Демелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы 12 негізгі индикатордың 10-ында жоспарлы өсім көрсеткіші тіркеліпті. Мәселен, 2008 жылмен салыстырғанда өңдеуші өнеркәсіп саласындағы қосылған құн салығының нақты өсімі 2013 жылы 24,5 пайызға артқан. Ел кәсіпорындарының инновациялық белсенділік көрсеткіші де екі есеге өсіпті. Жалпы ішкі өнімдегі энергияның қамтымдылық деңгейі 2008-2012 жылдар аралығында 13,6 пайызға төмендеген. Бұл бәсекелестікке қарай бетбұрысты білдірсе керек. Тоқтала кететін жайт, машина жасау, құрылыс индустриясы мен химиялық өнеркәсіп салалары өңдеуші өнеркәсіптегі өсімнің негізгі драйверлері саналады. Бұл ретте машина жасау 75 пайызға, металл емес өндіріс пен минералды өнімдер 47 пайыз, химиялық өнеркәсіп 28 пайызға өскен. Бұдан бөлек, Үкімет индустрияландыру картасындағы жобалардың жүзеге асуын жүйелі қадағалап келеді. Жұмыс тобының мәліметтеріне қарағанда, картадағы жобалардың 80 пайызында жұмыс жоспарға сай жүріп жатса, шамамен 300 жоба өздерінің толық өндірістік қуатына мінген. Тұтастай алғанда, Индустрияландыру картасына ілінген жобалар арқасында 3,2 триллион соманың өнімдері шығарылған. Ал Карта аясындағы жобалардың шет мемлекеттерге экспортқа шығарған өнімдер құны 133 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, Үкімет қазір 48 республикалық жобаны жіті бақылауға алған. Ал сол 48-дің 15-і бірінші бесжылдық аясында іске қосылады деп жоспарланса, республикалық жобалардың басым бөлігі, атап айтқанда 8 трлн. теңгені құрайтын 33 жоба келесі бесжылдықта іске қосылмақ. Сөйтіп, индустрияландыру бағдарламасының нақты нәтижелері екінші бесжылдықта сезіле бастайтынға ұқсайды. Бейнелі түрде алсақ, бірінші бесжылдық индустрияландырудың іргетасын қалады, енді негізгі жұмыс жанданбақ. Ендеше, бұл кезең Үкіметтен бұрынғыдан да сауаттылықты талап етеді.

2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңінде Үкімет нақты басым салаларды айқындау, экспорт бағдарын арттыру, бизнестің қатысуын арттыру, кластерлерді дамыту мен өңірлердің мамандануын тереңдету секілді мәселелерге барынша мән берген. «Бірінші бесжылдықта негізінен қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту шаралары жүзеге асты, сонымен бірге екінші бесжылдық үшін қуатты салаларды қалыптастыруға өндірістік негіз қаланды. Біз халықаралық сарапшыларды тарта отырып, қосылған құн тізбегіне қатысты зерттеулер жүргіздік. 300-ден астам өнім сараланып, оның ішінде шикізаттық база, технология мен өндіріс мүмкіндігінің қолжетімділігі, нарықтық әлеуеті мен экономикалық тиімділігі есепке алына отырып, 36-сы басым ретінде айқындалды», – дейді Индустрияландыру Картасына тікелей жауапты министр Әсет Исекешев. Дегенмен, оның сөзіне қарағанда, индустрияландырудың екінші бесжылдығы Қазақстан үшін оңайға соқпайтын тәрізді. «Индустрияландырудың бірінші бесжылдығын аяқтауға бар жоғы жарты жыл уақытымыз ғана қалды. Әлбетте, барлық көрсеткіштерге бірдей қол жеткен жоқ, кемшіліктер орын алды, қателіктер де жоқ емес. Түзетулерді де көп жасадық. Дегенмен, ағымдағы жылы бізге көршілес нарықтарда да, әлемдік нарықта да жағдайдың күрт нашарлап кетуі болжанады. Бұл негізінен шикізатқа бағаның тұрақсыздығынан, геосаяси тәуекелдердің шиеленісе түсуінен, сонымен қатар, капиталға қолжетімділіктің шектелуінен орын алуы мүмкін. Дегенмен, Үкіметте нақты іс-шаралар жоспары бар, ал ондай жоспарды жүзеге асыру оң нәтиже береді деп сенеміз», – деді Әсет Исекешев президентімізге берген есебінде. Жалпы алғанда, ағымдағы жылы Үкімет индустрияландыру аясындағы 700 млрд теңгені құрайтын 120 жобаны іске қоспақ.

Елбасының сөзіне қарағанда, 2017 жылға дейінгі қабылданған Мұнай және газ секторын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, елімізде мұнай өңдеу 17,5 млн тоннаға, мұнай тасымалы 98 млн тоннаға жетуі тиіс. Газ өндіруді жылына 35 млрд текше метрге жеткізу міндеті де бар. Мұның барлығы экономика үшін аса маңызды салалар екеніне тоқталған Елбасы осы бағытта білікті кадрларды даярлаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, білікті кадрлар ең алдымен индустрияландыру сұранысының талаптарына жауап беруі тиіс. Соған орай, Білім және ғылым министрлігі мен барлық өңірлер алдында білікті мамандар дайындау міндеті тұр. Қазірдің өзінде сұранысқа ие 20 мамандық пен 9 оқу орны анықталған. Түйіндей айтқанда, 2015-2019 жылдары жүзеге асырылатын индустрияландырудың екінші кезеңі экономиканың теңдестірілген құрылымын жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады. Соның ішінде, ҮИИД-2 бағдарламасында 6 бағыт бойынша басымдық беріліп, негізгі өзек экономиканың теңдестірілген құрылымын жасауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады. Жаңа жұмыс орындары елдің экспорттық әлеуеттін арттыратын қайта өңдеу саласында, макроэкономикалық тұрақтылық пен оның өсіміне қаржылық негізді қамтамасыз ететін дәстүрлі шикізат секторы, инновациялық және қызмет көрсету салаларында ашылатыны көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен әлемнің 30 дамыған елі қатарына кіру мақсатының маңызды құралына айналатын болады.

Наши рекомендации