Жайықтағы нысандарды жаңғырта ала ма?
Егемен Қазақстан».
Жекешелендірудің жаңаша жағдайы
Жайықтағы нысандарды жаңғырта ала ма?
Бейнелеп айтқанда, бүгінгі күні ел экономикасын жекешелендірудің үшінші толқыны тербетіп тұр десе де болғандай. Атап айтқанда, бірінші толқын егемендікке қол жеткізген кезден кейін жағалауға соқса, екінші толқын күні кеше, яғни 2014-2015 жылдары жүргізілді. Мұның екеуінде де науқанның өзіне тән иірімдері мен ерекшеліктері және өзіндік қиындықтары, тіпті, «әттеген-ай» дегізетін тұстары кездескені жасырын емес. Ал биылғы жылдан бастап республикамызда 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жаңа жоспары жүзеге асырыла бастады. Үшінші толқын дегеніміз, міне, осы да.
Бұл мәселеде алдыңғы кезеңдерде әжептәуір тәжірибе жинақталғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Соның бәрі жаңа толқын, жаңаша жағдай кезінде пайдаға асатынына да күмән жоқ. Дегенмен, биыл қолға алынған кешенді жаңа жоспарға тән басымдықтар кандай екенімен де оқырмандарды хабардар ете кеткеннің артықтығы жоқ шығар. Бір сөзбен айтқанда, бұл жетілдірілген жаңа, тың әрі соны әдістер деуге болады.
Осындай жолдармен инвесторлардың кең ауқымын тарту қажеттілігі туындайды. Оның басты жолы жекешелендірілетін нысандарға инвесторлардың қызығушылығын туғызу екендігі де басы ашық мәселе. Оны ақпараттардың барынша молдығымен және жан-жақтылығымен, жетер нүктесіне жеткізу бөлек әңгіменің еншісі. Қайткенде де жекешелендірудің кешенді кезеңіндегі түпкі мақсат нысандардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру болмақ. Осылайша нарықтық ортаны көрсетілген мерзімде толықтай қалыптастыру қажеттілігі талас туғызбайды.
Орал өңірінде бұл істің бүгінгі жай-күйі қандай? Сараптамалық мақаламызда осы сауалға жауап қайтарсақ па деген ойдамыз. Алдымен аймақта квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік нысандарды жекешелендіру бойынша айтуға тұрарлықтай істер қолға алынғанын айтқымыз келеді. Сонымен бірге мемлекет иелігінен алу жөніндегі мәселе де кемшін қалып жатыр деуге еш негіз жоқ.
Осы орайда облыста 2014 жылы мемлекеттің қатысу үлесі бар коммуналдық меншіктегі кейбір кәсіпорындар және «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-тың құзырындағы екі нысан сатылғанын айтқан жөн. Таңдау неге нақ осы корпорацияға түсті? Бұл сауалдың жауабы өте қарапайым. Өйткені «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, өз атауынан көрініп тұрғанындай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тезірек дамуына әжептәуір ықпалын тигізіп отырған құрылым. Оның қызметі бәсекеге қабілетті жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Корпорацияның басты акционерлерінің бірі облыс әкімдігінің қаржы басқармасы болуы да жекешелендірілген нысанға деген сенімділікті нығайта түседі.
Ендігі жерде ол өз қызметін инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімшарттар негізінде атқаруға тиіс. Бұл тұрғыда он бір бірліктен тұратын еншілес компаниялардың акциялары мен қатысу үлесін бәсекелестік ортаға беру жөнінде ұйғарымдар жасалды. Егер мысалдармен бедерлесек, «Жайық-Недра» ЖШС үлесінің 49 пайызы серіктестіктің өзге қатысушыларынан қатысу үлесін сатып алуға басымдық құқығы бар серіктестікке сатылған.
Сонымен бірге «Құрылыс құм», «Нұр-Батыр», «EVRO-Батыс» ЖШС-терінің үлестері де осындай жолдармен жүргізілуде. Бұлардың бәрінің биылғы қызметтері жалпыға пайдалы кен өндіруге бағытталған. Сонымен бірге, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес өңірде 2017-2020 жылдар аралығында «Желаев құмтасы», «Миргород құмтасы» және «Licorice Kazакhstan» ЖШС үлестерін өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, «Орал» шағын қаржылық ұжымы» ЖШС-нің елу бір пайыз үлесі dosreestr.kz-да электронды аукцион арқылы сатуға шығарылмақ.
Өңірдегі жекешелендірудің жаңаша жүйесі туралы сөз қозғағанда мұндағы кейбір нысандарды сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендерлер ашық өткізілетінін көреміз. Мұның басты мысалы «Батыс су арнасы» ЖШС болып табылады. Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Талдықбаевтың мәлімдеуінше, оған қатысушылардың саны небәрі екеу болған. Олардың бұған дейін атқарған қызметтері мен құжаттарын мұқият қараған арнайы комиссия «Водные ресурсы-Маркетинг.Уральск» ЖШС жеңімпаз деп таныды. Соған сәйкес аталған серіктестікке «Батыс су арнасы» ЖШС сенімгерлік басқаруға берілді. Ал бұл серіктестік «Водные ресурсы-Маркетинг.Чимкент» ЖШС-пен келісімшарт бойынша жұмыс істейді екен.
Шымкент қаласындағы кәнігі кәсіпорын 1998 жылдан бері аталған саламен айналысатын көрінеді. Бұған дейінгі деректерге сүйенсек, олардың жұмыс сапасына да ешқандай сын-пікір айта алмайсыз. Жұмыс үдерісіне де бүгінгі заман талаптарына жауап бере алатын озық технологияны пайдаланып жүргені аңғарылады. Сөйтіп олардың алдыңғы жылғы табыстары 3,5 миллиард теңгені құрапты. Инвестицияны игеру көрсеткіштері бойынша да алдыңғы қатардан көрінген. Ендеше, бұл үздік отандық компания бұған дейінгі «Батыс су арнасының» қызметін жаңа сатыға көтереді және жұмыс сапасын жақсартады деп сенгіміз келеді. Бұл ретте кәсіпорын қызметкерлерінің бұған дейінгі жұмыс орны сақтала беретіні айтпаса да түсінікті. Қысқасы, сенімгерлік басқарушы жаңғырту жұмыстарын жіті жүргізіп, жаңа жұмыс көздерін табады деп күтілуде.
Биылғы 2016 жылдың 19 қаңтары күні Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі кешенді жоспарға сәйкес бәсекелес ортаға берілетін коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізбесін бекіту туралы қаулы қабылдады. Осы тізім бойынша нарық айдынына он екі мекеме бағыт алды. Бұл ретте әрбір жергілікті атқарушы орган аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіруге өз тарапынан шешім қабылдай алады. Қазіргі таңда бюджеттік шығындарды қысқарту аясында мемлекеттік заңды тұлғаларды оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта 2014-2015 жылдар аралығындағы облыста үш мекеме таратылып, үш мекеме қайта құрылғанын да айта кеткеннің артықтылығы бола қоймас.
Қазіргі тәртіп төмендегіше болып отыр. Квазимемлекеттік субъектілер қызметі аталған тізбеге сәйкес келуге тиіс. Мұндай сәйкестендірулер барлық басқарушы органдар өздеріне бағынышты заңды тұлғалардың тізбеде көзделмеген қызмет түрлерін олардың жарғылық құжаттарынан алынып тасталуы арқылы жүргізілмек. Осындай жұмыстар жоғарыда айтылған Орал әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына бағынышты 11 нысан бойынша да жүзеге асырылуы тиіс, деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Фарида Раджапова
Қазіргі уақытта өңірде мүлікті жария етуге қатысты жұмыстар жүйелі жүргізіліп келе жатқанына көз жеткізу қиын емес. Мұнда 2014 жылдың 1 қыркүйегінен 2016 жылдың қаңтарына дейін жалпы құны 1,7 миллиард теңгенің 235 нысаны жарияланған. Талдаулар оның 101-і тұрғын үй болса, 134-і тұрғын емес жайлар екенін көрсетеді. Жария ету науқанының аяқталуы жалпыға бірдей кірістер мен шығыстарды жариялаудың басталуына тұспа-тұс келгені мәлім. Осы жариялау екі кезеңде өтетіні де ешкімге құпия емес. Нақтырақ айтқанда, бірінші кезең 2017 жылдан басталып, бұған мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектордың және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен жұмысшылары тартылмақ. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл іске қалған барлық азаматтар қатысатын болады.
Қазіргі кезде жекешелендіру үдерісін екі нұсқада өткізу тәжірибесі орнығып келеді. Мұның біріншісі кәсіпорындарды аукционға салып, бағаны төмендету немесе жоғарылату арқылы сату болса, екіншісіне коммерциялық тендер өткізу тәсілі тән. Осындай жолдармен алдаңғы жылы облыста үш нысан сатылған. Бұлар тиісінше №3 қалалық монша, Жаңақала ауданындағы «Бірлік» асыл тұқымды мал зауыты және «Орал -Жер» ЖШС. Ал өткен жылы коммерциялық тендер бойынша облыста «Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» мемлекеттік қазынашылық кәсіпорыны 17 миллион теңгеге сатылды.
Алайда осы 2015 жылы жекешелендірілетін нысандар тізіміне енгізіліп, сатылады деп белгіленген «Ақжайық» футбол және спорт клубтары сатып алушылардың жоқтығына және табылмауына байланысты сатылмай қалды. Бұл арада әрине, сатып алушы жоқ болса, не қайран деп шарасыздық танытуға әбден болады. Екіншіден, бұлардың сатылмай қалғанын айыптауға да еш негіз жоқ секілді көрінеді. Дегенмен, жоғарыда айтып өткеніміздей, дәл осы арада бизнесмендер мен кәсіпкерлерді нарықтық ортаға тартудың тұтқалары толықтай табылды ма екен деген ой да көлденеңдей береді.
Кім біледі, жеке инвестор тартудың тиімді тәсілдері тереңдетіліп тарқатыла түссе және оларды қызықтыра алатындай қадамдар ойдағыдай жасалған жағдайда мүмкін бұлай болмас па еді. Мұндай жағдайда облыста биыл сатылуға шығарылатын нысандарды жекешелендіру үдерісінде бұған дейін жіберілген кейбір кемшін тұстар мен үстірттіктерден сабақ алынса игі. Тек өміршең көзқарас басым түскен кезде ғана нарықтық ортаны тезірек қалыптастыруға жол ашылмақ. Тек осындай жағдайда ғана олардың бәсекеге қабілеттілігі арта түспек. Мұның инвесторлар үшін де, ел экономикасы үшін де, және тұрғындар үшін де пайдасы бар деп білеміз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»