Xviii ғасырдағы европаның ағартушылық философиясы

6.1. Монтескьенің философиялық көзқарастары

6.2. Жан-Жак Руссоның философиясы

17-18 ғ.ғ. өзінің ағартушыларын да туғызды. Олар П. Гассенди (1592-1655),Вольтер (1694-1778),Жан Жак Руссо (1712-1778),И.В.Гете (1749-1832)т.б. Олардың пайда болуына, ең алдымен, капиталистік қоғамның қалыптасуы, соған сәйкес жаратылыстану ғылымдарының, математиканың, физиканың, механиканың, физиологияның, медицинаның,т.б. адам санасына материалистік ұғымдарды ұялату нәтижесі себепші болды. Бірақ оған үстемдік құрған діни идеология қарсы шықты. Ең алғаш ол идеологияға қарсы күрес Англиядағы, Франциядағы, Германиядағы ағартушылық істен басталды. Олардың басты мәселелерінің бірі-адам тағдыры, оны рухани қыспақтан босату, саяси еркіндік, гуманизм мәселелері болатын.

18 ғасырдағы ағылшын материализмі сияқты механикалық метафизикалық материализмге жатады. Француз материалистері көпшілікке тікелей әсер ету үшін философиялық ой-пікірлерін салондарда айтып, ой тартыстарын тудырып, энциклопедиялық еңбектер жазып, ауызша да, жазбаша түрде де кең таратты. Негізінде олар дінді, оның уағыздаушыларын қатты сынға алды, сатиралық сөздермен мазақ етті. Бірақ қоғамдық құрылысты түсіндіруде олар идеалистік шеңберден шыға алмады. Француз философиясының өкілдеріне мыналарды жатқызуға болады: Жюльен Офре де Ламетри (1709-1751),Дени Дидро(1713-1748),Клод Адриан Гельвеций(1715-1771),Поль Анри Дитрих Гольбах(1723-1789).

Шарль Луи Монтескье (1689-1775 жж.) француз ақсүйектерінің семьясында дүниеге келеді. Сол кездегі беделді оқу орындарында оқып, білім алады.

Негізгі еңбектері: «Персиялық хаттар», «Заңдардың рухы жөнінде», «Римдіктердің өрлеуі мен құлдырауының себептері».

Өзінің ең алғашқы «Персиялық хаттар» атты еңбегінде Монтескье монархиялық тәртіпті, ақсүйектердің дүние шашуын, діни қызметкерлердің екі жүзділігін айыптап, сынға алады. Оларды Шығыстағы «Азиаттық деспотиямен» салыстырады.

Әсіресе ол христиан дінін қатты сынайды. Христиан діні сүйіспеншілік діні болуға тырысқанымен, өзінің тарихында талай-талай қақтығыс пен соғыстарды әкелді. Христиандарда ақылға сыймайтын мәселелер көп: оларға үш бірмен тең, жеп отырған нандары - нан емес, ішкен шараптары – шарап емес т.с.с. Бірақ ол христиан дінін сынағанмен, Құдай идеясын толығынан теріске шығарған жоқ. Ол бұл мәселе бойынша деистік көзқараста болды. Құдай өзінің құдіретті күшінің негізінде табиғатты және оның заңдылықтарын тудырды, ал содан кейін Ол табиғаттың әрі қарай өмір сүруіне килікпейді. Екіншіден, ол дінге гуманистік-өмірлік бағыт бергісі келді. Мысалы, оның ойынша, егер Құдай дінді адамдарға ізгілік үшін берсе, онда адамдардың осы Дүниедегі бақытқа ұмтылуы күнә емес. Егер Құдай адамдарды сүйсе, онда адамдар да бір-бірін сүюі керек, бір-біріне бақытқа жету жолында көмектесуі қажет.

Монтескье өз заманының күрделі мәселелерін терең түсіну үшін адамзат тарихына үңіліп, «Римдіктердің өрлеуі мен құлдырау жөнінде» деген еңбегін жазады. Мұнда оның тарих философиясын байқаймыз. Ол тарихты діни жолмен түсіну (христиандық провиденциализм), я болмаса оны нешетүрлі кездейсоқтық уақиғалардың жиынтығы ретінде қараудан бас тартады. Оның ойынша, «әрбір мемлекеттің өрлеуі мен құлдырауының, күшеюі мен әлсіреуінің жалпы рухани және физикалық себептері бар».

Көне замандағы Римдіктердің өрлеп, күшеюін Монтескье азаматтық құндылықтардан, адамдардың өздерінің жеке мүдделерінен гөрі қоғамның жалпы мүддесін жоғары қойып, соны жан-тәнін салып қорғауға тырысқанынан көреді. Ал мұндай патриоттық, азаматтық құндылықтардың өзі саяси бостандықтың, республикалық басқару жүйесінің болуымен байланысты.

Монтескьенің «Заңдардың рухы жөнінде» деген еңбегінде ойшылдың әлеуметтік-философиялық көзқарастарын байқаймыз. Қоғамның өмір сүруі мен дамуын Монтескье заңдардың сапалығымен байланыстырады. Егер белгілі бір қоғамның ерекшелігін түсінгіңіз келсе, онда сол елдегі қабылданған заңдарды зерттеңіз. Қоғам жөніндегі мұндай түсінікті жүре келе ғалымдар «заңдық көзқарас» деп атап кетті.

Монтескье қоғамдағы заңдарды екіге бөледі. Біріншіден, ол – «табиғи заңдар», олар адамның биологиялық табиғатынан шығады. Екіншіден, әлеуметтік заңдар.

Табиғи заңдардың негізгісі – өмір сүру, ол үшін азық табу керек. Егер Т.Гоббс ол үшін адамдар тартысқа түсіп, «бәрі бәріне қарсы соғысады деген болса, Монтескье, керісінше, жалғыз адам әлсіз болғандықтан басқалардан көмек іздейді, басқалармен бейбіт өмір сүруге тырысады деген пікірге келеді. Сонымен біз Монтескьенің адам алғашқы сатысынан бастап, әлеуметтік пенде болды деген ойда болғанын көреміз.

Қоғам өміріндегі қайшылықтардың пайда болуының негізінде адамның басқалардың есебінен пайда табу ұмтылысы жатыр. Ал мұның өзі адамдардың қарым-қатынасын заңмен ретке келтіру керектігін туғызып, дүниеге мемлекет келеді.

Монтескье құқтың үш түрін анықтайды. Бірінші, халықаралық құқтар – мемлекет, халықтар арасындағы қарым-қатынастарды ретке келтіреді.

Екінші, саяси құқтар – мемлекеттегі басшылар мен халықтың арасындағы қатынастарды ретке келтіру.

Үшінші, азаматтық құқтар – адамдардың өзара қатынастарын ретке келтіреді.

Монтескье мемлекетті басқарудың үш түрін анықтайды. Олар республика, монархия және деспотия.

Деспотиялық басқару ешқандай заңдылықты мойындамайды. Оның өзі елді бақытсыздыққа әкеліп, неше түрлі зорлы-зомбылыққа жол береді.

Республикалық басқару саяси заңмен бекітілген бостандықтардың негізінде іске асады.

Монархиялық басқару жүйесі жоғарыда көрсетілген басқарулардың екі ортасында орналасқан.

Монтескьенің саяси философиясындағы жасалған және бүгінгі таңға дейін өзекті жаңалығы – ол мемлекет билігін бөлу идеясы.

Шынайы саяси бостандық болу үшін республика, яболмаса монархия басқару жүйесінде заң беру, атқару және сот биліктері бір-бірінен бөлінуі қажет.

Ал енді «заңдардың рухына» келер болсақ, олардың әрбір елдердегі ерекшеліктері көп жағдайлармен байланысты. Олар: жердің құнарлығы, ауа райы таулы-жазықтығы, әдет-ғұрыптар, діни сезімдер, халықтың саны мен материалдық хал ахуалы, заң берушілердің мақсаты, саяси биліктің, елдегі жалпы тәртіптің көріністерімен байланысты, - деп қорытады ұлы ойшыл.

Жан-Жак Руссо (фр. Jean-Jacques Rousseau; 28 маусым 1712, Женева — 2 шілде 1778, Эрменонвиль, Париждың маңында) — француз философы, жазушы, Ағарту дәуірінің ойшылы. Сонымен бірге музыкатанушы, сазгер және ботаник[1]. "Қоғамдық келісім туралы" еңбектің авторы.

Негізгі идеясы - халық егемендігі. Қоғамдық келісім негізінде ортақ ерік жатыр. Мінеки, осы ортақ ерікпен бағытталатын билікті ол егемендік деп атаған. Мемлекеттегі егеменді биліктің бөлінуін қолдамады. Руссо пікірінше, заң шығарушы билік тікелей егеменді халықтың өзімен іске асырылады. Ал атқарушы билік егемендіктің шешімі бойынша қол астындағылармен байланыс үшін құрылады. Атқарушы билік кімге тапсырылды соған байланысты биліктің түрлерін бөлген: демократия, аристократия, монархия. Географиялық фактор рөлін көрсеткен: демократиялық басқару кішігірім мемлекетте; аристократиялық басқару орта, монархиялық басқару үлкен мемлекетке тән. Табиғи жағдайда барлық адамдар тең және еркін, тек бір теңсіздік - адамдардың денсаулығы мен жасына байланысты. Қоғамдық теңсіздік жеке меншіктің пайда болуымен байланысты. Мемлекет пен құқық осы жеке меншіктің нәтижесі.

Руссоның демократия теориясы көбінесе қатысу теориясы болып табылады. Өзінің "қоғамдық келісімінде" ол саяси шешімдерді қабылдау процесіне эр жеке адамның қатысуына ерекше назар аударады. Оның тұжырымдамасы жеке адамдарға қатысудың психологиялық әсер етуіне (яғни, әлеуметтік мінез-құлықтың психологиялық құрылымы мен сәйкес әлеуметтік институттардың құрылымы арасындағы өзара байланысына) деген қызығушылықты білдіреді.

Руссо байқаған идеалды партиципаторлық жүйе белгілі бір шарттарды орындаған кезде ғана мүмкін болады. Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдіктің белгілі деңгейін орнату басты шарт болып табылады. Мұндағы сөз болып отырған абсолюттік тепе-теңдік емес, экономикалық тәуелсіздік пен әр жеке адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілген қоғамның мүліктік біртектілігі. Екіншіден, осы реттегі тәуелсіздік барысында азаматтардың бір-біріне деген жалпы әлеуметтік тәуелділік жағдайы болу қажет. Әр адамның жеке басы белгілі бір маңызды қоғамдық мәселені шешуге бейімсіз болып, ол үшін оның басқа жеке адамдармен қарым-қатынасқа түсуге мәжбүр болуы керек. Жеке тұлға тұтастай ағза ретіндегі қауымдастықтың іс-әрекеттеріне тәуелді екендігін сезінуі қажет.

Осы екі шарт қатысу жағдаятын толыққанды әділ әрі тең құқықты етеді. Тәуелсіз сайлаушылар пайда мен міндеттемелер ауыртпалығы тең бәлінген саясатты қалыптастырады. Ӏстің мұндай мәнісі саяси тепе-теңдіктің негіздемесі болады, өйткені ол бұл қауымдастық мүшелерінің барлық құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мұнда қоғамдық мүдденің алға басуына ықпал етеді.

Руссоның айтуы бойынша, қатысу жағдаяты үшін өздерінің жеке еріктерін бірегей қоғамдық мүддеге қайшы орнататын азаматтардың түрлі ұйымдасқан топтарының болмағаны қолайлы. Сайлаушылардың ұйымдасқан топтарының пайда болуынан құтыла алмаған жағдайда олардың санының айтарлықтай көлемді, ал саяси ықпалдың барынша бірыңғай болғаны дұрыс. Ондай кезде жеке қатысуға тән партиципаторлы жағдаяттың қайталануы мүмкін.

Руссоның пайымдауынша, қатысудың тұтастай құрылымының анықтамасы оның демократия теориясының негізгі мотивін жасап шығарудың, нақтырақ айтқанда, жеке тұлғалардың әлеуметтік-саяси мінез-құлықтарының сипаты мен мазмұнына деген демократиялық қатысудың ықпалы жайындағы мәселенің алғышарты ғана болып табылады. Руссо теориясының шеңберінде қатысудың өзіне тән әлеуметтік-саяси педагогикалық сипаты бар. Ол азаматтардың шын мәнісінде жауапты әлеуметтік-саяси әрекеттерін қалыптастыруға бағытталған. Қатысу әр жеке тұлғаның бірегей қоғамдық мүддеге қатыстылық сезімін, өзінің жеке өмірінің тар шеңберінен шығып, басқа да жеке тұлғалардың қоғамдық ағзаға қатыстылық сезімдерімен ортақтану икемділігін, оған тәуелділік сезімдерін тәрбиелеу қажет. Қатысу жағдаятында жеке тұлға жеке және қоғамдық мүдделердің біріккендігін түсінуді үйренеді. Педагогиканың мұндай әлеуметтік-саяси процесі әлеуметтік даулардың әлеуетін төмендетуге мүмкіндік береді, өйткені азаматтар өздерінің жеке ниеттері мен қауымдастықтың талаптарын қатаң түрде ажырата білуді үйренеді. Руссо пікірі бойынша, демократия - мемлекеттік тетік қана емес, сонымен қатар адамдарды жетілдіру, олардың мүмкіндіктерін дамыту. Руссоның теориясы кішігірім меншігі бар ұсақ шаруалардан құралған квазидәстүрлі қоғамның идеалды жобасына бағытталған.

Дәріс

Наши рекомендации