Жобалау және iздестiру,ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға мердiгерлiк шарттары
Түсінігі: Жобалау және iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк шарт бойынша мердiгер (жобалаушы, iздестiрушi) тапсырысшының тапсырмасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және (немесе) iздестiру жұмыстарын жүргiзуге мiндеттенедi, ал тапсырысшы оларды қабылдап алуға және ақы төлеуге міндеттенедi.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы) тапсырысшының тапсырмасында көзделген ғылыми зерттеулердi жүргiзуге, ал тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға шарт бойынша - жаңа бұйымның үлгiсiн, оған конструкторлық құжаттаманы, жаңа технологияны жасауға немесе үлгi дайындауға міндеттенеді; тапсырысшы мердігерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге, жұмыс нәтижелерін қабылдауға және оларға ақы төлеуге міндеттенеді.
Тараптардың құқықтары мен міндеттері:
Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша, егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы:
1) мердiгерге барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін белгiленген бағаны төлеуге немесе оны жұмыстың жекелеген кезеңдерi аяқталғаннан кейiн бөлiп төлеуге;
2) мердiгерден алынған жобалау-сметалық құжаттаманы тек шартта көзделген мақсаттарға пайдалануға, жобалау-сметалық құжаттаманы үшiншi тұлғаларға бермеуге және ондағы деректердi мердiгердiң келiсiмiнсiз жария етпеуге;
3) мердiгерге шартта көзделген көлем мен жағдайда жобалау және iздестiру жұмыстарын орындауына қызмет көрсетуге;
4) мердігермен бiрге дайын жобалау-сметалық құжаттаманы құзіреттi мемлекеттiк органдармен және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен келiсуге қатысуға;
5) мердiгерге қатысы жоқ мән-жайлардың салдарынан жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған бастапқы деректердiң өзгеруiнен пайда болған қосымша шығындарды өтеуге;
6) жасалған жобалау құжаттамаларының немесе орындалған iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерiне байланысты үшiншi тұлға тапсырысшыға қойған талап бойынша мердiгердi iске қатысуға тартуға мiндеттi.
Жобалау және іздестіру жұмыстарына арналған мердігерлік шарт бойынша мердiгер:
1) жұмыстарды шарт жасасу кезiнде жобалауға берiлген бастапқы деректерге сәйкес орындауға;
2) дайын жобалау-сметалық құжаттаманы тапсырысшымен, ал қажет жағдайда тапсырысшымен бірге құзыреттi мемлекеттiк органдармен және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен келiсуге;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшыға дайын жобалық-сметалық құжаттаманы және iздестiру жұмыстарының нәтижесiн бір мезгiлде беруге;
4) тапсырысшының келісімінсіз жобалау-сметалық құжаттаманы үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті.
Ғылыми-зерттеу не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша тапсырысшы:
1) мердiгерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге және онымен жұмыс бағдарламасын (техникалық-экономикалық өлшемдердi) немесе тақырыптамасын келiсуге;
2) мердiгерге (атқарушыға) жұмысты орындауға қажеттi ақпарат беруге;
3) орындалған жұмыс нәтижелерiн қабылдауға және оларға ақы төлеуге (осы Кодекстiң 623-бабы) мiндеттi.
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы):
1) жұмысты тапсырысшымен келiсiлген бағдарламаға (техникалық-экономикалық өлшемдерге) немесе тақырыптамаға сай орындауға және тапсырысшыға шартта көзделген мерзiмде жұмыс нәтижелерiн беруге;
2) интеллектуалдық меншiктi құқықтық қорғауға байланысты талаптарды сақтауға;
3) шартта немесе тапсырысшының техникалық тапсырмасында көзделген техникалық-экономикалық өлшемдерден ауытқуға соқтыруы мүмкiн техникалық құжаттамадағы өз кiнәсiнен жiберiлген кемшiлiктердi өз күшiмен және өз есебiнен жоюға;
4) тапсырысшыға күтiлетін нәтижелерге жету мүмкiн болмайтыны анықталғаны немесе жұмысты одан әрi жүргiзу орынсыз екенi туралы дереу хабарлауға;
5) тапсырысшыға осындай шарт негiзiнде берiлген нәтижелерге үшiншi тұлғаларда айрықша құқықтарының болмайтынына кепiлдiк беруге мiндеттi.
2. Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарттарда өзгеше көзделмесе, мердiгер (атқарушы):
1) жұмысты орындау кезiнде алынған ғылыми-техникалық нәтижелердi тапсырысшының келiсiмiнсiз жариялаудан тартынуға;
2) жұмысты орындау кезiнде алынған құқықтық қорғауға қабiлеттi нәтижелердi қорғау үшiн шаралар қолдануға және бұл туралы тапсырысшыға хабарлауға;
3) орындалған жұмыстарда қолданылған, құқықтық қорғауды иеленетiн ғылыми-техникалық нәтижелердi пайдалануға тапсырысшыға айрықша лицензия беруге мiндеттi.
Тараптардың жауапкершілігі:
Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша мердiгер құрылысты салу барысынан кейiн, сондай-ақ орындалған жобалау-сметалық құжаттама және iздестiру жұмыстары негiзiнде жасалған объектiнi пайдалану процесiнде анықталған кемшiлiктердi қоса алғанда, жобалау-сметалық құжаттаманың және iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерi үшiн жауапты болады.
Жобалау-сметалық құжаттамада немесе iздестiру жұмыстарында кемшiлiктер анықталған жағдайда мердiгер тапсырысшының талабы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы тегiн қайта жасауға және тиiсiнше қосымша iздестiру жұмыстарын жүргiзуге, сондай-ақ, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, тапсырысшыға келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi.
Жобалау құжаттамасының кемшiлiктерiнен туындайтын талаптарды оны дайындау жөнiнде тапсырысшы болмаса да, жобалау құжаттамасын пайдаланатын тұлғаның қоюы мүмкiн.
Мердігер (атқарушы) тапсырыс берушінің алдында ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартты орындамағаны және тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн, егер шарттың бұзылуы мердiгердiң (атқарушының) кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жауапты болады.
Шартты бұзған мердiгер (атқарушы), егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырыс берушi шеккен залалды нақты зиян түрiндегi жұмыстың құны шегiнде өтеуге мiндеттi.