Екінші: таматтуъ қажылығы

"التمتع" - «таматтуъ»сөзінің тілдік мағынасы: ыңғайлы жағдайды пайдалану, қажетіне жарату, рақаттану . Ал шариғаттық тұрғыда таматтуъ қажылығы дегеніміз - қажылық атқарылатын айда умра жасау. Сосын қажылық басталатын күнге дейін Меккеде тұрып, қажылықты атқару.

Дәлелі: Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Пайғамбармен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге қажылыққа бардым. Ол өзімен түйе малын айдап әкелді. Адамдар ифрад қажылығы үшін ихрамға кіріп қойған еді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) оларға:

(أحِلّوا من إحرامكم بطواف البيت وبين الصفا والمروة، وقصروا، ثم أقيموا حلالاً، حتى إذا كان يوم التروية فأهلوا بالحج، واجعلوا التي قدمتم بها متعة)

«Қағбаны тауаф етумен және Сафа мен Маруа арасындағы жеңіл жүрісті атқарумен, сосын шаштарыңды алуларыңмен бұл ихрамдарыңнан шығыңдар да тәруия күніне дейін (Меккеде) тұрыңдар. (Таруия күні) қажылық үшін ихрамға кіріңдер. Сөйтіп, алдында жасағандарың мутъа (таматтуъ) болсын»[1228].

Таматтуъ қажылығының жасалу жолы

- Миқатта умра үшін ихрамға кіреді.

- Меккеге кіргенде умра тауафын жасайды. Тауафты бастауымен тәлбия айтуын тоқтатады.

- Сосын Сафа мен Маруа арасындағы жеңіл жүгірісті атқарады.

- Сосын шашын толық алдырады немесе қысқартады. Осы амалдарды атқаруымен умраның ихрамынан шығып, зүлхижжаның сегізінші күніне дейін Меккеде тұрақтайды.

- Зүлхижжаның сегізінші күні ал-Харам территориясында қажылық ихрамына кіреді. Ихрамға миқатта емес, ал-Харамда кіруінің себебі - таматтуъ қажылығын атқарушы Меккеде тұруымен меккелік үкіміне кіреді. Ал меккеліктердің миқаты - ал-Харам.

- Сосын қажылық амалдарын ифрад қажылығындағыдай атқарады.

Таматтуъ қажылығын жасаушы кісі өзімен бірге құрбандық малын әкелген болса, умраның тауафы және Сафа мен Маруа арасын жүруімен шектеліп, шашын алмайды және зүлхижжаның сегізіне дейін умраның ихрамында болуын жалғастырып, қажылық ихрамына кіреді. Сөйтіп, қажылығын аяқтағанда екі ихрамнан бірге шығады.

Таматтуъ малын шалу

Төмендегі шарттардың орындалуымен таматтуъ қажылығын атқарушы кісінің шүкір ретінде «таматтуъ малын» шалуы уәжіп:

1 -Умрасы қажылық айында жасалуы.

2 - Алдымен умраны, сосын қажылықты атқаруы.

Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ فَمَن تَمَتَّعَ بِالْعُمْرَةِ إِلَى الْحَجِّ فَمَا اسْتَيْسَرَ مِنَ الْهَدْيِ ﴾

«..Кім умраны атқаруымен қажылыққа дейін ермек етсе, мал түрінен мүмкіншілігі жеткенін шалсын..»[1229]. Бұл аяттағы «ермек етсе» дегеніміз - таматтуъ қажылығын атқарушы кісі қажылық айында умрасын атқаруымен зүлхижжаның сегізіне дейін ихрамнан шығып, әйелімен көңіл көтеруіне және басқа да рұқсат етілген ермек түрлерімен алдануына болады. Негізінде, әйелімен көңіл көтеру және жалпы рұқсат етілген ермек түрлерімен алдану - ихрамдағы кісіге мүлде арам. Сол себептен оның атқарған умрасы мен атқаратын қажылығы біртұтас кәміл болуы үшін және Аллаһ тағаланың оған қажылық ихрамына дейін умра ихрамынан шығуына рұқсат еткені үшін Аллаһ тағалаға шүкір ретінде таматтуъ малын шалуы уәжіп. Бұл малдың шалынуымен қажылық пен умрасының толық атқарылуы жүзеге асып, кемшіліктердің орындары жабылады. Таматтуъ малы Минада Ақаба жамратын тас лақтырылған соң және шаш алдырудан бұрын айт күні шалынады. Таматтуъ малын шалуға мүмкіншілігі жетпеген кісі үш күн ораза ұстайды. Ең абзалы зүлхижжаның 5,6,7 күндері ұстауы. Сондай-ақ 6,7,8 күндері ұстаса да болады. Қажылық кезінде әлсіздік басуынан қауіптенген кісіге бұл үш күнді умра ихрамына кіргенінде бастап, араларын үзіп ұстауына да болады. Әйтеуір Арафа күніне жеткізбеуі мустахап. Сосын еліне оралғанда тағы жеті күн ораза ұстап, оразасын он күнге толтырады. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай деді:

﴿ فَمَن لَّمْ يَجِدْ فَصِيَامُ ثَلاثَةِ أَيَّامٍ فِي الْحَجِّ وَسَبْعَةٍ إِذَا رَجَعْتُمْ تِلْكَ عَشَرَةٌ كَامِلَةٌ ﴾

«..Кім (мал) таба алмаса, қажылықта үш күн ораза және (елге) оралғандарыңда жетеуін ұстаңдар. Толық он күн - осы..»[1230].

Аллаһ тағала: «..қажылықта үш күн ораза..» -дегендіктен кім бұл оразасының алғашқы үшеуін қажылық күндерінен кешіктіріп алса, бұл қателігін орнына қой шалумен ғана өтейді. Сөйтіп оған енді екі мал шалуы уәжіп болады. Біріншісі - таматтуъ малы, өйткені оразаны кешіктіруімен оның орнын жаба алмады. Екіншісі мал шалмастан ихрамнан шыққаны үшін шалынады.

Құлаққағыс:Қажылық айларында умраны атқарған соң қажылық басталатын күнге дейін Меккеде тұрып, қажылықты атқарған кісінің қажылығы таматтуъ болады да оған мал шалуы уәжіп болады. Умраны аяқтаған соң қажылық басталғанша Мәдинаға барса, сосын қажылықты атқарса, таматтуъі дұрыс болады және оған мал шалуы уәжіп. Кім умраны атқарған соң еліне барып келіп қажылықты атқарса, таматтуъі дұрыс болмайды да таматтуъ малын шалу уәжібі мойнынан түседі. Атқарған қажылығы ифрад үкімінде болады.

Наши рекомендации