Ихрамға миқатта кірген абзал ма, әлде тұрғылықты жерден кіргені абзал ма?
Қажылық пен умраға аттанушы мұсылман ихрамға тұрғылықты жерінде кіргені абзал, әрине, егер ихрамдық күйді сақтауына сенімді болса. Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من أحرم من المسجد الأقصى إلى المسجد الحرام بحج أو عمرة غفر له ما تقدم من ذنبه و ما تأخر أو وجبت له الجنة)
«Кім Ақса мешітінен Әл-Харам мешітіне қажылық пен умра үшін ихрамға кірсе, оның өткен күнәсі дә, кейінгі күнәсі дә кешіріледі немесе оған жәннат уәжіп болады»[1090]. Бұл хадис әлсіз болғанымен Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Илияда (Қудста) ихрамға кіреді. Сондай-ақ ол үйінен ихрамға кірген Даби ибн Маъбадқа:
(هديت لسنة نبيك صلى الله عليه وسلم)
«Пайғамбарыңның (саллаллаһу алайһи уа саллам) сүннетімен істедің»-дейді[1091]. Дегенмен жол бойы кездесетін түрлі пітнәларға қарсы өзіне сенімді болмаған кісіге ихрамға миқатта кіргені абзал.
Екінші бөлім: Қажылықтың ішкі парыздары
Бірінші ішкі парыз: Ихрам
Бұл салтты орындауымен мұсылман бұдан бұрын өзіне адал болған істер мен нәрселерді қажылығын аяқтағанша арам етеді және Аллаһ тағаланы еске алумен ғана шұғылданады. Мұны ихрамға кіру дейді. Негізінде, ихрам қажылықтың сыртқы және ішкі парызы саналады.
Ихрамның шарттары:
1 -Ниет. Бұл дегеніміз - қажылықты немесе умраны бастауға ниеттену. Омардан, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:
إنما الأعمال بالنيات و إنما لكل امرئ ما نوى(
«Шындығында, іс-қимылдар - ниеттермен байлаулы және әркімге ниетіндегі болады..»[1092].
Ниетті: «Қажылыққа ниет еттім және Аллаһ тағала үшін ихрамға кірдім»-деп тілмен білдіру мустахап. Сондай-ақ ниетті: «Аллаһым, қажылыққа ниет еттім. Оны маған жеңілдете гөр және менен қабыл алғай»-деп дұғамен жанастыру да мустахап. Талбия кезінде ниетін: «Ләббайка умратан уа хажжан»-деп білдіру сүннет. Мұның қазақша мағынасы: «Аллаһым, қажылық пен умраны атқару үшін алдыңда тұрмын». Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін естіді:
" لبيك عمرة وحجاً "
«Ләббайка умратан уа хажжан»[1093].
2 - Тәлбия айту. Тәлбия дегеніміз - «Ләббайкаллаһумма ләббайк. Ләббайка лә шәрика ләка ләббайк. Иннал-хамдә уан-ниъматә ләка уал-мулк. Лә шәрика ләк»[1094] сөздерімен Аллаһ тағаланы зікір ету.
Бұл зікірдің арапша мәтіні:
"لبيك اللّهم لبيك، لبيك لا شريك لك لبيك، إن الحمد والنعمة لك والملك، لا شريك لك"
Қазақша мағынасы: «Міне, алдыңа келдім, Аллаһым, алдыңа келдім. Міне, алдыңа келдім, Сенің ортағың жоқ, алдыңа келдім. Расында, мақтау да, нығмет те, билік те Саған тән. Сенің ортағың жоқ».
Тәлбияның осы бейнеде ниетпен қатар айтылуы шарт. Арап тілінде айтылуы абзал, бірақ шарт емес.
Тәлбиянің сүннетері:
1 - Көтеріңкі дауыспен айту. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:
(أتاني جبريل فأمرني أن آمر أصحابي أن يرفعوا أصواتهم بالإهلال والتلبية)
«Маған Жебірейіл періште келіп, сахабаларыма тәлбия сөздерін дауыстап айтуларын бұйыруыма әмір берді»[1095].
2 - Қайта-қайта айту. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ما من محرم يَضْحَى للّه يومه، يلبي حتى تغيب الشمس إلا غابت ذنوبه فعاد كما ولدته أمه)
«Күн батқанға дейін Аллаһ үшін тәлбия айтумен күнін қиған ихрамдағы кісінің күнәсі жойылып, анасынан жаңа туғандай оралады»[1096].
Ихрамның уәжіптері:
Бірінші: Ихрамға миқатта кіру.
Екінші: Ихрамның тыйымдарын сақтау.
Ер кісінің ихрамына қатысты тыйымдар:
1 - Кәдімгі тігілген киімдердің ешқайсысын киюіне болмайды.
2 -Шәркейден басқа аяқкиім киюіне болмайды.
3 -Қолғап киюіне болмайды.
4 - Бас пен бетті жабуына болмайды. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إحرام المرأة في وجهها وإحرام الرجل في رأسه)
«Әйелдің ихрамы жүзінде, ал ер кісінің ихрамы басында»[1097].
Тағы бір хадисте былай делінеді:
(ما فوق الذقن من الرأس فلا يُخمره المحرم)
«Ирамдағы кісі иегінен басына дейін ешнәрсе бүркемейді»[1098].
Осы хадистердің негізінде ихрамда ер кісі басына ешнәрсе кимейді.
Ихрамдағы кісі қайтыс болса, оның бетін бүркеуге болады, өйткені оның өлімі ихрами күйін тоқтатады.
Әйел кісінің ихрамына қатысты тыйымдар:
Ер кісіден өзгеше, ихрамда әйел кісіге күнделікті шариғат киімін киюіне болады. Алайда ниқап тағуына және қолғап киюіне болмайды. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ولا تنتقب المرأة المحرمة ولا تلبس القفازين)
«Ихрамдағы әйел ниқап тақпайды және қолғап кимейді..»[1099].
Еркек пен әйелге ортақ тыйымдар:
1 - Шашын кесуіне, қырқуына және денесіндегі қылды алуына болмайды. Сондай-ақ оған біреудің шашын алуына да болмайды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ وَلاَ تَحْلِقُواْ رُؤُوسَكُمْ حَتَّى يَبْلُغَ الْهَدْيُ مَحِلَّهُ ﴾
«..Құрбандық малы өз орнына жетпейінше шаштарыңды алмаңдар..»[1100].
Шаш ұйпалақтанған болса да қажылықтың көркі саналады. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(قام رجل إلى النبي صلى اللّه عليه وسلم فقال: ما الحاج؟ قال النبي صلى اللّه عليه وسلم: (الشَّعِث التَّفِل)
Бір кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп: «Қажылық дегеніміз не?»-деп сұрады. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған: «Қажылық дегеніміз - жағымсыз иісті, ұйпалақтанған шаш»-деді[1101].
2 - Әтір қолдануы. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن رجلاً قال: يا رسول اللّه ما يلبس المحرم من الثياب؟ قال رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم: (... ولا تلبسوا من الثياب شيئاً مسه الزعفران أو الورس)
Бір кісі: «Әй, Аллаһтың елшісі, ихрамдағы кісі қандай киім киеді?»-деп сұрайды. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «...Запырангүлмен хош иістенген және сары түске боялған киімдердің ешқайсысын кимеңдер»-дейді[1102].
Сол секілді ихрамды кісіге хош иісті нәрселерді иіскеуге және хош иіс араласқан сусын ішуге де болмайды. Жәбир ибн Абдулла, Аллаһ тағала оған разы болсын, өзінен:
(أنه سئل عن الريحان أيشمه المحرم، والطيب، والدهن، فقال: لا)
«Ихрамдағы кісінің райханды, әтірді және хош иісті майды иіскеуге бола ма»-деп сұралғанда ол: «Жоқ»-деп жауап береді[1103].
3 -Хош иіс пен әсемдік үшін пайдаланылатын майларды ихрамдағы кісі шашы мен денесіне жағуға болмайды. Емдік заттар мен вазелин секілді нәрселерді қолдануға болады.
4 -Тырнақ алуға болмайды. Ихрамдағы кісіге өз тырнағын да, біреудің тырнағын да алуға болмайды. Тек қана сынған тырнақты алып тастауға болады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, ихрамдағы кісіге қатысты былай деді:
(وإذا انكسر ظفره طرحه)
«...Егер тырнағын сындырып алса, оны алып тастасын»[1104].
5 - Төсек қатынасқа түсу және ол туралы адамдарға, әсіресе әйелдерге айту. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ فَلاَ رَفَثَ وَلاَ فُسُوقَ وَلاَ جِدَالَ فِي الْحَجِّ ﴾
«..Қажылықта төсек қатынасына түсуге, сондай-ақ пасықтық жасауға және дауласуға болмайды..»[1105].
Қажы кісі жұбайымен төсектік қатынасқа Арафадағы тұрысқа дейін түссе, қажылығы бұзылады. Қажылығы бұзылуымен қатар сахабалардан жеткен хабардың негізінде бір қой шалуы уәжіп. Кім төсектік қатынасқа Арафадағы тұрыстан кейін, шаш қырқудан бұрын түссе, «Қажылық дегеніміз - Арафа» деген хадистің негізінде оның қажылығы бұзылмайды, алайда қателігін жуу үшін түйе шалуы уәжіп.
Кім төсектік қатынасқа түспей, құмарлықпен жұбайын ұстаса, құшақтаса, сүйсе немесе аймаласа, нәтижесінде шәует бөлінсе де, бөлінбесе де қажылығы бұзылмайды. Бірақ кәффаратын өтейді.
6 - Пасықтық жасау. Пасықтық дегеніміз - Аллаһ тағалаға бой ұсынудан жалтару, шариғат ережелерін ұстанудан бұлтарып, күнә жасау. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ومن حج هذا البيت فلم يَرْفُث ولم يفْسُق رجع كيوم ولدته أمه)
«Бұл үйге (Қағбаға) қажылық жасаушы кісі төсек қатынасына түспесе, сондай-ақ пасықтық жасамаса, анасынан туған күндегідей оралады»[1106].
7 -Дауласу. Ихрамдағы кісі қасына еріп шыққан адамдармен болсын, бөтен адамдармен болсын, мүлде таласуына, дауласуына, ұрысуына болмайды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ فَلاَ رَفَثَ وَلاَ فُسُوقَ وَلاَ جِدَالَ فِي الْحَجِّ ﴾
«..Қажылықта жыныстық қатынасқа түсуге, сондай-ақ пасықтық жасауға және дауласуға болмайды..»[1107].
8 - Құрлықтағы аң-құстың еті желінетінін аулауға, ал еті желінбейтінін өлтіруге болмайды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ أُحِلَّ لَكُمْ صَيْدُ الْبَحْرِ وَطَعَامُهُ مَتَاعاً لَّكُمْ وَلِلسَّيَّارَةِ وَحُرِّمَ عَلَيْكُمْ صَيْدُ الْبَرِّ مَا دُمْتُمْ حُرُماً وَاتَّقُواْ اللّهَ الَّذِيَ إِلَيْهِ تُحْشَرُونَ ﴾
«Балық аулауларың және теңіз тағамы рақаттануларың үшін сендерге: тұрғылықтыларыңа да, жолаушыларыңа да адал етілді. Сондай-ақ ихрамнан босағандарыңша, құрлықта аңшылық жасауларың арам етілді»[1108].
Тағы бір аятта былай делінеді:
﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَقْتُلُواْ الصَّيْدَ وَأَنتُمْ حُرُمٌ ﴾
«Әй, иман келтіргендер, ихрам кездеріңде аң-құс өлтірмеңдер!..»[1109].
Ихрамдағы кісіге жай кісінің аңшылығына көмектесуіне немесе аң-құстың тарапына жол сілтеуіне болмайды. Алайда оған жай кісі аулаған аң-құстың етінен жеуге болады. Әбу Қатаданың баласы Абдулла былай деді:
(كان أبو قتادة في نفر محرمين وأبو قتادة محل. واقتص الحديث وفيه "أنه اصطاد حمار وحش فسألوا رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم عن أكله" قال: (هل أشار إليه إنسان منكم أو أمره بشيء، قالوا: لا يا رسول اللّه. قال: فكلوا)
«Әбу Қатада бір топ ихрамдағы кісілердің арасында болады. Әбу Қатада өзі ихрамда емес. Ол аңшылық жасап, бір құланды қолға түсіреді. Сонда ихрамдағы адамдар Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам) оны жеу үкімі жайлы сұрайды. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) олардан: «Сендерден біреу оған аңға жол сілтеді ме? Немесе сендерден біреу оған бұйырды ма?»-деп сұрайды. Олар: «Әй, Аллаһтың елішісі, жоқ»-дейді. Ол: «Онда жей беріңдер»-дейді»[1110].
9 - Жәндіктерді өлтіруге болмайды. Алайда бүргені, кенені, шыбынды, жыланды, шаянды, тышқанды, қасқырды, қарғаны және лашынды өлтіруге болады. Өйткені бұлар зиянкестер қатарынан саналады. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(خمس فواسق يُقتَلْن في الحِلِّ والحرم: الحية والغراب الأبقع والفأرة والكلب العقور والحديا)
«Бес нәрсе - зиянкестерден. Оларды кәдімгі жағдайларыңда да, ихрамда да өлтіріңдер. Олар: жылан, теңбіл қарға, тышқан, қабаған ит және лашын»[1111].
10 -Меккенің ағаштарын кесуге және сындыруға болмайды. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Мекке алынған соң Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) адамдардың алдына шығып, Аллаһ тағаланы пәктеді және мадақтады. Сосын былай деді:«Аллаһ тағаланың тиым салуымен Меккеге (Абраха әкелген) піл де кіре алмады. Алайда бұл қалаға елшісі мен мүміндердің кіруіне рұқсат етті. Менен бұрын ешкімге Меккеде соғысуы адал етілмеді. Тек маған ғана Меккеде күндіздің бір ғана сағат уақытын соғысуға рұқсат етілді. Бұл рұқсат, енді ешкімге берілмейді. Бұл жерде аңшылық жасауға және тікенекті сындыруға болмайды. Бұл жерде біреудің жоғалған мүлкі табылса, оны тек табылғанын жариялау үшін ғана алуға болады. Мұнда біреудің туысы өлтірілсе, зардап шегуші тарап екі шешімнің бірін қабылдай алады». Бұл кезде пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) немере ағасы Аббас былай деді: «Әй, Аллаһтың елшісі, бұл тыйым изхирден басқасына айтылсын. Біз оны қабірлерге және үйлеріміздің төбелерін жабуға пайдаланымыз». Ол (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Изхирден басқасына»-деді[1112].