Бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат беру жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) өзінің атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын) және жұмыс режимін қазақ және орыс тілдерінде аталған ақпаратты маңдайшаға орналастырып, тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
Дара кәсіпкер болып табылатын сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға өзінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болғанда) туралы, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткені және оны дара кәсіпкер ретінде тіркеуді жүзеге асырған органның атауы туралы ақпаратты да ұсынуға тиіс.
2. Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) жүзеге асыратын қызметтің түрі лицензиялауға жатса, тұтынушыға қазақ және орыс тілдерінде лицензия, оның қолданылу мерзімі, оны берген мемлекеттік орган туралы ақпарат берілуге, сондай-ақ тұтынушының талабы бойынша лицензияның түпнұсқасымен немесе нотариат куәландырған көшірмесімен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат сауда-саттық, тұтынушыларға көрсетілетін тұрмыстық және өзге де қызмет түрлері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұрақты орналасқан жерінен тысқары жерде, уақытша үй-жайларда, жәрмеңкелерде, сөрелерден және басқа да жағдайларда жүзеге асырылған кезде тұтынушының назарына жеткізілуге тиіс.
4. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) уәкілетті органның мекенжайын және телефон нөмірін, тауарларды өткізу (жұмыстарды орындау, қызмет көрсету) шарттарын, сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде сатушының тауарды сату (жұмысты орындау, қызмет көрсету) кезінде тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты беру міндеті туралы ақпаратты маңдайшаға орналастыра отырып, көрсетілген ақпаратты тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы) тауардың белгіленген сақтау мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде тауардың қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға ықтимал тәуекел туралы және тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдаланудың шарттары туралы хабарлауға міндетті. Бұл ретте, егер тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдалану, оны сақтау, тасымалдау немесе кәдеге жарату үшін арнаулы ережелерді сақтау қажет болса, онда дайындаушы (орындаушы) оларды тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілген құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен көрсетуге міндетті.
3. Сәйкестігі міндетті расталуға жататын тауарды, оның ішінде импорттық тауарды сәйкестіктің тиісті сертификаттарынсыз немесе сәйкестік туралы декларациясыз өткізуге жол берілмейді.
4. Тұтынушы тауарды пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың немесе кәдеге жаратудың белгіленген ережелерін сақтаған кезде тауар тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтірсе немесе келтіруі мүмкін болса, сатушы (дайындаушы) зиянның себептері жойылғанға дейін оны өндіруді (өткізуді) дереу тоқтата тұруға міндетті. Егер зиянның себептерін жою мүмкін болмаса, сатушы (дайындаушы) мұндай тауарды өндірістен (өткізуден) алуға және ол жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға уақтылы хабарлауға, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға ықтимал қауіп туралы уақтылы хабарлау, тауарды айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тауарлар туралы хабарлау сатушының (дайындаушының) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5. Сатушы (дайындаушы) осы баптың 4-тармағында көзделген міндеттерін орындамаған кезде тауарды өндірістен алу, оны айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу тиісті мемлекеттік органның нұсқамасы бойынша жүргізіледі. Тиісті мемлекеттік органның нұсқамасын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Тауарды қайтарып алуға байланысты тұтынушыға келтірілген залалды сатушы (дайындаушы) толық көлемде өтеуге тиіс.
Бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тиісті сападағы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескере отырып, тұтынушыға ыңғайлы уақытта еркін таңдауын қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өзіне қажетсіз мөлшерде және (немесе) ассортиментте сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады.
2. Сатушы тауарды сату кезінде Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарын пайдалануға тиіс.
3. Тауардың (жұмыстың) салмағы, саны, ұзындығы және өзге де өлшемдері тұтынушының күмәнін туғызған жағдайларда сатушы (дайындаушы) аталған сипаттамаларды Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарының көмегімен дербес тексеруге мүмкіндік беруге міндетті.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) таңдау кезінде қандай да бір артықшылықтарды, тікелей немесе жанама шектеулерді белгілеуге жол берілмейді.
Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Егер шартта тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға осы талаптарға сай келетін тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы), егер бұл тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сипатына қарай мүмкін болса, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қасиеттері мен оны пайдалануды көрсетуге және тұтынушыға сапасы тауар (орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет) туралы берілген ақпаратқа және шарттың талаптарына сай келетін тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызмет көрсетуге), сондай-ақ тұтынушының талабы бойынша оған тауардың(жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы мен қауіпсіздігін және оның жиынтықталымын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
3. Шартта тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы туралы талаптар болмаған кезде сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келетін және осындай тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) пайдаланылатын мақсаттарға жарамды тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
4. Егер тұтынушы шарт жасасу кезінде сатушыны (дайындаушыны, орындаушыны) тауарды сатып алудың (жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің) нақты мақсаттары туралы хабардар етсе, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға тиісті сападағы, осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
5. Тауарды үлгі және (немесе) сипаттама бойынша сату кезінде сатушы тұтынушыға үлгіге және (немесе) сипаттамаға сай келетін тауарды беруге міндетті.