Ансонарда бүркітші шығады аңға

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пеп тату жолдас бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сымпың қағып із шалғанда.

Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп аңдағанда.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,

Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Төмен ұшсам, түлкі өрлеп құтылар деп,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға,

Көре тұра қалады қашқан түлкі,

Құтылмасын білген соң құр қашқанға.

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,

О да талас қылады шыбын жанға.

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,

Шабар жерін қарамас жығылғанға.

Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,

О да осал жау емес қыран паңға.

Сегіз найза қолында, көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,

Көктен қыран сорғалап құйылғанда.

Жарқ-жүрқ етіп екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға.

Біреуі — көк, біреуі — жер тағысы,

Адам үшін батысып қызыл қанға.

Қар— аппақ, бүркіт — қара, түлкі — қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.

Қара шашын көтеріп екі шынтақ,

О да бүлк-бүлк етпей ме сипанғанда,

Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,

Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.

Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,

Және ұқсар тар төсекте жолығысқанға.

Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,

Қыран бүктеп астына діл басқанда.

Құсы да, иесі де қоразданар,

Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.

«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,

Жасы үлкені жанына байланғанда,

Сілке киіп тымақты, насыбайды

Бір атасың көңілің жайланғанда.

Таудан жиде тергендей ала берсе,

Бір жасайсың, құмарың әр қанғанда.

Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесің құс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.

Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға

Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанда?

Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,

Суретін көре алмассың көп бақпасаң.

Көлеңкесі түседі көкейіңе.

Әр сөзін бір ойланын салмақтасаң.

Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,

Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.

Жаз

Жаздыгүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын бәйшешек

Ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда;

Шұрқырап жатқан жылқының

Шалғыннан жоны қылтылдап,

Ат, айғырлар, биелер

Бүйірі шығып, ыңқылдап,

Суда тұрып шыбындап,

Құйрығымен шылпылдап,

Арасында құлын-тай

Айнала шауып бұлтылдап,

Жоғары-төмен үйрек-қаз

Ұшып тұрса сымпылдап,

Қыз-келіншек үй тігер,

Бұрала басып былқылдап,

Ақ білегін сыбанып,

Әзілдесіп сыңқылдап.

Мал ішінен айналып,

Көңілі жақсы жайланып,

Бай да келер ауылға,

Аяңшылы жылпылдап.

Сабадан қымыз құйдырып,

Ортасына қойдырып,

Жасы үлкендер бір бөлек

Кеңесіп, күліп сылқылдап,

Жалшы алдаған жас бала

Жағалайды шешесін:

«Ет әпер»,— деп қыңқылдап,

Көлеңке қылып басына,

Кілем төсеп астына,

Салтанатгы байлардың

Самаурыны бұрқылдап.

Білімділер сөз айтса,

Бәйгі атындай аңқылдап,

Өзгелер басын изейді:

«Әрине», - деп мақұлдап.

Ақ көйлекті, таяқты

Ақсақал шығар бір шеттен:

«Малыңды әрі қайтар»,— деп,

Малшыларға қаңқылдап.

Бай байғұсым десін деп,

Шақырып қымыз берсін деп,

Жарамсақсып, жалпылдап.

Шапандарын белсенген,

Асау мініп теңселген,

Жылқышылар кеп тұрса,

Таңертеңнен салпылдап;

Мылтық атқан, құс салған

Жас бозбала бір бөлек

Су жағалап қутыңдап.

Қайырып салған көк құсы

Көтеріле бергенде,

Қаз сыпырса жарқылдап —

Өткен күннің бәрі ұмыт,

Қолдан келер қайрат жоқ,

Бағанағы байғұс шал

Ауылда тұрып күледі,

Қошемет қылып қарқылдап.

* * *

Қалың елім қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.

Көрсеқызар келеді байлауы жоқ —

Бір күн тыртың етеді, бір күн — бұртың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,

Оның да алған жоқ па Құдай құлқын?

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған—

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың.

Оңалмай, бойда жүрсе осы қыртың,

Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,

Қыр артылмас болған соң, мінсе, қырқың?

Тиянақсыз, байлаусыз байғүс қылпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың,

Ұғындырар кісіге кез келгенде,

Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?

* * *

Менсінбеуші ем наданды,

Ақылсыз деп қор тұтып.

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып.

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып.

Жан шошырлық түрінде

Бәрі бірдей еліріп.

Ұстай алмадым бірін де,

Кекиді кейін шегініп.

Әринемен ел кетті,

Қоқиланды, мақтанды.

Қуат бітгі, күн өтті,

Жарылқа, құдай, жатқанды.

Мен — қажыған арықпын,

Қатын, бала қонағы.

Сендерге де қанықпын,

Жұртың анау баяғы.

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып.

Барымта мен партия —

Бәрі мастық, жұрт құмар.

Сыпыра елірме, сұрқия,

Көп пияншік нені үғар?

Татулықты, тыныштықты

Қоңыр көрер, кем көрер.

Ұрлық пенен қулықты

Қызық көрер, өңі енер.

Мұндай елден бойың тарт,

Мен қажыдым, сен қажы!

Айтып-айтып етті қарт,

Көнбеді жұрт, не ылажы?

* * *

Малға достың мұңы жоқ малдан басқа.

Аларында шара жоқ алдамасқа.

Табысына табынып, қалтаң қағып,

Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.

Мал жияды мақтанып білдірмекке,

Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар,

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.

Ақылды деп, арлы деп, ақ бейіл деп

Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.

Осы күнде мал қайда — боқ ішінде,

Алтын алсаң, береді боғынан жеп.

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

* * *

Адамның кейбір кездері

Көңідде алаң басылса,

Тәңірінің берген өнері

Көк бұлттан ашылса.

Сылдырлап өңкей келісім

Тас бұлақтың суындай,

Кірлеген жүрек өзі ішін

Тұра алмас өсте жуынбай.

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз.

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз.

Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар.

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар.

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға

Сынатып көрген-білгенін,

Білдірер алыс, жақынға

Солардын сөйле дегенін.

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсеңдер, өзің біл.

* * *

Көкала бұлт сөгіліп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойың егіліп,

Жас ағады аулақта.

Жауған күнмен жаңғырып,

Жер көгеріп, күш алар.

Аққан жасқа қаңғырып,

Бас ауырып, іш жанар.

* * *

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйқтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

Аспаса ақыл қайраттан,

Тереңге бармас, үстірттер.

Қартыңның ойы шау тартқан,

Әдеті жеңіп, күңгірттер.

Тән сүйгенін бермесе,

Жан шыдамас жаны ашып.

Бере берсең, бер десе,

Үміт етер таласып.

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса?

Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын?

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын?!

* * *

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса;

Күнді уақыт қызартып,

Көк жиектен асырса;

Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа.

Төмен қарап мұңдасар,

Ой жіберіп әр жаққа.

Өткен өмір – қу соқпақ,

Қыдырады талайды.

Кім алдады, кім тоқпақ

Салды, соны санайды.

Нені тапсаң, оны тап,

Жарамайды керекке.

Өңкей уды жинап ап,

Себеді сорлы жүрекке.

Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой.

Өкінді, жолың бекінді,

Әуре болма, оны қой.

* * *

Тоты құс түсті көбелек

Жаз сайларда гулемек.

Бәйшешек солмақ, күйремек,

Көбелек өлмек, сиремек.

Адамзатқа не керек:

Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

* * *

Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл, бір ұляшақ қыз болмай ма?

Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?

Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?

Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?

Асау жүрек аяғын шалыс басқан,

Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?

Сонда жауап бере алмен мен бишара?

Сіздерге еркін тиер, байқап қара.

Екі күймек бір жанға әділет пе?

Қаны қара бір жанмын, жаны жара.

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.

Ерте ояндым, ойлдандым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ.

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме.

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйқтат, бас сөзіме!

Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей,

Мен келмеске кетермін түк өндірмей.

Өлең шіркін - өсекші, жұртқа жаяр,

Сырымды тоқтатайын, айта бермей.

* * *

Есіңде бар ма жас күнің,

Көкірегің толық, басың бос,

Қайғысыз, ойсыз, мас күнің?

Кімді көрсең – бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ,

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ?

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?!

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар.

Жалынасың, боқтайсың,

Сағынасың, жоқтайсың.

Махаббат кетті, дос кетті –

Жете алмайсың, тоқтайсың.

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, сабыр қылайын.

Жарлы болған жүрекке

Дауа бер, жамап сынайын.

* * *

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы

Сыбырласып өзді-өзі,

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі.

Тау жаңғырып, ән қосып

Үрген ит пен айтаққа,

Келмеп пе едің жол тосып,

Жолығуға аулаққа?

Таймаңдамай. тамылжып,

Бір суынып, бір ысып,

Дем ала алмай дамыл қып,

Елең қағып, бос шошып,

Сөз айта алмай бөгеліп,

Дүрсіл қағып жүрегі,

Тұрмап па еді сүйеніп,

Тамаққа кіріп иегі?!

* * *

Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?

Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?

Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,

Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!

Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.

Қай қызығы татиды қу өмірдің

Татуды араз, жақынды жат қыларға?

Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,

Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.

Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма?

Шымылдық боп көрсетпес шыңның жүзін.

Наши рекомендации