Екі-мыңжылдық дала жыры /Ред. Ә. Нысанбаев . Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2000.
ХIХ-ХХ ғасырлардағы қазақ дүниетанымындағы этикалық және эстетикалық үрдістер
БҰҚАР ЖЫРАУ
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Әзәзіл, пасық[2], залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытқы бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алпыс қанат[3] ақ орда,
Ардақтаған аяулың
Күнінде ертең[4] біреуге
Тегіннен-тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шартарап
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тақтан таймасқа,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Исі жұпар аңқыған,
Даусы қудай саңқыған,
Назыменен күйдірген,
Қылығыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.
* * *
Ай, Абылай, Абылай!
Қатын алма қарадан,
Қара тумас сарадан.
Қатын алсаң қарадан,
Алды кетпес баладан,
Арты кетпес жаладан.
Қатын алма төреден,
Қатын алсаң төреден,
Еркегі болар жау жанды,
Ұрғашысы ер жанды,
Төре берер ұл туса,
Аузы кетпес парадан.
Мал жинасаң, қойдан жи,
Майы кетпес шарадан.
Ит жинасаң, сырттан жи,
Қойды бермес қорадан.
Аталыдан би қойсаң,
Адаспас жол мен жорадан.
Атасыздан би қойсаң,
Босанбас аузы парадан.
Қалмаса қайнар азайып,
Аққан дария суалмас.
Қалмақтан алсаң бір зайып,
Сүйегіңді жоғалтпас.
Абылайымсың алқатқан,
Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан,
Қосының болсын қазақтан!
Сегіз қиыр шартарап,
Төрт құбылаңды түгел қып,
Төріңде жатып салмақтан.
* * *
Он екі айда жаз келер,
Құс алдында қаз келер.
Айтып-айтпай немене,
Дәуреніңіз аз келер.
Сондай заман жеткенде
Шаңырағың тұл болар.
Еліңе қауіп төнгенде
Ата ұрпағың құл болар.
Қараларың қас болар,
Қаскөйлерің бас болар.
Өзі сары, көзі көк,
Орыстар келер ғалым боп.
Әулиедей көрінер,
Діндәрінің аты — поп.
Поптары болар сазандай,
Кітабы болар қазандай.
Ақыретке барғанда,
Ақсүйекті қор тұтқан,
Қараны онан зор тұтқан,
Орыстарды пір тұтқан,
Сорлы болған қазағым,
Тартарсың сонда жазаңды-ай!
* * *
Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал-қорғаны.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті — Бөгембай!
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ деген халқынан,
Батыр шыққан даңқынан,
Қарсыласқан асылдар
Қорғасындай балқыған,
Батырың өтті — Бөгембай!
Бұтақты мүйіз бұғысы
Саласында жайылған,
Мылтық атқан мергені
Киігін қойдай қайырған,
Құланы құлындай тулаған,
Түлкісі иттей шулаған,
Қыс қыстайтын жеріңді
Аң етімен тау қылған,
Батырың өтті — Бөгембай!
Асу салған тас бұзып Тарбағатай белінен,
Қол қондырған қос тігіп
Бөрлі деген көлінен,
Қалмақты шапқан шулатып
Ақшәулінің өрінен,
Қоныс қылған найманға,
Бәрін қуып жерінен,
Батырың өтті — Бөгембай!
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек —
Ормандай көп Орта жүз,
Сондан шыққан төрт тірек.
Тұғыр болған сол еді
Сіздей төре сұңқарға.
Жастық дәурен жалын-өрт
Басымыздан көшкен соң;
Айтуға бәрін әлім жоқ
Мезгіліміз жеткен соң!
Қатты тамақ шайнарға
Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстан ем айбарлы,
Бұл күнде қуат, күш бар ма?!
* * *
Көкшетаудан салдырған
Қара үңгір жолдары.
Сабантаудан жиылып,
Бес сан болды қолдары.
Өзің қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла.
Жарқақ деген жерлерге
Шашылып шеті барды, ойла.
Атбасар мен Қалқотан
Балығы тәтті су еді,
Өнебойын шандып ап,
Сүзекісін салысты, ойла.
Қарқаралы деген тауларға
Қарқарасын шанышты, ойла.
Бетеге мен көденің
Берекесі қашты, ойла.
Көкмүрын деген жерлерге
Қыстауын сонан соқты, ойла.
Жылқының суат суына
Шошқасын әкеп төкті, ойла.
Ұлытау шеті Созақтан,
Созақтан бергі жерлерден
Көкорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла.
Нұраның бойы Ақмола,
Есілде бар Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан
Тас қорғанды салды, ойла.
Баянаула, Қызылтау,
Оны да кәпір алды, ойла.
..........................................
Шүршітпенен құлақтас,
Қырғызбенен жұбаптас.
Ортасында ұйлығып,
Кетпейін десе, жері тар,
Кетейін десе, алды-артын
Қоршап бір алған кәуір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы бір қазақ қалды, ойла!
ШАЛ АҚЫН
Пасыл да пасыл, пасылман,
Жақсыға сырым жасырман,
Жаманға сірә бас ұрман,
Мен — бір шапқан жүйрік ат,
Бір желіксем, басылман.
Өттің бір, дүние, өттің-ай,
Теңселе басып кеттің-ай.
Мен — бір жүрген жорға тай,
Жылжи да басып кеттім-ай.
Домбыра қолда қарағай,
Қолға да оны алған соң,
Әріден бері салам-ай.
Жоғары мен төменге,
Ылди менен өреңге
Даңқым кеткен баламын.
Шын ажалым жеткен соң,
Сызықтан мәлім өткен соң,
Айтпасам да, жарандар,
Мен де бір күн өлем-ай.
Түйе деген бір мал бар,
Тамағы тойса, көп кетер.
Қас жаманның белгісі —
Жиын-тойға барғанда
Тамағына өкпе етер,
Өкпелейім деп кетер.
Нәпсің бір көкжал бөрідей,
Иманың бағлан қозыдай, —
Егер тыю салмасаң,
Иманыңды жеп кетер.
Ел, елдетер, елдетер,
Ашылған тұман желдетер,
Жақсылардың алдында
Біразырақ сөйлесем,
Онан да менің нем кетер?!
Өлгеннен соң басыңа
Топырақ үйіп белгі етер.
Белгі еткеннің белгісі —
Көміп бір тастап ел кетер.
Қайырсақ та сазда өтер,
Қаңқылдаған қаз да өтер,
Үш ай тоқсан жаз да өтер,
Ақ бетіне қан құйған,
Орамалын дәл құйған,
Ерініне бал құйған
Қылықты туған қыз да өтер.
Домбыра қолда қарағай,
Қолға да оны алған соң,
Жүйрік туған ағаңыз
Арыдан бері тербетер.
Базарға барсаң, бақ білер,
Базардағы береннің
Әр бағасын сарт білер,
Өткен менен кеткенді
Көп жасаған қарт білер,
Жолдың алыс-жуығын
Белі де жуан ат білер.
Біреуді жақсы демесең,
Біреуді жаман демесең,
Бұл дүниеден өткен соң,
Шын дүниеге жеткен соң,
Кетеріп көрге салған соң,
Көр қараңғы болған соң,
.........................................
.........................................
Кімнің жақсы, жаманын
Бір жаратқан Хақ білер...
* * *
Бұл өлім қайда жоқ?
Жарқыраған айда жоқ,
Күркіреген күнде жоқ,
Өтері өтіп кеткен соң,
Мың теңгелік қайғыдан
Бір теңгелік пайда жоқ.
* * *
Өлімнен қүтылмассың қашсаң-дағы,
Атадан арыстан туып ассаң-дағы,
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.
Жігіттер, ғибадат қыл, маған нансаң,
Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң.
Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,
Түбінде сөз сенікі, өлмей қалсаң.
Кәрі өлсе, соққан дауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе, бәйтерегің сынғандай-ақ.
Жігіггер, жас кезіңде тәубаға кел,
Ажал деген көзді ашып-жүмғандай-ақ.
МАХАМБЕТ
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Енку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп түс қашпай,
Тебінті теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!
Тарланым
Таудан мұнартып ұшып тарланым!
Саған ұсынсам — қолым жетер ме,
Арызым айтсам — өтер ме?
Арыстаным, көп болды-ау
Саған да менін арманым!
Кермиығым, кербезім,
Керіскідей шандозым,
Құландай ащы дауыстым,
Құлжадай айбар мүйіздім,
Қырмызыдай ажарлым.
Хиуадай базарлым.
Теңіздей терең ақылдым,
Тебіренбес ауыр мінездім!
Садағына сары жебені салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған.
Тереңнен көзін ойдырған,
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған,
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан,
Айқайласа белдік байланған,
Астана жұртын айналған,
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен.
Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен
Атқанын қардай боратқан.
Көк шыбығын қанды ауыздай жалатқан –
Арыстан еді-ау Исатай!
Бүл фәнидің жүзінде
Арыстан одан кім өткен?!
Мұнар күн
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн,
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн!
Бұлықсып жүрген ерлерден
Бұрынғы бақыт тайған күн!
Қатарланған қара нар, —
Арқанын қиып алған күн,
Алма мойын аруды
Ат көтіне салған күн,
Бұландай ерді кескен күн,
Буулы тенді шешкен күн,
Сандық толы сары алтын
Сапырып судай шашқан күн!
Түс қыла көр, Құдайым,
Біздей мейманасы тасқанға,
Біздің ер Исатай өлгсн күн —
Он сан байтақ бүлген күн!
Орта белін сырлаған
Оқ жаңбырдай жауған күн,
Оң қанатын теріс жайып,
Лашын қуға төнген күн!
Желпілдеген ала ту
Жиырылып ойға түскен күн!
Жез қарғылы құба арлан,
Жез қарғыдан айрылып,
Қорашыл төбет болған күн!
Аса шапқан құлаша ат
Зымырандай болған күн!
Арқаулынын бойынан
Теріскей дауыл соққан күн!
Қас бәйтерек жығылып,
Жығылғаны естіліп,
Алыстағы дұшпанның
Қуанып көңілі тынған күн!