Мәселесіне қазіргі көзқарас
Бұл мәселе маркстік саяси экономикада басты орын алды, өйткені осында қосымша құн теориясының мәні ашылды. Теория ақшаның капиталға айналу мәселесінен басталады. Қосымша құн өндісіне талдау жүргізіледі. Ақшаның капитал ретінде айналысының мәні кәсіпкер ақшасына белгілі көлемде тауарлар сатып алып, сол тауарларды сатумен байланыста ақша табады, яғни А – Т – А. Мұндағы бір ақиқат, кәсіпкер айналыстан алғашқы жұмсалған ақшаның мөлшеріндей ақша табатын болса, онда айналымның ешбір мәні болмас еді. Капиталдың ауыспалы айналымының мәні, осы процесте кәсіпкердің алатын ақша мөлшері алғашқы авансыланған ақшадан көп болады. Міне, осыдан келіп капиталдың жалпы формуласы мынандай көрініс алады: А – Т – А' яғни, тауарларды сатудан түскен ақша сомасы, алғашқы авансыланған ақша мен қосымша құн мөлшерінің өсім қосындысына тең, А = (А + ∆А).
Өндіріс процесінде құн көлемі қалай өседі екен? К. Маркстің пікірі бойынша, рыноктан тауар сатып алып, оны тұтыну – еңбектің заттануы. Олай болса, құнның өндірілгені. Мұндай тауар жұмыс күші болғаны. Жұмыс күші – адамның еңбекке қабілеттілігі. Адамның бойындағы дене күші мен рухани қабілетінің жиынтығы. Еңбектің өзі жұмыс күшін тұтыну процесі.
Қосымша құн ерекше тауар – жұмыс күшін тұтыну процесінен туындайды, олай болатыны өндіріс процесінде жалдамалы жұмысшы қажетті жұмыс күшінен артық құн мөлшерін өндіреді. Жұмыс күшінің тұтынуы құнының мәні де осында. Жұмыс күші – тауар құны жұмысшының физикалық және мәдени талғамдарын қанағаттандыру үшін қажетті игіліктер құнына тең. Жұмыс күшінің құнына бұдан басқа білім алу мен мамандықты игеру, сондай-ақ отбасын сақтап, дамыту үшін шығындар кіреді. Жұмысшының өндірген жаңа құны мен жұмыс күшінің өз құнының айырмасы қосымша құн құрайды. Оны капиталист тегін иемденеді. К. Маркстің теориясы бойынша капиталистік қанаушылықтың мәні де осында. Капиталист авансыланған капитал өндіріс жабдықтары мен жұмыс күшін сатып алуға жұмсалады. Маркстік тұжырымдама бойынша, құн тек еңбекпен өндіріледі. Құн өндіруге құрал-жабдықтар да қатынасады, бірақ тікелей өнім өндірмейді. Сондықтан да капитал өндіріс құрал-жабдықтар сатып алатын белгілі өз құнының мөлшерін өзгерпейді. Оны К. Маркс «тұрақты капитал» деп атайды да, «С» әрпімен бейнелейді. Капиталдың жұмыс күшін сатып алуға кететін бөлігі, өндіріс процесінде өзгереді, өйткені жұмыс күш өз құнынан артық қосымша құн өндіреді. Капиталдың бұл бөлігі өзгермелі капитал делініп, «V» әрпімен, ал қосымша құн «m» әрпімен белгілейді. Сонымен капиталистік кәсіпорында өндірілген тауар құны (m) үш бөліктен тұрады T = C + V + m.
К. Маркс капиталистік қанауды сандық мағынада қосымша құнның массасы мен нормасы арқылы сипаттайды. Мұнда қосымша құн нормасы қосымша құн массасының өзгермелі капиталға қатынасы арқылы анықталып, капиталдың жұмыс күшін қанау дәрежесін көрсетеді.
m' = m/n ∙ 100%
Мұндағы m' – қосымша құн нормасы; m – қосымша массасы; V - өзгермелі капитал.
Адамды адам қанау мәселесі, оны жою маркстік ілімде басты орын алады. Капитализм мен қанаушылық бұл теорияда бір-бірінен ажырағысыз. Оның негізінде капиталистік жеке меншік арқылы капиталистік қоғамда қанаушылық қатынасы орын алып жалдамалы жұмысшылардың еңбегінің нәтижесін капиталистер иемденеді деген қорытынды жасалды.Мынадай бір сұрақ қоялық. Кез келген қоғамда еңбек нәтижесі басқа біреудің пайдасына шешілуі мүмкін бе? К. Маркс «Гота программасына сын» деген еңбегінде Лассалдық теорияға талдау жасай отырып, қоғамның қалыпты дамуы үшін жеке тұтыну қорынан басқа тұтынылған өндіріс құрал-жабдықтарының орнын толтыру қорының қажеттіліктерін қанағаттандырудың бірлескен қоры, еңбекке жарамсыз адамдарға көмек көрсету, өндірісті ұлғайту т.б. қорлардың қажет болатынын көрсеткен. Меншіктің кез келген нысанында өндірушілер өндірген бүкіл өнімді тұтыну мүкін емес. Қосымша өнімнің шеттетілуі тек меншік нысанына ғана емес, өндірістің қоғамдық сипатына да байланысты, сондықтан ол кез келген қоғамда орын алады.
Қосымша өнімнің шеттетілуі меншіктің кез келген нысанында орын алатындықтан, ол қоғамдық шаруашылықтың объективті қажеттілігі болып табылады. Олай болса қанаушылық шеттетілудің белгілі бір жәрежесіне, қоғамдық қатынастардың бүкіл жиынтығына байланысты. Батыс елдерінде жалдамалы қызметкерлердің жалақы қоры ұлттық табыстың 60-80 процентін құрайды. Тек 20-40 процентін құрал-жабдықтарының иесі иемденеді. Ал бұрынғы кеңес елінде жалдамалы қызметкер иемденетін жаңа жасалған құнның үлесі әр қилы есептеулерге қарағанда, 30-40 процент, ал мемлекетке тиесілі үлесі табыстың 60-70 процентін құрайды немесе жеке меншік үстемдік ететін қоғаммен салыстырғанда, ол 1,5-2 есе жоғары болғаны. Осыдан мынадай заңды сұрақ туындайды: егер жаңа жасалған құнды капитал иесі иемденгенде қанаушылық орын алатын болса, өндірілген өнімнің 60-70 процентін мемлекет иемденетін жағдайды қалайша сипаттауға болар еді? Егер орын алатын объективті экономикалық (этикалық емес) негізге сүйенер болсақ, онда қосымша құн нормасы (m') капиталистердің жалдамалы жұмысшыларды қанау дәрежесін сипаттайтын бірдей ұғымды бере алмайды. Қосымша құн бірнеше негізгі бөліктерге бөлшектенеді. Біріншіден, құсымша құн қор жинауға кетеді: екіншіден, салық жүйесі арқылы қосымша құнның бір бөлігі мемлекеттік бюджетке түседі, үшіншіден, қалаған бөлігі жеке тұтынуға кетеді. Қосымша құнның тек соңғы бөлігі ғана қанаушылық белгісінің ауқымы мен дәрежесін анықтай алады. Осының өзінде де бір ескерер жәйт: қосымша құнның капиталистің жеке тұтынуына кеткен бөлігінің барлығын «заңсыз» иемдену деп айтуға болмайды. Біріншіден, тіпті еңбек құн теориясына сүйенгеннің өзінде, капиталист-кәсіпкер өндірісті ұйымдастырғаны үшін өз еңбегінің белгілі бір бөлігіне ие болуы керек. Екіншіден, капиталды пайдалануға берудің өзі қызмет көрсетудің түрі, ол да төленуі тиіс. Осы қызметі үшін бөлінген капиталдан процент талап етіледі. Жалдамалы қызметкер де өз жинағын банкте ұстай отырып, белгілі дәрежеде процентпен (кіріс) табысқа ие болады. Сондықтан қосымша құнның массасы мен нормасы қанаудың ауқымы мен дәрежесін дәл анықтай алмайды. Сөз жоқ, егер жұмыс күші құнынан төмен төленетін болса, онда қанаушылық орын алады. Ал, К. Маркс зерттеген кез жұмыс күнінің ұзақтығы тәулігіне 10-12 сағат болғаны, оның үстіне сол өндіргіш күштер даму дәрежесінде техника қауіпсіздігі сақталмағаны да ақиқат. Жалдамалы қызметкерге жұмыс күшінің құны толық төленетін болса, қоғамдық өндірісте орташа еңбек жағдайы сақталатын болса, алатын жалақы қоғамдағы материалдық және рухани игіліктерді пайдалану мүмкіндігін берсе, қанаушылық түсінігі өзінің экономикалық мазмұнын жойып, адамгершілік-этикалық мағынаға ие болар еді.