Тақырып 5. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік органдары.

Билікті бөлу қағидасының негізгі талабы бойынша, саяси бостандықты бекіту үшін, заңдылықты қамтамасыз ету және қандай да болмасын әлеуметтік топтың, мекеме мен жеке адамдардың тарапынан билікті бас пайдасына лайықтауды болдырмау үшін, мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу қажеттілігі анықталынады. Заң шығару билігі халықпен сайланған және қоғам дамуының стратегиясын заңдар қабылдау жолымен жасауға арналған топтың қолына беріледі. Атқару билігі биліктің өкілді органдарымен тағайындалады және заңдарды жүзеге асырумен және жедел-шаруашылық әрекеттерімен айналысады. Сот билігі бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, кінәлілерді әділ жазалауға кепіл болады. Биліктің әр тармағы дербес, тәуелсіз, бірін-бірі тежеуші билік тармақтары болғандықтан, өз қызметін органдардың ерекше жүйесі көмегімен және арнаулы нысандарда жүргізуге тиісті.

Қазіргі таңда Негізгі заңымыздың 3 бабына сәйкес: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады.»

Парламентке Конституцияның 61 бабының үшінші бөлігінде көрсетілген негізгі қоғамдық қатынастарды реттеп, мына салаларды қамтитын негізгі қағидалар мен нормаларды бекіту жүктеледі:1)жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауапкершілігіне; 2)меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға; 3)мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне; 4)салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге; 5)республикалық бюджетке; 6)сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне; 7)білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға; 8)кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге; 9)айналадағы ортаны қорғауға; 10) республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісіне; 11)мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы.

Парламент өкілеттілігі тек заң шығарумен шектеліп қана қоймайды. Заң қабылдау мен конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден басқа ол мемлекеттік билік органдарына әр түрлі жолдармен ықпал ете алады:

-үкіметтің дербес құрамын қалыптастыруға қатысады.(53 баптың 5 тармағы, 55 баптың 1,2 тармағы және 56 баптың 33 тармағы). Атап айтатын болсақ, Президенттің Республика Премьер-Министрін, Республика Ұлттық Банкінің Төрағасын тағайындауына келісім береді. Республика Президентінің ұсынуымен Республиканың Жоғарғы сотының Төрағасын, Жоғарғы сот Алқаларының төрағаларын және судьяларын сайлау және қызметтен босату, олардың анттарын қабылдаумен айналысады. Республика Президентінің Республиканың Бас Прокурорын, және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беруді жүзеге асырады. Республика Президентінің ұсынуымен Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Төрағасының орынбасарын, хатшысы мен мүшелерін сайлау және қызметтен босату қызметімен айналысады.

-бюджеттік өкілеттіліктерді жүзеге асырады. Республикалық бюджетті және Үкіметпен бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді, бюджетке өзгертулер мен толықтырулар енгізеді. Республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді, бюджетке енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылайды, мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және оларды алып тастайды.

-қорғаныс және сыртқы саясат аймақтарында өкілеттіліктерді жүзеге асырады. Палаталардың бірлескен отырысында соғыс және бітім мәселелерін шешеді. Республиканың халықаралық шарттарын бекітеді және олардың күшін жояды.

-парламенттік бақылауды қолданады: Үкіметті, есеп комитетін бюджеттің атқарылуына байланысты бақылайды, Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды.

Сондай-ақ, Үкімет Премьер-Министр арқылы өз бағдарламасын Парламенттің қарауына ұсынады, бұл оның жоғарғы өкілді орган алдында есептілігін көрсетеді. Парламент екі түрлі жағдайда Үкіметке сенімсіздік көрсете алады:

-Үкімет бағдарламасын әр палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің даусымен екінші мәрте қабылдамай тастау Үкіметке сенімсіздік көрсетілгенін білдіреді.

-әр палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен, Парламент депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша немесе Конституцияда белгіленген жағдайларда Үкіметке сенімсіздік білдіреді.

2. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының Қазақстанда Президенттік басқаруды енгізуі мемлекеттік билік тармақтарының арасында атқару билігінің алатын орны мен жауапкершілігін арттырады. Бұнда Үкімет атқарушы биліктің біртұтас жүйесін басқарушы дербес орган ретінде танылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі – салалық және салааралық мемлекеттік басқару органдарының басшылары мен өзге де орталық және жергілікті атқару органдары жүйесін басқарушы лауазымды тұлғалардан құралған, Президентке жауапты, Парламентке есепті, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарын, Президент жарлықтарын орындауды қамтамасыз ету бойынша өкілеттіліктерді иемденген, еліміздің барлық аумағында жалпыға бірдей міндеттілік күші бар заңға бағынышты актілерді қабылдау құқығы бар атқару билігінің жалпы құзіреттегі алқалы органы.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылу тәртібіне тоқталатын болсақ, ол Президентпен Конституцияда көрсетілген тәртіпте құрылады. Премьер-Министрдің кандидатурасы келісім алу үшін Парламенттің қарауына ұсынады, келісім алынғаннан кейін Президент өз жарлығымен тағайындайды. Премьер-Министр тағайындалғаннан кейін он күн ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы ұсыныспен Президентке кіреді. Президент Премьер-Министр мен оның орынбасарларын, Үкімет Аппараты басшыларын, Министрлер мен мемлекеттік комитеттер төрағаларын тағайындайды. Үкімет мүшелері Қазақстан халқы мен Президентіне ант береді.

Үкімет Президенттің өкілеттік мерзімі шегінде әрекет етеді. Президент өз бастамасымен Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауы мүмкін, оның кез келген мүшесін лауазымынан босатуға хақылы. Премьер-Министрді орнынан босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігін тоқтату дегенді білдіреді. Үкімет немесе оның кез келген мүшесі Президентке өзінің орнынан түсуі туралы мәлімдеуге хақылы. Президент оны он күндік мерзім ішінде қарастырып, оны қабылдауы да, қабылдамауы да мүмкін. Үкімет мүшесі өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми және өзге шығармашылық әрекеттен басқа ақылы лауазымда болуға, кәсіпкерлікпен айналысуға,коммерциялық ұйымның басқарушы органы құрамына немесе бақылаушы Кеңесіне кіруге құқығы жоқ.

Премьер-Министр тағайындалғаннан кейін бір ай мерзім ішінде Үкімет әрекетінің бағдарламасын дайындап, Парламенттің қарауына ұсынады. Парламент оны қолдаудан бас тартса, екінші мәрте әзірлеп, екі ай ішінде қарауға ұсынады.

Үкімет құзіретін экономикалық; әлеуметтік; ғылым, техника, білім беру және мәдени; әкімшілік-саяси басқару; заңдылық пен құқықты тәртіпті нығайту, сыртқы саясат аймағында деп бөліп қарастыруға да болады. Мысалы, экономика саласындағы өкілеттіліктеріне жоғарыда аталғандармен қатар мемлекеттік валюталық, қаржылық және материалдық ресурстардың құрылуы мен пайдалануы барысында заңдылықты сақтауға мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету; құрылымдық және инвестициялық саясатты жүзеге асыру; баға қалыптастырудағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және жүзеге асыру, мемлекетпен реттелінетін баға қолданылатын өнім, тауар және қызмет номенклатурасын бекіту де жатады. Үкіметтің әлеуметтік саладағы құзіретіне аймақтардың әлеуметтік дамуы мәселелерін шешуді қамтамасыз ету, жастар мәселесін шешуге ықпал ету дегендер жатады.

Әкімшілік-саяси басқарма саласында Үкімет консультативті-кеңесші органдарды құрады және таратады, министрліктер мен мемлекеттік комитеттердің, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқару органдарының әрекетін басқарады, министрлердің орынбасарларын лауазымға тағайындайды және қызметтен босатады, жергілікті атқару органдары әрекетіне басшылық жүргізеді.

Заңдылықты нығайту және құқықтық тәртіп саласында құқықтық реформаны жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Сыртқы саясат саласында Үкімет келісімдер жүргізу туралы және үкіметаралық келісімдерге қол қоюға шешім қабылдайды; республиканың шет елдік мемлекеттермен, халықаралық және аймақтық ұйымдармен өзара қарым-қатынасын дамытуды қамтамасыз етеді; сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыру шараларын әзірлейді; сыртқы сауданы дамыту шараларын қабылдайды; халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық пен өзара әрекеттестікті жүзеге асырады.

Үкімет әрекетінің құқықтық қайнар көздері ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» конституциялық заңды, өзге де заңдар мен Президент жарлықтарын атауға болады. Үкімет өз құзіреттілігінің шегінде нормативті және өзге де актілерді қабылдайды, заңдардың, Президент жарлықтарының орындалуын ұйымдастырады, халықаралық келісімдер жасайды, атқару билігінің барлық органдарына басшылық жасайды, олардың әрекетін бақылайды, заңдарды бұзуды жою үшін тиісті шараларды қабылдайды.

3. Биліктің жіктелуі теориясына сай тәуелсіз билік тармақтарының келесі түрі – сот билігі. Сот билігі Қазақстанда Жоғарғы соттың басшылығымен сот органдарының жүйесімен жүзеге асырылады. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүргізіледі, негізгі міндеті адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз ету, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Сот билігі азаматтық, қылмыстық және заңда белгіленген өзге де сот ісін жүргізу нысандары арқылы жүзеге асырылады. Судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады. Сот шешімдері мен судьялардың өз өкілеттіліктерін жүзеге асыру кезіндегі талаптарын барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті.

Тәуелсіз сот органдарының құрылу тәртібіне келетін болсақ, Жоғарғы Соттың Төрағасын, алқаларының төрағаларын және судьяларын Жоғарғы сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды. Облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларын, алқаларының төрағаларын және судьяларын Жоғарғы сот Кеңесінің кепілдемесімен Республика Президенті қызметке тағайындайды. Аудандық соттардың төрағалары мен судьялары Әділет біліктілік алқасының кепілдемесіне негізделген Әділет Министрінің ұсынуымен Республика Президентімен тағайындалады. Сот билігі азаматтардың, олардың бірлестіктерінің құқықтары мен бостандықтарын және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың заңды мүдделерін қорғайды.

Соттардың шын мәніндегі тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» 2000 жылдың 25 желтоқсанында жаңа негіздегі заң қабылданды.

4. Республика Президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы әрекетінің негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға, мемлекет басшысы. Сонымен бірге ол мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін төреші ролін атқарады. Қазақстан Республикасы Президенті мемлекеттік билік тармақтарына қатысты белгілі дәрежедегі өкілеттіліктерге ие. ҚР Президенті Парламентке Премьер-Министрді тағайындау туралы ұсыныс енгізеді және оны орнынан алып тастауға құқылы. Президент үкімет құрылымын анықтайды, оның мүшелерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Ел басшысы заң шығару үрдісіне қатысады, кері вето /тыйым салу/ құқығына ие, яғни Сенат қол қоюға және жариялауға ұсынған заңды қол қоймай Парламентке оны тұтастай немесе жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтаруға құқылы. Парламент келісімімен ¦лттық банкінің төрағасын, Республиканың Бас Прокурорын және ¦лттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды, оларды қызметтен босатады. Сенатқа ҚР Жоғарғы Сотының Кеңесі кепілдемесіне сүйене отырып, Жоғарғы Соттың Төрағасының, алқа төрағаларының, судьяларының кандидатурасын ұсынады. Қауіпсіздік кеңесін, жоғарғы Сот Кеңесін және өзге де консультациялық-кеңесші органдарды құрады. Республика Қарулы Күштерінің жоғарғы қолбасшылығын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

5. Қазақстан Республикасында Парламент қабылдаған заңдарды, халықаралық шарттарды бекіткенге дейін Конституцияға сәйкестігін қарайтын, дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің және республикалық референдум өткізудің дұрыстығы туралы мәселені шешетін, Конституция нормаларына ресми түсіндірме беретін арнаулы мемлекеттік орган Конституциялық Кеңес әрекет етеді. Конституциялық қадағалау органы өкілеттілігі алты жылды құрайтын жеті мүшеден тұрады. Республика Президенті оның Төрағасы мен екі мүшесін, екі мүшесін Сенат төрағасы, қалған екеуін Мәжіліс төрағасы тағайындайды. Конституциялық Кеңестің мүшелерінің жартысы әр үш жыл сайын жаңарып отырады. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мәртебесі мынандай жағдайлармен анықталады:

- оның шешімдері мен талаптарының елдің барлық аумағындағы міндеттілігі;

- оның әрекетіне қол сұғуға жол берілмейтіндігі;

- шешім, қаулы, қорытынды, жолдамаларды қараудан немесе орындаудан бас тарту не болмаса бұлтару үшін заңды жауапкершіліктің туындауы;

- тек құқықтың аймағына кіретін мәселелерді ғана қарау және бекітілген мерзім ішінде қарастырып, шешім шығару қажеттігі.

6. Қазақстан Республикасы прокуратурасы – мемлекет атынан ел аумағындағы заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарының және өзге де заңға бағынышты нормативті-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асыратын дербес мемлекеттік орган. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы бас болып, облыстық және оларға теңестірілген арнаулы прокуратуралар, аудандық прокуратуралар қоштаған аталмыш органдар заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөніндегі шараларды жүзеге асырады. Прокуратура органдары жүйесі бірыңғай орталықтандырылған, ол өз өкілеттілігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Республика Президентіне ғана есеп береді. Бас Прокурорды Парламент Сенатының келісімімен Президент бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.

Прокуратура органдары сотта мемлекеттік айыптауды қолдайды. Сондай-ақ, заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды іске асырады. Прокуратура органдарының аталған өкілеттілігі қазіргі кезеңдегі қазақстандық заң әдебиетінде қызу қарастырылып жатқан келелі мәселенің бірі.

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.

2. Қазақстан Республикасы конституциялық заңы «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 16 қазан 1995, 1999 жылғы 6 мамырдағы өзгерістері мен толықтыруларымен қоса// Парламент Жаршысы, 1995. №10; 1999. №5.

3. Қазақстан Республикасы конституциялық заңы «Қазақстан Республикасы Президенті туралы» 26 желтоқсан 1995, 1999 жылғы 6 мамырдағы өзгерістері мен толықтыруларымен қоса// Парламент Жаршысы,1995. №12; 1999. №5.

4. Қазақстан Республикасы конституциялық заңы «Қазақстан Республикасы Үкіметі туралы» 18 желтоқсан 1995, 1999 жылғы 6 мамырдағы өзгерістері мен толықтыруларымен қоса// Парламент Жаршысы,1995.№12; 1999.№5.

5. Қазақстан Республикасы конституциялық заңы «Қазақстан Республикасы сот жүйесі және соттардың мәртебесі туралы» 25 желтоқсан 2000 жыл// Егемен Қазақстан, 2000. 30 желтоқсан.

6. Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар Жарлығы «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі туралы» 29 желтоқсан 1995 // Жаршы. 1995. №12.

7. Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар Жарлығы «Қазақстан Республикасындағы прокуратура туралы» 29 желтоқсан 1995 // Егемен Қазақстан, 1996. 13 қаңтар.

8. Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар Жарлығы «Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» 30 желтоқсан 1995 // Егемен қазақстан, 1996. 15 қаңтар.

9. Қазақстан Республикасының заңы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» 23 қаңтар 2001 жыл// Парламент Жаршысы, 2001.№1.

Әдебиеттер:

  1. Байжанова Г.Т., Әділбекова Қ.Қ. Мемлекет теориясы. Дәрістер жинағы. Қарағанды,2003.
  2. Нәрікбаев М. ¦лы билерімізден Жоғарғы сотқа дейін. Алматы: Атамұра, 1999.
  3. Президент және Парламент. Алматы; Атамұра, 2000.
  4. Сартаев С.С. ҚР билікті бөлу және оларды жүзеге асыру принциптерінің қалыптасуы. Алматы: Жеті Жарғы, 2002.

Наши рекомендации