Ішкі Істер органдарының түсінігі мен атқаратын қызметтері.

Қазақстан Республикасының Iшкi iстер органдары туралы 1995 жылғы 21 желтоқсанда заң қабылданды.

Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес анықтау, алдын ала тергеу мен жедел iздестiру қызметiн, сондай-ақ қоғамдық тәртiптi сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығына, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне қылмыстық және өзге де заңға қарсы қол сұғушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөнiндегi атқарушылық және өкiм етушiлiк функцияларын жүзеге асыратын арнайы мемлекеттiк орган болып табылады.

2-бап. Iшкi iстер органдарының мiндеттерi
1) қоғамдық тәртiптi қорғау және қоғамдық қауiпсiздiктi, соның iшiнде төтенше немесе әскери жағдай ахуалында қамтамасыз ету;
2) қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, қылмыстарды ашу және тергеу, сондай-ақ қылмыскерлердi iздестiру;
3) заңдарда белгiленген өздерiнiң құзыретi шегiнде алдын ала тергеу, анықтама мен әкiмшiлiк iс жүргiзудi жүзеге асыру;
4) әкiмшiлiк жазалауларды орындау;
5) әкiмшiлiк жолмен қамауға алынғандарды ұстау орындарында құқық тәртiбiн қамтамасыз ету және адамдарды ұстау режимiн сақтау;
6) кәмелетке толмағандардың қараусыздығы мен құқық бұзушылығын анықтау және тыю;
7) қажет болған жағдайларда мемлекеттiк өрттен қорғау қызметi органдарына өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде жәрдем көрсету;
8) жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi мемлекеттiк қадағалау және бақылау;

9) мемлекеттiк және өзге де объектiлердi күзету, қамауға алынғандар мен сотталғандарды айдап апару, кепiлге алынғандарды босатуға қатысу;
10) виза беру жұмысын жүргiзу, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртiбiн сақтауын бақылау;

11) соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс жүйесiнде жекелеген мiндеттердi орындау;

12) iшкi iстер органдарының қарауына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
13) есiрткi құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру және олардың заңсыз айналымы мен оларды терiс пайдалануға қарсы iс-әрекет жасау;
14) «Терроризмге қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулердi қолдану құқығына ие бола отырып, терроризмге қарсы операция жүргiзуге және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимiн қамтамасыз етуге қатысу болып табылады.

Ішкі істер органдарының құрамында криминалдық полиция, әкімшілік полиция және өзге де қызметтері, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің әскери құрылымдар мәртебесі бар әскери – тергеу органдары мен әскери полицмясы құрылады.

Криминалдық полицияның негiзгi мiндеттерi қылмыстарды анықтау, оның алдын алу, жолын кесу, оны ашу және тергеу, iшкi iстер органдарының жүргiзуiне жататын қылмыстар туралы iстер бойынша анықтама iсiн жүргiзу, тергеуден, анықтамадан және соттан жасырынған, қылмыстық жазаны атқарудан және өтеуден жалтарған, хабарсыз кеткен және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де жағдайларда адамдарды iздестiрудi ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылады.

Әкiмшiлiк полицияның негiзгi мiндеттерi қоғамдық тәртiптi сақтау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтарды анықтау, оның алдын алу және жолын кесу, қылмыстарды ашу, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретiнiң шегiнде анықтама мен әкiмшiлiк iс жүргiзудi жүзеге асыру, ұсталған және қамауға алынған адамдар, оның iшiнде белгiлi бiр тұратын жерi, құжаттары жоқ адамдар ұсталатын жерлерде құқық тәртiбiн қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыздық пен құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, өз құзыретi шегiнде көшi-қон процестерiн реттеудi және халықтың көшi-қоны саласындағы жұмысты үйлестiрудi жүзеге асыру, жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мемлекеттiк қадағалау және бақылау жасау болып табылады.

Әскери-тергеу органдарының негiзгi мiндеттерi әскери қылмыстарды және әскери қызметшiлер жасаған, iшкi iстер органдары тергеуге тиiстi қылмыстарды анықтау, олардың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу болып табылады.

Iшкi iстер министрлiгiнiң әскери полициясы арнаулы орган болып табылады және iшкi әскерлердегi құқық тәртiбiн қамтамасыз етуге, әскери қылмыстар бойынша, сондай-ақ iшкi әскерлердiң әскери қызметшiлерi жасаған басқа да қылмыстар бойынша анықтаманы жүзеге асыруға, олардың арасындағы қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, әскери қылмыстарды ашуға, iшкi әскерлердiң әскери қызметшiлерiн iздестiруге арналған.


Наши рекомендации