Институционалдық құрылым
Тұжырымдамада қойылған міндеттерді орындау үшін қолданыстағы институционалдық құрылымды нығайту, сондай-ақ олардың туристік индустрияны және саланы дамытудағы жалпы өзара іс-қимыл жасау жүйесін күшейту ұсынылады. Осыған байланысты:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Туризм жөніндегі кеңестің қызметін кеңейту.
2. Бес туристік кластерді дамытуды жүзеге асыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанындағы өңірлік туризм басқармаларының қызметін күшейту және кеңейту.
3. Ірі туристік жобаларды әзірлеу және іске асыру, жеке инвестициялар тарту үшін туризм саласындағы уәкілетті органның бақылауымен Туризмді дамыту жөніндегі ұлттық компания құру мүмкіндігін қарау.
Жоспарлау және басқару
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Туризм жөніндегі кеңес
Қазақстан Республикасының Үкіметі туристік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік органдардың мемлекеттік саясатын және қызметін орындаудың негізгі үйлестірушісі ретінде туризм саясатын әзірлеудегі жетекші рөлін сақтайды.
Қазіргі уақытта Туризм жөніндегі кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде жүзеге асырады (бұдан әрі – Кеңес). Қолданыстағы Кеңестің өкілеттіктерін оған әмірлік өкілеттіктер беру бөлігінде кеңейту ұсынылады.
Туризм саласындағы уәкілетті орган - туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға, туристік салаға инвестициялардың тартылуына, Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік орган.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанындағы өңірлік туризм басқармалары
Облыстардағы тиімді жұмысты қамтамасыз ету және өңірлердегі бес туристік кластерді дамыту үшін облыстық, аудандық және қалалық деңгейлерде мемлекеттік басқару құрылымын одан әрі жетілдіру қажет, оның ішінде бекітілген үлгілік құрылымға өзгерістер енгізу және басқармаларға жүктелген функцияларды оңтайландыру арқылы олардың санын көбейту, оның ішінде:
өңірлік деңгейде ұсынылатын туристік өнімді жобалау және кәсіптік әзірлеу (ұзақ мерзімдік жоспарды);
өңірлік деңгейде туристік өнімді, жобаларды ілгерілету мен іске асыруға қолдау көрсету және жәрдемдесу;
дестинацияларды ілгерілету, оның ішінде бренд жасау және имиджді қалыптастыру;
туристік дестинацияларды үйлестіру және басқару;
туристік ақпараттық орталықтарын тұрақты қолдау, сондай-ақ олардың туристер үшін қол жетімділігін қамтамасыз ету;
туризм саласындағы уәкілетті органмен туризмді ілгерілету жөніндегі жыл сайынғы жедел және маркетингтік жоспарларды келісу;
дестинацияларды дамыту және ілгерілету үшін арнайы іс-шараларды әзірлеу, ұйымдастыру және өткізу;
қонақ үй типіндегі орналастыру орындарына сертификат беру арқылы сыныптау іс-рәсімдерін жүзеге асыру, орналастыру орындарының туристік қызметтерді орындауын бақылауды қамтамасыз ету.
Бұған қоса облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының және туризм саласындағы уәкілетті органның өзара іс-қимылын туризмге жетекшілік ететін өңірлік құрылымдардың туризм саласындағы уәкілетті органға тікелей бағынышты болуы арқылы күшейту ұсынылады.
Дамыту және ілгерілету
Туризмді дамыту жөніндегі ұлттық компания
Туризмді дамыту контексінде анағұрлым басым ұлттық туристік жобаларды ілгерілету үшін туризм саласындағы уәкілетті органның бақылауымен Туризмді дамыту жөніндегі ұлттық компанияны құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Компанияның негізгі функцияларына мынадай өкілеттіктерді енгізу көзделеді:
ілеспе, оның ішінде құрылыс және негізгі инфрақұрылым саласындағы бағдарламаларды қолдау және іске асыру;
ұлттық жобаларға қатысуға басты туристік жобалар инвесторлары мен операторларын тарту, осындай жобаларды жоспарлау мен дамытуда негізгі рөлді орындау және сәйкесінше:
іске асыру үшін жер телімдерін инвесторлар мен операторларға пайдалануға/жеке меншікке беруді басқару және оны жүзеге асыру;
туристік жобалар инвесторлары мен операторларын мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу және ұсыну.
Сондай-ақ компанияны мынадай функциялармен бөлеу орынды:
мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін кедергісіз беру құқығы, жер учаскелерін бөлу, оның ішінде жеке меншіктегі жер учаскелерін туризм объектілерін салу үшін берудегі мемлекет қолдауы;
жобаларды іске асырудан және қайта қаржыландырудан түсетін пайданы туристік жобаларды дамытуға алу құқығы; туризм саласындағы шетелдік мамандарды еркін тарту құқығы
Имидждік стратегия
Имидждік стратегияны дамыту шеңберінде мынадай шараларды шешу мүмкіндігін қарастыру:
халықаралық нарықтарда жұмыс үшін туристік бренд әзірлеу, сондай-ақ ақпаратты іздестіру маркетингі (SEM) орналастыруды қоса алғанда, мамандандырылған вебсайттардағы баннерлер, мобильді жарнама, Веб (Web) 2.0 құралдарын ілгерілету арқылы орналастыруды қоса алғандағы интернет-маркетинг, сондай-ақ Қазақстан бойынша барлық туристік ұсыныстарды көрсететін және онлайн-брондау қызметін ұсынатын мамандандырылған онлайн-тұғырнамалар құру;
негізгі нарықтарда Қазақстанның туристік өкілдіктерін ашу. Бірінші кезеңде Ресей Федерациясында, Гонконгте бір өкілдік және Батыс Еуропа елдері үшін біреуін ашу ұсынылады. Кейіннен азиялық нарықты анағұрлым толық қамту, сондай-ақ Еуропадағы өкілдіктер санын ұлғайту жоспарлануда;
қазақстандық туристік компаниялардың өз туристік өнімдерін халықаралық нарықта ілгерілетуіне қатысуын ынталандыру, оның ішінде халықаралық туристік көрмелерге қатысуын ішінара субсидиялау есебінен;
Қазақстанның туристік өнімдерін ақпараттандыру және ілгерілету мақсатында көшпелі іс-шараларды, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен туризм индустриясының шетелдік кәсіпқойлары үшін Қазақстан бойынша таныстыру турларын ұйымдастыру.