінің денінде сопылық шығыс әдебиетінің терең де бейнелі тұстары бар.
Шәкәрім – өлеңге аса құрметпен қарағандығы тіршілік, қоғам, адам, өлең, өнер және кәсіп, еңбек жайындағы өлең нақыштарын «қиыннан қиыстырып», ерекше өрнек салуынан және ырғағына күшті тегеурін мен бай мазмұн енгізгенінен көруге болады.
Шәкәрімнің поэма жанрындағы шығармалары «Еңлік – Кебек» «Әңгіме алдында аз сөз», «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмасы «Әңгіменің сыры», «Дубровский» «Сөз алдынан» деген сөз басымен басталады. Бұларға ортақ жай – аталған поэмалардың сөз басы философиялық толғаммен басталып, онда ақынның адам, өмір, қоғам жайындағы дүниетанымдық толғамдары көрініс тапқан. Эпикалық туындылары осылайша бастау – ақын қаламына тән ерекшелік.
Абайдан кейінгі Пушкин шығармаларының қазақ тіліндегі көркем аудармасын жасауда Шәкәрім шоқтығы биік. Ақын Пушкиннің «Дубровский» мен «Метель» әңгімесін 1908-1912 жылдарда өлеңмен еркін аударғанда әрбір сөзінің мәніне терең үңіліп айрықша мән берген. Оның түпкі идеясына, ақындық иіріміне терең сезімталдықпен қарап жалпы адамзаттық мәселелерді қозғайтын ойларымен өз жандүниесі де үйлесім тапқан.
«Сөз алдында» адам баласының ежелгі дәуірінен бастап, бүгінге дейінгі кезеңіне шолу жасалып, жер жүзінде болған неше түрлі алапат оқиғалар мен адам баласының бойындағы жат мінездер тілге тиек болады. Бұлардың бәрін тізіп отырғандағы міндетін ақын:
Мақсұтым: ғибрат үшін айта кетпек,
Адамға үлкен міндет – талап етпек.
Орыс айтты, оны ұғып болмас демей,
Жаһат қылса, әр іске адам жетпек, – деп түсіндіреді.
Ақын бұл шығарманы жазуының мақсатын ашып, бірақ мұны қазақтың бәрінің бірдей қабылдай алмайтындығын да ескертеді [53, 412 б.]. Еркін аударма арқылы да ақын өзінің көркемдік-эстетикалық шеберлігін ұлттық дүние танымымызға түсінікті баламалар мен әдіс-тәсілдер сипатындағы жаңаша сөз қолданыстарымен толықтырды. Сөз басының әрбір жолы пәлсапаға құрылып, ақынның өмір, дүние жайындағы танымдық көзқарасын айқындайды. Поэманың негізгі мазмұнын да осы жүйемен бастайды:
Жер айналмай тұрмайды дүние жай,
Келер, кетер адамзат із қалдырмай.
Сол өткен көп заманның бір кезінде,
Болыпты Троекуров деген бір бай [53, 412 б.].
Осындағы «келер, кетер» сынды бір-біріне қарама-қарсы кереғар ұғымдарды қатар салыстыра қолдану – Шәкәрімнің поэзиясында жиі кездесетін көркемдік тәсіл. Осылайша ақын шағын лирикалық өлеңдеріндегі терең ойлы пәлсапаларын өлең өрнегі арқылы жеткізе білу шеберлігін дастандарында одан әрі жетілдіре түседі. Ол – дастан сюжетін шебер құрудың озық үлгісін көрсеткен көркем сөз шебері.
Ақылсыз мал мен мансап кім екенін,
Сырты – адам, іші – шошқа, сұм екенін,
Алла сүймек, ар сүймек, адам сүймек,
Ұқтырар адамдықтың шын екенін [53, 412 б.].
– деген шумақтардан ақын қаламына тән көркемдік шеберліктерді санамалап көрсетуге болады. Осындағы «ақылсыз мал», «сырты – адам», «іші – шошқа» сынды бейнелі образдар ақынның «арлы адам», «толық адам» деген ұстанымдарына қарама-қарсы бейнелер. Шумақтың соңғы екі жолында ақыннның бүкіл шығармасына арқау еткен «арлы адам», «иманды адам» образын суреттеген дүниетанымы айқын көрінеді. Шәкәрім түпнұсқадан алшақ кетпей, ұлттық сипатқа, ұлттық ұғымға сай еркін аударған. Сонымен қоса ақын мұрасын өз жүрегінен, өз талғамынан өткізе білген. Ол Пушкин туындысын қазақ поэзиясына тән, шынайы да, шыншыл түрде, төл туынды ретінде сөйлетті.
Ақын шығарманы сөзбе сөз емес, негізгі ойды тұтастай сақтай отырып еркін аударған. Шәкәрім Пушкин шығармашылығының идеяларына ғана емес, оның әділетсіздік, надандық пен зұлымдық, сонымен қатар, адамгершілік, әділет, махаббат, ар сияқты адам жан дүниесіне терең үңілуіне қызыққан.
Дубровский мал сүймей, адам сүйгіш
Қиянат, залымдықты көрсе күйгіш.
«Мал сақтама, ар сақта» деп ойлайды.
Адамдық әділетті ерте түйгіш – дейтін жолдары [53, 413 б.]
«Малым жанымның садақасы, Жаным арымның садақасы» деген халық даналығын ұстана отырып, тәржіманы ұлттық дүниетанымға негіздеген. Яғни, Шәкәрімнің Пушкин шығармашылығын тәржімалауда бейнелі де әдемі қазақи нақышпен еркін де, жатық туынды жасауы қазақ поэзиясын тақырыптық, мазмұндық жағынан да жаңаша бір белеске көтерді.
Ақын монолог, диалог, кейіпкер сөзі, авторлық баяндау сынды көркемдік компоненттерді дастанда негізгі кейіпкерлер бейнесін ашуда шебер қолдана білген.
Надандау Троекуров ғылымға олақ,
Сүйтсе-дағы қадірі елге мол-ақ,
«Сүйек қайда көп болса, ит сонда», – деп,
Үйінен үзілмейді мың-сан қонақ [53, 414 б.],
– деген авторлық баяндаудың өзі-ақ оның кім екендігінен мол хабар береді.
Абай мен Шәкәрімнің аудармалары жөнінде А.Исмакова: «Иное предпочтение обнаруживается в казахских переводах. Не случайно обращение Абая к переводу реалистического романа А.С.Пушкина «Евгений Онегин», Ш.Кудайбердиева к «Дубровскому» рассказам Л.Н.Толстого. При этом мы знаем также, что сюжеты романов Дюма еще во времена детства Абая рассказывались степными «әңгімеші», как необыкновенные «әңгіме» о дальних странах. Этих имен достаточно, чтобы понять и определить другой настрой казахской литературы», – деп ой тұжырымдайды [50, 134 б.].
Ол ұстазы Абай салған сара жолды дамытып, өрісін кеңейткен, шәкірттік ізетінен еш уақытта жаңылмаған. Ақынның «Жастарға» деген өлеңінде Абай тағылымына деген адалдығы айқын аңғарылады. Мұнда Абайдың рухани тұлғасы сомдалып, оның биік болашағымен даналығы жастарға үлгі етіледі. Шәкәрім поэзиясында Абай бейнесі – үнемі даналықтың, ізгіліктің, адамшылықтың үлгісі:
Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық,
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге,