Ф.Бэконның эксперименталдық тәжірибенің танымдағы рөлі туралы идеясын түсіндіріңіз
Ағылшын философыФренсис Бэкон (1561-1626ж.ж.)сол кездегi ақсүйектер тобынан шыққан, Кембридж университетiнде бiлiм алып, соңынан саясатпен, дипломатикалық жұмыспен айналысқан тұлға. Оның мемлекеттiк қызметте жеткен шыңы - ол 1618 ж. ең жоғарғы - лорд-канцлерлiк - әкiмшiлiк орынға ие болады. Король Яков 1 оған Верлуам деген жердегi үлкен қорғанды сыйға тартып, “Верлуам лорды² деген атақ бередi. Алайда, саясатта тұрақтылық жоқ, сондықтан, жүре келе, ол бұл саладан кетуге мәжбүр болады. Ендi оның философиямен айналысуына жол ашылады.
Ф.Бэконның қол астынан шыққан еңбектерiнiң iшiнде “Ғылымдардың қадырлығы мен көбейуi жөнiнде², “Жаңа Органон², “Жаңа Атлантида² деген еңбектерiн атап өтуге болады.
Ф.Бэконның шығармаларының ерекшелiктерi - ол бiлiмнiң өмiрге деген қажеттiлiктен пайда болатындығын асыра көрсетуi. Ол әсiресе, табиғатты зерттеудiң қажеттiгiне көп көңiл бөледi, ал оның негiзгi жолы - тәжiрибелiк зерттеулер. “Не iс-әрекетте пайдалы болса, ғылымда да ақиқатты², ғылымның жетiстiктерi мен жемiстерi - оның ақиқаттығының көрiнiсi,- дейдi ұлы ойшыл.
Тәжiрибенi талдай келе, Ф.Бэкон оны екiге бөледi. Олар - жемiстi тәжiрибе мен сәулелi тәжiрибе. Бiрiншi өмiрге пайдалы нәтижелер әкелсе, екiншi табиғаттың терең сырларын ашуға көмектеседi. Сәулелi тәжiрибелер өмiрге дереу пайда әкелмегенiмен, жемiстi тәжiрибелердi жүргiзуге көмек бередi, басқаша жағдайда олар сарқылып қалар едi.
Ғылымның дамуына сондай үлкен мән берген ғалым, оны сала-салаға бөлу мәселесiне (классификацияға) көп көңiл бөледi. Оның ойынша, адамның жан-дүниесiндегi үш қабiлетi ғылымды топтастырудың негiзiнде жатуы қажет. Олар -1. есте сақтау; 2.қиял ; 3. ақыл-ой. Есте сақтау қасиетiне сай ғылым - тарих, қиялға - поэзия, ақыл-ойға - философия.
Тарих ғылымын Ф.Бэкон екiге бөледi. Олар - жаратылыстану тарихы ( historia naturalis ), екiншiсi - азаматтық тарих ( historia civilis ).
Қиялға негiзделген поэзия дүниенi шынайы бейнелемей, керiсiнше, адамның жүрегiнен, сезiмiнен шығатын талаптар тұрғысынан көрсетедi.
Ал ендi философияға келер болсақ, оның пәнi үш мәселенi қамтиды. Олар - Құдай, Табиғат және Адам мәселелерi. Өз заманындағы түсiнiктерге сай, Ф.Бэкон Құдай мәселесiн “қос ақиқат² тұжырымы арқылы қарайды. Философия саласында Құдайды ақыл-оймен танып-бiлу мүмкiн емес. Сондықтан, ол теологияның шеңберiнде сенiм арқылы қаралуы керек.
Ал табиғат философиясына келер болсақ, Ф.Бэкон оны да екiге бөледi. Олар - теоретикалық және практикалық философия. Теоретикалық философия сәулелi тәжiрибелерге негiзделсе, практикалық философия -жемiстi тәжiрибелерге сүйенiп, табиғатта бұрынғы-соңды болмаған жаңа заттар мен құбылыстарды тудырады.
Адам мәселесi де екiге бөлiнедi. Табиғат туындысы ретiнде оны философиялық антропология (philosophia humana), ал қоғамның мүшесi ретiнде азаматтық философия (philosophia civilis ) зерттейдi.
Ф.Бэконның ойынша, ғылым салаларында ғасырлар бойы қалыптасып, адамның дүние тануына кеселiн тигiзетiн нәрселер бар. Ең алдымен оларды сыртқа шығарып әшкерлеу қажет. Сонда ғана жаңа әдiстемелерге жол ашылып, зерттеулердiң тиiмдiлiгi артады. Сол ғылымдағы кедергiлердi Ф.Бэкон “идолдар², ия болмаса “елестер² дейдi. Олар - төртеу.
Бiрiншi елес - тектiк идолдар (idola tribus). Олар адамның жаратылысынан, жалпы табиғатынан шығады. Оны бiз қазiргi тiлмен “антропоморфизациялау² деп айтар едiк. Ол сонау көне заманда пайда болған мифологияға келiп тiреледi. Адам табиғаттағы сырлы құбылыстарды танып-бiлуге бағытталған кезде, оларды “өзiне ұқсатып² түсiндiруге тырысады. Тектi елестер ең тұрақты, оларды толығынан жою мүмкiн емес. Бұл Ф.Бэконның айтқан ойларын растау үшiн мынандай мысал келтiрейiк. Адамдардың мыңдаған жылдар бойы арман еткен басқа Дүниелердегi ақыл-оймен, рухпен кездесу қиялы ХХ ғасырда ғарыштан ұшып келген тарелкалар жөнiндегi неше-түрлi аңыздарды тудырды. Ол қазiргi заманның тудырған мифтерi бойынша, ұшып келген тарелкалардың iшiнен шыққан пәнделер нақ жердегi адамдар сияқты екi аяқты, қолды, екi көздi, тек олардың түсi- көкшiл екен т.с.с.
Әрине, кең ғарыштың кеңiстiгiнде басқа жұлдыздар аясындағы планеталарда өмiр және сол өмiрдiң биiк ғажап шыңы - рух пайда болуы мүмкiн. Бiрақ, ол рухтың иесi тек адам сияқты болуы тiптi қажеттi емес. Бiрақ, адам оны өзiне ұқсатып көргiсi келедi... Ал, бiзге ең жақын орналасқан жұлдыздың қашықтығы 5 сәулелiк жыл екенiн ескерсек ( яғни секундына 360 мың км. жылдамдықпен ұдайы 5 жыл ұшу қажет !!! ) және А.Эйнштейннiң салыстырмалы теориясына сай ондай жылдамдықтың шеңберiнде заттың салмағы күрт өсiп, кеңiстiктегi алатын орны қысқарып, уақыт баяуласа,- онда қайсыбiр тiршiлiк түрi мұндай қашықтықты өте алмайтындығына көзiмiз жетедi. Сонымен, ғылыми тұрғыдан қарағанда, “тарелка мифiнiң² орынсыз екенiн көруге болады. Мiне, бұл Ф.Бэконның айтқан тектiк идолдарының бүгiнгi таңдағы бiр көрiнiсi ғана.
Екiншi елес - ол үңгiр идолы (idola specus ). әрбiр адам белгiлi бiр жанұяда, белгiлi бiр жерде дүниеге келiп тәрбиеленедi, ересек адамға айналады. Бiреу адам түгiл құдай да ұмытқан ауылда, екiншi - район орталығында, үшiншi - астанада, ия болмаса үлкен қалада туып тәрбиеленедi. Бiреу- кедей, екiншi- ауқатты жанұяда өсiп өнедi, көбiнесе, соған сәйкес бiлiм алуға, өмiрде өз орнын табуға мүмкiндiктер ашылады. Ол адамның болашақ тағдырына өзiнiң зор ықпалын тигiзбей қоймайды. Ол сол өзiн қалыптастырған “үңгiрден² дүниеге қарайды, ал оның өзi “табиғаттың сәулесiн әлсiретiп бұрмалайды²,- дейдi ұлы ойшыл. Ал бұл елестен құтылу жолы - дуниеден алған жеке тәжiрибенi жалпы халықтық тәжiрибемен ұштастыру болмақ.
Үшiншi - алаң, ия болмаса базар елестерi (idola fori ). Олар қарапайым адамдар жиналған жерлерде пайда болады. Оның қайнар көзi - зат пен соны көрсететiн, бейнелейтiн сөздi толығынан теңеу. Ал шынына келсек, сөз- затқа қойылған ат қана. Сөз көбiне заттың не екенiн емес, оның адамдарға деген маңызын ғана көрсетедi,- дейдi ұлы ойшыл. Егер сөздi затқа теңесек, онда көбiне бiз “жалған даналық² жолына түсiп кетемiз. Бұл елеске берген сыннан бiз схоластикалық философияға қарсы бағытталған Ф.Бэконның көзқарасын болжаймыз.
Төртiншi, соңғы елес - ол театрлар идолы (idola theatri ). Олардың дүниеге келу себебi - тарихтағы өмiр сүрген даналарға, ұлы тұлғаларға толығынан сену, солардың уақытында жасаған ғылыми тұжырымдамаларын “соңғы өзгермейтiн мәңгi ақиқат² ретiнде түсiну. Мысалы, белгiлi бiр мәселе бойынша Аристотель былай деп айтқан, ал сiз Аристотельден де ақылдысыз ба ?- деген даудамадан сол адамның “театр елесiнiң² шеңберiнде екенiн байқаймыз. “Ақиқат - беделдiң емес, тек өз заманындағы уақыттың қызы²,- деп қорытады Ф.Бэкон. Жаңада ғана келмеске кеткен Кеңес заманының негiзгi елесi- осы “театр елесi² болды емес пе? Тек беделдiлердiң аттары ғана өзгерген жоқ па? Олар - К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Ленин т.с.с. болды. Бүгiнгi таңдағы қоғамды демократизациялау, көппiкiрлiк принципiне көшу бұл елестiң өмiрден кетуiне себеп болуда. Сонымен қатар, өтпелi дәуiр тудырған “жаңа көсемдердiң² айтқанының бәрiн де ой елегiнен өткiзбей, оған “құдайға сенгендей² жағдайда жүрген адамдар да әлi де болса аз емес сияқты.
Сонымен, жоғарыда көрсетiлген идолдар қандай күштi болғанмен, ғылым жолына түскен адам өзiнiң ақыл-ойын, дүниесезiмiн олардан тазарту керек деп қорытады ұлы ойшыл. Бұл пiкiрге толығынан қосылуға болады.