Лы философ Әл Фарабидің мемлекеттік және қоғамдық құрылым туралы ілімдері

Х ғасырдан бастап исламның саяси iлiмi шеңберiнде мемлекет пен саясатты зерттеу заманы басталды.

Қазақтың бірінші философы, әлеуметтанушысы, математигі, физигі, астрономы, ботанигі, логика және тіл маманы және музыка зерттеушісі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби 870-950 жылдары өмір кешті. Ол Фараб (кейінгі Отырар) қаласында туды. Жасында сонда оқу-тәрбие алып, кейін Бұхара, Александрия, Каир, Дамаск, Бағдат қалаларында тұрып, білімін ұштап, қызмет атқарды.

Дегенмен, өз өмірінің көп жылдарын ол араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады. Көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және аскан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен абырой-беделге ие болады.

Оны әріптестері көзі тірісінде-ақ «екінші Аристотель» деп атаған болатын.

Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында қайтыс болады.

Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін таныстыруда үлкен рөл атқарды. Сондықтан да XI ғасырда өмір сүрген Фарабидің ізін қуушы атақты ибн-Сина (980—1037) тек Әбу Насыр түсіндірмелері арқылы ғана Аристотель еңбектерінің идеяларын ұққан.

Бабамыз ғылымның сан саласы бойынша 160-тан астам трактаттар жазып, артына мол мұра қалдырды. Саясаттануға байланысты «Қайырымды қала тұрғындары көзқарастары туралы», «Азаматтық саятсат», «Бақытқа жету жолдары», «Саясат туралы» деген еңбектері бар.

Әл-Фараби өзінің "Риторика", "Поэзия өнері туралы", "Бақытқа жол сілтеу" туралы трактаттарында этикалык, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық, білім категорияларының бетін ашып, солардың негізін дәлелдеп берді.

Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандык категориясы басты орын алады. Фараби жасаған қорытыңдының басты түйіні — білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді.

Фараби "Бақытқа жол сілтеу" трактатында бақытқа, оған жетуге бастайтын жолға айрықша назар аударады. Әл-Фараби өлгеннен кейінгі баянсыз бақыт туралы емес, тірі адамның бақыты туралы айтады. Оған жету үшін адам өзін-өзі жетілдіре отырып, қиын жолдан өтуі керек. Адамның табиғи қабілеті өздігінше жақсы қылықты да, жаман қылықты да істеуге бірдей мүмкіндік береді. Адамның жетілуі мінез-құлықтьщ жетілуімен үйлес келеді, осыдан келіп бақытқа жету мен мінез-кұлықтын жетілуі арасында байланыс туады.

Әбу Насыр әл-Фарабидiң еңбектерiнде орта ғасырлық араб философиясында саясат, мемлекет және билiк пен құқық туралы ойлар жан-жақты талқыланды.

Араб саяси философиясының атасы атанған әл-Фараби саяси теория қайырымды басқаруды сақтау мен оны ұйымдастырудың тәсiлдерiн, қала тұрғындарына қайырымдылық пен игiлiктiң қалай келетiндiгiн және бұл нәтижеге қандай жолмен жетуге болатындығын оқытып үйретедi деп атап көрсеттi. Өзiнiң саяси көзқарастарын ол «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекеттiк билеушiнiң нақыл сөздерi» және «Азаматтық саясат» трактаттарында кеңiрек баяндайды.

Адамдардың рухани жетiлуiнде де дiн мен философияны салыстырған әл-Фараби, философия дәлелдеудi, дiн сенудi қажет етедi, бiрақ екеуi де адамдардың ақиқатқа жету жолына көмек бере алады дейдi. Философия мен дiндi, әсiресе этиканы жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкiндiк беретiн ғылым ретiнде қараған ол, адам баласын жаратылыстың ең құндылығы, сондықтан да адамдар арасындағы өзара құрмет пен мейiрбандықты, сыйластықты жоғары қояды.

Адамның шын бақытқа қол жеткiзу тек осы дүниеде ғана мүмкiн екендiгiне назар аударған әл-Фараби, адамдар өзiн-өзi жетiлдiруi және қиындықтан қашпауы тиiс дейдi. Оның айтуынша, адам өмiрiндегi «жақсылық» пен «жамандық» құдайдан емес, адамдардың күнделiктi белсендi әрекетiне ғана байланысты. Сондықтан да адамның жақсы iстерге үйiр болуы оның мiнез-құлықтық жетiлуiне де тәуелдi.

Сондықтан әл-Фараби саясаттың басты мақсаты адамдарды бақытқа жеткiзу, игiлiкпен жеткiзу деп санайды.

Әл-Фарабидiң саясат туралы айтқан құнды ойлары Араб шығысы мен Орта Азия елдерiнде саяси-құқықтық iлiмнiң одан кейiнгi дамуына өз ықпалын тигiзе алды. Оның саяси-құқықтық идеялары орта ғасырлық және жаңа заман ойшылдарының еңбектерiнде көрiнiс тапты.

Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында қала тұрғындарын бес топқа бөледi. Оның ойынша, «қайырымды қала бес түрлi адамдар тобынан құралады: ең құрметтi адамдардан, шешендерден, өлшеушiлерден, жауынгерлерден және байлардан». Әл-Фараби ең құрметтi адамдарға ақылдыларды, пайымдағыш адамдарды, маңызды iстерде беделге ие болғандарды жатқызады. Екiншi топтағы шешендерге — дiни қызметкерлердi, ақындарды, музыканттарды, хатшыларды сол сияқты шығармашылық жұмыспен айналысатындарды, ал өлшеушiлерге-есепшiлердi, дәрiгерлердi, астрологтарды, математиканы оқытушыларды қосады. Әл-Фараби бойынша, байлар дегенiмiз — қалада байлық табатындар, егiншiлер, мал өсiрушiлер, саудагерлер, қол өнершiлер.

Әл-Фараби қайырымды қала басшысында алты түрлi қасиет болу керек деп есептейдi. Олар: даналық, асқан пайымдымдылық, сенiмдiлiк, ойлау қабiлетiнiң жоғары болуы, соғыс өнерiн жетiк бiлуi, денсаулығының мықты болуы.

«Қайырымды қала» трактатында әл-Фараби әлеуметтiк әдiлеттiлiк пен еркiндiктi орнықтыратын — iзгiлiктi қоғам туралы ой қозғайды.

Әл-Фараби басқаруды қайырлы және қайырсыз деп екіге бөлді. Қайырлы, білімді, мәдениетті басқару халықты бақытқа бастайды, олардың іс-әрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан ол надан адам басқарған, озбырлыққа суйенген, қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды. Ол мінсіз мемлекетті уағыздайды.

«Бақытқа жету» еңбегiнде ол «бақыт дегенiмiз игiлiктердiң iшiндегi ең қадiрлiсi, ең үлкенi және ең жетiлгенi» деп атап көрсетедi және әр адамның оған толық құқығы бар дейдi. Ал ондай құқыққа ие болуға қайырымды қала тұрғындарының ғана мүмкiндiгi бар, сондықтан да қайырымды билеушiлер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете алатындығын айтады. Мұндай қалалардың басқа қалалардан басты айырмашылығы және негiзгi белгiсi жоғары тәртiп пен оның тұрғындарының мәдениеттiлiгi және билеушiлерiнiң қайырымдылығы, ақыл-парасаты. Сондықтан, Әл-Фараби бұндай қалалардың өмiр сүруi өзiнiң бiлгiрлiгi мен ұстамдылығына толық жауап бере алатын билеушiге тiкелей байланысты деп тұжырымдайды.

Әл-Фарабидің азаматтық, саяси, адам, қоғам жөніндегі ойлары "Фусул ал-мадани" ("Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері") трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыптары әр түрлі болса да, негізінен бір мақсатқа — адам мен қоғамның арақатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелік сипаты - тәндік және рухани құбылыстардың салыстырылып отыратындығы.

Осы еңбегінде ол отбасы мүшелерiн (Аристотель сияқты) бiрнеше бөлiкке бөледi. Олар ерi мен әйелi, қожайыны мен қызметшiсi, ата-ана мен балалары, мүлкi және оның иелерi. Мемлекет белгілейтін отбасына тән мақсатты әл-Фараби адамдардың адамгершiлiк қасиеттерiнiң көрiнiсi деп есептейдi. Ал адамдардың көздеген мақсаттарына жетуi оның өзiне ғана байланысты, шын ақыл-парасатқа, iзгiлiкке, игiлiкке тек адам ғана қабiлеттi, бұл адамның қолы жете алатын ең биiк бағыт деп ой қозғайды ұлы ойшыл.

Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды.

Наши рекомендации