А) тіршілік құндылықтары
Енді жоғарыдағы айтылған ойларды нақтылай түссек, онда, әрине, бірінші орынға өмір, бүкіл тіршіліктің кұндылығын жатқызуға болар еді. Ал оның ең биік шыңы — сана сезімі, рухы бар адам. Сондықтан ұлы И.Канттың моральдық императивтерінің бірі - адамды әрқашанда мақсат-мұрат тұт, оған ешқашанда құрал ретінде қарама деген терең ойы еді. Ал бұл талаптан адам бүкіл тіршіліктің патшасы болуы керек деген тұжырым шықпауы керек. Керісінше, ол бүкіл тіршіліктің ең жетілген түрі болғаннан кейін, бәрін өзімен бірге көтеріп (коэволюция), гүлдетіп, үндесті (гармония) өмір сұруі қажет.
Әрине, бүгінгі таңда адамды құрал ретінде пайдалану өмірде жиі кездесетін құбылыс. Адам өмірде кейбір кезде өз орнын таба алмай, қиналып, зардап шегеді, тіпті өмірден түңілуі де мүмкін. Уақытында М.Монтень айтқандай, «кімнің басына сартылдап бұршақ ұрып жатса, сол бүкіл жер бетін найзағай мен дауыл алып кеткендей көреді». Ол, әрине, сол адамның әлсіздігін, тіпті ақыл-ойының тайыздығын көрсетеді дер едік. Әрине, біз бұл өмірге сұранып келген жоқпыз, бірақ осы ғажап Дүниенің бір кішкентай да болса бөлігі ретінде бармыз. Одан артық құндылық бар ма екен?! Өмір қиындықтары, кездесетін сәтсіздіктер - уақытша, оларды жеңе білу керек, өйткені сен адамсың. Түнде сансыз жұлдыздар жымың қағып, Ғарыштың ақылға сыймайтын тереңдігін, сонымен қатар оның бізге жолдап отырған жылы сәлемін көрсетпей ме? Күннің алқызыл атуы мен батуы, асқар таулардың жарқыраған шыңдары, сылдырлап бұлақтан аққан мөлдір су, мойынын бізге қарай бұрған аққудың әсемдігі, бұлбұл кұстың әндері, құмнан қашқан ақ бөкеннің секіргені, сүйген жардың әр қимылы мен қылығы т.с.с. –бәрі де ғажап емес пе?!! Тағы да М.Монтень бізге мынадай ақыл тастайды: «өмірді әрқашанда қуанышты сезіммен қабылда, ол сенің даналығыңды көрсетеді».
Адам өмірінен шығатын келесі құндылық - денсаулық, оны дана бабамыз «бірінші байлық» деп кеткен. А.Шопенгауер айтып кеткендей, «адамның бақытты болуының 9/10-ы оның денсаулығына байланысты». Расында да, тек денсаулықтың арқасында ғана өмірде кездесетін ауыртпалықтарды көтеріп жеңуге, ішкі табиғи дарындарды дамытып, шығармашылық деңгейге көтерілуге болады. Сондықтан денсаулыққа саналы түрде қарап, спортпен шұғылданып, уақытында тамақтанып, өз дене ахуалыңа зәбірлік жасамау керек. Маскүнемдік, шылым шегу, нашақорлық жолына түсу - ең зор байлық - денсаулығыңды өз қолыңмен жоюмен тең.
Сонымен қатар, өкінішке орай, өмірде мүгедек, табиғатынан әлсіз туған жандар да кездеседі. Мұндай жағдайда олар өз рухының күші арқылы өмір мәнділігі мен құндылығын, қанша қиын болса да, аша білуі керек, ол үшін, әрине, жақындары, жалпы қоғам, мемлекет тарапынан көмек қажет. Дұние жүзілік тарих мұндай адамдардың өмір қиындықтарын жеңіп шығармашылық дәрежеге көтеріліп, өзінің өшпес ізін қалдырғаны женінде мыңдаған айғақтар келтіреді. Қайсыбір қоғамның адамгершілік келбетін сол кемтарларға жасаған ізгі істерінен көруге болады. Өкінішке қарай, біз бүгін бұл жағынан мақтана алмаймыз.
в) дінфилоеофиясы (діни құндылықтар)
Американ философы Э.Фроммның айтуына қарағанда, дін адамның саналы пенде ретіндегі терең табиғатынан - оның өмір сүру бағытын іздеуі мен бір нәрсеге табыну мұқтаждығынан шығады. Бұл, әрине, дін мәселесіне деген кең көзқарас. Осы тұрғыдан алғанда, адам дүниедегі негізгі діндерді мойындамағанның өзінде, ол бір нәрсеге сенім артып, соған табынуы мүмкін. Тіпті, кейбір жағдайда ол оны саналы түрде сезінбеуі де ғажап емес. Мысалы, бүгінгі таңда реформа барысында біршама адамдар байлыққа, «алтын кошақан» - ақшаға табынады. Олардың ойынша, ақша арқылы сатылмайтын нәрсе жоқ, соның ішінде қайсыбір лауазым иесін, тіпті адамдардың сүйіспеншілік пен басқа да нәзік сезімдерін өзіңе қарай тартуға болады. «Бәрі де сатылады» деген принципке олар сенеді.
Жаңа ғана тарих қойнауына кеткен Кеңес Одағында миллиондаған адамдар марксизм теориясына, болашақта жер бетінде коммунистік қоғамның орнауына сенген жок па? Ал неміс философы К.Ясперске келер болсақ, ол адамзаттың рухани дамуын парасаттылыққа негізделген философиялық сенім деңгейіне көтермей, бүгінгі таңдағы қорланған өзекті мәселелердің шешілуі мүмкін емес дейді.
Әрине, адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Адам өз әке-шешесіне, сүйген жарына, жақсы досына, өз халқына, я болмаса адамзат қауымына сенуі мүмкін. Еш нәрсеге сенім арта алмайтын адам бақытсыз, ол өз өмір мәнін тез арада жоғалтады, оның әлеуметтік ауытқуға ұшырайтыны сөзсіз. Мұндай кең түрдегі ойларымыздың ауқымын қысқартсақ, онда осы заманға дейін дүниежүзілік діндердің өмір сүріп жатқанын байқаймыз.
Ұлы Қытай халкы уақытында даосизм және конфуциандық философия бағыттарын тудырып, оларды өмір бағдарламасына айналдырды, яғни олар осы халықтың дініне айналды. Олай болса, Дүниені жаратқан Құдай идеясы оларда жоқ. Сондықтан әдебиетте оларды «Құдай ашылмаған» діндер қатарына жатқызады. Мысалы, Дүниені билейтін «тянь» - аспан ұғымы - бейтұлғалық дүниенің алғашқы бастамасы. Мұнда Дүниені жарату ұғымы жоқ болған соң, оның басы да, аяғы да жоқ, ол мәңгі белгілі бір шеңберде айнала береді. Олай болса, адам болмыстың тәртібін зерттеп қана қоймай, ең алдымен өз-өзін танып-біліп, өзгертуі қажет. Негізгі уағыздайтын қағидаларына «табиғаттың даналығы, онымен үндесті өмір сүру қажеттігі» - у-вей, «өз халқыньң тарихи жинаған тәжірибесіне, даналығына сену, яғни әдет-ғүрып, салтты қатаң сақтау» - ли, «адамға сену, оны сүю» - жень т.с.с. жатады.
Бүгінгі тандағы беделді діндерге ұлы үнді халқы тудырған буддизм ілімін жатқызуға болады. Ол б.з.д. V ғ. Гаутама Сидхартха деген ұлы адамның ізденісі арқылы дүниеге келіп, бүкіл Оңтүстік Шығыс Азияға кеңінен таралды. Бұл діннің негізгі идеясы - адам рухының асқақтығы, олай болса, адам материалдық дүниеге байланбауы керек (апариграха), өйткені ол одан жоғары. Келесі бүгінгі адамзатқа тікелей қажетті қағида - ешқандай тіршілікке зәбірлік жасамау (ахимса). Будданьң адам алдына қойған талаптарының ішінде ерекше маңыздысы - ақыл-ой, ниет тазалығы. Екіжүзділік, алдап кету, арандату - адамның биік рухани мәртебесіне нұқсан келтіреді. Ешқашанда жек көрушілік оған қарсы қойылған жек көрушілікпен тоқтамаған. Керісінше, ол ұлғайған. Тек қана жек көрушіліктің жоқтығы оны сарқиды деген Будданың тамаша ойы бүгінгі адамзатқа ауадай қажет сияқты. Ақыл-оймен қатар, адамның аузынан шыққан сөздер де жұмсақ болып, адамның жүрегінен шығу керек. Жаман сөз рухани ахуалды ластайды, адами қарым-қатынастарды бүлдіреді.
Адамзат руханиятында өз ерекше орны бар, жер бетінде өте кең тараған - христиандық дін. Оны «Құдай ашылған» діндердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені христиан діні кұжаттарында Құдайдың адамзатқа жіберген моральдық Өсиеттері, Оның бұл Дүниені қалай жаратқаны жөнінде мағлұматтар бар. Христиандық діннің ерекше сипаттарының бірі - үштік ұғымы. Яғни Құдайдың бір уақытта берілген үш келбеті бар: ол Құдай-Әке, Құдай-Ұл және Киелі Рух. Келесі: Құдай адамды өзіне ұқсатып, оған ақыл-ой, парасат, сүйіспеншілік сезімін беріп жаратты. Сондьқтан бұл фәнидегі оның алатын орны ерекше. Ол Дүниедегі тіршіліктердің бәрінен де жоғары, сондықтан оларды билеуі, әрі қарай жетілдіруі керек. Адам күнәға белшесінен батса да, оны құтқару үшін Құдай-Әке жер бетіне өз Ұлын - Иса пайғамбарды жібереді. Ол бір жағынан - Құдай болса, екінші жағынан - адам. Иса өз мойнына адамзаттың барлық күнәларын алып, ақылға сыймайтын зардаптардан өтіп, адамзатты Құдай алдында кұтқарады. Сонымен Құдайдың адамға деген сүйіспеншілігі оны құтқарды. Олай болса, адам да сүйіспеншілікке толы болуы керек. Христиан дінінің негізгі қағидаларының бірі - адамды сүю. «Жақыныңды сүй, алыстағыны да сүй, тіпті өз дұшпаныңды да сүй» деген ғажап өсиет Иса пайғамбардың аузынан шыққан. Киелі Августин: «Сүй, содан кейін не жасасаң да мейлі», - дейді. Өйткені сүйген адам жамандық пен зұлымдыққа ешқашанда бармайды.
Тарихи христиан діні неше түрлі жаңару сатыларынан өтті. Оның шеңберінде неше түрлі жаңа ағымдар пайда болды (католиктік, православиеліқ т.с.с.)- Әсіресе Еуропа топырағында капиталистік қоғам пайда болған кезде, протестанттық ағым пайда болып, жаңа қоғамның этикасын (моральдық қағидаларын) тудырды. Оның негізгі қағидаларының бірі - адам қажымай-талмай еңбек етуге, өмірді өне бойы жетілдіріп, жаңартып отыруға жаратылған.
Христиан діні Еуро-Атлантикалык цивилизацияның дамуына зор әсерін тигізді. Бұл дүниені адам мәртебесіне сай етіп қайта құру жолында үлкен жетістіктерге жетті. Сонымен қатар Дүниені қайта өзгерту жолында Батыс цивилизациясы XX ғ. көп сәтсіздікке ұшырап, ақырында біршама ойшылдар (постмодернизм ағымы) адамның табиғатты өз еркіне көндіру қағидасының мүмкін емес екенін ашық айтуда. Соңғы 300 жыл шамасындағы ғылым мен техниканың зор қарқынмен дамуы, халықты жалпы ағарту, білім деңгейін өсіру, қорланған материалдық байлыққа табыну, өмірде сезімдік ләззат алуға ұмтылу т.с.с. еуропалыктардың пілдей бөлігінің христиан дінінің шеңберінен ауытқып, «индустриалдық» (өндірістік) «кибернетикалық» (есептеу), «сайентологиялық» (ғылым) т.с.с. дін бағыттарының пайда болуына әкелді, деп есептейді Э.Фромм.
Дүниежүзілік дәрежедегі соңғы дін - Ислам діні. Оның да, христиандық дін секілді, шыққан рухани қайнар көзі Таяу Шығыста. Бұл дін VII ғ. араб көшпенділері арасында дүниеге келеді. Атақты неміс ғалымы М.Вебер исламды Дүниені бағындыратын жауынгер діні дейді. Сол себепті Сары-Арқаның көшпенділері де бұл дінді ұнатып қабылдаған болар деп ойлаймыз.
Ислам дінінің негізгі қағидаларына тоқталсақ, оның Құдайы -Алла -- осы Дүние мен адамды жаратқан рухани құпия кұш. Христиан дініндегідей мұнда үштік мәселесі жоқ. Ол - жалғыз және өз Құдіреті арқылы жаратқан Дүниенің ар жағында мәңгілікті өмір сүреді. Ол Мұхаммед пайғамбар арқылы өз өсиеттерін адамдарға жеткізді, сол себепті исламның негізгі кұжаты - Құран дүниеге келді.
Ислам діні адамды табиғатқа қарсы қоймайды. Алла тағала жаратқан Дүние - керемет, ғажап, сондықтан адам алдында оны қайта құру, өзгерту мақсаты жоқ, ол табиғат шеңберінде өз орнын тауып, өмір сүруі керек. Адам, әрине, саналы және ырықты пенде болып жаратылған, ол жақсылық пен жамандықты айырып, таңдай алады. Дегенмен де Алла тағала адамға өмірдің барлық саласында қалай өмір сүру керек екенін Құранда көрсетеді (Шариғат). Иран халқының ойшылы Аятолла Хомейнидің айтуына қарағанда, «адам өмірінің бірде-бір тіпті кішкентай бөлігі Ислам ілімінің назарынан тыс қалған жоқ». Сондықтан да Ислам діні көп жағдайларда әлеуметтік-саяси мәселелерге араласып, мемлекетпен өте тығыз байланыста болады. Кейбір кезде діни қайраткерлер үкімет басына келіп, теократиялық тәртіп орнатады (Иран, Сауд Аравиясы т.с.с.).
Ислам дінінің тереңде жатқан рухани негізі қауымдық пен теңдікке (эгалитаризм), қоғамдық мүддені жоғары ұстауға кетеді. Сондықтан қайырымдылық, әлсіздерге қол ұшын беру осы діннің негізгі қағидаларының бірі болып саналады.
Экономика саласындағы Батыстық пайда, кірісті мейлінше көбірек табу, құнды қағаздар нарығындағы пайда табу әдістерін, өсімқорлық сияқты нәрселерді Ислам діні қабылдамайды. Экономика - адамдардың өмір сүруіне жағдай жасайтын құрал ғана, ол ешқашанда өз-өзіне жеткілікті мақсат-мұрат емес. Бұл жағынан алып қарағанда, Ислам неше түрлі социалистік идеяларға жақын екенін байқаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұрынғы Кеңес Одағының біршама Ислам елдерімен өте тығыз байланыста болғанын түсінуге болатын сияқты.
Тағы да Исламды Христиандық дінмен салыстырсақ, Алла тағаланың қаһарлы Құдай екенін байқаймыз. Ол жеке адамның Өзіне ұқсастығын мойындамай, оның тәкаппарлығын судай басады.
Ислам елдерінде гомосексуализм, лесбиандық, нашақорлық, порно-графия, аборт т.с.с. Батыстағы кең тараған нәрселерге тыйым салынған. Сондықтан да Батыс өмір жолының ақпарат құралдары арқылы дүние жүзінде кең тарауы Ислам елдерінде наразылық тудырып, қазіргі діни іргелілік (фундаментализм), экстремистік қозғалыстар себептерінің бірі болып отыр.
Бүгінгі адамзатты бірде-бір дін толығынан қанағаттандырмайды. Сондықтан Жер бетінде мыңдаған жаңа діни секталар өз көзқарасы, рухани кұндылықтарын уағыздауда. Олардың кейбіреулері адам үзілді-кесілді шайтан жолына түсті, сондықтан ақыр заман көп кешікпей келеді десе, екіншілері еш нәрсеге зәбірлік жасамауға, ет жемеуге (вегетариандық), табиғатты аялауға, төзімділікке, бейбіт өмірге шақырады. Мұндай қозғалыстар біздің елімізде де бар.
Бүгінгі біртұтастыққа бет алған адамзатқа болашақта, әрине, жаңа дін керек болуы ғажап емес. Ол бүгінгі діндердің жақсы жақтарын қамтып, адамзатты келісімге, зорлық-зомбылыққа тойтарыс беруге, адамды аялап, сүюге, жер бетіндегі тіршілікті сақтауға бағытталуға тиіс. Өкінішке қарай, рухани саладағы өзгерістер тарихи өте баяу қарқынмен жүреді. Солай десек те, тек рухани жаңарудың негізінде ғана адамзаттың қорланған қайшылықтары шешілуі мүмкін. Үнді халқының ұлы ақыны Р.Тагор айтқандай, «заттарды аз уақыттың шеңберінде білуге болады, бірақ олардың Рухын аңғару көп ғасырларға созылған тәрбие мен адамның өзіндік тежеуін талап етеді». Расында да, бұл өмірде болу, тек қана өмір сүру адамға жеткіліксіз. Әр адам өз болмысының бүкіл тіршілікпен, жер бетіндегі әрбір затпен бірге жаратылғанын, «бәрі де бірдің ішінде, бір – бәрінде» екенін сезінбей, жаңа рухани ахуал келмейтінін білуіміз қажет.
Негізінен алғанда, барлық діндер бүкіладамзаттық моральдық қағидаларды алға тартып, соның арқасында халықтың рухани бірлігін қамтамасыз етеді. Қайсыбір діннің беделі оның уағыздаған моральдық құндылықтарымен байланысты, өйткені олардың қайнар көзін Құдайдың құдіретті өсиеттеріне әкеліп тірейді. Енді бұл арада моральдық құндылықтарды талдауға уақыт келген сияқты.