Тақырып. Қазақ философиясы

Басқа халықтардың философиясы сияқты Отандық философия да өз қайнар көзін көне аңыздар мен дастандар, ертегілерден бастайды. Егер аңыздармен бай халықтарға үнді мен гректерді жатқызса, қазақ елі де олардан кем түспейтін болар. Өйткені, өне бойы көшіп-қонып жүрген халықтың бір ғана байлығы болды, ол оның тілі, бабалардан келе жатқан дәстүр, аңыз-хикаялар, нақыл сөздер. Олардың көбі жаңа ғана жарық көріп, философиялық тұрғыдан талдануда.

ХV-ХVIII ғ.ғ. философиялық ой - толғамдар негізінен жыраулық түрде дамыды. Қазақ халқының ақын-жырауларының ішінен Сыпыра жырауды, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар жырауларды атауға болады.

Қазақ халқының тарихында XIX ғасыр ерекше орын алады. Бұл ғасыр қазақ мәдениетінде «ағартушылық философия» деп аталады.

Қазақ ағартушылық философиясының көрнекті өкілдері: Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев.

Ш.Уалиханов(1835—1865) –ұлтының ұлылығын әлемге әйгілеген ұлы ғалым. Болашақ ғалым дала әніне, ана уіліне, түркілердің елдігімен ерлігіне әлдиленіп өскен. Бабаларымыздың өсиетнамасын, елін, жерін, тілін сақтауға алтын арқау, аялы өзек болған фольклорды қадір тұтты. Ол «Ер Едіге» жырының үш нұсқасын өзара салыстырып, жаңа нұсқасын жасаған кезде Шоқан небәрі жеті жаста еді. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын да сол кезде қағаз бетіне түсірген. Елінің тарихын, ауыз әдебиетін, этнографиясын, экономикасын жетік білген ел ағасы Шыңғыстан, өз заманының тек білімді ғана емес, сонымен қатар озық ойлы, парасатты, зиялы әкесінен болашақ оқымысты зор ғибрат алған.

Ш.Уәлихановтың азамат, ғалым және ойшылдық қалыптасуында орыстың озық мәдениеті мен ғылым қайраткерлерінің маңызды рөл атқарғанын атап өтуіміз қажет. Шоқан В.Г.Белинскийдің, Н.Г.Чернышевскийдің, А.И.Герценнің, Н.А.Добролюбовтың еңбектерін оқып-үйренді, олардың көзқарастары мен идеяларын қуаттады.

Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, барша шығармаларынан дерлік философиялық пікірлер мен тұжырымдарды байқауға болады. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Сахарадағы мұсылмандық жөнінде», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады Қазақ жеріндегі шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние - күн, ай, жұлдыздар және жер - алғашқы құдірет болып табылады» деп көрсетеді. Сонымен бірге шамандықтың шығу тегін мұқият зерттеулерінен және басқа да еңбектерінен Шоқанның себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады. Мысалы, «Тәңір (құдай)» мақаласында қазақтардың малды қасиет тұтатын ырымдары себебін халықтың күн көрісі малға байланысты екендігімен түсіндіреді.

Сонымен, Шоқан сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін, оның объективтік заңдылықтарға бағынатындығын мойындайтын философиялық көзқараста болғанын көреміз. Қазіргі кезде философияның негізгі мәселелерінің маңыздысы есебінде адам, оның қоршаған дүниеге қарым-қатынасы аталынады. Уәлиханов бұл мәселенің маңызды екенін сонау XIX ғасырдың орта кезінде-ақ айтып кеткен. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбегінде табиғат пен адам, өмір мен өлім әрқашан түпсіз сырға толы ғажайып таңдану пәні болды деп көрсетеді.

Шоқан Уәлихановтың дүниетанымы өзіне материализм мен идеализмнің өзіндік үйлесімі, материалды мен табиғидың, рухани және құдайлықтың қатынасын көрсететін пантеизм түрінде сипатталуы мүмкін. Қоғам болмысы проблемасын ол натурализм мен географиялық детерминизм тұрғысынан түсінеді. Адам онда қалыптасуына үлкен ықпал ететін табиғи-рухани тіршілік иесі түрінде көрінеді. Қазақ философиясының басты ерекшелігі - оның космоцентризмі, адам мен ғарыштың үздіксіз байланысы оның шығармашылығында да көрініс тапты. "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы" атты еңбегінде ол адамды әлемнің нағыз жоғары кұндылығы ретінде қарастырды. Бұл жан, бұл қабілет, бұл ойлаушы және талпынғыш рух осы ерекше Құдайдың мәңгі тылсым күштің болуын көрсетпей ме? Ол тірі рухқа (шаманға) және өлі рухқа онгунуға табынды. Бірақ бұл өмірдегі адамға, оның ішінде сәбиге табиғаттың ықпалы өте күшті, өте әрекетті, ол құпия табиғатқа, не істеп, не істемеуге қатысты басшылыққа алатын ережелерді жасауы керек", - деп жазады.

Оның дінге қатынасы шаманизм мен ислам туралы бірқатар еңбектерінде көрінеді. Ең әуелі ол Қазақстан территориясында зороастризмнен исламға дейін көптеген діндер болғанын дұрыс атап өтеді. Тіпті өзінің заманы - XIX ғасырда ол қазақтардың таза мұсылман болмағандығын, шаманизм мен ата-баба рухтарына табыну кең тарағанын айтады. Қазақ даласындағы мұсылмандықты қарастыра келіп ол өкінішке орай бұл дінді таратушылар инабатсыз, обскурантист адамдар, тіпті адамдар араб тілін Құранды да нашар білетіндігін Шоқан Уалиханов айтады. "Бүкіл далада өздерін әулие түрінде көрсететін шала сауатты татар молдалары мен Орта Азиядан шыққан фанатиктер қаптап жүр. Мұсылман кезбелерінің, әсіресе татар семинаристерінің (оларды мен пайғамбарға фанатизммен табынушылар деп танимын) жеке мүддесі - қырғыздарды өз ықпалымен соқыр діни бассыздыққа жеткізіп, осы қари, дәруіш, әулиелерге жеңіл өмір сүргізу болып табылады", - деп жазады Ш. Уәлиханов.

Осы факт негізінде көптеген зерттеушілер оны исламды сынаушы және атеист деп есептейді, бірақ бұл шындыққа сай келмейді. Шоқанның дүниетанымы материалистікті де, руханилықты да өзіне жинақтаған. Ол өз халқының адал ұлы бола отырып, исламды жоюға емес, халықты ағартуға, оларды қасиетті діни, әсіресе мұсылман кітаптары мен ондағы шығыстың рухани мәдениетті оқып-үйренуге шақырды.

Ыбырай Алтынсарин(1841-1889) дүниетанымы қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, озық орыс әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері елеулі әсерін тигізді. Ш.Уәлиханов секілді Ы.Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты. Ыбырай Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен, ағарту және қоғам мәселелерін талдауға арналған шығармаларында дүниетанымдық ерекше пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдері табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі. Бұл - ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, «Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!» (Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. А., 1988, 18-бет), «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген өлең шумақтарында, «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды. «Мұсылманшылдықтың тұтқасында» бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп, «мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық - қадір екендігіне дәлел болса керек» деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда, Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұдан Алтынсаринның дүниеге көзқарасы деизмге жақын екенін көреміз.

Өзінің "Арам төреге", "Жарлы болсаң да арлы бол", "Таза бұлақ" және басқа да шығармаларында ол әлеуметтік теңсіздіктің тамырын ашып оларды арсыздықпен байланыстырады. "Екіжүзді қазыға" өленіңде ол:

"Қарымтаның кезі келіп

Сен жеген жан түбіңе жетер",- дейді.

Ы.Алтынсаринның арманы халқының сауаттылығын көру болды: "Әрбір халық прогрессивті дами отырып ақырында көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа көшуі керек, бұнымен ағартушылық тығыз байланысты", - дейді ол. Ыбырай байлық, билік, даңқ, сұлулық, денсаулықтың өздігінен бағасы жоқ. Олар белгілі бір жағдайда игілік немесе зұлымдық бола алады. Егер оларды арсыздық билесе, ол зұлымдық. Егер ғылым мен таным билесе ол ізгілікке әкеледі. Сол себепті білім - адамның мәні. Сөйтіп өзінің көптеген шығармаларында ойшыл білім беру үшін талмай еңбек сіңіре отырып, білім алуды талмай насихаттады.

"....Дала мектептеріне бүгінгі күні тек орыс тілімен сауаттылыққа үйрететін мекеме ретінде ғана емес, онда оқушылардың отырықшылыққа дағдыланып, заттарға әсем және сау көзқараспен қарауды үйренуі керек: Бір сөзбен оқушылардың тәрбиелік жағына көп көңіл бөліп, осы оқушылар негізді білім алып, белгілі бағыт алған соң, қоршаған ортаға өздерінің сау және жаңаша ойларымен айналасындағы халқына ықпал ете білуі керек", - деп жазады ол. Ыбырай Алтынсарин қазақтарды әлемдік мәдениетке еніп, өз дүниетанымын кеңейту үшін, орыс тілін үйренуге шақырады: "Қырғыз халқы үшін барлық мүмкін болатын бақытты алдағы уақытта үстемдік етуші орыс халқымен рухани біте қайнасу мен оның орыс-қазақ білім беруі көмегімен рухани, экономикалық дамудан көремін",- дейді.

Сонымен қазақ ағартушылары Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның философиясы қазақ руханилығының гуманистік дәстүрлерді жалғастырып және оның әрі қарай мәндік дамуындағы маңызды кезең болды.

А.Құнанбаев(1845-1904) қазақ ағартушылығында, қазақ халқының бүкіл ұлағатты мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл. Оныңшығармашылық мұрасы өлең, дастан, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай - қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол «ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде» деп білді. Дүниетанымдық мәселеде Абай Алтынсарин секілді деизмге жақын. Құдай - өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді.

Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын дедік. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам «...көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады» (А.Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық жинағы. А., 1961, 48-бет), - дейді.

Абайдың еңбегі қазақ халқының көшпелі өмір салтынан өз бойына оның ең жақсы жақтарын алған, отырықшы қала тұрмысына көшуге жағдай жасауында жатыр. Бұл ықпал номадтық дәуір адамының дүниетанымының, дүниені ұғынуының, дүниені сезінуінің, дүниені түйсінуінің өзгерісінен көрінеді.

Абайдың ішкі түйсігі Абайға қазақ халқының шектеулі өмір сүре алмайтындығын, оның адамзаттың бір бөлшегі екендігін, сол себепті әлемдік өркениет жолымен жүріп, оған қосылуы керектігін ұғындырды. Осыдан келіп өз халқына көмектесуге ұмтылуы, жолында кездесетін көптеген кедергілерден өтуі керектігіне күйінуі туады. Міне бұл ретте адамға, оның санасы мен жүрегіне, ең әуелі мейірімділік пен руханилығына сенімі Абайға күмәнді жеңіп, оптимист болуды әкеледі.

Абай далаға адам болмысының негізі принципін әкеліп, оны даму принципімен байланыстырды: ол оның халқының жалқаулықтан арылып қана қоймай, әлемдік мәдениет контекстіне қосылып, оның өлшеусіз қазыналарын игеру контекстіне қосылғанын қалады. Сананы жоғары көтере отырып, ол қазақтар үшін өмір құндылықтарының, адам бақытының мәнін жаңаша түсіну түрінде көрінген жаңа құндылықты, бағыттарды қалыптастырды. Бірақ адамның басты кредосы - оның ізгілігі, мейірбандығы, достығы, махаббаты. Сезім мейірімділікті зұлымдықтан ажыратып, қайырымдылықты басшылыққа алуға мүмкіндік береді. Білімнің санамен сезімдердің мұндай қатынасынан білімнің сезіммен, сеніммен байланысы туралы, адам эссенциясы мен экзистенциясының тұтастығы туралы қорытынды шығаруға болады.

Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. «Мен» және «менікі» деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша «мен» - ақын, жан, «менікі» - адам денесі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «менікі» өлсе өлсін, оған бекі» деп, дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты - ақыл дейді.

Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен диалектикалық тұжырымдар бейнесін көруге болады.

Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931)кең ауқымдағы, тұтас, бөлек бітімді, салмақты ойы бар тұлға. Ол тек қана ақын, ойшыл, ғана емес, өз Отанының патриоты. 30 жылдардың басында Қазақстанда аштық пен ауру белең алып, халықты баудай түсіргенде, Шәкәрімнің бұл саясатқа наразы араша айқайына мемлекетте қалыптасқан саяси жүйе жазалаумен жауап берді. Дана ғалымның тазалығы мен тұтас болмысы басшылыққа жақпады. Уақыт шеңберінде билік өз дегенін жасап бағады. Егер тұлға белгілі бір жағдайда билік құрылымына бейімделсе, мәңгілік пен ақырғылықтың арасында өзіндік гармония тууы мүмкін. Алайда, талант ақырғыдан да асып түсуді талап етеді.

Сондықтан да тұлға билікпен тайталасқа түседі. Осы тайталасты жеңу мүмкін емес шығар, сол себепті Шәкәрімдей тұлғаның қайғылы өмірі трансцендентті, өз заманының тарихи шеңберінен асып түсіп күнделікті, сол бір мезеттегі сәттен жоғары тұрып, абсолютті мәңгіліктің көшбасшысы болып табылады. «Әр заманның, әр мәдениеттің, әрбір салт-дәстүр жиынтығының өз ерекшелігі, өзіне тән сұлулығы мен қатыгездігі бар». Кейбір азаптар оған табиғи, тән боп көрініп, оған көнбістік танытады. Гессенің «Дала қасқыры» романының кейіпкері Гарри Гадерд «Нағыз азап-тозақ деп адам баласының екі дәуір, екі мәдениет, екі дін қиылысып жатқан кездегі өмірін айтамыз», - дейді.

Шығармалары: «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» т.б.

«Үш анық» еңбегінде ол «Анық дегеніміз не?» деген сұрақ қояды және бұл проблеманы шешудің ерекше жолын ұсынады аныққа, ақиқатқа баратын күрделі, қиын жолды баса көрсете отырып, ғалым ақиқатты (анықты) адам Сана көзімен көруі және қабылдауы керек дейді.

Жаратушы иенің мәнін зерттеуге ұмтыла отырып Шәкәрім Анық дербес «өмір сүретін» әрбір адамның жанында өмір сүреді деген шешімге келеді. Жанның алғашқы қажеттілігін ол «ұждан» деп атайды. «Адамның қарапайымдылығын, әділдігін, мейірімділігі мен бірлігін орыстың «совесть» сөзімен атайды. Бұған сенбеген адам жүрегін ешбір ғылым, ешқандай өнер, бірде бір жол және ешқандай заң тазарта алмайды. Бірақ егер адам ұжданды жанның алғашқы қажеттілігі деп сенсе, оның жүрегін ешнәрсе қарайта және қатайта алмайды», - деп жазды Шәкәрім. Ол үш өмірлік анықты, дәлірек атасақ: ұдайы өзгеріп отыратын Универсумда өзінің алғашқы себебі деп жаратушы Иені алады; Жаратушы барлық тірі, тіпті өлі табиғатқа жан берген, дене өлген соң жан өзі дербес өмір сүреді; өлгеннен кейін жан асқақ және тыныш болуы үшін, адамға ар-ұжданмен өмір сүру керек. Бұл фәниде адам Ұжданына сәйкес ұстанымда болғаны жөн. Осы үш Анық Адамның рухани көтерілуіне ең мықты сүйеніш болып табылады.

Көріп отырғанымыздай, Шәкәрім шығармаларында айтылған және толғанған өмірлік маңызы бар проблемалар бүгінгі күні қоғам сенім мен адамгершіліктің кемшін түсіп жатқан кезінде де өз маңыздылығын жоғалтпай отыр.

Шәкәрім Ұжданды тек жай ғана адамгершілік - этикалық категория түріне емес, әлемнің түпнегізі, субстанция болып табылатын маңызды философиялық категория ретінде қарастырған аз ғана философтардың бірі. Бұл ретте ол алғашқы, адамға дейін өмір сүреді, Космосқа барабар, сөйтіп адам дүниеге келе отырып Ұжданмен қиылысады, оны бойына жинайды. Шәкәрімнің ұжданды бұлай ұғындыруы оны Бердявқа және XX ғасырдың көптеген адамгершілік проблемасын терең қойып және жоғары балаған өзге де орыс ойшылдарына теңестіреді, тең әлемдік масштабтағы ойшылға айналдырады. Оларда адамгершілік құдайға теңестірілді. Шәкәрім де осы бағытта болды, бірақ ол басқа қайталанбас интерпретацияда болды. Тек қана Ұждан адамдағы барлық адамилық пен адамгершіліктің өзегі болып табылады. Ұлы Абай: «Дана деп немесе ойшыл деп тек өз шеберлігімен, ойларымен және тәжірибелігімен жоғарғы рухани күштер санасына жеткен және өзіне махаббат пен шындықты біріктірген жанды ғана айта аламыз», - деген еді. Міне, Шәкәрім де қазақ руханилығының бір тұлғасы ретінде осы сөзге лайық ғалым.

Ғұлама Шәкәрімнің философиясы біртұтас дүниетанымның мәндік қырын ашып көрсетеді. Адам жәй ғана космостық, табиғи тіршілік иесі ретінде емес, өзегін адамгершілік Ар ұждан құрайтын тұлға ретінде көрінеді. Бұл жәй ғана Құдайдың немесе ғарыштың сыйы емес, әр адамның өзін өздігінен жасайтын ішкі жұмысы.

Міне Қазақстандағы XIX-XX ғ.ғ. басындағы философияның дамуының жалпы кезеңдері осындай. Бұл философия қазақ руханилығының дамуындағы маңызды кезеңдерінің бірі. Қазақ философтары батыс философиясының экзистенциалистік сарынын басып озды. Қазақ философиясының антропологизмі космоцентризммен органикалық түрде үндесті: адам тек табиғаттың жемісі ғана емес, өзіне өмір нәрін, ғарыш даналығын жиған, онымен, табиғатпен, қоршаған ортамен гармонияда өмір сүретін ғарыштық дамудың нәтижесі. XIX-XX ғ.ғ. басындағы қазақ философиясы тек қана ағартушылық философия болып қана қоймай, өзіне саналы бастауды психоэмоционалдық, сезімдік жақтарымен бірлікте жинай білді. Міне оның батыстық философиямен салыстырғанда ерекшеліктері осында жатыр.

Наши рекомендации